ШІЛІКТІ АЛТЫН АДАМЫ САҚТАРДЫҢ ТҰҢҒЫШ ПАТШАСЫ БОЛҒАН
Шығыстағы Зайсанның Шілікті ауылынан 65 шақырым жерде орналасқан Бәйгітөбе қорымынан 2009 жылы археологтар үшінші Алтын Адамды табады. Бұл күнде олардың саны жетеу. Есік, Берел, Шілікті, Атырау, Бесоба, Тараз және Үржар обаларынан табылған алтын киімді, ежелгі батырлар.
Аңызға құрылған шындық
Ежелде түркілердің Алтай өңірі-нен шыққаны туралы “Көк бөрі“ дастанындағы көне аңызда былай сипатталады. Ертеде жаугершілік заманда бүтін бір тайпа қырылып қалады. Сол алмағайып заманда батпақ ішінде аяқ-қолы шабылған, қан-жоса жаралы он жасар бала ғана тірі қалады. Ол балаға ғайыптан бір қаншық қасқыр жолығып, емізіп, қанын тоқтатып, жарасын жалап жазып алады. Бала есейгенше сол қас-қырмен бірге тұрған деседі. Кейін жаулар бала жігітті тауып алып өлтіргенде, буаз қасқыр Алтай тауының терістігіндегі бір үңгірге барып жасырыныпты. Қаншық қасқыр осы үңгірде 10 бала туады. Он ұл есейіп, үйленіп, көбейіп, үлкен елге айналады. Он ұлдың ең күштісінің Ашина есімі олардың жалпы атына айналыпты. Кейін халық үңгірге сыймайтын болған кезде Ашинаның ұрпағы Асянь-шад деген елбасы (аңыздың басқа бір нұсқасында Асянь-ше) халықты үңгірден шығарып, олар түрік деген атпен Алтайдағы сауыр-Сайхан, Тарбағатай, Маңрақ және Бартау тауларының етегін мекен еткен дейді. Ашина есімі “түркі”, яғни күшті, мықты, ержүрек деген мағынаны береді. Бүкіл түрік халықтары сол “түркінің” ұрпағы екен. Яғни түркілердің ата-тегі бөрі дегенге саяды. Бұл туралы ақтаңгер ақын Сүйінбай Аронұлы “Бөрі басы — ұраным, Бөрілі — менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, қозып кетер қайдағым”, — деп жырлайды. “Түркілер”, “скифтер” және “Сақтар” — бір-бірімен сабақтасып келетін ұғымдар.
Сақтар туралы
тың деректер
Өз бастауын алғашқы қауымдық құрылыс кезеңдеріндегі жартастар мен үңгірлердегі суреттерден, кейінгі құл иеленушілік кезеңіндегі тасқа жазылған сына жазулардан алатын (Есік обасы) Сақтар (скифтер) туралы деректер антик тарихшы Геродоттың еңбектерінде кездеседі. Геродоттың айтуынша, ежелде Сақтар Солтүстік Үндістанды, Ауғанстанды, Орталық Азияны және Қазақстанның оңтүстік аймақтарын мекендеген. Грек тарихшысы Геродот пен Рим жазушысы Плиний бұларды “Страбон”, яғни “Азиялық скифтер” деп атаған. Бірақ сақтардың нақты мекен еткен жерлерін көптеген тарихшылар шатастырып жатады. Жарты әлемді билеген Сақтардың астанасы һәм кіндік мекені, қазіргі Қа-зақстанның шығыс аймағындағы Зай-сан ауданы Шілікті даласы болған. Бұлай деп топшылауымызға VII-VI ғасырларға тән ерекше сәулет ескерткіштері, біздің дәуірімізге дейін 2800 жыл бұрын осы өңірде өмір сүрген Үлкен Сақ патшасы жерленген қорым дәлел болады. Бұл аймақта үлкенді-кішілі 200-ге тарта зираттар бар. Шілікті даласындағы археологиялық зерттеулер 1910 жылдан басталған. Профессор Черников жүргізген қазба жұмыстары біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардағы, сақ пен ғұн өркениеттерінің даму кезеңдеріндегі мағлұматтар, оның ішінде Сақтардың, бертінгі түркілердің қара шаңырағы — Алтай аймағы екенін айқындап береді. Алтын бұйымдармен әшекейленген ежелгі Сақ патшасы жайлы 2003 жылдан бері басылым беттерінде жазылып келеді.
Осыдан біраз бұрын Қазақстаннан тағы бір алтын адам табылды деген хабар тарағанда, археологиялық қазба жұмыстарына, жалпы тарихқа бейжай қарамайтын кез келгеннің кеудесінде ерекше бір мақтан сезімі оянғаны анық. Шығыстағы Зайсанның Шілікті ауылынан 65 шақырым жерде орналасқан Бәйгітөбе қорымынан 2009 жылы археологтар үшінші Алтын Адамды табады. Бұл күнде олардың саны жетеу. Есік, Берел, Шілікті, Атырау, Бесоба, Тараз және Үржар обаларынан табылған алтын киімді, ежелгі батырлар. Солардың ішінде дене ірілігі жөнінен де, қорым аумағы жағынан да ең үлкені Шілікті обалар кешені. Бұл жердегі зерттеу жұмыстарының басы-қасында т.ғ.д., профессор Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаев экспедиция жетекшісі болып жүреді. Және қазба жұмыстары кезінде қорым ішіндегі адам денесінен бес жұлдызды патшаға тән амулет табылған. Сондай-ақ, қорым ішіндегі теңдессіз ежелгі дәуір жәдігерлері VII-VI ғасырларға тиесілі екені анықталады. Ал Алматы маңындағы Есік қорғанынан табылған Алтын Адамның жас шамасы 18-19 жастағы бозбалаға тән. Көк түріктің алтын бесігі саналатын өр Алтай мен қарт Каспий аралығында созылып жатқан ұлан-ғайыр ғажайып дала бұған дейін ата-бабамыздың құт мекені болғанын қазіргі қазба жұмыстары дәлелдеп берді. Қазақтың байтақ даласы құдды алтынмен әспеттеліп жазылған алып кітап секілді көрінеді де тұрады. Әр парағын ашқан сайын тамсанасың һәм таңданасың. Ойымызда бары — осынау ұлы даланың ұзандары, тарихтың түпсіз тереңінде мен мұндалап жатқан көне тариымызды, тарихи тұлғаларымызды келешек ұрпақ санасына жеткізу, дәріптеу. Бүгін біз ұлтымыздың барын түгендеп, жоғын жоқтамасақ, ертең ұрпақ алдында үлкен жауапқа тартыларымыз анық.
Шіліктідегі алғашқы зерттеу жұмыстары
Саф алтыннан құйылған Сақ бабамыз жатқан қазыналы даланы 1947-1960 жылдары ленинградтық ғалым, археолог Сергей Сергеевич Черников алғаш рет тиянақты зерттеп, таң-қаларлық жаңалық ашып, ғылымда үлкен тұжырым жасаған болатын. Оның экспедициясы мұнда диаметрі 100, биіктігі 8 метрге жететін обаларды қазады. Сақ скиф дәуіріндегі хайуанаттар стиліндегі заттар (бұғы, қабан, бүркіт) түріндегі алтыннан жасалып, лағыл тастармен көмкерілген бұйымдар табады. Оның бәрі Кеңес үкіметі кезінде Ленинградтағы эрмитажға қойылып, елге қайтпай қалды. Әлі күнге Ресей тарих мұражайында сақтаулы тұр. Ал Шілікті оба құрылысы 51 үйіндіден тұратын үлкен қорымның құрамына кіреді. Қорымның 13 үйіндісінің әрқайсысының диаметрі 100 метрге, биіктігі 8-10 метр-ге тең. Бұл шамамен жүздеген жылдар бойы кісі жерленген тайпалар мен ру көсемдерінің үлкен зираты болса керек. Обаны қазу жұмыстары оның құрылымын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Жердің бетінен аумағы 58 м2, тереңдігі 1 метрдей шұңқыр қазылған. Оның қабырғалары 2, ал төбесі бір қатар бөренелерден тұрған. 2003 жылы профессор Әбдеш Төлеубаев қазба жұмыстарын жүргіз-ген Шіліктідегі «Бәйге төбе» обасы көптеген мағлұматтарға жол ашты. Археологтардың айтуына қарағанда, бұл обалар геометриялық бір есепке бағындырыла орналастырылған. Соған байланысты бұл обалардың басы ҚХР-ның территориясындағы «қақ» деген жердегі «Ханоба», одан кейінгілері жұртқа мәлім «Қособа мен Шағаноба» болып табылады. Ал қалған 57 оба осылардың жалғасы. Оңтүстік-батысында Тарбағатай, шығысында Сауыр-Сайхан және Солтүстігінде Маңрақ тауларымен қоршалған үлкен алапта обалар құдды төрт жағынан төрт мұнаралы қорғанмен тұратын алып қағанатты еске түсіреді. Ал профессор Ә.Төлеубаев бастаған топ болса, бұл қорғаннан 2003 жылы алтынмен көмкерілген киімімен жерленген сақ патшасының сүйегін табады. Обаны тапқаннан кейін одан шашылған мал сүйектерінің арасынан үлкен таутекенің басы көрінген. Өлген адамның қырқына немесе жылына арнап сойылса керек. Малдың басын моланың үстіне қою — Шығыс өңірінде ежелден бері сақталған ғұрып. Тас оба толығымен аршылғаннан кейін, оның астынан үлкен бөренелерден салынған қима қабырғалар шығады. Жалпы оба үш қабат құрылыстан тұрады. Біріншісі — топырақ қабаты, екіншісі — тас қабаты, үшіншісі — жер бетіне салынған ағаш үй құрылысы, яғни қабірі. Топырақтарды арши келе қабірдің төбесінен бір метр-дей төмендегенде адамның жамбасы, құйымшағы, беломыртқасы, сан жілігі табылды. Олардың бәрі де кәдімгі анатомиялық қалыпта жатқан. Қабірдің төбесінен 1,5 метр төмен түскенде тік қойылған адамның бас сүйегі табылған. Қабірдің осы тереңдігінен бастап, әсіресе шығыс бөлігінен алтын бұйымдар әр жерден, әр қабаттан кездесе бастайды. Бұл жапсырмалар — сом алтыннан құйылған әшекей дүниелер, яғни таза құйма алтындар. Олардың ішіндегі ең үлкені — арқардың мүсіні. Сондай-ақ, екі бұғының мүйізі айқасып тұрғанын бейнелейтін алтын жапсырма “Мәңгі әлем бәйтерегі” өрнегін еске түсіреді. “Ал бір-бірімен тұмсық түйістіріп тұрған екі таутекенің басы кейпінде жасалған жапсырмадан үш әртүрлі кескінді байқауға болады. Бірінші, қарапайым қос таутекенің басы десек, екіншісі — тура қарап тұрған барыстың бейнесі. Ал үшінші көрініс — осы жапсырманы жатқызып қойып қырынан қарағанда, оның ұшып бара жатқан құсқа ұқсайтындығы. Бұл — өнердің нағыз шарықтау шыңы. Осыған қарап, ежелгі дәуір мәдениетінің қаншалықты дамыған деңгейде болғанын көреміз. Аса бір геометриялық дәлдікпен жасалған бес жұлдыз бейнелі түйме де қараған көзді еріксіз тамсандырады. Бес жұлдыздың қырлары мен түйменің жиектері жіңішке алтынмен көмкерілсе, сырты да түгел алтын. Түйменің ортасындағы жұлдызшаның өзі көк түнікеден (эмальдан), жұлдызшаның шеті ақ түнікеден тұрады. Жалпы, бесжұлдыз белгісі Еуразия жерінде өте ерте заманнан кездеседі. Сондай-ақ, бесжұлдыз сақтарда патша билігінің белгісі болғандығы жөнінде де қосымша деректер бар. Оның үстіне, мұның алтынмен безендірілген киімдері тірі кезінде киіп жүрген киімдері екені белгілі болып отыр. Яғни ритуалдық киім емес. Мұндағы алтын әшекейлер зооморфтық қалыптарға негізделе құйма алтындардан жасалған. Күрделі зооморфтық сюжеттер мен мазмұндарды құрайтын осы әшекей бұйымдарды құю сақтар өнерінің сол заман мәдениетінің ең бір алдыңғы шебінде тұрғанын көрсетеді. Сол кезеңнің өзінде Сақтардың дизайн өнерін былай қойғанда, металл қорыту техникасын аса жетік меңгергенін түсінеміз.
Шілікті обалары
Алтын адамның патша екенін, оның өзі ең алғашқы Сақ патшасы болғанын мыналарға қарап дәлелдеуге болады: Шіліктіде 17 оба бар. Олардың ең үлкені және оқшау тұрғаны да осы. Одан кейінгілері біртіндеп кішірейе береді. Тарих кітаптарынан белгілі, тірі кезінде алтын бұйымдар тек патшалардың киіміне ғана жапсырылған. Ал о дүниеге алтын әшекей заттармен аттандыру оның өмірін мәңгілік ету идеясымен байланысты болу керек. Сақтар түсінігінде ескірмейтін, шірімейтін алтын зат мәңгіліктің символы ретінде болған. Ертедегі сақтар өздерінің тектілігін аңдар бейнесінде көрсетуге тырысқан. Шілікті қорғанынан ұзын саны 358 алтын жапсырмалар табылған. Алдын ала сараптама қорытындылары бойынша бұлар 850-ші сынамалы алтыннан кем емес қасиетке ие екені анықталған. Яғни бұл — аса қымбат алтын.
Патша
пәрмені — ғайыптан келген белгілер
Ал Шілікті обасындағы зерттеу жұмыстары аяқталысымен Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология инс-титуты мамандары Алтын Адамды институтқа алып кетеді. Осыдан-ақ Шығыстың тамылжыған табиғатынан тыныштық кетіп, бірде қар қалың түсіп, жолдар бөгеліп жатса, жазда аптап ыстықтан мал қырылып, көктемде жергілікті жұртшылық тасқын, селден көз ашпайды. Бұрын-соңды болмаған аусыл келіп, ауыл малдарының мазасын алады. Жаппай жұт келіп, елдің құты қашады. Бұл бақандай бес жылға жалғасқан. Ақырында ауыл ақсақалдары ғайыптан келген апатты Сақ патшасының пәрменіне, киесіне балайды. Шынымен-ақ, қорым қазылып, патша мұражайға кеткелі елдің есілдерті апаттың қашан және қайдан пайда болатынын уайымдауға ауады. Осы тұста мынадай қызықты оқиғаны айта кеткен жөн болар. 2010 жылы кәсіпкер Айдын Егеубаев деген азамат 4 жасар баласымен үлкен қорымның маңынан өтіп бара жатады. Сол мезетте бала әкесінен маңайдағы шашылып жатқан тарихи жәдігерлерді нұсқап: “Мына жерде соғыс болған ба?” — деп сұрайды. Тосыннан тиген бұл сұраққа жауап беру кәсіпкер әкеге оңай түспейді. Жауаптан жалтарып, біраз сасқалақтап қалады. Өйтпей қайтсін?! Бұл біздің ежелгі патшамыз, әлем мақтанарлық аспан асты тарихи мәдениетіміз, мұражайымыз деуге келмейді. Себебі керексіз, аяқ асты тапталып, ақыры жоқ болудың алдында тұрған Патша қорымын қолға алып қалыпқа келтіретін жанның та-былмағанына іштей қапа болады. Бұл азаматтың намысына қамшыдай тиеді. Сөйтіп, Мәдениет министріне хат жол-дап жатып, жергілікті әкім-қаралардың, “Нұр Отан” ХДП-ның рұқсатымен 2013 жылы патшаны қайта жерлеуге рұқсат алады. Айдын бұл жолда бақандай 5 жыл тынымсыз еңбектенеді. Ауыл азаматтары мен қалталы кәсіпкерлер қолдау көрсетіп, Патша қайта жерленеді. Бұл ел есінде ұзаққа дейін сақталарлықтай ерекше оқиға еді. Себебі бұрын-соңды еш мемлекетте қазылып алынған ар-хеологиялық ескерткіштердің ешбірі қайта жерленбеген болатын. Осы тұста мынадай оқиға еске түседі. Кезінде археологтар Әмір Темірдің мүрдесін қазып алған күннің ертесі екінші дүниежүзілік соғыс басталып, қайта көмілген күні сол сұрапыл аяқталған ғажайып құбылыс іспетті, Сақ патшасы қайта жерленгеннен кейін осы істің басы-қасында болған азаматтар ғажайып құбылыстарды көзбен көреді. Мысалы, жерлеу рәсіміне барған алматылық бір топ азаматтардың алдына жота жонды жолбарыс басын иіп, алып аққу ұшып өтіп, ақ тайлақ тізерлеп алғыс білдіргендей болады.
Бұл Шілікті даласынан табылған Алтын Адам туралы нақты тарихи мағ-лұматтарды үлкен еңбекпен жинақ-таған — Айдын Егеубаев атты азамат. Басқа емес, бұл күресте қолдарынан келген көмегін аямаған жандар: кәсіпкер Орал Жұматай, қоғам қайраткері Рысбек Оқуұлы секілді бірқатар ел азаматтары. Алтын патша табылды, зерттелді, қайта жерленді. Енді екінші бір мәселе — аяқ астында шашылып жатқан Шілікті обасындағы теңдесіз тарихи жәдігерлерімізді аспан асты тарихи мұражайына айналдыру. Мысалы, ағылшындардың “Стоунхендж”, ирландықтардың “Ньюрпейдж”, Американың “Мачу-Печу” секілді әлемдік деңгейдегі аспан асты мұра-жайларынан өзіміздің “Бесоба”, “Шілікті”, тіпті, “Қ.А.Иасауи” кесенелері несімен кем? Осының сыртында атадан балаға мирас болып жеткен гектар-гектар жерлеріміздің жат табанында тапталып, көршілерге сатылып жатқаны ішімізде қатқан қыжылды күшейтетіні тағы бар.
Алтай — түркі әлемінің тал бесігі
Тарихи деректерге сүйенсек, ертеде Асан қайғы бабамыз желмаясын желіп жүріп, өр Алтайдың бауыр сілемдерін жағалай орналасқан төрт қақпалы таулы қорғандардың үшеуін көріпті. Олар — Тарбағатай, Сауыр-Сайхан және Маңрақ таулары. Сол кезде бұл көне түркілердің кіндігі деп баға береді. Анатомияда адамның әуелі кіндігі пайда болып, қалған мүшелер сол кіндіктен жалғасады. Ал сол кіндікті ойып алып тастаса, адам небәрі 2 секундтан артық өмір сүре алмайды. Көк түрік ұрпақтарының кіндік мекені — дәл осы Шығыстағы Шілікті даласы, Бәйгетөбе алқабы. Қазіргі таңда жоғарыда айтқан төрт қақпаның бірі — “Бартау” таулы аймағы орыстарға сатылып кеткен. Оңтүстігінде қарақытай да қазақтың кіндігіне көздерін шүйіріп отыр. Егер кіндігімізден айырылсақ, Алтын патшамыз жатқан жерді жат қолына берер болсақ, біздің тарих сахнасынан ұлт, мемлекет ретінде жоғалғанымыз. Сондықтан әлем тамсанатын тарихи жәдігерлерімізді қалыпқа келтіріп, мемлекетпен қорғауға алатын уақыт жетті деп білеміз. Бұл жер — жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл түркі мемлекеттерінің рухани астанасы. Айдын Егеубаевтың сөзіне сүйенсек, тынымсыз күрестің арқасында патша қайта жерленді, үш жүздің ұрпақтары түгелдей бас қосып, топырақ салды. Енді үлкен қорымның айналасын қоршап, келімді-кетімді туристер мен тәуап етушілерге арнап, күзетші үйін, мал соятын арнайы орын, айналасына ағаштар егіп, жаяу жүргіншілерге арналған жол төсеп, келген қонақ түнейтін жатақ тұрғызу керек. Кәсіпкер азаматтардың келешекте бұл орынды мемлекеттік мұражайға айналдыру туралы ойлары да жоқ емес. Іске сәт!
Кез келген мемлекеттің, ұлттың болашағы оның өткенімен тікелей байланысты болады. Ал біздің өткеніміз күллі түркілерді билеген Сақ патшамызбен тығыз байланысты емес пе? Анықтап қарасақ, әлемде тек қазақ даласында ғана алтын адамдар табылуда. Бұл өткен тарихымызда қазақтардың құл болып, тек малмен шөгенделіп қалмағанын, сайын сахараны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған билеуші мемлекет болғанын дәлелдейді. Ендеше, осындай ұлы тарихымызды ұрпаққа дәріптеу ісінде салғырттық танытқанымыз жарамас. Бүгін болашақ үшін бәріміз жауаптымыз. Осыны әрдайым естен шығармаған жөн!
Бақытбек Смағұл, депутат
Нұртай Сабилянов, депутат
Айдын Егеубаев, кәсіпкер
Советхан Ғаббасов, профессор
Сақан Әкелей, кәсіпкер
Орал Жұматай, кәсіпкер
Рысбай Оқуұлы, қоғам
қайраткері
Әбдеш Төлеубаев, профессор
Зейнолла Сашамашев,
ауыл азаматы
Оразхан Жұмабеков,
ауыл азаматы
Оралхан Тынбаев, ауыл азаматы
Самат Тыштыбаев кәсіпкер
Мэлс Толысбаев, ауыл азаматы
“Нұр Отан” ХДП
Үшінші Алтын Адам — Сақ патшасын қайта жер қойнауына тапсыруға атсалысқан — осы азаматтар.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікірлер