ЭКСПО-2017 көрмесінің пайдасы шаш етектен, зияны қаншалықты?
Жасыратын түгі де жоқ, ЭКСПО-2017 көрмесі басында халыққа тосындау естілген. Шошына қарағандар да көп еді. Сан саққа жүгіртіп шулағандар да жетерлік.
Ақ пен қараны ажыратып, көңілдері орындарына түсіп, әлемге танымалдығымызды арттыратын көрмеге қызығушылықтарын білдіріп жатқандар аз емес бүгінде. Тиімділігіне күмәнданып, шығынына үңіліп отырғандар да жоқ дей алмаймыз ел ішінде. Иә, әлем көз тіккен ЭКСПО-2017-ге түрлі пікірлердің болуы да заңдылық шығар, бәлкім.
22 қазан күні Астанадағы «Рексус» қонақүйінде «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің үздік эскиз идеясына жарияланған Халықаралық сәулет байқауы қорытындыланды.
«Бүгін біз «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің үздік эскиз идеясына жарияланған Халық-аралық сәулет байқауын қорытындылап, ресми жеңімпазды жарияламақпыз. Оны бай тәжірибесі бар америкалық Adrian Smith+Gordon Gill Architecture компаниясы жеңіп алды», — деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев.
Естеріңізге сала кетейік, 16 қазанда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың төрағалы-ғымен өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық жүргізу және өткізу мәселелері жөніндегі кеңесте «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің архитектуралық жобасы мақұлданған еді.
Жиыннан ұққанымыз — АҚШ архитек-торларының сызбасына сәйкес, көрме кешенінің жалпы аумағы 173,4 гектарды құрайды. 25 гектар жерге әлеуметтiк-мәдени, бiлiм және ғылым, денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, желекжолдар салынады. Көрме павильондарына 118 620 шаршы метр жер қарастырылған. Қызмет көрсету аймағына 95 400 шаршы метр бөлінген. Ал тұрғын үйлерді 586 465 шаршы метр жерге орналастыру жоспарланған.
Көрме 2017 жылдың жаз маусымында үш ай бойы өткізіледі. Оған 50 млн-ға дейін адам қатысады деген болжам бар. Демек, зор дайындық керек деген сөз.
ЭКСПО қалашығының құрылысы Есіл ауданы аймағында салынбақ. Нақтырақ айтсақ, Қабанбай батыр, Хусеин бин Талап, Орынбор мен Рысқұлов көшелері арасындағы ашық алаңқайларға.
Жоба бойынша көрме келушілері тұтынатын қуаттың басым бөлігі баламалы энергия көздерінен алынатыны белгілі болды. Сондықтан да салынатын ғимараттарға күн және жел энергиясын қол-данатын қондырғылар орнатылады. Бұл жөнінде жиын барысында халықаралық байқаудың техникалық кеңесінің төрағасы Джереми Рифкин мәлімдеді. Оның айтуынша, американдық компанияның жобасы тұрақты даму және архитектуралық-көркемдiк тұрғысынан өте жоғары болғанға ұқсайды. Аталмыш көрмені өткiзгеннен кейiн де энергия көздерін жақсы пайдалануға зор мүмкіндік туғалы тұр.
Сонымен қатар, көрме кешені 100 пайыз өзін-өзі қамтамасыз етіп болғасын, артық қалған электр энергиясын қалаға сататын болады.
Тағы бір белгілі болғаны, құрылысты «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы қолға алмақ.
Жиын барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевты сөзге тарттық.
Халықтың құлағына сіңісті бола берсін, ЭКСПО-ны өткізу елімізге қаншалықты пайда әкелмек?
— Оның тигізер пайдасы сол — біраз қаржылар елімізде қалады. Шағын және орта бизнеске бұл жоба үлкен экономика-лық пайда әкеледi. Бізге миллиондаған туристер келiп, қаражаттарын қалдырады. Құрылысқа отандық компаниялар тартылып, қомақты кiрiс көзiн көредi, сонымен қатар сауда орындары мен мейрамханалар елге қызмет етеді. Сонымен бірге көрме қарсаңында он мыңға тарта адамға жұмыс табылады. Бір сөзбен айтқанда, мұның тиімділігі өте көп. Бұны өткізуге мемлекеттер бекер таласпайды ғой. Егер тигізетін пайдасы болмаса, Еуропа әбігерге түспес еді.
Бүгінгі жеңімпаз туралы айтсаңыз. Америкалықтар қалай жеңіске жетті? Еліміз үшін олардың жобасы несімен тиімді?
— Жобаға 105 компания үміткер болды. Олардың ішінен техкеңес 10 компанияны таңдап алды. Қара үзіп шыққаны — америкалық Adrian Smith + Gordon Gill Architecture компаниясы. Тәжірибелері ұшан-теңіз. Бұл компания Дубайдағы әлемнiң ең биiк ғимараты Бурдж Хали-фаның жобасын жасаған. Қазiргi уақытта Қытайдағы жасыл технологияларға негiзделген тұрғын үйлердi салып жатыр. Сондықтан техникалық және сәулеттiк жағынан озық деп танылды. Тиімділігі осында деуге болады.
Жеңіске жеткен америкалық ком-панияның артықшылығына тоқтал-саңыз?
— Бұл жобаның артықшылығы – көрмені өткізгеннен кейін барлық объектілерді өзгертуге және бөлшектеуге болатынында. Олар экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрақты дизайн қағидаларын сақтай отырып жобаланған. ЭКСПО-2017 нысандарының айқын архитектуралық бейнесі бар. Жоба Қазақстан үшін ғана емес, бүкiл әлем үшiн мұра болып қалатынына сенімдімін.
Алып аймақты алып жатқан кешен құрылысын 2017 жылға дейін салып үлгеретіндеріңізге сенімдісіздер ме? Құжаттары қаншалықты дайын?
— Көрме кешенiнiң тiркеу құжаттамасы мемлекеттiк органдарға жолданды. Менiң ақпаратым бойынша, ол ҚР Президентiнiң Әкiмшiлiгiнде қаралып жатыр. 29 қазанда мемлекеттiк комиссияның мақұлдауына жiберiледi. Бұдан соң, бiз оны Халықаралық көрме бюросына таныстыратын боламыз. Көрме кешенiн салып бiтiруге үлгеремiз. 2016 жылы құрылысты аяқтауға тиiспiз. Көрменiң басталуына жарты жыл қалғанда оны iске қосып, сынақтан өткiзуiмiз қажет.
Жобаның жалпы құны қанша?
— Есеп-қисап біз ойлағандай оңай жұмыс емес. Жобаның жалпы құны 2014 жылы қаңтардың соңына қарай белгiлi болады.
Көпшілікті ЭКСПО қарсаңында салынатын ғимараттардың келешегі алаңдатады. Түрлі әңгімелер бар. Төраға ретінде осыған не айтар едіңіз?
— Оған еш алаңдамаса да болады. Шара аяқталғаннан кейiн ғимараттардың бiр бөлiгi Назарбаев университетiне берiледi, бiр бөлiгi бiздiң елде тапшы болып отырған ғылыми орталықтарды құруға және ғылыми кешендердi орналастыруға қолданылады. Тұрғын үйлер мен кейбiр әкiмшiлiк ғимараттар сатылуы ықтимал. Қаңырап қалмайтыны анық.
Нағашыбай Қабылбек
Пікірлер