Қазақтың жас бұлбұлы ұшқан ұясымен қауышты

IMG_3016Аз уақыт ішінде әлемге әйгілі болып үлгерген жас талант, әнші Димаш Құдайбергенов Астанадағы өзі білім алған Қазақ Ұлттық Өнер университетіне апта басында арнайы ат басын тіреп, ұлағатты ұстаздары мен өкшесін басқан замандастарына сәлем берді. Димаш келеді дегенді естігенде елең ете қалған жанкүйерлер, әсіресе оны қытайлық арулардан бірінші болып қызғанатын қазақтың өрімдей қыздары ерекше сәулет үлгісімен салынған өнер әрі білім ордасына ағылып жатты. Қалың нөпірдің арасында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да бар-тын. Димашты тағатсыздана күткен жастар қауымының жүзінен тек қана шынайы қуаныш әрі мақтаныш сезімін байқау қиын емес. Ал даңқты Лара Фабианның өзі тамсанған Димаш білім ошағына кіргеннен қошемет пен фотоаппараттың жарқылынан көз ашпады. Сәлден кейін «Жамбыл» концерттік залының сахнасына көтерілген Димашқа қошемет одан сайын күшеймесе, бәсеңдей қоймады. Алдымен сөз алған А. Мұхамедиұлы да Қазақ елінің мақтанышы Димашқа ризашылығын білдіріп, оны дүниеге әкеліп әрі өнерге де баулыған ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтарға және бүгінгі шараға жиналған ұстаздар қауымына алғысын жеткізді. Министрдің сөзінен кейін іле-шала Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, жезтаңдай жас талантқа батасын берді.
— Қазақ даласында бағзы заманда да таңдайына құс ұя салған әнші өнерпаздар аз болмаған. Бірақ, қазіргідей кеңшілік болмағандықтан, өздерін әлемге танытып, қазақтың атын шығара алмай кетті. Десе де, бергі кезеңде Парижде ән салған Әміре, Күләш Байсейітова, кешегі Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова т. б. бұлбұлдарымыз, дүлдүлдеріміз төрткүл дүниеге танылды. Құдайға тәубе, талантқа кенде емеспіз. Мінеки, Дінмұхамед Қонаевтың аттасы Димаш та жарқырап шықты, бұл бала — қазақтың маңдайына біткен бағы, мерейіне туған ұлы. Енді бабаларымыз «Қой көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» демекші, сені мұндай зор жетістікті көтеріп алып жүреді деп сенемін. Өйткені, халқың сенен үлкен үміт күтіп отыр. Бір Алладан тілерім — өзіңді де, сені дүниеге әкелген Қанат пен Светаны, халқыңды Жаратқан Иеміз аман етсін! Тіл-көзден, бәле-жала, кесір-кесапаттан қорғап, мәртебеңді биік, жолыңды ашық, деніңді сау етсін! Көп жаса, айналайын!
Біз де көпшілікпен бірге зиялы ақсақалдың батасына әмин десіп, микрафонға жақындаған Димашқа құлақ түрдік. Тоқтау-сыз ду қол шапалақ, кіргеннен у-шудан құлағы тұнған өнерпаз жанкүйерлер тынышталған сәтте бір «Уфф!» деп алды.
— Ассалаумаға-лейкум, құрметті ұстаздар, достар, замандастар! Бүгін мен үшін ерекше күн. Мен өзімнің қара шаңырағыма келіп, шынымды айтсам, толқып тұрмын. Қошеметтеріңізге көп рақмет! Негізінен, біздің әрқайсысымыздың өнерімізбен әлемге танылуға мүмкіндігіміз өте зор. Сол мүмкіндіктерге жол ашып, бар жағдайды жасап жүрген ұлағатты ұстазымыз, ректорымыз, әлем әртісі Айман Қожабекқызына алғысымды айтамын. Әрине, біздерді, жалпы өнерпаз қауымды, жастарды қолдап, демеп жүретін Елбасы Н.Назарбаевқа да ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға мың алғыс, тамаша қарсы алып жатырсыздар, Алла разы болсын! — деп, қуанышы қойнына сыймаған Димаш та ағынан жарылды.
Иә, қанша биікке көтерілсе де, өзінің қанат қаққан жерін ұмыт-пай, ұстаздарымен, достарымен қауышып отырған Димаштың бұл ісі талайға үлгі болары сөзсіз. Елге сыйлы Димаштай ұлдың бойынан қарапайымдылық табылса, нұр үстіне нұр, әрине. Біз де Димашқа қанатың талмасын, тіл-көзден аман болғайсың дейміз.

Ермұрат Назарұлы