«Үш жас бақытты болсын!»шоу-концерті: қызығы мен шыжығы

Сахнада жүрген саңлақтардың өнерлерінен гөрі жеке өмірі қарапайым халықты қызықтырады. Халықтың адамы болғандықтан, артынан сөз еру заңды құбылыс секілді.

«Үш жас бақытты болсын!»   Соңғы бір жылдың ішінде елімізге танымал үш жан турасында алып-қашпа әңгімелер көбейе түсті. Түнеугүні біреу «Жарнама үшін жар пида» деп жазыпты. Бір жыл бойы үш жастың БАҚ-тағы рейтингісі Қайрат Нұртастан бір де кем болған жоқ. Себебі продюсер Сәбит үшін А.Жорабаева мен А.Иманбаева сәтті шыққан жоба болды. Жалпы бұдан бұрын да осы үшеудің жеке өмірлері туралы, олардың өзара қарым-қатынасы жайлы білгісі келетін адам көп еді. Соны аңғарған Сәбит шоу-бизнесте жинақтаған тәжірибесін аямай салып, бұл жобаны сәтті алып шықты. Иә, «Сәбит сұлтан» сериалдағы әлемді билейтін Сұлтан Сүлейменнен де озып кетті.
Негізінен, Алтынай мен Айгүл — пісіп тұрған дайын өнім, тиімді пайда көзі. Екеуінің атағы жер жарады. Бұларға халықтың аузынан түспес үшін «біреудің көлігін қағып шу шығарудың», «шашты тақырлатып алып тастаудың», «ешкінің емшегін емудің», «қайта-қайта жылтың-жылтың етіп ток-шоулардан немесе құны арзан журналдардан түспей қоюдың» т.т. еш қажеті жоқ. Сәбит айтпақшы, «халықтың өзіне бір сахнада екеуінің бір әнді бөліп айтуы, тағы екеуінің арасындағы мені көруі бәрінен де қызық!». Алайда PR атаулының да өзінің шектеулі уақыты болатынын, мейлі қара PR болсын, қызықтың да көз сүйеліне айналатыны табиғи құбылыс. Сонымен, Алматыда өткен «Үш жас бақытты болсын!» шоу-концерті соңғы бір жылдың ішінде өздері бастап берген «салмақты» әңгімеге нүкте қоюға арналды десе болады.
Үш жас негізінен еліміздің оңтүстік өңірін аралап концерт берген еді. Сол уақытта БАҚ-тың бетін бірден «қанға» бояп жіберді. Ду-ду өсек. «Мияуламаған мысық, үрмеген ит те» қалмады. Алдымен әлемдік тәжірибеге көз салдық. Арабтардың шейхтарын қоспағанда, өнер адамдары арасынан еш кездеспейді. Керісінше күйеулерін анда-санда бір арбаға қатар жегіп қоятын Ресейдің жалғыз примадоннасы ғана бар екен. Енді бұл жаратылыс заңдылығын бұзып жібереді. Садаға делік.
Концертті Алтынай Айгүлдің нағашысы болып, Айгүл Алтынайдың жиені болып бастап еді. Алайда арнайы тапсырыс бойынша Айгүл бәрін бұзды. Айгүл сценарий бойынша күндестің рөлін ойнады. Сәбитті емес, Алтынайды қызғанды. Үш жас арасындағы қарым-қатынасқа сенімсіздікпен қарайтын халықтың күмәнін одан сайын қоюландырумен әлек болды. Бұл дегенің – қызығы ақырын-ақырын сола бастаған Сәбиттің жобасын қайта жандандыру, өмірге қайта алып келу, халықтың күндіз сөзіне, түнде түсіне енгізу. Кейбір әншілер «халықтың аузына қақпақ бола алмайсың» деп жатушы еді, бұлар керісінше «сағыз» болудың амалын іздеп бақты. Әрине, соңында айқын мақсаттарын, биік мұраттарын айтып тарқасқанымен, бір жылдан кейін өнертапқыш Сәбиттің қайта PR үшін жаңа бір жоба ойлап таппасына кім кепіл?! Мұны енді уақыттың еншісіне қалдырдық.

Парламентке ашық хат

«Көп әйел алу туралы заң керек!»

Құрметті
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары!

«Үш жас бақытты болсын!»Біздің елімізде «Көп әйел алу туралы» заңды тез арада қабылдауларыңызды сұраймыз. Әрине, ондай заң қабылданса, «біздің ел кейбір жетілген Еуропа мемлекеттері сияқты өркениетті елдер қатарына қосылуға кедергісін келтіріп, адам құқығын бұзады» деген сөз бар. Ал енді сол жетілген мемлекеттерде еркек пен еркек, әйел мен әйел үйленіп, адам құқығы былай тұрсын, жаратылыс заңдылықтарын бұзып жатқаны жасырын емес. Нағыз өркениетті ел – қазақ халқы. Жесірін жұбатып, жетімін қуантқан, аруын аялап, ерлерін ес тұтқан елміз. Ұланғайыр далаға иелік етіп отырған қазақ елі кешегі жар қадірін біліп, үй ішінен отау тіккен қаһарман ата-бабаларымыздың ұрпағы екенімізді мақтан тұтсақ жарасар еді. Бұл күнде шетелдік азаматтармен тұрмыс құрып жатқан қаракөздердің саны өсіп жатыр. Олардан туған жиендердің ертең өзімізге жиендік жасап жүрмесіне кім кепіл?! Одан да қазақтан қазақ туғанына қуанайық. Парламентте нағыз батырлар отыр деген үміттеміз. Батырлықтың сынға түсер кезі келді. Үйдегі жеңгелерге жалтақтамай, халықтың қамын, ұрпақтың ертеңін ойлап, тезірек заң қабылдаңыздар. «Сәбет» керек болса, Сәбиттің сәбеттері тегін.
 Алтынай мен Айгүл

«Бір вагонды сүйреп жүрген Сәбиттің көк туымыз!»

«Үш жас бақытты болсын!»Сәбит – оқушы. Иә, ол әлі оқып жатыр. Ол өзінің білімін тереңдету үшін АҚШ-тан оқып, тағы оны тауыспай, дәл қазір кино саласындағы жеткіліксіз жерлерін Ресейден толықтырып жатқанға ұқсайды. Бұл енді адамзат бағалайтын жақсы бір қасиет. Әйтпесе кешегі әзілкеш Сәбит бүгіндері екі әйелдің басын тек өмірде ғана емес, өнерде де қосқан «Сұлтан Сәбит» атанар ма еді?! Концертте екі әншінің өзара дуэт айтып, анда-санда бір-біріне көз алартулары болмаса, жалпы Сәбиттің еңбегін жарнамалаумен болды. Екі әйел «ортақ азаматтарын» ел алдында сүріндірмей алып шықты. Сәбит «Қазығұртфильм» киностудиясын ашып, содан соңғы 4-5 жылда түсірген «Қан талапай», «Любовь в кредит» киноларынан, Абай, Дулат Исабеков жайлы деректі фильмдерінен, «Алтын ғасыр доктринасын» ұсынып отырған партияның тапсырысымен «Дипломмен ауылға бағдарламасы» жайлы телехикаясынан саундтректер орындалды. Былайша айтқанда, Сәбиттің есеп беру концертіне ұқсап кетті.
Біраз гуманизм тұрғысынан қарасақ, үш жастың бұл қадамына гүл бітсе деп ойлайсың. Екі әншінің дуэтіне құралған әндерінде Айгүл бастап, Алтынай қостап отырды. Сәбит екі әйелінің заңды орнын жөнімен қойып бергендей. Бұған көніп отырған Алтынайға да сауап болсын! Қамшының сабындай ғана қысқа өмірде әзілдері жарасып, тек жақсылықты өзара бөліскенді қалайды үш жас… Айгүл мен Алтынай сахнаға «Бір вагонды сүйреп жүрген біз Сәбиттің көк туымыз» деп шықса, енді бірде «Қызғанамын» деп ән салды. Дүйім жұрттың алдында белгілі нәрселерді ашық түрде қызғанып-қызғанып алып, біріне-бірі «Келші, жаным» деп есті шығарды. Артынан жақсы мен жаманды, алды-артыңды «Ойла, құрбым» деп ақыл айтқандай болды. Тағдырдың тауқыметіне құрметпен қарап, «Күзбен сырласып» жүрген Айгүл сахнада «Мұңымнан гүл тақтым» десе, бақытты ана, бақытты жар Алтынай «Неге бағың менің бағым емес?» деп шатақ шығарды. Енді бірде екеуі де бар қайғыны ұмытып, «Бақытты әйел» болып шыға келді. Концерт те соныcымен де қызық еді. Сахнада екі әншінің біреуіне гүл беріліп, ал екіншісіне берілмей қалса, олар тұрмақ көрермен ретінде өзің қысылып қалады екенсің. Тіптен берілген гүлдің қымбат-арзанына дейін көз шалынады. Феномен бе, әлде?..

Парантез: «Студент кезден бері мен онымен дос едім. Иә, достығымыз отбасылық достыққа айналып үлгерген-ді. Оның жары Айша әйеліммен аралас-құралас еді. Бірақ қазіргі күні біздің арамыз шорт кесілген. Достығымыз үзіліп, соңына ергендей. Айша алтындай екі ұлымен жалғыз қалды. Ажырамастан бұрын Асқар менен жөн сұрап келді. Несиеге жеңіл «Үш жас бақытты болсын!»көлік алмақшы ойы бар екен. Мен несиенің арты қайырға әкеп соқпайтынын айтып едім, ол мені дереу ұнатпай қалды. Бірақ ол дегенін істеді. Менің пікірім оған керек емес-тұғын. Көңілі қалмасын деген амалы ғой. Несиеге көлігін алды. Басында тату-тәтті тұрып жатты. Несиені төлеу үшін қосымша жұмыс істеуіне тура келді. Не істеді, түнімен таксилік етті. Түнгі жүрістің соңы оның отбасының бүлінуіне алып келді. Заңды тұрғыда ажырасты. Ақыры өзінен 5 жас үлкен, таксилетіп тапқан «түйесіне» үйленді де. Екі ұлы қалды анасымен. Бірде Айша екі ұлымен біздің үйге келді. Есіктен үйге кіре берісімде екі ұлы менің алдымнан жүгіріп шықты. Көздері күлімдеп қарап тұр, бірдеңе әкелдің бе дегендей қолыма қарайды. Мені құшақтап, мойныма асылды. Келетіндерін алдын ала естіп, біраз тәтті әкелген едім. Соларды ұстаттым. Әйелдер өзара сырлассын, кедергі болмайын, далада біраз жүре тұрайын деп, үйден шыға бергенімде 5 жастағы Медет есімді үлкен ұлы жаныма келіп: «Қайда кеттіңіз? Қайта келесіз бе? Келмей қоймайсыз ба?» — деп сұрақ астына алғанда жүрегім жылап қоя берді. 5 жастағы баланың мына сөздері, дәл сол сәттегі оның көздері қанша мықтымын деп тұрсаң да, еріксіз жылатып, ерітіп жіберді. 5 жасында бақытсыздық тауқыметін тартатындай не жазып еді бұл Медет?»


P.S.Үш жастың да биік мақсаты, арман болған мұраты – «арыстан болған бір ұлы», «арман болған төрт қызы», бақыты, болашағы, олардың алдындағы жауапкершілігі. Өткен аптада дүйім Ресей алпыстан асқан Алла мен әзірше соңғы күйеуі болып жүрген Галкин дүниеге егіз бала әкелді деп шулады. «Бұл балалары болмай жүрген жандарға үлгі болу керек», — деп ұрандатты. Біздің айтпағымыз — өзара түсінісе алмай жүрген, балалары әкесіз өсіп, тірідей жетім атанған отбасылардың үш жастан аямай сабақ алуына болмайтын ба еді?! Бәлкім, мұндай еш жерде жоқ құбылысқа осындай көзбен қарау жөн бе екен? Десек те, айтпақты шатпаққа, сосын батпаққа айналдыру әркімнің өз еркінде. Біздің концерттен көргеніміз, көргеннен ләззат алғанымыз осы болды.

Концерттен фоторепортаж http://www.qazdauiri.kz/old/?p=2813

Бауыржан Карипов