Заң жүзеге асса, 5 млн. қазақтан тірідей айырыламыз

Дат, тақсыр!

Қадірлі Нұрсұлтан аға!
Заң жүзеге асса,
5 млн. қазақтан тірідей айырыламыз

Бұл менің ғана емес, сырттағы, іштегі «әрбір қазақ — жалғызым» деп ұғынатын миллиондаған бауырларымыздың күдігі мен күйігі. «Құдай бетін әрмен қылсын!» — деп жақсылыққа жорығанмен, бұл — ақиқат. Ел анасы ретінде басымды иіп, райыңыздан қайтып, оралмандарға төрт жыл кешіктіріліп азаматтық берілетін заң жобасын қайта қарауыңызды өтінемін.

Алтын бұйда
болған хат

Заң жүзеге асса, 5 млн.  қазақтан тірідей айырыламыз

Сәуле Мешітбайқызы

Тәуелсіздікке қолымыз жете сала айдай әлемге жар салып, өз қандастарын туған Отанына шақырған төрт мемлекеттің (Израиль, Германия, Ресей) бірі Қазақия болатын. Егемендік алып, тәй-тәй басқан сәбидей тұсауы жаңа кесілген еліміздің ол кездегі арманы да асқақ болатын. Бауырмал, намысшыл, ақкөңіл, жомарт еді… Ашқұрсақ жүрсе де жігері мұқалмаған берік еді… Алайда әбден отарланған, тілі мен ділі талауға түскен халықтың жүрегінде қаяу да бар еді. Себебі шөптің шүйгінін, судың мөлдірін ішетін таза қанды жылқының мекеніне доңыздың тұмсығы тиіп, кез келген ит сарп етіп жатса, олай болмағанда қалай болар еді? Әбден езілген ұлттық рух, еңсесін әрең көтеріп келе жатқан-тұғын. Алла тағала сол кезде тарих сахнасына Қазақияның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлын алып шыққан болатын.

 Осындай кездері бөрікті көкке атып қуанып тұрып та, тәуелсіздіктің ғұмырының қаншалықты ұзақ болатынына күдікпен қарағандар өте көп-тін. Жергілікті халық саны да 30 пайызға әрең жетіп, күздің суық желіне бүрсеңдеп зар қаққан қурайдай қалт-құлт етіп қоятын. Болашағымыз бұлыңғыр, ертеңге деген сенім әлсіз еді… Иә, санымыз өте аз, бір уыс қазақ едік. Сол кезде құлазыған далаға сән беріп, қатарымызды көбейткен кім еді? Кім еді туған жерім деп еңіреп жеткен? Олар алыстағы қандас бауырлар еді ғой. Соны неге ұмытамыз?! Осы кезеңде тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған халықтың басындағы тұманды арылтып, тәуелсіздік таңының қайта атқанына шаттанған, алыста жатқан ағайынның қуанышы да ерекше болатын. Бауырларының сол қуанышына қанат бітірген ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты да осы тұста жарияланған болатын. Сол хаттан үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмын. «Алыстағы ағайындарға ақ тілек! Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсысыңыздың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін! Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» — деген ақ тілекпен басталған тарихи хаты, ағайын көшінің ағылуына алтын бұйда болды. Онсыз да делебесі қозып, дегбірі қашқан халық тайлы-таяғымен атажұртқа ат басын бұрды. Ол да бір дәурен екен-ау. Осылай ағынан жарылып шетелдегі қандас бауырларын Отанына шақырған Елбасы ұлты үшін көп жұмыстар жасады. Оны келешек ұрпақ мақтана айтары һақ.

 

Қазақия көшінің бағы неге тайды?

Енді келіп, етек-жеңімізді түріп, ел еңсесі тіктеле бастағанда, онсыз да Ұлы көштің бойында басынан дау-дамай арылмаған бауырларымызға туған жерге жету мұң болғалы тұр. Ұлы көш бастағалы олар не көрмеді? Оларға қарата айтылмаған ғайбат аз ба еді? Бауырға басудың орнына оларды дауылдың өтіне қалдырған кезіміз де болғанын несін жасырамыз? Қаншама жылдан бері Президентімізге өсек-аяңды қарша боратқан мысық тілеулі ағайындар ақыры армандарының қырқасына иек артып отыр. Экономикасы қарыштап дамыған Қазақияның Ұлы көшті қақ ортада шөгеріп тастауына не себеп болғаны елге беймәлім күйде қалып отыр. «Бұдан да жаманында тойға барған» қазаққа бүгінгі толысқан, жарасқан, келіскен қалпындағы биліктің өрескел қылығы тосын әрі жат. Соңғы көш басталғалы бақандай 22 жыл өтті. Үрім-бұтағымен қосқанда миллионнан аса қандасымыз Отан-анасының ыстық құшағына оралып, еліміздің де-мографиялық жыртығын жамап, рухани кеңістігін толтыруға да айрықша үлес қосты. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық. Енді келіп қазақ билігінің «бүйректен сирақ шығарып» отырғаны түсініксіз? Онда біздің тоқмейілсіп, «Өзі болған қыздың төркінін танымас» кейіпке енуімізді қалай түсінуге болады?
Менің қолыма қалам ұстатқан мәселе мынау болып тұр. Анамын ғой, елімнің ертеңі үшін алаңдаймын. Қазақ көшінің тоқтауы ел болашағы үшін үлкен соққы екенін бәрі біледі (Шын мәнінде, тəуелсіздік жылдарында халықтың көші-қоны саласындағы уəкілетті органы бес-алты рет орын ауыстырды. Осының өзі-ақ көп жайды аңғартып тұр емес пе? Оларға деген сый-құрметіміздің сұрқы осы болса не етерсің?!). Нақты деректерге сүйенсек, шетелдерде 5 млн-дай қазақ бар көрінеді. Олардың келешегі, ұрпағының жаһандану дәуіріндегі кескін-келбеті қандай болмақ? Олардың шындап келгенде Қазақиядан басқа Отаны бар ма? Ұлан-байтақ даламызға топырақтан адам жасауға бейіл болып отырғанда, бүгінгі ұлы көшті тоқтату ұрпақ алдындағы кешірілмес күнәміздің бірі болып қалмасына кім кепілдік бере алады? 22 жылда ел болып танылуымызға, нағыз қазақтық болмысымызды көрсетуге олардың сіңірген еңбегі орасан. Егер бүгінгі алмағайып заманда сырттағы 5 млн. қазақты бауырымызға тартпасақ, олардан айырылып қалу қаупі туып отыр. Олар түгілі 22 жылда өз ішіміздегі қандастарымыздың тіл мәселесіндегі түйткілді жайттан арылмай отырғаны кім-кімге де сабақ болса игі! Біреудің қолына қарап отырған олардың аз-ақ жылда ассимиляцияланып кету қаупі зор. Билік «көптігімен мақтанатын» кезеңнің жақындап келе жатқанын ұмытпауы тиіс. «Көп — қорқытады, терең — батырады» қай кезде де. Егер қазақ болмаса, атажұрты болмаса, сырттағы бауырларымыз кімге арқа сүйейді? Ұрпақтары кімге дөң-айбат көрсете алады?
Менің ойымша, Ұлы көштің тоқтауына бізге көрінбейтін, бірақ тоқпағы мықты сыртқы күштер әсер етіп отырғандай сезіледі. Олар қазақтың күшейіп кетуінен қорқады. Сыртқы күштер әлі де болса Қазақстанның мемлекет болып, әсіресе ұлттық мемлекет болып күшейіп кетуінен қатты сескенеді. Қазақ дамып, ұлттық мемлекетке айналып кетсе, елімізде емін-еркін сайран салып жүрген шетелдік алпауыттарға есік жабылады. Жеп отырған нанынан айырылады. Олар қазақ даласын өздері қойған, сөздерін сөйлейтін жемқор шенеуніктер арқылы басқарып отыр. Еліміз алғаш тәуелсіз ел болып, әлемнің әр түкпірінде шашылып жүрген қазақтарға айқара есік ашқаннан кейін оралмандардың алғашқы легі келе бастағанда сыртқы күштер жаңа ортаға сіңіп кете алмайды деп ойлады. Алайда олай болмады. Оралмандар сіңісіп, киелі қазақ елінің толыққанды азаматы болып кетті. Міне, бұл оларға ұнамады. Менің ішкі ойым осылай дейді. Әйтпесе қазақ көшінің тоқтауына еш себеп көре алмай отырмын.
Желтоқсан айының 10-ы күні көпшілік талқысына түскен және әлеуметтің қатты наразылығына ұшыраған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға мемлекет басшысы қол қойды. Бұл онсыз да қаңтарылып тұрған қазақ көшінің бұйдасы кері бұрылды дегенді білдіреді. Сонымен, 22 жылға жалғасқан қазақ көшінің басынан бағы тайды. Дұрыс па, бұрыс па, бағасын беріп, үкімін шығаратын – болашақ!
Ел сенім артқан қос палаталы Парламенттің төрінде отырған халық қалаулылары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына көп уақыт жібермей, талас-тартыс тудырмай, (бірді-екілі азаматтардың сөзін кім тыңдасын) «айдарынан» сипап, Елбасының алдына жіберуінің өзі ашудың түйінін тарқатады.

Ақсақалдарымыз бен зиялылар неге бұғады?

Мемлекетіміз күннен-күнге дамып, гүлденіп келеді. Оған сөз жоқ. Бірақ ұлттық мемлекет болып қалу мәселесі әлі де қиын күйінде қалып тұр. Себебі өз бауырларымызды өзіміз кеудесінен итеріп отырмыз. Әлемдік мамыражай тіршіліктің басты шарты — халықтың билікті түсінуі, биліктің халықпен тіл табыса білуі. Ынтымақ пен бірлік сол кезде ғана нығаяды. Сондықтан біз бір-бірімізді түсініп, бір-бірімізді құрметтеуге тиіспіз. Қазақ деген атымызға лайықты ел болу — баба мұраты! Алладан да, тағдырдан да, уақыттан да жылап алған мүмкіндіктен ажырап қалу қаупі туып отыр. Қазір бізге шеттегі бауырларды елге тарту үшін, төрт жыл түгілі төрт күннің өзі көп. Себебі жаһандану жалмап барады ғаламды. Бұл — өте қорқынышты құбылыс. Біз өзі аз ғана халықпыз. Ұлтқа ұлағат болатын зиялыларымыз да көп емес. Олардың да осы бір кезеңде үн-түнсіз қалуы да кешірілмейтін іс. Мұстафа Шоқай: «Ұлттың дамуы үшін зиялы қауым мен қатардағы ақсақалдардың бұғып қалуы — ұрпақ кешірмейтін үлкен күнә» дейді. Осыдан қорқып жатқан қарияны көрмедім.
Иә, 22 жыл зу етіп өте шықты. Елімізді әлем таныды. Ұлтымыздың саны да өсті. Алғашқы лекпен келген қандастарымыз елге сіңісіп, азат елдің аймаңдай ұрпағына айналды. Бүгінде олардың тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтеріп, спорт, өнер, өзге де салаларда көптеп көріне бастауы да ұлтымыз үшін мақтаныш. Құдайға шүкір, іргеміз бекіді. Тіліміз де жылуын шашып тұрмаса да, қоламтаның астындағы шоқтай маздап жатыр (Шынына келсек, тіліміздің теңселмей, қанатынан қырқылмай самғауына да тілдің нәрін сақтап келген бауырлардың ықпалы зор екенін естен шығармағанымыз абзал).
Қандай жағдай болса да, қандай қиындық туса да, қазақ көшін тоқтату — қылмыс! Бұл болашағынан үміті зор еліміз үшін жаман ырым!.. Айтпасыма болмай тұр, Елбасының жан-жағына жағымпаздар мен екіжүзділер отау тіге бастады. Олар өтірікті шебер ұйымдастырып, өз өтіріктеріне өздері сеніп, басқаларды да сендіріп жүргені ақиқат! Патшамызға шындықты жеткізбей, көші-қонның жай-жапсарын таразыға тартып, әділ байыптап бермей сорлатып отырған солар секілді.
Бұл — қазақ еліне, оның Елбасысына жасалып отырған ҚИЯНАТ, ҚЫЛМЫС! Рас, қазақтың жауы — қазақ. Неге? Себебі бізде тамырын тереңге жая алмаған рухсыздар көп. Қазақстанды мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің бірде-бірі ұлтымызға қарсы шыққан емес. Ұлы көшті тоқтатпау жайлы халық қаншама мәлімдеме жасады. Ақын-жазушылар да қаншама үндеу хаттар жолдады. Мұның бәрі қауіптің алдын сезгендіктен жасалған қадамдар еді. Алайда «селт еткен» Үкімет, «дір еткен» Парламент жоқ! «Ит үреді, керуен көшеді» деген шығар бәлкім. Елбасына қаншама ашық хаттар жазылды, олардың бірде-біреуі Президенттің қолына жетпегені даусыз. Мұндай жағдайлардың түптің түбінде Елбасы мен халықтың арасын алшақтататыны неге ескерілмейді? Совет-ХАН ағаның мына сөзі ойыма оралып отыр. “Құрметті НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ… “күллі Қазақты туған жеріне оралту”, Алланың рақымымен ойыңа келген ҚАСИЕТТІ ИДЕЯ болатын, мұны аяғына дейін жеткізу ТІРШІЛІГІҢНІҢ МҰРАТЫ БОЛУҒА ТИІС! Сонда Алла да, аруақ та риза болмақ». Бұдан асырып не дей аламын?
Сөз соңында айтарым: «Қасыңызда жақсы да, жаман да жүрген болар. Бірақ солардың айтқанын істеп, алдауына түсетін азамат, Нұреке, сіз емес екеніңіз анық. Оған біліктілігіңіз де, біліміңіз де, өмірлік тәжірибеңіз де, даналығыңыз да жетеді. Қалай болғанда да… Алла сәтін келтірген ҚАЗАҚ КӨШІН тоқтатудың қатері мен қарғысы үлкен. Осыны есіңізден шығармаңызшы.



18 пікір

  1. Ерлан Әбдірашитұлы:

    Ассалаумағалейкум құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
    Сіз өте үлкен, кұрделі мәселе көтеріп отырсыз!
    Аллах Өзіңізге жар болғай!
    Негізінде ұлтың үшін ауыратын болсан, ол аурудың емін ешбір дәрігер де, дәрі-дәрмек те емдей алмайды. Оның емі өз ұлтыңыз. Өз ұлтыңның хал-ахуалы жақсы болса, бұл «аурудың» емі де осында!

    Аллах Өзіңізді тіл-көзден, бәле жаладан сақтасын!

  2. Сауле Мешитбайкызы:

    Осыншама адамдар оқыған…..Алла разы болсын ағайындар бауырлар, балаларым ! Шырылдап үн қосып жатырсыздар… Бұл тек ғана мен емес, қазақ Аналарының жанайқайы ! Алланың берген сиы болар, халқымның сенімі болар, елді көп аралаймыз. Жылт еткен жақсылығын көрсетуге асығамыз, көргенімізді түйіндеп жазуға тырысамыз. Қандас бауырларымның мәселесін біздің газет арнайы айдармен» Ата жұртқа орал бауырым» деп тұрып айқайлатып береміз оған бірнеше жыл болды. Газет бетінен қандастарымыз туралы, мақалалар түскен емес, ағайындармен үнемі байланыстамыз… Бір ғана Ақмола облысындағы, Красный Яр аулындағы,Нұрлы көшпен соққан үйлерін… бауырлармен бірге жылап, бірге тоңдық.. оқыған боларсыздар.Мен бір ұпай жыйнап алайын, арандатайын деп жазып отырған жоқпым ,бұл менің міндетім борышым.. . .!… Көргенімді, білгенімді мен жазбасам, сіздер жазбасаңыздар, онда кім болғанымыз ?! Біздің қолымыздан келері осы,» Айтпаса сөздің атасы…» демейме бабаларымыз . Алланың құлағына шалынсын ! Жүректеріңізден шыққан пікірлеріңе айналайындар, Алла разы болсын ! Алладан, тілейік ағайын!,,,

  3. Бағдал Ақынұлы.:

    Құрметті әз-ана Сәуле апай сізге Аллаһ разы болсын. Шынымды айтайын, сіздің осы мақалаңызды оқып отырып, шерленген көңілімнің шері тарқағандай болып, сіздің иманды жүрегіңіз бен аналық мейіріміңізден шыққан жанайқайыңызға разы болғандығымнан көзіме еріксіз жас алған едім. Жүректен шыққан жүйелі сөздер, кімді ойландырмасын, кімді тоғандырмасын деңізші..Иә, өзіңіз айтқандай, қазаққа, қазақтың жаны ашымаса, елім, жұртым деп шалғайдан сағыныштары мен арман үміттерін арқалай жеткен қандастарымызға, тарихи отанындағы қандас бауырларымыз қамқорлық танытпаса, еліміздің елдігіне,даладай дархан кең пейілділігіне сын болар еді. Құдайға шүкір, біздің қазақ халқы ықылым заманнан бері ынтымақ бірлігінен айырылған емес. Соның арқасында қазақ елінің ұланғайыр кең даласы бабаларымыздан аманатталып бізге жетті ғой. Бүгінде ата жұртқа оралған миллионға жуық қандастарымыздың ешбір қам-қайғысыз ғұмыр кешіп жатқандығы белгілі. Бұл, еліміздің ағайындарымызға жасап келен қолдау қамқорлығының нәтижесі. Бірақ….ең маңыздысы өзіңіз көтеріп отырған осы көші-қонның жол ортада тоқтатылуы болып отыр ғой. Әрине, оған да бір қанша себептер баршылық та шығар..Алайда, арадағы қандай бір алауыздықтар үшін, ұлт бірлігінен айырылуы ақылға сыймайды..Біз қашанда тек көптігімізбен, береке-бірлігімізбен ғана елдің елдігін сақтай аларымыз анық. Осыған қарамастан көші-қонды кері бұруға жол бермеуіміз керек деп ойлаймын. Елбасы сіздің хатыңызды жауапсыз қалдырмасына сенемін. Әрі сізді осы тұрғыда толығымен қолдап, жұмыс жасауға әзірмін. Құдайға шүкір, қазағым аман болғай, олар барда, сіздей аналарымыз барда көш кері бұрылар, деп үміттенемін. Аллаһ сізге разы болсын. Елбасымызға амандық саулық берсін. Бұл менің ғана емес, барша оралманның пікірі, тілеуі деп қабылдарсыз…

  4. Болат:

    Сәуле Мешітбайқызына рахмет.Жаңа жылымыз таянып келе жатыр. Ерте замандарда, халық наурыздың, 22- күні Елбасынан салт бойынша бата тілейді. «Көк түрік елінің басшысы Тәңірқұты, наурыз мерекесіне жиналған халықтың алдында, төбе басына шығып, бетін енді ғана көтеріліп келе жатқан күнге тосып, екі қолын соза жайып, жылап тұрып «О, Күн тәңірі! ….жерді өзің бердің, енді елімді, жерімді жарылқа, Тәңірім! Жаудан сақта, елімді індеттен сақта! Жаққан отын мәңгі лаулат! Еліме бақ бер, бәледен сақта, айдан аман, жылдан есен сақта, Тәңірім! Халқымның маңдайынан сүйіп, қабағын шытқызба, Тәңірім!»(«Этнограффен әңгіме» Қасымхан Бегманов)

  5. жангелді:

    Сәуле апайға рахмет айтамын.алла сізге жар болсын

  6. Советқазы Нұрсила:

    Өте өзекті мәселені қозғапсыз… Алыстағы ағайын туған жеріне келсе, тіл мәселесі де шешіліп қалар еді… Екіншіден, алыс шет елдегі қандастарымыз ассмилияцияға ұшырап жатқаны да жасырын емес…Ресейден қайта қашып келген орыстың мұжығына азаматтықты тез бере қоямыз, ҚАЗАҚ келетін болса төрт жыл БОМЖ болуы керек!!! Заң шығарытын орында елін сүйген азаматтар көбеймей, бұл сұрақ оң шешімін табады дегенге өз басым сенбеймін!!!

  7. садыкбек:

    Шетелден кошип келген кандастарымыз-елин шын суйип келгендерине беретин далелдериниз бар ма?
    Тилимиздин бурмалануы-(барып кел — барын, алып кел-алын,).
    Отырыкшы казактарымыздын жагдайы кошип келгендерден томен.
    Киын-кыстау кезде кашып кеткен,бар байлыкты тасып кеткен-сиякты алауыздык.
    Етек-женимиз жиылса келер сагынган кандастарын.

    • Саят:

      Садықбек сен шатаасып отырсың,мына ссылканы оқыңыздар http://i-news.kz/news/2012/05/25/6431625-asharshylyk_azaly_zhyldardyn_atasy.html ,Голощекин басқарған жылдары қазақ халқының тең жартысы аштан қырылды.3000000-нан аса Қазақ қырылды,одан қалды,бірін бірі сату,халық жауы деген сылтаумен талай Қазақтың зиялы адамдары кетті , Бұл дегенің Қазақ халқын құрту немесе мәңгүрттеу саясаты. Бұлардың орнында сіз ұрпақты жоғалтпау үшін не істер едіңіз? Қазіргі заманда Жириновский сияқты клоундар не айтып отыр,бізге қазіргі кезде Қазақтың санын 85 %-ға жеткізуіміз керек.Соған ат салысыңыздар…

  8. Әділхан:

    Мынау нағыз сүйінші….!!!

    Тамара Дүйсенова: Қайсы аймаққа барам десе, ол — қандастарымыздың өз еркi
    http://www.qazdauiri.kz/old Апамыз осымен төртінші сүйінші сұрады ниеті таза,Рухты апаны , барша қазақты,Аллам қолдады..!!! Апатай аман болыңыз сіздей АНАЛАР аман болсын… Бірақ осы ападай ешкім жазған жоқ!!! АПАНЫҢ еңбегі ерен…!!!!

  9. Айгүл Эсеналиева:

    Рас апатайымыз үшін мақтанамыз,қаншама адамдар,алыс жақын шет елдердегі қандастарымыздан қолау тапты..»Көп тілеуі көл»..дегенде осы..!!! Апмыздан әлі халқының мұңын жоғын жоқтап,барын жазып мақтанатынды мақтап талай жазады Апаның мақалаларын оқып мақтанып төбеміз көкке жетеді… Айналайын апатай аман жүріңіз,сіз қалың қазақтың ЕЛАНАСЫСЫЗ..!!! Сізді бір АЛЛАҒА,АМАНАТ етеміз…!!!

  10. Айгүл Эсеналиева:

    Жақсы хабарды естіп, қуанып жатырмыз. Шынын айту керек, қазақ көші туралы жазбаған қазақ баспасөзі жоқ. Әрине, жазбасқа шаралары да жоқ еді. Өйткені бұл елім деген азаматтың ең жанды жері емес пе? Алайда көбісі заң жобасы Қазақтың Алтын көшіне кеткен қаржы — байтақ дала үшін садақа!қабылданғанша “зар иледі”. Заң қабылданып кеткесін “Болар іс болды, бояуы сіңді” деген сыңайда үнсіз қалғаны жасырын емес. Абайша айтқанда “Жартасқа бардым, күнде айқай салдыммен” ештеңе өнбесін білген оларды да түсінуге болады… Бірақ мен білетін екі адам заң қабылданып кеткенін білсе де “күрестерін” тоқтатпады. Күлгендерге де, сырттарынан қанден-өсектің үргеніне де қарамады. Жер тарпыған тарпаң мақалалары оған жарқын дәлел. Олар «Қазақстан-ZAMAN» газеті бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы мен белгілі ақын Ауыт Мұқибек. Қазаққа ортақ қуанышты бөліп жарғымыз келмейді. Тек сол күн тезірек келсе екен. Сырттағы миллиондаған қазақ көші “жағалаудан ұзай бастаған” өз теңізіне құйса, бізді жау алмасы белгілі. Оларға кеткен қаржы — байтақ дала үшін садақа! Сөз соңында айтарым: қаламсап “қаруын” “жеңіліске ұшырап” тұрса да тастамаған, небір атпал азаматтар “бұғып” қалғанда тізелерін бүкпеген (әлі де айтып жүрген) Сәуле Мешітбайқызы мен Ауыт Мұқибекке ерекше алғыс айтқым келеді. Алла жолдарыңызды оңғарсын!

    Нағашыбай Қабылбек

  11. Саят:

    Мұхтар Шаханов:

    — Қазақстанда
    болған аштық- ұлтымыздың ең ауыр трагедияларының бірі.Халықты жан-жақты
    қанаудың көрінісі.Сол кезде халыққа 16 түрлі салық салынды.Оның бірі – мүйіз
    салығы.Мүйіздің өзі тек текеде, сиыр мен қошқарда болады. Сондықтан оны табу
    оңайға соқпайды. Әр жанұяға төрт келі, бес келі мүйіз салығын салған кезде,
    мүйіз таппай малын мүйізге айырбастап жібергендер болған. Халық мүйіз таппай
    сабылған.Аңкау халық мүйіз үкіметке қажет екен, одан пайдалы дүние жасайтын
    болар деп ойлаған. Ал жоғарыдағылар болса, оларды қаланың сыртына шығарып, ел
    көрмейтін таса жерде мүйіздің үстіне май құйып өртеп отырған. Яғни бұл қолдан
    жасалған ашаршылық еді. голощекин Қазақты ұлт ретінде жою саясатымен
    айналысқан. Ашаршылықта 4 миллион100 мың қазақ қырылды. (4100000). Едәуір
    бөлігі шетелге көшіп кетті. Көпшілігі жолда суық пен аштықтан қаза тапты. Кей
    ауылдар тұтастай қырылды. Қайтыс болғандарды жерлейтін адам табылмаған кездер
    болды. Адамдардың сүйектері екі-үш жылдап далада жатып қалды. Тұтас ұлт үшін
    орны толмас трагедия ғой! Оған жауапты адамдардың аты аталуы керек! Халық
    кінәлілерді білуге тиіс! 1997 жылы «Рауан» баспасынан Шыңғыс Айтматов екеуміздің
    «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабымыз жарық көрді. Кітапта голощекиннің
    оң қолы болып жүрген адамдардың бірі
    Елтай Ерназаров туралы айтылады. Ашаршылық төңірегінде де біраз әңгіме
    қозғалады. Кітап жарық көргеннен кейін Елтай
    Ерназаровтың туыстары өре түрегеліп, маған қарсы шығып, сотқа берді. Іс екі-үш
    жылға дейін созылды. Ақыры маған сотқа шақырту қағазын әдейі жібермей, «сотқа
    келмеді» деп, менің сыртымнан Ерназаров туыстарының пайдасына үкім шығарған.
    Бірақ, мен істі қайта көтердім. Бұл іске басқа сот тағайындалды. Сот отырысына
    тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, Кеңес Нұрпейісов, Талас Омарбеков,
    қорғаушы Гүлнар Мұраталиева қатысты. Бесеуміз 37 жылдың шындығын жан-жақты
    дәлелдедік. Сол кезде біраз фактілер ашылды, кінәлі адамдардың көбінің аты
    аталды. Кейіннен ұлт үшін еңбек етті деп, мақтанышпен айтып жүрген адамдардың
    ашаршылыққа қатысы бар екені анықталды.
    Осы деректерді жайып салғанда, сот
    амалсыздан шешімді біздің пайдамызға
    шығаруға мәжбүр болды. Аштықтан қырылғандар – 4 миллион 100 мың адам.
    Аштық болмағанда қазір Қазақтың саны 40 миллионға жетер еді! Тұрар Рысқұлов пен
    Ғабит Мүсірепов сынды еліміздің біртуар перзенттері голощекин саясатына тікелей
    өз қарсылықтарын білдірген. Олардың да еңбегі еленіп, атқарған істері насихатталып
    жатқан жоқ. Аштық кезінде голощекиннің
    қасында жүріп, айтқанының бәрімен келісіп, басын шұлғып отырған мәңгүрт ұлтсызданған сатқын қазақтар
    да аз болмаған. Неге солардың атын атауға күні бүгінге дейін жасқанамыз?
    Себебі, ол адамдардың кей туыстары қазір билікте отыр. Шындықтың ашылмауына
    олардың ықпалы бар. Кезінде бұл мәселе төңірегінде «Қазақ әдебиетінде» үлкен мақалам жарияланды. «Өлі аруақтармен
    алысып, не береке табамыз?» деп маған қарсы топ ұйымдастырылған. Бірақ, мынаны
    ескеру керек. Өлген адамдардың бәрінің аруағы осы күнге дүниені кезіп жүрген
    болса керек. Олардың аруағы риза болуы үшін шындықты айтуымыз қажет. Билік бұл
    арада да шындықты айтуға құлық танытпай отыр.

  12. Alash:

    Ассалаумағалайкум Алаш бауырларым!!! Міне осындай ауыр, қасіретті кезеңдерді бастан өткізген ұлы Қазақ халқының, аяулы Алаш арыстарынің ұлы арманы «тәуелсіздікті» алсақта, әлі күнге Қазақ үлт ретінде толық тәуелсіз ала-алмай келеді… бұл ащы шындық. міне дәл осындай ауыр болмасада өз жерінде, өз елінде сорлап жүрген қаракөздеріміз жетерлік. мен осы уақиғаны оқый отырып біздің шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың қандай жағдайда шет ел асып кеткенін кім болсада түсіне алады деп ойлаймын, қазір бізде бір өте жаман, өте ұятты мынадай жағдай орын алуда: ол — шеттен келген Қандастарымыз. оларды біз «оралман» деп кемсіте сөйлейміз, және оларға «сендер кезінде қашып кеткенсіңдер» деп қаралаймыз осы ісіміз шынында дұрыс па? егер олар қашпағанда олар аман қалар ма еді? жоғарыда жазғандай ашаршылық кезінде 3 милионнан астам қазақ қырылды дейді. егер олар қашпағанда бұл көрсеткіш 7 милион болар еді. міне осыдан аңғарғаным олар қайта шетелге қашып қазақтың санын сақтап қалды. қазір шетелде 4 милиндай қазақ тұрады екен.
    сондықтан аяулы қазақ бауырлар қайдан келседе олар өз қандастарымыз, туған бауырымыз. «Қазақты тек қазақ қана қорғайды» елімізге келімсек басқа ұлтарда қаптап жатыр ғой оданда сол Қандастарымыз келсін, Қазақ ұлтының санын көбейтсін.

  13. білгір:

    құлдық сезімнен арылмаған, орысқұл, сатқын адамдар билігімізде отырғанда шеттегі қазақ пен елдегі қазақтың басы қосылып, халқымыздың бағы жанбайтын сияқты ғой..

  14. Шахан.Б.:

    Апайдың еңбегін елеп ескеріп,төмендедіп,азда болсада алдағанына тәуба!-дейміз.Ашығын,анығын,нақты жазатын, елі,халқы үшін шырылдағандарды бұқтырады,сығады,басады ғой. Мына көші қон туралы жазғаныңызды оқып қатты қуандым.Ана жүрегімен,елі үшін жан ашырлықпен жазғаныңыз біз үшін алтын бергенізбен тең болды.Бес жыл азаматтығы жоқ тозғанда келіндер босанады.Балаларына сол елдің теріс-қағыс жазған аты жөні бойынша құжат береді.Онысы азаматтық алғанда бөгет болады.Қазақшасы жоқ.Павпорт,не уақытша куәлік береді.Аты жөнін ҚР-да арнайы ІІМ-гі КҚПолициясы орыстандырады. Осылай Өнеш-деген,келгенде Өнеч,Келгенсоң Онеш,не Унеч болады.Осылай сол елдің,ҚР-ң былығы басталып,23 жыл болсада аты жөні әлі былыққан қалпы тозып жүрміз.Т.Дюсенова министр болып еді тіпті былықты.Заң шығармақшы.Оның проектісін оқып тағы жылауға жеттік.Қайда,кімге барып қазақ бола аламыз?! Сізді қолдаймыз.Жасыңыз ұзақ болсын.Былық өте көп.Жаза берсе бір кітап болады.Үш мин-те үш КҚКомитеті бар.Бірді бірі оралман ісімен айналыспайды.Көш жүйелі,дұрыс басқарылып көрген емес.Енді,көш тоқтады.Кету басталды.Сізге рахмет!

  15. Аманғали!:

    Сәуле Мешітбайқызына рахмет.Ия барін дұрыс айтасыз апай,енді бұл жерде Елбасы кіналі емес деп айтуға болмайды.Естеріңізде болса Нұрсұлтан ағай Жаңаөзендегі шайқалысты оралмандардап көріп квотаны жауып тастап еді,көп адамдар квотаның арқасында көшіп келіп жатыр еді.Енді олар каражатсыз келе алмай калды.Ол бүлікті бүлдірген Нүрекеіңнің күйеу баласы Тимур Кулебаев еди.Олар жұмысшылардың қарсылықтарын оралмандарға аудардыда койды.Жұмысшыларды 2 жыл тыңдамай аштық жасап отырған адамдардың алдына сүйек тастаған,мә жеңдер деп.Мен сол кездері Ақтауда едім.Негізі қазір Қазақ Қазқстанда 66 % болған екенбіз,егер 67 % болса ООНның заңы бойынша мемлекет тілі Қазақ тілі болуы керек. Сондықтан үкіметпен парламент үндемей отыр.Мемлекет тілі егер қазақ тілі болса,үрыс шығып басқа халықтар кетіп қалуы мумкін екен.Егер 5000000 қазақ мында келсе көшіп,онда біздің қазақ 90 % болады!Квотаны сондықтан тоқтатып қойган.

  16. Мейирбек:

    Кеше Қазақстан телеарнасынан» Алаң»лелешоуын көріп жабырқап отырмын сол бағдарлама біте салысымен сіздің мақала ойыма түсіп сізге мұңымды шаққым келді апа Біраз мәселенің басын ашты әсіресе сенатор Қуаныш аға мен Жабағиев па екен сол екі ағаның елге бүйрегі бұрып жүрегімен сөйлегені бізге жетті,Ал Ауыт мырза пиарчик өзіне жарнама жасап жүр Дүкен ағаны көп сөйлетпеді кесіп тастаған болу керек сізден өтінеріміз әлі заі жатыр сенатор екі ағалармен бірлессеңіз сіздің мына хатыңыз онмыңдаған адамдарңа қазақтарға демеу болған сізден үміт күтеміз Агеттік ашу керек А. Қаржаубай жалқасынан түсіп тұр…Сенатор Қуаныш ағаның сіздерден депутаттық сауалын оқып кеше тыңдап біздің қол жетпейді сіздер жеткізе аласыздар дөңгелек стол жасайсыздарма біз дайынбыз жақсылық Алладан апа бірақ сізге ерекше айтқымыз келедіСіздер Қоянды мәселесінде байыппен араласып халықтың көңлінен шығып рыйзашылығына бөлендіңіздер онда да сіз тілші балаларыңызбен жүрсіз… Алла разы болсын апа, заның дұрыс қабылдауынада араласыңыздаршы бұл мен сияқты он мыңдаған қандастарыңыздың өтініші

  17. Омаров:

    Жаны батып жазған хат, бірақ презижент еститін құлақ жоқ. Президентке жеткізбейді деп ойламағдар, өзі етсігісе келмейді. Естігісі келсе аяғыда қалқынын алдына шықпайма тығылып отырмай. Ал халқпен кездесу ұйымдастырса, шетінен мәнгүрт мыңқауларды алдына қойып қояды.