Қазақ хандығының 550 жылдығын қазақ мемлекетінің 550 жылдығы деп түсінбеу керек
Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған,
кемелді мемлекет болды
Өткен аптада Астана қаласындағы Халықаралық түркі академиясының кітапханасында «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «Қазақ хандығына 550 жыл: тарихи идеологиялық өлшемдері» атты отырыс өтті. Шараға
тарихшы ғалымдар мен зерттеушілер, БАҚ өкілдері қатысты. Құрылғанына біраз болған «Аманат» клубы өздері ұйымдастырған отырыстарында ұлт тағдырына, тарихына қатысты аса маңызды мәселелерді талқыға салып, БАҚ арқылы қоғам назарына ұсынумен келеді. «Аманаттың» осы жиылысы жақында ғана Елбасымыз айтқан «Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу» төңірегінде болды. Клуб жетекшісі, ОҚО ішкі саясат басқармасының бастығы Берік Уәли жиналғандарға қызмет жағдайына байланысты бұдан былай «дәстүрлі отырыстарды» ұйымдастыруды жас саясаттанушы, журналист Жарқын Түсіпбекұлына аманаттайтынын айтып, тізгінді жаңа жетекшіге табыстады. Қазірдің өзінде қоғамда қызу талқыға айналып үлгерген қазақ хандығының 550 жылдығы төңірегінде қысқаша тоқталған жетекші, әуелгі сөзді бүгінгі отырыстың бас баяндамашысы, Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркіт Аяғанға ұсынды.
Қазақ жұрты қызыл империяның құзырына бағынған бодан кезеңдері ұлттың төл тарихын зерттеу ісінің дамымай қалғандығын сөз еткен Бүркіт мырза, тәуелсіздіктен кейінгі өрлеу кезеңдерінде шетелдерден
әкелінген қазақ тарихына қатысты қыруар материалдардың қазірге дейін толықтай ғылыми айналымға түспей жатқанын айтты. «Ең әуелі, қазақ хандығының құрылған жылы неліктен 1465 жылға тұрақтанды дейтін болсақ, біз бұны Мұхаммед мырза Қайдар Дулатидың «Тарих- и Рашид» атты еңбегіне негіздеп отырмыз. Жалғыз Дулати ғана емес, орта ғасырлық парсы тарихшыларының да бұл туралы жазып қалдырған деректері көптеп табылып жатыр. Дулати аталмыш еңбегінде Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан іргесін бөліп, Моғұлстан ханы Есенбұғаға келген уақытын һижри жыл санауымен көрсетеді. Оны миладиге айналдырсақ, 1465 жыл болып шығады», — деп, тақырыптың басын ашып алған ғалым бұдан әрі Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінуінің себептері, олардың Моғұлстанға кетуі мен сол кездегі мемлекет құраушы тайпалар және Алтын орданың қирауы, 1405 жылы Әмір Темірдің Түркістанда қайтыс болуымен құрған мемлекетінің ыдырап кетуі туралы кеңінен тоқталып өтті.
«Алтын орданың» қирауы, «Ақ орда» мен «Көк орданың» да әлсіздігі, өзара берекесінің болмауы себепті ұзақ тұра алмай тарих сахнасынан кеткеннен кейін дешті қыпшақ даласында бір вакуум пайда болды. Қазақ хандығының құрылуы осы вакуумды толтырды десек те болады. Бұнымен қоса, жаңа теңіз жолдарының ашылуымен ұлы сауда жолдары басқа региондармен ауысты. Бұл қазақ хандығына экономикалық жағынан әсер еткен сияқты. Осы қарсаңда жаңадан бой көтерген қазақ хандығы қысқа уақыт ішінде территориясын барынша кеңітумен қоса, бір орталыққа бағынған мемлекетке айналды. Көшпелілер демократиясының негізінде бір жағында ханның билігі болса, екінші жағында ханды бақылаушы билер, шешендер, жыраулар, батырлар жүйесі құрыла бастады. Онда неше миллион халық тұрды, алайда түрме атаулы болған жоқ. Халық бір тілде сөйледі, исламның сүннеттік бағытындағы ханафи мәзһабын ұстанды. Араб халифалары секілді мемлекет басшысы биліктің де, құқықтың да, діннің де басшысы болып алған жоқ. Бір орталыққа бағынған мемлекетте жеке адамға табыну емес, ақылдасып белгіленген жарғыларға бойұсынатын, халықтық заңдарды құрмет тұтатын дәстүрлі қоғамы болды», — деп түйіндеген тарихшы одан әрі Қазақ хандығының Орта Азиядағы өзге мемлекеттерден артықшылығы мен демократиялық жүйесі туралы әлі де тереңдеп зерттеу керектігін ескертіп өтті. «Келесі бір маңызды мәселе, осы кезге дейін атақты Әбілқайырды жау етіп көрсетіп келеміз. Қазақ өзбектен бөлініп шықты дегенді жиі айтамыз. Бұларды жоққа шығармағанның өзінде, ол кездегі көшпелі өзбек атанып жүргеннің барлығы қазақ рулары еді ғой. Оларды Самарқанға алып кеткен Әбілқайырдың немерелері Махмұд пен Мұхаммед болатын. Қазіргі өзбек құрамындағы жалайыр, найман, қоңырат, қыпшақтар қайдан шығып еді? Әбілқайырдың туған жері — Түркістан, хан болып көтерілген жері — Тобыл өңірі, кейін қазақ даласында қайтыс болды. Мен өзбек тарихшыларының зерттеулерімен де таныстым. Сонда байқағаным, олар Әбілқайырды өздеріне меншіктеп отырған жоқ, аса жақтыра бермейтіндігі де көрініп тұр. Сондықтан оны Керей мен Жәнібекпен сиыспады екен деп сыртқа тебуді қою керек деп ойлаймын», — деді. Қазақ хандығының төрт ғасырлық тарихы мен мемлекеттік құрылымы, байтақ даланы бір орталыққа бағындырып ұстаған дала заңдары туралы мол деректермен бөліскен ғалым сөзінің соңында алда келе жатқан 550 жылдық атаулы күнді мерекелеу ісінде көңіл бөлуге тиісті жағдайларды да шет қалтырған жоқ. «Соңғы мәселе Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып тойлауымыз керек. Тек қазақтар ғана емес, еліміздегі өзге ұлттарды да ұйыстырған жөн деп ойлаймын. Екіншіден, осы мерекеге шетелдердегі қазақ диаспорасы да тартылуы тиіс. Жер бетінде 17 миллионнан астам қазақ бар десек, әрбір үшінші қазақ шетелде жүр. Тілден, қазақы рухтан ажырап бара жатқан қандастарымызға рухани демеушіліктер жасасақ, жақсы болар еді. Сосын, бұл тойды кішкентай ауылдарға дейін дәріптеуіміз керек. БАҚ беттерінде жарнамалау жағын мықтап қолға алған дұрыс. Елбасының беріп отырған мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмасақ, тарих бізді кешірмес деп ойлаймын».
Қазақ мемлекеті мен Қазақ хандығы ұғымдарын
ажырата білген жөн
Бүркіт Аяған мырзаның баяндамасынан кейін отырыс жарыссөзге ауысты. Жарқын Түсіпбекұлының «Сонда, келесі жылы тарихи зерттеулер жүргіземіз бе, әлде той өткіземіз бе?» деген сұрауын ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов жалғап әкетті. «Ең әуелі бұл тойдың қазақ мемлекетінің 550 жылдығы емес, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы екендігінің басын ашып алуымыз керек. Қазақ мемлекетінің тарихы әріде жатыр. Ол сонау сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің, түркілердің құрған мемлекеттерінен жалғасып келеді», — деп бастаған халық қалаулысы ұлы мерекені тойлаумен қоса, Қазақ хандығының мемлекеттік жүйесі туралы зерттеулерді тереңдету керек деген ойын айтты. Камал Низамұлының әріптесі, депутат Алмас Тұртаев болса идеологиялық маңызы зор
мерекенің барлық жұмыстарын жоспарлап, атқарылуын қадағалап отыратын арнаулы комиссия құру керектігін алға тартты. «Ол топтың құрамына тарихшы ғалымдар мен жастарды тарту керек. Таяуда министр Арыстанбек мырза өзінің осы туралы жұмыс жоспарын мәлімдеді. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақ хандығы туралы 20 сериялы тарихи фильм түсірілмекші көрінеді. Бұл істің басында да тарихшылардың болғанын қалар едім, себебі бұрынғы түсірген тарихи киноларда кеткен қателіктер енді қайталанбауы тиіс», — деген Алмас Тұртаев мырза бірнеше депутаттың «Мемлекеттік рәміздер күні» мерекесін бұдан былай «Мемлекеттік рәміздер және қазақ хандығы күні» деп өзгерту туралы үкіметке хат жолдағандықтарын айтты.
Тарихқа саяси мүдделер
араласпауы керек
Журналист, алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлыұлы «хандықтың 550 жылдығын» мерекелеуге асығуға болмайтындығын алға тартты. «Соңғы кездері шетелдерден шығып жатқан қазақтың тарихына шек келтіретін сыңаржақ пікірлер айтылмаса, осы Қазақ хандығының 550 жылдығы деген мәселе көтерілер ме еді, кім білсін?! Әйтпегенде 1990 жылдардың ортасында «Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу» ортаға қойылған болатын. Сол кездегі әртүрлі жағдайларға байланысты бұл мәселе кейінге шегеріліп қалған еді. Елдің етек-жеңі түзелген қазіргі күнде бұл істің қолға алынып жатқаны дұрыс та шығар. Назарға алуға тұратын бір іс — бізге асығыстық жасауға болмайды. Кезінде Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өттік, кейін бір зерттеушілер бұл қаланың тарихының одан да ұзақта жатқанын дәлелдеп шықты. Сол секілді біздің тарихымызға қатысты тағы бір сенімді деректер шығып, Қазақ хандығының біз тиянақтап отырған мерзімнен 50 жыл, әлде 100 жыл ілгері немесе кейін құрылғандығы дәлелденсе, өзіміз ұятқа қаламыз ғой. Елбасымыздың «тарихты кәсіби тарихшылар жазу керек» деген сөзі бар, біз осындай маңызды жылнамаларды атағанда, тарихи тұлғаларды еске алғанда мемлекет басшысы немесе министр нұсқау берді екен деп науқаншылдыққа берілуден аулақ болуымыз керек. Тарихқа саяси мүдде араласпағаны жөн, ең әуелі ғалымдардың зерттеулеріне құлақ асқан дұрыс деп ойлаймын». Алаштанушы ғалым бұдан бөлек «Қазақ хандығының тарих сахнасынан шегінген жылын 1822-1824 жылдар аралығындағы патша үкіметінің «Орта жүз бен кіші жүздегі хандық институттарды жою туралы» жарлығымен байланысты қарау керек пе, әлде Кенесары ханның қайтыс болуымен тоқтатамыз ба? Олай болса Алаш орданы қайда қоямыз?» — деген сұрау тастады жиналғандарға.
Халықаралық түркі академиясының президенті Дарқан Қыдырәлі сөз кезегінде бауырлас түріктердің 2023 жылы келетін Түркия Республикасы құрылғандығының 100 жылдық мерекесіне дайындық жұмыстарын әлдеқашан бастап кеткендігін айтып берді. «Түріктер осы мереке аясында ел экономикасына серпін беретін ірі жобаларды іске асыруға құлшынып жатыр. Ал біздер мерекені мемлекеттік сананы көтеруге пайдалануымыз керек. Ұлт тарихы, мемлекет тарихы, Отан тарихы деген ұғымдар бар. Ресей сияқты елдер көбінде Отан тарихына жүгінеді. АҚШ секілді бертінде пайда болған елдер мемлекет тарихын басымдыққа шығарады. Ал тамыры тереңде жатқан халықтар ұлт тарихына ден қояды. Біздер ұлт тарихынан бастау алуымыз керек. Сондықтан Елбасының жақында айтқан «550 жылдық мереке» туралы нұсқауын Ұлытаудағы сөзімен сабақтастырып қарау ләзім. Жақында ғаламтор бетінде Арменияның вице-министрі «Қазақстан қалайша 550 жылдық мерекесін тойлайды? Оларда мемлекет болған жоқ, кеше ғана қара қырғыз аталып жүрген ел болатын. Олардағы мемлекет Совет одағының арқасында пайда болды», — деп салды. Бұл ресми тұлғаның аузынан шыққан сөз әрі мемлекет басшысын терістеп отырғаны байқалып тұр. Сондықтан осы шараны пайдаланып, өзгелерге біздің тарихымыздың әріден басталатындығын ұғындыруымыз керек. Бұл жерде мемлекеттіктің бастауы емес, Керей мен Жәнібек хандығының салтанат құруымен бірге «Қазақ» деп аталатын хандықтың 550 жылдығы деген сөздің астын сызу керек сияқты. Бұл тойды тек қазақ елінде ғана тойламай, бауырлас мемлекеттерге де алып бару керек», — деп Дарқан мырза сөзін түйіндеді.
Кезегі келгенде түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы қазақ тарихына қатысты материалдардың ана тілімізде баспа бетінен жарық көруіне мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз екенін айтты. «Осы мереке аясында тарихи материалдарды зерттеу, басып шығару ісін мықтап қолға алсақ, халықтың тарихи санасының көтерілуіне оң ықпал етер еді. Бір ғана мысал, «Дивани лұғат ат түрки» қазақ тіліне дұрыстап аударылған жоқ қазірге дейін. Бізде көңіл бөлуге тиісті қаншама деректер бар. Ал фильм түсіруде оның сценарийін міндетті түрде тарихшыларға жаздыру керек деп ойлаймын. Халық санасына көркем туындыдан гөрі тарихи дерек көбірек әсер ететінін де естен шығармаған жөн», — деп тоқтады. Бұдан кейін сөз алған тарихшы Зиябек Қабылдинов та мерекені жалпыхалықтық акциялармен ұштастыра отырып жүргізу, сол арқылы тарихи материалдармен қоса, ауыз әдебиеті мұраларын да жинастырып алудың маңыздылығы мен ЖОО-да қазақтілді оқулықтардың тым аз екеніне қынжылатынын білдірді.
Осылайша «Аманат» клубы ұйымдастырған отырыс өз мәресіне жетті. Бас қосқандар алдағы атаулы мереке аясында төл тарихымызды тереңдей тану, тұтас қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртып, ел өміріне ерекше серпін беретіндей шаралар өткізу керек деп шешті. Елбасының ортаға қойған тамаша бастамасы алдағы уақытта қалай іске асатынын уақыт көрсететіні хақ. Бір анығы қазақ тарихы туралы зерттеулер бір мереке көлемінде шектеліп қалмайтындығы еді. Ол тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз әрі даңқты тарихының алтын әріппен жазылар беттері болып қалмақ. Ал бұндай мерекені өзгелер секілді ел экономикасына серпін беретін туризмді дамытуға пайдалана алмасақ та, зерттеуші ғалымдарды қазақ тарихын зерделеуге бейімдей білсек, бастысы санада сілкініс орната алсақ, құба-құп болар еді. Оның себебі де айқын, Қазақ хандығы шаңырақ көтергеннен бастап, өмір сүрген төрт ғасыр ішінде тұтас Еуразия даласында алып мемлекетке айналды, әрі еш жерде болмаған демократиялық қоғам орнатып үлгерді. Онда «жаным — арымның садағасы» деп білетін текті де жаужүрек мұсылман жұрты мекен етті, алайда қазіргі батыс елдері армандап жүрген зайырлы қоғам сол еді. Ендігінің мысық тілеу міскін саясаткерлері қазақтың өткеніне топырақ шашпақ түгілі, қазақ жүріп өткен сол дәуірден өздерінің қызтекелер жайлаған азғын қоғамын батпақтан аршып аларлық үлгі-өнеге алса да жетіп асар еді.
Ерқазы Сейтқали
Пікірлер