Бюджет қызметкерлерінің жалақысын үкімет бекітеді

     Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков: «Бүгіндері Президент өкілеттіктерінің кейбірін қайта бөліну ұсынылып отыр. Осыған орай, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдардың қызметкерлері үшін еңбекақы төлеуді қаржыландырудың бірыңғай жүйесін бекіту құзыреті үкіметке беріледі. Үкімет мұны Мемлекет басшысының келісімімен бекітеді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, Президент үкімет пен Премьер-министрдің актілерінің күшін жою немесе уақытша тоқтату құқығынан айырылады. Актілерге жауапкершілік толығымен Үкіметтің мойнында болады. Сонымен қатар, ҚР Президенті адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарау туралы Констиутциялық кеңеске үндеу жолдай алады»,— деп мәлімдеді.