ЖЫЛАҒАН ҚАЗАҚ КӨРГЕН ҚАНДАЙ ЖАМАН…

(Қалың қазақтың қарылғаш қанат тілекшісі, Мешітбайқызы Сәуле апаймен сырласу)

 

ЖЫЛАҒАН ҚАЗАҚ КӨРГЕН ҚАНДАЙ ЖАМАН...

Сәуле Мешітбайқызы, Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті бас директорының бірінші орынбасары

Сәуле апа-ау!..

Сарсаң кесек сана қайғы.

Сансыз сұрақ санамда балалайды.

Жабағысы ұйысқан көңілімнің-

Көзін шұқып  қара түн табалайды.

 

Емешегі үзілген баба-күлік,

Жан ботасын боздайды жаңа біліп.

Ет желіні суалған

Есениннің*-

Қаншығындай қара бұлт  алар ұлып.

 

Қара талақ

Қара бұлт жағал-сары,

Жылап алу егіліп бар аңсары.

Жарқылдаған найзағай

Жан тәсілім-

Ақындардың секілді қалам-сабы.

Дөнежін дөң,

Қаймалша қылаң қырым,

Айта-айта алжасты шыдам жырын.

Шөккен нарға

Қоғасы қорған болған-

Сай қолатта бар еді бір ән бұрын.

Қолат қурап

Қолаң шаш бұлақ өлді,

Қорған болар  қазаққа сұрап ерді.

Өлген өлді

Тірінің тілі қысқа-

Кімге керек өлгендер бірақ енді.

Бабам берген

Анау қыр, мына белді,

Саудагер сарт салт жүріп сұрар енді..

Сұқты көздің ішінде қара жылан-

Қарайғанға  зәр шашып тұрар енді.

Сексеуілдер үзіліп тамырынан,

Сыршыл тарих сығалар қабығынан.

Телмеңдейді

Туған ай үмітім боп-

Жаным қалмай сімірдім жарығынан.

Берен сайлап,

Бел буып  бекін күнім,

Батар күні байлаусыз екіндінің.

Дүниені орап ап

Жыр-жөргекке,

Мен тербетіп отырған секілдімін.

Атамекен іңгалап тығылады,

Бір сұрауы болады мұның әлі.

Топ-тобымен

Тозаққа барар сосын-

Адамзаттың арамза ұрылары.

Адалдық па?!..

Адалдық зарлы құлын!

Отан менің – құлыным, жалғыз ұлым!

Қанағатсыз ындынның

Жемсауында-

Жылап жатыр Жер-Ана қанды бұрым.

Сәуле апа-ау,

Сен шалғайда, мен Түбекте.

Не болмақ ен даланың еркі кетсе.

Мысалы: Ойда жоқ та

Теріс толғап-

Ханнан ант, қалаулының серті кетсе.

Жан апа!..

Жанның сыры сендік өлең,

Көзіңнен кемел ой мен шерді көрем.

Бауыр боп

Бар  тілекпен сүйші мені-

Самал боп сарыарқаның ерніменен.

Құлар ма,

Құл-тірліктен нардай балаң!?..

Түңіліп түс көргендей таңдай қағам.

Осынша ұлан байтақ

Байлығы бар-

Жылаған қазақ көрген қандай жаман.

Билік жүр,

Сан қайталап мың бір әнін,

Келмеске кетіп жатыр кіл бұла күн.

Жылап жүр қанша қазақ өз елінде-

Көргенде көз ұялып шыңғырамын.

Кешкен соң күн өткізіп ғұмыр хаттап,

Жоқтықтың жолым үйден жырын жаттап.

Еңсесін бір көтеріп

Көрмеген ел-

Ер туып жарытпайды  ұлын баптап.

Кеудемді

Кер құландай үн керіп жүр,

Түрімнен күн күмілжіп, түн жеріп жүр.

Атасы айыр бура

Бал қоспақтың-

Баласы көкаттыдан күн көріп жүр.

Арда емген асау көңіл басылмайды,

Бұл күнде құным-мұңым, бәсім қайғы.

Керіліп кеңістікті

Дүбірлетпей-

Көңілі көшкен елдің ашылмайды.

От қарып,

Мендік жанда жара жатыр,

Бостандық!..Онсыз  бағам-қара бақыр.

Қомында қобыз тартып

Нар-маяның,

Қош айтып Қорқыт-дәурен бара жатыр.

 

ЖЫЛАҒАН ҚАЗАҚ КӨРГЕН ҚАНДАЙ ЖАМАН...

САБЫР АДАЙ, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қоғам қайраткері

Би-төре билігіңді кім көрген жоқ,

Қызғышты кім атпады сұр мерген боп.

Қазақтың жүрегімен

Байқап ойна-

Ол әлі аттан түсіп үлгерген жоқ.

 

Уақыттың кім түспейді сөресінен,

Ер өлмес елін сүйген өресі кең.

Еркесі ен даланың киікпіз-БІЗ:-

Құлдырап құс өткізбес төбесінен.

Түнгі сағат: З:00. 27.04.2014ж. Ақтау қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 



16 пікір

  1. Ағжан апа:

    …» Осынша ұлан байтақ Байлығы бар, Жылаған қазақ көрген қандай жаман!» Сабырдай бауырымыздың жанынан жас болып тамшылаған жырын оқып үн қоспай қалуға болмады ағайын! Алла басынан бақ таймаған, атынан түспеген қазағыма темірдей төзім бергей деп тілейік! Елімізге Алланың мейрімі түссін! Ердің аяғын байлаған , тұсау болып түскен аз күнгі «қиындықтың» артын бір Алла оңғарсын. Жанкешті ақынымызға Алла жар болсын! Керемет туынды!

  2. Аруана:

    19 ғасырда қазақтың бағына Алла ұлы Абайды берсе, 20 ғасырда Мұқағали, ал 21 ғасырда Сабыр Адайды бергеніне шүкір дейік! Сабыр Адай осы ғасырдың ұлы ақыны жүрегінен қан жылап жазған өлеңдерін жыламай оқу мүмкін емес !
    Би-төре билігіңді кім көрген жоқ,
    Қызғышты кім атпады сұр мерген боп.
    Қазақтың жүрегімен
    Байқап ойна-
    Ол әлі аттан түсіп үлгерген жоқ.
    Уақыттың кім түспейді сөресінен,
    Ер өлмес елін сүйген өресі кең.
    Еркесі ен даланың киікпіз-БІЗ:-
    Құлдырап құс өткізбес төбесінен
    Отаныңды,қазағыңды сүйсең Сабыр Адайдай сүй! Алла разы болсын бауырым ! Осындай ақындарымыз бар еліміз бақытты !

  3. Ағжан апа:

    Ел Анасы болып, халқына танымал, халықтың жоғын жоқтап жүрген Сәуле апамыз арқылы бүкіл қазаққа мұңын шаққан ақынның жүрегін жарып шыққан туындысы үлкен жақсылықтарға бастау болса игі еді !

  4. Әзберген:

    Ұлы Абайдай,Қасымдай, Мұқағалидай, ақындары бар қазақ қандай бақытты деп жазыпты, бірде ақпарат бетіне.Біздің мақтанышымыз.. Өз заманында бағасын ала алмады,міне ұрпақтары оларды аспандатып солардың өлеңдерінен нәр,рух алып өсуде! Әлем тілдеріне аударылып,қазақ елін тануда тәуба!!! Тәуелсіздік алдық, ақындар көп ақ, ақшасы барлар ақын болып,14жастан- 85қартқа дейін кітабын шығарып,түкке тұрмайтын өлеңдерін шығарып жатыр.. Бұрынғы заманда да сарай ақындары,патша ақындары болған, өкінішке орай сол әлі жалғасын тауып келеді өмір… Билік басындағыларға, ата бабасына поэма жазып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болып жатқандар қаншама..Небір әділетсіз ақындар мүшайрасы болып жатады, қортындысын көргенде жүрегің жылайды..! Қызғанғандық емес,әділетсіздікке…. Сабыр Адайдың өлеңдері ерекше,ешкімге жалпаңдамай өмірдегі бар шындықты жазады..!! Отанын иманына, Ата мекенін ар намысына, Әр Қазағын жалғызына теңейтін,оларды осыншама сүйетін ақынды көрсем көзім шықсын…! Тәуелсіз Қазақ елінің ұлы ақыны, Сабыр Адай деп білемін !! Ертең Қазақ елінің тарихында аты алтын әріппен жазылып, ұрпағы өлеңдерін ұран етіп,намысты болып өсуіне пайдасы тиеді! Алла разы болсын,ақын бауырым !!!

  5. Нағашыбай Қабылбек:

    Оқыған адамға ой салардай сойқан өлең екен! Соңғы уақыттары дәл мұндай көркем, келісті, адуынды өлең оқып көрмеппін. Ылғи шылдыр-шатпақтан қажып жүргенде өр рухты жыр оқып бір жасап қалдым. Өлеңге өресі жетпей, ақын болып қалғысы келетін осы фейсбуктегі жастардың осы өлеңнен қуат алып барып, қолдарына қаламсаптарын алса деген тілек бар менде. Ақындық-өлеңді үй салғандай төрт бұрышын қаластыру емес, ішкі жылуына көбірек үңілу. Қоғамдағы келеңсіздіктерді сүңгі ойлармен іліп түсу. Әрине бұған шеберлік керек. Әйтпесе, қалам ұстаған қазақтың бір шумақ өлең құрастырмайтыны жоқ. Және де бұл өлеңін «Жігітінен қазақтың дос таба алмай» Фаризаға мұңын шаққан Мұқағалидай, Сабыр Адай бауырымыз ақ жаулықты апасы, тіл жанашыры, тіліп түсер мінездің адамы, қоғамда ойлы пікірлерімен еленіп жүрген Сәуле Мешітбайқызына арнауыныңда өзіндік сыры бары анық!

  6. қаратай:

    Сұмдық өлең! Шедевр! «Мысалы: Ойда жоқ та Теріс толғап-
    Ханнан ант, қалаулының серті кетсе» дейді. Қандай ауыр сөз түсіне білген жанға. Сәуле апайдың да, Сабыр ағаның да көксегені — «Елімнің кетті елдігі,
    Ерімнің кетті ерлігі,
    Тілім мен дінім, ділімді,
    Тірілту – мақсат ендігі» (Сабыр Адай) емес пе? Екеуінің де бар қазақ аңсаған мұраты — қазақтың ел болуы, ағайынның тасқындай ағып елге оралуы. Ал апатайым мұндай өлеңге әбден лайық. Сәуле Мешітбайқызын дәл қазіргі билік қадірлемесе де, елдің батасын алған, биліктің келесі буын үшін НАРТҰЛҒА болып қалатыны анық. Ал бүгінгі күннің Доспамбеті (Сабыр Адайды айтам) халықтан баяғыда-ақ бағасын алды.

  7. Айзат Рақышева:

    Әр сөзі нақылға, мәтелде айналып кеткен қайталанбас ақын Сабыр Адай өзгенің айта алмағанын у ғып төгіп, жемсау қамымен желігіп жүргендердің санасын сөгіп, найзағай жыр жазыпты! Өшпес жырлы ақыны бар қазақтың да өшпейтінін осыдан-ақ көруге болады! Ғажап туынды!

  8. Есболған ата:

    Қымбатты редакция! Сендерге рахмет кеиінгі екі жылда осы газеттеріңнен Сабыр Адай деген азаматпен танысып жүрмін газеттеріңді» кеш аламыз,дегенмен асыға күтемін мына «темір газетті біз түсінбейміз аша алмаймыз балаларды күтіп отырамын… Қолға ұстап жамбастап отырып,қолға ұстап оқығанға не жетсін мынауың бәле екен. Сондықтан мына Сабыр Адайдың өлеңін газетке берсеңдер,Ауылдың бәрінде»темір газетің» жоқ ғой айналайындар. Мен оқыған ақсақалмын жасым 72 Теріскейдемін Сабыр деген балам қайда тұрады? Өмір баянымен берсеңдер,мына өлеңі керемет ой салатын,шындықты шырылдатып отыр ғой айналайын, айтқанының бәрі рас,осыны жастар оқыса,ең бастысы биліктегі азаматтар оқыса.. рухты екен айналайын ,мен мұғалім болғам балаларым мынадай тәңеулер көптееен кездестірмеп едім қазағымды біріктіретін ынтымақтастыратын өлең түсінгендерге,апасымен сырласқаныда керемет,соған қарағанда апасыда мықты болғаны ғой айналайынның. Еліміз, елбасымыз аман,Тәуелсіздігіміз берік болсын газетке шығарыңдаршы көп нәрсені түсінбедім

  9. Бибижар апа:

    Есболған ата дұрыс айтады,қандай әдемі атаған «темір газет» Астана маңында Қосшыда тұрамыз сол жерден аша алмаймыз Елге жиі барамын ашылмайды ол дәуір болу үшін ел аман болса біраз уақыт керек..! Құр уралай бергенмен ештеме болмайды !!!!Шын мәнісінде поштада жоқ баяғыдай осы не болып барамыз… Мына өлеңді оқыймын деп селт еттім недеген намысқа толы ,мынадан жастар РУХ алады ғой,мен танымайды екем ақындарды оқыймын кереметпім демеймін осы газетті анда санда қолыма түсіп қалады,қызыға оқыймын себебі газет,кітап оқып өскен қатарданбыз,Есболған аға «керемет ақын шығыпты оқысаңдаршы»…. құлақ етімізді жеді шынында сай сүйегімді сарқыратты..Жастар оқу керек ,түсініп оқу керек..мына»темір газетті» зорға аштық өшіп қалады әуре болдық,бұл сенімсіз соған бәлен ақша бергенше бұрын газетке жазылмаушы едім қалай жазылады қайдан аламыз,пошта жоқ соны айтыңдаршы қарақтарым? Ана Сәуле апайыда ақын ба,бастық па мынадан түсінбедік

  10. Айгүл Эсеналиева:

    «Әр қазақ менің жалғызым» деп жазған Сабыр Адай, бұл Сәуле апамыздың да өмірлік ұстанымы ғой… Сабыр аға, сіз Ақтаудасыз, Сәуле апай – Астанада. Рухтас адамдар қалай бір-бірін табады… соған тәнтімін…. Асыл аға, сіздің Сәуле апамызбен мұңдасқаныңыз,Ұлы ұстазды,Ел анасын бағалағаныңыз, сол үшінде біз сізге ризамыз….Апамыз алысты жақындатады,бізді елге,ұлтқа, тілге, адамға жақын болуды,қалтықсыз сүйюді үйретті енді сіздің өлеңізге жақындатып бізде сіздің шығармашылығыңызды газет,интернет ФБ арқылы оқып таныстық, …Айналайын апатай бәріне уақыт табады…!Сіздей ақын сырласып мұңын шаққан,ойын бөлісіп керемет тарихта қалатын туындыңызға, себеп болған.. шәкірттері осындай апамызбен мақтанамыз…! «Заманымыздың керемет ақыны» деп еді апа рас екен…көзіміз жетіп отыр Рухтарыңыздың бір болғаны – Еліміз, Жеріміздің бірлігі, тұтастығы, бақ-берекесі. Аман болыңыздар…Алла сіздерге разы болсын..!!! Осындай ағалы,апалы болып,апаның қаламынан ұлы шығармалар,сіздің қаламыңыздан керемет ұлы туындылар шыға берсін..!!Қазақтай ұлы халқымыз,Тәуелсіз еліміз,кемеңгер Елбасымыз сіздей ақыны, Сәуле апайдай-Еланамыз барда, барда, еліміздің басынан бақ кетпейді…!!! Әумин,әуми,әумин..!!!

  11. ГҮЛБАХРАМ ЖҮНІС:

    Сабыр Адай ағамыздың өлеңдерінде терең түбек жатыр, АЛЛА жар болсын!!! Санамен жүрек қыл қаламы ең жоңылмас қару!!!
    Айып етпеңіздер мен сәл темадан ауытқылағалы отырмын, бірақ «илегеніміз бір тері»…
    ҚАДІРМЕНДІ АҒАЙЫН-БАУЫРЛАР, АЛАШТЫҢ АСЫЛ АРЫСТАРЫ, АЛЛА атымен өтінемін, сұраймын, ҚАЗАҚ ЕЛІ МЕМЛЕКЕТІ болуын ТАЛАП етіп, ХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ШАҚЫРЫЛУЫН БАСТАЙЫҚШЫ!!! ЖЕТКІНШЕК ҰРПАҚТАРЫМЫЗДЫҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН, АЛЛА АТЫМЕН СҰРАЙМЫН!!! Ассамблея осылай ғана жойылады! Биыл күзге Парламентіңіз қайта тарап, қайта Сайлау науқаны болады деген «дауыл» бар, оның 70% пайызын ассамблея құрайтын көрінеді… Осыны терең түсінулеріңізді сұраймын. Мемлекет ішінен «үй» құра алмайды, республика ішінен автономия болады.Ассамблея бағыты осылай,дүниежүзілік ұлттар қауымдастығының заңдарын қарап көрсеңіздерші, «өзге республика көлемінде тұратын ұлыстар саны 5 жүз мыңнан асса, автономия құруға құқылы» деген қағида бар, атам заманнан… Ана «тарақан мұрттың» мақсаты осы, мұртынан «кекете» күле отырып…
    Сормаңдай ҚАЗАҚ бір біріңізбен салғыласа бергенше, іске көшейікте АҒА-БАУЫР, АҒАЙЫНДАР!!! Жалынамын, өтінемін, сұраймын, бір сәт қыршанқылықты қойыңыздаршы!!! «Ұлттық ұйымдармен тығыз жұмыс жасау керек» деп жатыр ғой… Мүмкін НӘНге де біздің көмегіміз керек болып отырған болар, «Алдыңа келсе — атаңнын құнын кеш» деген ғой ҰЛЫ БАБАЛАР, НӘНнің мәселесі бола жатар, бірінші ҚАЗАҚ ЕЛІ МЕМЛЕКЕТІН ҚҰРЫП АЛАЙЫҚШЫ!!! Өздеріңізге сый құрметпен!

  12. Айкүміс:

    Мынаны жыламай оқымау мүмкін емес керемет ақын ғой Сабыр ақын мына газеттің сайтын оқып ауру болдыммм… Жазылғандардың бәрі рас, Жылаған қазақ…Жетімдер жайлы, Ақсақалдар жайлы бір бірімен сабақтасып тұр жінеде бұл Ащщы шындық…! Оқысаңыздар пікір жазыңыздар Алланың құлағына шалынсын,билікке жетсін… Мақалалардың авторларына басымды иемін…!!!

  13. Салима:

    ГҮЛБАХРАМ ЖҮНІС ханым, Арандатпа не дегеніңді түсініп тұрсыңба ? Референдум дегенің не сасқаның! Бізде Тәуелсіз Қазахстан деген мемлекет бар! «Бүйректен сыйрақ шығарма» !!! Ақын арандату үшін жазған жоқ…Ойланып,бірлікте,сақ болу үшін жан жүрегімен жазды.Арандатудан аулақ ьолайық ағайын

  14. ЕрМан:

    Сабыр ағаның өлеңдерін жастар көбірек оқыса екен…

  15. Маруана Хамзқызы:

    Қымбатты Сәуле апай! Әр мақалаңызды оқыған сайын жүрегім қақ жарылып, көз жасым көл болады. Бар қазақтың мұңын мұңдап жүрген Сізді расында да, Ел Анасы демей, қалай атарсың?!
    Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген бір-ақ өлең жолын ғана білуші едім, маған сол да жеткілікті еді. Басымды идім! Аман болыңыздар, Алла жарылқасын сіздерді! Әр нәрсенің бағасын болашақ белгілейді!

  16. Ербол:

    Биліктің қолындағы бишіктер.Адамнан қолдан құдай жасағандардан не үміт не қайыр