ЖУРНАЛИСТ болу оңай емес

 Арманына қанат байлап сантараптан алып ұшқан “балаң сезім” өрімдей 43 жасты Сүлеймен Демирел университетінің студенттік партасында тоғыстырды.

журналист болу оңай емесОлардың әрбірі кеше ғана“кім боламын” деген қиял жетегінде жүрсе, бүгінде мен елімнің нұрлы болашағы үшін“шындықты шағып айтатын”, “кемшілікке төзбейтін”, “жақсылықты нұрға балайтын”, “ақыл ойдың алыбы” болсам деген нық сеніммен “қоғамдық ойдың көшбасшысы” атанатын қастерлі де қасиетті журналистика мамандығын таңдап отыр. … Алғашқы күннен-ақ әрбірінің ақ қағазға жамырай түскен қолтаңбаларынан үкілі үміттерінің алдамшы емес, адаспай жол тапқандарына қуандым. Өрендерімнің қаламының ұштарына ілінген пәк сезімдерінен бүгінгі қоғамның бет-бейнесін де, кемшілік тұстарын да тап басып, озбырлыққа төзгісі келмейтіндеріне әрі намысын елінің абыройы мен асқақтығы жолында ту етіп ұстайтындарына да көз жеткіздім. Сондықтан да күні ертең әрбірінің алып ақпарат айдынында өз жолдарын тауып, елінің ертеңінің нұрлы болашағының бүгіннен де биік болуы жолында талмай еңбек жасайтындарына сенемін. Қаламдарың қарымды, ойларың ұшқыр, сезімдерің сергек, көздерің көреген, армандарың асқақ болсын деген игі тілекпен
Құдайберген Тұрсын,
Сүлеймен Демирел университетінің
Қазақ филологиясы және журналистика
кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының докторы

Айгерім Аманова:
— Журналист болу — бала күнгі арманым. Әрқашан теледидардан сөздің майын тамызып, нағыз қазақы мінез, бітім-болмыс көрсететін журналистерді көрге-німде, құмарлығым одан әрі артатын. Журналистика саласы — ең қызығы мен шыжығы көп, қызған өмір ортасы. Алғашқы болып бәрін естіп, көріп, елге жеткізу — басты талап. Ал алғашқы болу, бірінші болу — менің қағидам. Әр күн сайын, минут сайын өз бойыма журналистика маманының сәл де болса бөлігін қосып, игерудемін. Адам армандары арқылы асқар шыңдарды бағындырады. Менің ойымша, армансыз адам аяқ-қолсыз мүгедекпен тең. Қазағымның үні, салт-дәстүрі, бітім-болмысы — барлығы да осы журналис-тика саласында. Мен журналист болу арқылы санама қазақылық сіңіріп, елімнің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қуанышын көкке жеткіземін. Алаш алыптарының ізін жалғап, елімді еңселі етемін. Өзіме ақиық ақын Мұқағали жырын ұран қыламын.
Мына өмірде жүргеніңде,
Бойыңда ыстық қан барда,
Болмысты да, болмасты да
Болады деп арманда.
Бықсып жанған қоламта емес,
Артымызда шоқ қалсын.
Болашақтың ошағында
Біз тұтатқан от жансын.
Ей, болашақ,
Ей, болашақ,
Ошағыңда біз тұтатқан от жансын!

Жансая Көшербай:
— Өмірде бақытты болуды қаламайтын адам, сірә, жоқ та шығар. Дүниедегі жер басып жүрген жұмыр басты пенденің барлығының арманы — бақытты болу. Бірақ, сол бақыт деген ұғымды жүрегіне жеткізе түйсініп, көңілінің көгілдір көкжиегінде дұрыс көре алып, тұла бойымен, бүкіл санасымен ұғынатын адамдар кемде-кем. Біреулер бақытты болу дегенді өзінің жылы үйінде отырып, қарны тоқ, қайғысыз өмір сүру деп түсінеді. Ал біреулер үшін бақыт байлықпен, мансаппен байланыстырылады. Мен өзім бақыт дегенді халқымның, туған елімнің арасынан іздегім келеді. «Ел іші – алтын бесік» дейді халық даналығы. Елімізде өз елінің, өз жерінің қамын жеген, халқымның ары менің арым деп білген талай саңлақтар мен даналар, ой баһадүрлері болған. Олар ешқашан өз мүддесін ұлт мүддесінен биік қоймаған. Бүгінгі журналистердің де атқаратын қызметі мен міндеті осы орайда өріс алуы керек. Яғни олар да елін, жерін сүйіп, қайғысына күйіп, қуанышына бірге қуана білуі керек. Менің журналистика мамандығын таңдаған себебім, әрі осыған итермелеген бірден-бір күш — еліме, оның әдебиетіне, тарихына, жалпы табиғатына деген сүйіспеншілік. Өзім бар күш-жігерімді салып, сонау Алаш азаматтарының ерен еңбектеріндей қызмет еткім келеді.
Журналист болғым келеді,
Елімді сүйем себебі.
Еліме еңбек сіңірсем,
Оның да көп қой берері.

Амрин Ерсаин:
— Балалық шағым-да теңіз қиялына сүң-гіп, «Кім боламын?» деп, сансыз рет бұл сұрақты өз-өзімнен сұрадым. Туған-туыс-қандарымыздың істеп жатқан ісіне қарап, біресе дәрігер не болмаса есепші, одан қалды инженер болу арманымда бар еді. Жастайымнан мәдениетке, өнерге жақын болып өстім. Жергілікті сахналарда, телеарналарда өз өнерімді халқыма паш еттім. Кейін орта буында оқып жүргенде, осы журналистика мамандығына зер сала бастадым. Өйткені бұл кәсіп жалпы қоғамда болып жатқан түрлі мәселелерді талқылап, халық назарына жеткізіп, халықтың құлағы һәм тілі бола білді. Сондықтан мен Байкалдай терең, Алатаудай биік өнерді, саяси шолушы немесе халықаралық журналистика бағытын таңдадым. Себебі елімізде өтіп жатқан түрлі реформа, бағдарламаларды халыққа түсінікті түрде жеткізе алатын журналист болғым келеді.

Салтанат Абылаева:
— Журналистика — әр адамның қолынан келе бермейтін, ерекше дарын мен төзім-ділікті, жігерлілік пен еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Бұлардың бірі жетіспесе, бұл істің нағыз маманы атану екіталай. Мен жан-дүниемді ақтара отырып, бойымнан жоғарыда айтылған қасиеттерді іздей бастадым. Айтылған қасиеттер бойымда болса да, оның ешқайсысы толық жетілмегенін аңғардым. Сондықтан маған көп жұмыс атқарып, аянбай еңбек ету керек деп шештім. …Бала күнімнен теледидар, радиодағы тілшілерге тәнті болып, жүргізушілікке құмарта бастадым. Өсе келе бұл құмарлық арта түсіп, көкейімдегі бір арманға айналды. Менің арманым — тек қана журналист болу емес, қоғамға керекті, елімізге еңбегі сіңер, атқарған жұмысымен үлгі болар, нағыз кәсіби маман атану. Мен осы мамандықты игеру мақсатында аянбай еңбек етуге дайынмын. Бүгінгі күнде журналистиканың қыр-сырын толықтай білмесем де, бұл жолда өз ізімді қалдыру, білікті де білімді мамандардың қатарында болу – мен үшін арман. Ал арман адамды баулып, үлкен бір асуларға жеткізетін дүние ғой.

Ақбала Назарова:
— Адам баласы мына жарық дүниенің есігін ашарда әке-шешесі алдамшы өмірде өз орнын таба білер, білдей бір азаматтың дүниеге келгенін тілейді. Тілей отырып, ырымшыл қазағымыз есімін де затына лайықты еткісі келеді. Әжемнің қалауымен, бір Алланың қолдауымен, есімімді Ақбала деп қойыпты. Әжемнің айтуынша, заманында Ақбала есімді арусыз бірде-бір той өтпеген болса керек. Сөзге шебер, ойы ұшқыр жан болған деседі. Болашағыма, тағдырыма осы бір есім арқау болды ма, әлде табиғатым солай жаратты ма, әйтеуір, қалам мен парақтың, сөз бен нақыштың адамы болдым. Тоғыз жасымда алғаш сезімге беріліп, анама арнау жаздым, жүрегімдегі албырт отымды қолымдағы қаламым еріксіз сөндіргендей іспеттенді. Міне, осы сәттен мәдениеттің, сөз өнерінің адамы боламын деген ой еш есімнен кеткен емес.
Өміріміздің алғашқы сатысына бет алып, ақ қариядай бейнелі білім ошағымыздан ұшар сәт пен болашақ мамандығымызды таңдар уақыт қоса туғанда, елімнің атын шығарар, қаламы қарымды журналист болуға бел байладым. Өкініштісі — мені бағып-қаққан, тәлім-тәрбиесін беріп өсірген әке-шешемнің алдын кесіп өткенім. Әкемнің қалауындағыдай еліміздің сәнін келтірер, аты шулы сәулетші болу бұйырмады. Дегенмен, бұл жол — мен таңдаған, талғаған жол. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дегендей, атым шығып жер жармасам да, елім, жерім, халқым, болашақ ұрпақ үшін адал қызмет көрсетуге жалынды жас жүрегім мен ояу көкірегім әрдайым дайын.

Маржан Қырықбаева:
— Адам өз өмірінде ең бастысы мамандық таңдаудан жаңылмауы керек. Әркімнің өзіне етене жақын, жанына жағымды мамандық таңдау сәті — асқақ-таған арманының ең бірінші баспалдағы. Мамандығыңды таңдаған соң, сол кәсіптің білгірі болу шарт. Менің журналист болғым келеді. Журналистер әрбір естіген, байқаған нәрсесін көзбен көріп, соны жазбаса тағат таппай, ой түйсігінен өткізіп, халық арасында, басқа елдерде болсын көкейкесті мәселелер мен болған оқиғаларға бейжай қарай алмайтын мамандық иесі. Ол — жан-жақты білімді, сөйлеуге және жазуға келгенде алдына жан салмайтын тұлға. Журналист – бұл төртінші билік. Ол жазу мен сөйлеудің құдіретімен қоғамның, халықтың пікірімен санасына әсер етіп, ойын өзгерте алады. Тілшілердің ізденістік деңгейі басқа мамандық иелеріне қарағанда шоқтығы биік тұрады. Мысалы, дәрігерлер адамды зерттеп, іш-құрылысын анықтайды және сол медициналық алған білімдері негізінде үнемі іздену үстінде болады. Ал журналистер экология, адам, мемлекеттік саясат жөнінде кез келген бағытта ізденіп, өз білімдерін күнен-күнге зор талаппен, қызыға дамытады. Егер олар болмағанда, халық еліміздің басқару жүйесіндегі өзгерістер мен жан-жаһанда болып жатқан оқиғалардан хабарсыз болып, санасын қараңғылық жайлаған қоғамға айналар еді.

Рақым Пердәлі:
— Журналистика саласы қызық пен шыжыққа толы. Журналист — халықты тәрбиелеуші, үгіт-насихат айтушы. Ал кейде халықты теріс жолға салушылар да осы мамандар. Әр елдегі төртінші билік иесі. Мені де қызықтыратыны — осы. Бұл кәсіп көбіне-көп шыншылдықты ұнататындарға арналған. Егер қателесер болсаң, өзіңнен кейінгі ұрпақ сені қарғап өтетін болады. Себебі шындық түбінде бір жеңбей қоймайды. Әрі бұл сала адамнан жан-жақтылықты талап етеді. Яғни бұл мамандықты оқу арқылы жан-жақты білім аласың. Бір данышпанның: «Журналист — бәрінен жартылай ғана білетін маман», — дегені бар еді. Түбінде сол рас болар.

Әйгерім Хамитова:
— Кішкентай кезімнен футбол ойнап, жасыл алаңнан шықпайтын едім. Оған әсер еткен — ағам, Қазақстан футбол құрама командасы-ның капитаны Қайрат Нұрдәулетов. Ең алғаш қадам басқан кезімнен доп теуіп үйрендім. Ағамның әрбір жаттығуын, ойынын қалдырмай көретінмін. Жылдан-жылға өзім де ойнай бастадым. Өмірімді осы ойынсыз елестете алмадым, бірақ ата-анам дінге жақын адамдар болған соң, футбол ойнауды қойдым. Журналистиканы таңдау себебім – өзімнің сүйікті ісімнен алыстамайын дегенім. Спорт журналисті, комментатор болу – арманым. Жақсы журналист болып, Қазақстан футболының жаңа деңгейге көтерілуіне көмектескім келеді.

Мөлдір Рахимова:
— Менің журналист боламын деген арманым 8-сыныпта оянды. Сол кезден бері теледидардан журналистерді көргенде тамсана қарайтынмын. Олардың сөйлеген мәнері, келбеті, жүріс-тұрысы, тіл байлықтары, халыққа шындықты дер кезінде жеткізуі, әрдайым көз алдыңда жүретіндері қызықтырды. Журналистің түрі көп. Соның ішінде тележурналист боламын деген ой туды. Ол үшін маған көп еңбектену керек. Абай атамыз: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой», — демекші, осы қасиеттер әр адам баласының бойында болуы абзал.
Мен болашақта журналист мамандығының бетке ұстар азаматы болсам деймін. Қазақстанды бүкіл әлемге танытып, халқыма адал қызмет атқарғым келеді. Халыққа шындықты айтып, қоғамдағы орнымды тапсам деймін.

Құрметбек Айбек:
— Журналистика — бала күнгі арманым. Жас кезімде теле-журналистикаға қатты қызығатынмын. Бірақ қазіргі түсінігімде телеарналардан жарқырап көрінсең де, еліміздің әр қызығына, әр қиыншылығына зер салып бірге көрген нағыз журналист екен. Өз мамандығымның майталманы болу, әрине, көп білімді қажет етеді. Сонша жылғы арманыма енді ғана жеттім. Ендігі мақсат өзімді жетілдіру, жан-жақты етіп дағдылау, ой-санамды әрқашан өсіру болмақ. Жақсы журналист жақсыны да, жаманды да көреді, жаман журналист жаманды ғана көреді дегендей, алдағы өмірде өзімді баптап, бойымдағы кемшіліктерімді түзетіп, өзімді алдымен жақсы түсінсем деймін. Алдымда күткен қиыншылықтарды қалайда жеңіп, асау өмірдің әр қиылысымен жүргім келеді.
Қалдекен Абылай:
— Журналистің бас-ты мақсаттарының бірі — халық пен үкімет арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалу. Менің бала кездегі бар ойым — халқыма кішкене болса да көмек көрсету, халық пайдасына өз үлесімді қосу. Халықтың мұң-мұқтажын, керек-жарағын, тілек-талабын жоғарыда отырғандарға жеткізе отырып, биліктің шығарған үкімін халыққа дұрыс жағынан насихаттап, түсіндіріп отыру. Тек еліміздегі емес, бүкіл әлем жаңалықтарының шынайы көрінісін халыққа жеткізіп отырғым келеді.
Нағыз журналист – еліне ерінбей еңбек етіп, халқына дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруші адам. Маған осындай адам болу ұнайды.

Әлима Мұрат:
— Әрбір адамның өз арманы бар. Ал менің арманым — журналист болу. Сол арманыммен қоса алдыма мақсат қойдым. Теледидарда неше түрлі жаңалықтарды тыңдап, халқымның қиналғанын бір кездері өз көзіммен көріп, «неге анау жоғарыда отырғандар көздеріне ілмейді» деген ой туындайды. Менің алдыма мақсат қойып, осы кәсіпті таңдағаным да сондықтан болар. Әкем менің банкте жұмыс істегенімді қалайтын. Оның арманы орындалып, қаржы академиясына оқуға түстім, маған бірақ ол қызық болмады да, ол оқу орнынан шығып кеттім. Менің тілші болғым келеді. Сөздің майын тамызып сөйлеп, жаза алмасам да, ең бастысы халқыма адал қызмет атқарғым келеді. Сөйтіп, осы СДУ-ге журналист мамандығына оқуға түстім.

Жанар Бекенова:
— Адам адам болғалы бері бұл дүниеде өзінің лайықты орнын іздеп, табумен әлі келеді. Мамандық таңдауды әркім әрқалай түсінетін болар. Біреуі «алар айлығың көп, мінер көлігің мен киер көйлегің көк болса» деп ойласа, өзгелер «бала-шағаңды асырап, құтыңды қашырмайтын жұмыс істесең болғаны» деп өзінше ой түйер. Бірақ менің ойлағаным да, көксегенім де халқыма адал қызмет етсем деймін.
«Журналист – хабаршы, жаңалық жаршысы» деп жатамыз. Астарына үңілсек, ол – жан-жақты салалы мамандық иесі. Адам мен саясат арасындағы алтын көпір. Таразының басын тең ұстап тұра алар тұлға, ол – журналист. «Баспасөзі мықты болған ел – нағыз ел». Ел ішіндегі тұрақтылық пен елдер арасындағы қатынасты бұзбай, жаңа дәуірге, дамыған hi-tech әлеміне жетелер, ақиқатты қақ жарып, айтар ойды нақ айтып, қадамын дөп басып жүре алатын адам болуы керек. Менің ойымша, нағыз тілші — ақылдың тереңдігімен, қиялдың ұшқырлығымен, ойдың кеңдігімен топтан бөлініп, ерекшеленетін адам.
Ғасырлар бойы өркендеп келе жатқан мемлекетіміз білікті де білімді, өнерлі де айбынды жастарды қажет етеді. Мен жастар деп аталатын қоғамның бір бөлшегі болғандықтан, гүлденген, дамыған, өркениетті Қазақстанымның жарқын болашағына нық сенемін. Сондай-ақ, оның әлемдік аренада биік болғанына, көгілдір байрағымыздың аспанда мәңгі желбіреуі үшін де қызмет етемін.

Сүйінбике
Шайхова:
— Журналистика – өте қызықты, жауапкершілік пен мол еңбекті қажет ететін мамандық. Бұл мамандық адам бойындағы бүкіл өне-рін, қабілетін, жақсы қа-сиеттерін ашуға көмектеседі. Ал ең бастысы – халқымыздың ойына, көзқарасына әсер ететін кәсіп. Сол үшін журналистиканы таңдадым. Мен тілші болып, халқыма қызмет еткім келеді. Неге? Өйткені өзімді жан-жақты дамытамын әрі өмірге деген көзқарасым да кеңейеді. Жасым үлкен болмаса да, өзімнен кіші балаларға дұрыс бағытты көрсеткім келеді. Бұл – менің жақын арада жүзеге асатын ойым. Үлкендерге ақыл айта алмаймын, бірақ балалардың ой-санасына әсер етіп, оларды дұрыс жолға қою менің қолымнан келеді. Бәрін де үйренемін, ең бастысы ниетім мен қалауым бар.

Айтолқын Меңдібаева:
— Журналистика – баспасөз, радио, теледидар, кино, ғаламтор т.б. ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын мамандық түрі. Тілші – өз саласындағы толық құқығы бар кәсіби маман. Оның құқығына ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ деп ойлаймын. Себебі ол — арнайы білім алып, соған орай қызмет ететін тұлға. Журналист нақты ақпарат көзін жинап, қарапайым халыққа ащы да болсын шындықты жеткізуі керек. Бір жағынан, олар қоғамның өткір мәселелерін көтеріп, от пен су кешіп, тіпті өз бастарына қатер төндіріп те жүреді. Негізінен бұл — аса қауіпті мамандықтардың бірі. Сондықтан батыл болу керек. Жақсы журналист жақсылықты көреді, жаман журналист кемшілікті көреді. Жақсы журналист көргенін жазады, ал жаман журналист біреуден естігенін жазады.

Тойгүл Жұбанышова:
— Жалпы журна-листика қандай сала? Қоғамдағы орны қан-дай? Бұл — хабар дайындап, ақпаратпен жұмыс жасайтын са-ла. Ақпарат түрлі-түрлі мамандыққа байланысты болуы мүмкін. Сондықтан журналист сан түрлі ғылым саласына еркін ой жүгірте алатын тұлға болғаны ләзім.
Қоғамда масс медианың алар орны ерекше. Берілген ақпаратқа байланысты сан мың адамның пікірін өзгертуге немесе нығайтуға болады. Алайда тілшілер мемлекеттік қызметкер болмағандықтан, жайлы пәтермен қамтылмаған. Бірақ бүгінгі таңда кейбір журналистер мемлекеттік қызметкердің жұмысынан да маңызды қыз-меттер атқаруда. Біздің қоғамдағы журналистикада да түйткілді мәселелер жетерлік. Бүгінде сан мың жас журналистер жұмыссыз, яки тұрақты не лайық жұмысы жоқ. Есесіне біздің телеарнада жұлдыздар қаптауда. Осы салада ешқандай білімі жоқ, тек атағына арқа сүйеп, небір бағдарламалардың тізгінін ұстаған жұлдыздарды көз көріп жүр. Елімізде әншілерден яки жұлдыздардан аяқ алып жүргісіз. Танымалы бар, әлі танылмағаны бар жұлдыздың бәрі жүргізуші бола берсе, телеарнада нағыз тілшілерге орын босамай қала ма деп сескенемін. Орын болсын, мейлі болмасын, Қали Сәрсенбаев ағамыз айтқандай, «журналистер де, журналистсымақтар да қоғам алдындағы міндетін жөнді атқарса болар».
Алғашында осы мамандықты таңдағанымда ата-анам «журналистика — қыз баланың ісі емес» деп жібергісі келмеген-ді. Алайда жүрек қалауына қалай қарсы келесің? Әрине, ата-анам Ақтауда, менің Алматыда өмір бойы жұмыс істеуім мүмкін емес те шығар. Менің мақсатым көк жәшіктен көркем боп көріну емес. Біздің Ақтауда «Қазақстан» ұлттық те-леарнасының жергілікті филиалының хабар-ларының сапасы төмен. Теледидарды қосуын қосарсың, бірақ көңілге қонымды, жүрекке жақыны мүлдем жоқ. Дикторлардың немесе қандай да бір бағдарлама жүргізушілерінің дикциясы жасанды. Себебі кадр жұмысына салғырт қарайды. Сондықтан дайындаған хабарлары да ұнамсыз. Мен жоғарыдағыдай олқылықтың орнын толтырар журналист болғым келеді.

Оразай Қыдырбаев:
— Армансыз адам — желкенсіз кеме. Желкенсіз кемені жел қайда айдаса, сонда жүйіткитіні белгілі. Армансыз, мақсатсыз адамды да заман әрі-бері сүйрелейді. Ондай адамдар заманының ығымен жүріп, басқалардың құлы болады. Журналист болу — менің бала кезден арманым. Сондықтан мен алдымнан шыққан таудай кедергілерге тойтарыс беріп, белімді бекем буып, осы мамандыққа оқуға түстім. Ондағы мақсатым — «жиналса көп, жойылса жоқ» болатын, қазақ деп аталатын ұлы, қасиетті халыққа қызмет ету.
Бұл – қызығы да, қиындығы да мол мамандық. Мұны мен миыммен түсінемін, жүрегіммен түйсінемін. Өзімнің осы қызметті таңдағаныма сүйсінемін. Нағыз тілші сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем болуы тиіс. Оның ойы орамды, сөзі салмақты, көзі көреген болуы керек. Ол тек әділдіктің, ақиқаттың жаршысы болады. Сөзсіз, мен де кәсібімнің майталманы болуға тырысамын, ең болмаса оған еліктеп бағамын. Журналист түйе секілді. Арқалағаны — алтын, жегені — жантақ. Егер жоғары жалақыны қаласам, басқа мамандықты таңдауыма болар еді. Алайда мен осы қиын қызметті таңдадым. Себебі бұл — жүрегімнің қалаған мамандығы!

Дариға Көшкінбай:
— Журналистика мамандығы қиын әрі шығармашылықты, жауапкершілікті талап ететін сала. Әкем: «Дәрігер не мұғалім болсаң қайтеді?» — деп қайраған сайын журналистикаға қызығушылығым арта түсті. Алланың қалауымен, СДУ-дың журналистика мамандығына түсіп, алдарыңызда жүрген жайым бар. Мейлі аязда, қақаған қыста, шыжыған жаздың ыстығында, мейлі алыс, жақын болсын, журналист ақпарат жинау үшін қаламы мен қағазы сақадай сай тұруы қажет. Менің арманым мақсатыма жету болса, мақсатым — шыншыл журналист болып, халқыма қызмет ету. Шыншыл деп жазуым тегін емес, оған себеп халық арасында көп тараған мына бір өлең жолы:
КТК-ны қосып қалсаң,
Қазаққа күнде-күнде қырғын келеді.
«Қазақстан» телеарнасы мойын рас,
Сондықтан әңгіме ғой ол бір бөлек.
Неге арналар әртүрлі сөз сөйлейді,
Мен осының сиқын білгім келеді.
Ал өзім «Хабар» арнасынан көрсететін,
«Қазақстан» деген елде тұрғым келеді.
Мен егемен елімнің тәуелсіз журналисі болып, дербес ақпарат жинап, халқыма жеткізсем деген мұратым бар. Мұратыма жету үшін аянбай еңбек етуге дайынмын. Мен болашақ тілшімін.

Айдана Киндирова:
— Шындығын айтайын, журналист болу — менің бала күнгі арманым емес еді. Ес білгелі шаштараз болуды қалайтынмын. Алайда өсе келе адам баласының өмірге деген көзқарасы, ойы, арман-мақсаттары да өзгереді емес пе?! Үлкендердің «Айдана, осы сен өскенде кім боласың?» деген сұрағынан тұла бойым дірілдеп, бетімнің өңі қашып, сондай бір жағымсыз күй кешкенім де бар. 6-сыныпта екі-ақ сабақтан «төртке» шыққанмын. Олар — қазақ тілі және қазақ әдебиеті. «Біздің халқымыз намысшыл ғой, ә?!» Менің де намысым оянып, қазақ тілі және әдебиеті пәнінен олимпиадаға қатысуды жөн көрдім. Қалалық олимпиадада І орын иегері атандым. Міне, сол кезден бастап бар ғұмырымды осы пәнмен байланыстырамын деп шештім. 11-сынып оқып жүргенімде республикалық олимпиаданың жүлдегері атанып, грант ұтып алдым. Менің алдымда өмірімді түгелдей өзгертетін таңдау тұрды: филология ма, әлде журналистика ма? Көп ойланып-толғанып, қабырғаммен кеңесіп, бір шешімге келдім. Журналистика. Мамандығымның хас шебері атанғым келеді. Бұл кәсіптің бүкіл қыр-сырын біліп, тереңінде жатқан асыл маржандарын теріп, білікті маман атанғым келеді. Мұны «төртінші билік» деп бекер атамаған. Үнемі халықтың мүддесін қорғап, сөзін сөйлеп, әрқашан халықпен етене жақын болу — міне, менің мақсатым. Өз басым телевидение саласының болашағының жарқын болуына өз үлесімді қосқым келеді. Әрине, ол үшін қажырлы еңбек ету қажет, бірақ мен қиыншылықтардан қорықпаймын, өз арманымды жүзеге асыру үшін барлығына дайынмын! БАҚ-сыз өміріңізді елестетіп көріңізші. Мүмкін емес! Міне, сол себепті мен осы мамандықты таңдадым. Бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Өйткені бұл — менің жүрек қалауым.

Мақсат Өскен:
— Әлі есімде, ес жиып, ақыл кіре бас-тағаннан Абайдың, Мұқағалидың өлең-деріне көңілім ауып, жүрегіме осы алып тұлғалардың әрбір тарау сөздері, әр шумақ өлеңдері терең із қалдырды. Дәл сол көңілім ұшып тұрған кезде не ақын болам, халқыма жақын болам, өлең арнап шығарма жазам деген асыл арман қылаң бере бастады. Сол арман мені жетелеп осында алып келді. Бірақ өмірдің ыстық-суығын бастан кешкен адамдардың айтуы бойынша, өмір жолы қайшылыққа, бәсеке мен қиыншылыққа толы.
Мектеп бітіріп, өзім мүлдем ұнатпайтын заң мамандығына оқуға түстім. «Жүрегінде оты жоққа өмірдің сәні жоқ» дегендей, көңілім қаламаған мамандықты одан әрі оқуға қызықпадым. Өмір өзімдікі, болашақ өзімдікі, арман өзімдікі. Қабырғаммен кеңесіп, қазағымның жеріне, өзімнің еліме барып, арман қуып, халқым, елім үшін жұмыс жасағым келді. Нар тәуекел, «жат жерінде сұлтан болғаннан, өз еліңде ұлтан болғаның» артық-ты. Не теңіздің үстіндегі кеме болармын, не сол теңіздің толқыны ғана болармын. Өзімнің барлық күш-қуатыммен, адал ниетіммен жұмыс істеймін деп, осы журналистика мамандығына оқуға түстім. Мен де басқалар секілді тума талантым болмаса да, жүрегінде оты бар азаматпын, өзіме, талғамыма сенемін. Шындық үшін күресемін.

Бексұлтан Нөкербан:
— Арманшыл жастың бірі мен едім. Балалық өтіп, үлкен өмір атты айдынға ескегі жоқ қайықтай кейіпте келіп қосылдым. Ендігі ғұмырымның жалғасын да, мәнін де журналист боламын деген мақсатыммен ұштастырамын. Саны бар, сапасы жоқ, аты болғанымен заты жоқ, жаңашыл ойы жоқ, тек баяғыны баян ететін, тозығы жеткен журналист болғаннан гөрі, заман ағымына сай, ұлттық журналистиканы әлемдік деңгейге көтеретін азаматтардың бірі де бірегейі болсам деген арман бар жұдырықтай жүректе. Жағынуды, жағымпаздануды қаламайтын өр кеудемде тек жалғыз, ақиқат жалыны шарпып өткендей кейіптемін. «Болсаң биік бол, болмасаң бордай тоз» деген дана халқымыз. Боламын деп келген соң, өмірдің аз да болса ащы-тұщы дәмін татып көрген соң, журналист боламын деген шешімге келдім. Әрине, журналистерді алда үш түрлі жол күтеді. Олар: не бұқпасыз, боямасыз шындықты өз өмірін қатерге тіге отырып баян етеді; немесе сарай ақыны демекші, жағымпаз болады; немесе өзіндік пікірі жоқ жалтақ мәңгүрттердің қатарын толықтырушылардың біріне айналады. Бұл орайда жанымды құрбан етсем де арманда кеткен Оразалы Досболсынов, Қапез Байғабылұлы, Жанар Әбділдина сынды аға-апаларымның көшін жалғап, шындықты айтып шырылдайтын жастың бірі болсам, мен үшін одан асқан бақыт жоқ деп санаймын.

Баубек Сағындық:
— Қазір жаһандану жағамызға жармасқан жалғанда сіздің ал-ған теледидар немесе тоңазытқышыңыз үйіңізге жеткенде ескі болып қалады. Өйткені қазір технология сағат сайын емес, секунд сайын даму үстінде. Сол дамуға, өрлеуге қызыққан мен ІТ (ақпараттық технологиялар) маманы болғым келді. Әкем филолог, шешем филолог, кіл әдебиетшінің ортасында өскесін, қатарымнан бұрын хат таныдым. Кішкентайымнан таңертең әтештің дауысынан емес, әкемнің радиосының дыбысынан оянатынмын. 1-сыныпты бітірмей жатып, ала жаз бойы жұрттың баласы секілді асық ойнамадым, қараңғы бөлмеде(терезелерді күн түспесін деп газетпен жауып тастайтын) терезедегі газеттің бір шетін қайырып, түсінсем де, түсінбесем де батырлар жырын оқитынмын. Сондай тәрбиенің ортасында жүрегімде ұлтқа, елге, жерге, тілге, дінге деген махаббат ерекше болды. Ол үшін Аллаға шүкіршілік.
Бала кездегі арманым — ІТ маманы болу. Оның үстіне қолдан сөйлеу де, жазу да келеді. Неге журналист болмасқа?! Сосын көп ойланып, қазақ тарихында, қазақ журналистикасында интернет журналистика саласын дамытқым келді. Осы ойлардан кейін жүгі ауыр журналистиканың жүгенін тартуға ниет еттік. «Қаруымыз — қалам, қалқанымыз — иман» дейтін қарымды журналистердің қатарында болу — басты мақсат. Бірақ біз ақ парақты мониторға, «от сиялы» қаламды-пернетақтаға алмастырған желідегі журналистерміз.

Айдана Жорабай:
Кез келген адам бала кезінен армандап келеді. Біреудің сол бала күнгі арманы балдәурен балалықтың бақшасында қалады, ал есейе келе сол балалық арманның бал-шырынды дәмін тамсанып еске алып жатады. Енді біреулер шын ниетімен қалаған арманын уысында берік ұстап, өмірлік жолына айналдырады. Менің бала күнгі арманым тек балдырған шақтың естелігі болып қалды. Ес біле, уақыт жылжи келе көкейіме бір арман құсы ұялады. Ол — журналист болу. Бұл мамандық атауымен алғаш мектеп қабырғасындағы жетінші жылымда таныс болдым. Содан бері бүгінге дейін сол арманның алқасын шешпей келемін. Менің дүниедегі кірпіш болып қалануыма бағыт-бағдар берген өмірлік ұстазымның: “Адам болам десең, халқыңа жақын бол!” деген өмірлік қағидама айналған асыл сөзі санама нық орнығып, осы мамандықты таңдауыма жетеледі. Яғни халыққа жақын, ет-жүрегі елжірей ортақтасатын да, қайғысымен қабырғасы қайыса бөлісетін де, ел ертеңі үшін төселуге дайын да, қоғамды қызықты ететін де, халық пен билік арасына көпір болатын да осы журналистер. Мына бір адамзат әлемін адам емес, ақша, атақ-абырой билеп тұрған “азулыға бар, азусызға тар” заманда халық тіршілігін ойлап, сол үшін маса болып ызыңдап, бозторғай болып шырылдап жатқан журналистерге қарап, ынтам ашылып, құлшынысым оянды. Тілшінің де тіліне тиек қоюға ары барған кейбір “интеллигент” жандарға халықтың өкпе-назы долы желді күткен толқыны тыныш көлдей. Ал шекпен кимесе де, костюмдегілердің біразына сенімі сиреген жұртымның санасы шырмауықтай шырмалып тұр. Шырмалмасқа қайдан?! Жоғарыдан бір басқа, орта белден өзгеше, төменнен мүлде өзгеше мағлұмат тарағанда, қайсысының бұрыс екенін дәл ажырата білу қиынырақ. Дегенмен еш нәрсені қалт жібермейтін өте сақ журналистер жүректеріндегі ұлтжандылық алауымен халқына көмектесуде. Журналист — қоғам көшбасшысы. Ол адамды жан-жақтылыққа, сақтыққа, ұшқыр ойлап, әділ сөйлеуге баулиды. Жоғарыдан ести алмайтын халық үнін төменнен-ақ естуге үйретеді, жетелейді.

Қымбат Ерназарова:
— Журналистика мамандығына бала кезден әуес болдым, сол кезден қызықтым. Теледидардан әдемі, ақылына көркі сай журналистерді көріп, газеттерден олар жазған мақалаларды, әңгімелерді оқып, жазу шеберліктеріне, радиодағы тілшілердің сөйлеу мәдениетіне тәнті болдым. Бұл — қызығынан гөрі қиындығы басымдау мамандық.
Оған нағыз керек қасиеттер төзімділік, жылдамдық, ой ұшқырлығы, кез келген жағдайға қарсы тұра білуі деп білемін. «Бол-масаң да ұқсап бақ!» — деп Абай атам айтпақшы, бұл қасиеттердің барлығы бойымнан табылмаса да, осы қасиеттерге ие болу үшін бар күшімді салып тырысудамын. Сондай-ақ, Бернард Шоу: «Мамандықтың жаманы жоқ, тек оған икем болу керек», — деген екен, ал мен өзімнің икемімді осы саладан таптым.
Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз, – деп әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің айтқаны бар.
Соған орай, болашақта атым жер жаратын журналист боламын демеймін, жерде қаламын деп те айтпаймын. Ең бастысы, халқымның игілігі үшін аянбай тер төгіп, елімнің нағыз жанашыры боламын деп білемін.

Ақбота Досболова:
— Бала кезімде дәрігер болуды аңсағанмын. Адам емдеп, халық алғысына ие болғым келетін. Ал кейіннен теледидардан бағдарлама, жаңалық жүргізетін тележүргізушілердің жүріс-тұрысына, киінгеніне, сөйлеу мәнеріне қарап, осы салаға қызығушылығым артты. Мен де солардай болуды армандадым. Олар – қоғам айнасы, халықтың мұңын, қуанышын бірге бөлісіп, халықтың атынан сөйлейтін адамдар. Бұл бір бағыттағы ғана емес, оқиғаны бірінші болып естіп, соны халыққа жеткізетін мамандық. Менің қазіргі мақсатым – СДУ-да жоғарғы дәрежелі білім алып, еліміздің журналистика саласында тарихта қалатындай еңбек етіп, із қалдыру.

Жандәурен Мәдиев:
— Журналист. Неткен әдемі сөз! Қандай киелі мамандық! Ме-нің ойымша, мұндай мамандық иесі болу үшін үлкен еңбек керек. Мен де осындай киелі мамандықтың иесі болғым келеді. Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Себебі бала кезгі арманым журналист болу еді. Аға-апаларымның қарымды мақалаларын оқып отырып таң қалатынмын. Осыншама жауһар сөздерді қай жерден табады, оны қалай көңілге қонымды етіп жазады, осы бір алтындай сөздер қайдан шығып жатыр екен деп. Ал теледидар, радио бағдарламаларындағы жүргізуші, дикторлардың күмістей сыңғырлаған дауыстарын естісең, сөз жетпейді. Міне, осындай үлкен қасиет, дарын иелеріне еліктей келе, өз мамандығымды дұрыс таңдадым.
Кейін оқи, өсе келе өзімнің жеке арнамды, газет-журналдарымды ашып, шындықтың шерін тарқатып айтатын бағдарлама, ток-шоуларды жасасам деймін. Сол арманымның жолында талмай еңбек етуге дайынмын!

Әйгерім Жұмабаева:
— Мен әрқашан жаңа ақпарат алуға талпынатынмын. Сон-дықтан болар, журналист болғым келді. Себебі бұл армандаған мамандығымның шарттарын толық қана-ғаттандырады. Мәселен, журналист болу үшін аса үлкен жауапкершілік керек. Оның ғылымның барлық саласынан, кішкентай болса да, мәліметтері болуы тиіс. Сонымен қатар, оның күнтізбесінде бос уақыт жоқ. Себебі ол әрдайым жаңа ақпарат жинау немесе тарату үстінде. Сол таратқан ақпараты арқылы халықтың, мемлекеттің, тіпті дүниежүзінің жағдайын жақсарта алады. Өзімді сондай жұмыс барысында елестеткенде, жүрегімде жылы сезім ұялайды.

Айсұлу Болысбай:
— Адам жұмысына өмірінің көп уақытын, қажыр-қайратын, терін төгеді. Осы маман-дықты жүрегім қалап, қызығып, өмірімді ар-науға бел будым. Бұл саланың қыр-сырын меңгердім немесе белгілі бір дәрежеде білемін деп айтпаймын. Білетінім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз. Осы мамандық адамды тез баптайды деп ойлаймын. Уақыт тығыз, ал іс көп. Қызығы да, шыжығы да мол кәсіптің заңдылығы да осы. Ең бастысы, осы мамандық арқылы жүрегімді тырнап, жан жарама айналған кемшіліктерімді түзеткім келеді. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасап, олардың көкейіндегі сан қилы сұрақтарға жауап іздеп, кішкене болсын пайдамды тигізсем деймін.

Аян Ғизатов:
— Кешегінің қаруы қылыш, садақ, мылтық еді білтелі, Бүгінгінің қаруы — білім, ғылым дамып жатқан ілгері, — дей келе, осы қаруымды саптап, баптап, жетілдіріп, елім үшін күреспекпін, қан мен тер араласқанша еңбек етпек ойдамын. Міне, осы жолда: “Қай мамандық қолайлы, тиімді, жүрегіме жағып, ғұмырлық серігім болады?” — деп, журналист боламын деген тұжырымға келдім. Осы мамандықты таңдағандағы себебім: Біріншіден, мұғалім тәлім-тәрбиесін сыныбындағы 20-30 адамға беруге қауқарлы болса, журналист қалам мен қағазды қару етіп, күллі халыққа тәрбиені, білімді насихат ете алады. Осы орайда журналист — әлеуметтің дамуына немесе құлдырауына тікелей әсер ететін маман. Екіншіден, ол басқаларға қарағанда, халық мұңын, қуанышын жақыннан көреді, таниды. Бұқараның ахуалын, халін пердесіз, таза күйінде көріп, соған қарай тиімді әрекеттер жасайды.

Тілеухан
Жансерік:
— Журналист. Иә, бұл сөзді айтқанда есіңе қызықты, көңілді, елді елең еткізерлік, қиын да шырмау кезеңі бар жәйттар түседі. Бұл — екінің бірінің қолынан келмейтін маман-дық. Қызығы мен шыжығы, ағы мен қарасы, қуанышы мен қайғысы бірге жүреді. “Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме, қайғы келсе, қарсы тұр құлай берме!” — деп Абай атамыз айтқандай, қайғы келсе қарсы тұрып, қызық келсе бөліскен адам ғана журналистика саласын жетік меңгере алады. Ол үшін, ең бірінші, шыдамдылық, төзімділік, сабырлылық керек. Тілші болғым келетін себебім: кішкентайымнан бастап атам мен әжемнің қолында өскем. Атам көзі ашық, көкірегі ояу адам болатын. Қисса, дастан, ертегі, әңгімелерді көп білетін. Ақындығы да бар еді. Өзі журналист боламын, елдің мұң-мұқтажын жоқтаймын деп жүріп, ақыры бола алмады. Кішкентайымнан мені тәрбиелеп, көрген-білгенін айтып, менің журналистикаға құштарлығымды оятқан осы кісі болатын. Өзім физикаға екі жыл дайындалдым, бірақ әдебиетке, журналистикаға жүрегім бұрылып тұрды. Халықтың жан-айқайын айтқым келетін. Міне, сол себептен журналистикаға келдім. Жалпы, менің ойымша, журналистер халықтың досы, сырласы, бауыры, ағасы болу керек.
Әйгерім Сайранбекова:
— Кез келген адам-ның өзінің жүрегіне жақын, жан дүниесі қалайтын мамандығы бар. Мен үшін ол – журналистика. Бұл — адам бүкіл жан дүниесін ізденіске арнап өтетін мамандықтың бір түрі. Тілші болу — көгілдір экранның алдында отыру емес, халықтың ойында, жүрек түкпірінде жатқан жан ай-қайын елге жеткізу. Мейлі ол қандай ащы шыңдық болсын, оны жеткізу — біздің парызымыз. Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: «Болашағымыз жастардың қолында». Біздің алға қойған мақсатымыз — тіліміз, дініміз, салт-дәстүріміздің дамуы үшін оны басқа халықтарға нақты, мәнді жеткізу. Тілшінің міндеті — осы.

Әнел Шора:
— Армансыз пенде болмасы анық. Сол секілді әрбір жас жеткіншек бала шағында-ақ кім болатынын армандайды. Мен де әр қиялдың жетегінде жүретінмін. Әрине, болашақ мамандықты таңдау оңай шаруа емес. Мен ұлы кемеңгер, дана Абай атамыздың: «Болмасаң да, ұқсап бақ», — деген сөзін мәйек етіп, өңірімнен түлеп ұшқан журналистердің салған сара жолымен ұлтжанды, көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың азаматшасы болып, еліме адал қызмет етіп, елімнің үкілеген үмітін ақтар, халық сөзін сөйлер журналист болуға бекіндім. Бұл — қызығы мен қиындығы қатар жүретін, көп ізденіс пен мол білімді талап ететін сала. Жазған мақалаңның мықтылығына әріптестерің мен ұжым басшыларының көзі жетуі үшін, жазған шығармаларыңның қозғар өзекті тақырыбы қандай болуы шарт? Қалам ұстағанның бәрі дерлік ел жадында қаларлықтай жақсы журналист атана бермейтіні де осы аталмыш мамандықтың қиындығын әйгілері ақиқат. Ендеше, жақсы журналистке қандай қасиет тән? Нендей талаптың үлесі қажет? Ең алдымен, адамдық және «Бал тамған өтіріктен қан тамған шындық артық» демекші, шынайылық керек. Қазіргі заман талабына сай қазақ журналистеріне тән ең басты қасиетті «Ең әуелі алдыңдағы ақ қағазға, қаламға адалдық керек; қара басының қамын ойлағаннан гөрі ел мүддесі, халық тағдыры, Отанның бүгіні мен ертеңі қашан да бірінші кезекте тұруы басты талап» деп есептеймін. Бұл мамандықты таңдаудағы басты мақсатым — ой еркіндігі мен сөз бостандығына қол жеткізіп, бүгінгідей мәңгүрттік дерті саналарды улап жатқан қоғамда бұқара жүрегіне жылу сыйлап, журналистиканың жілігін шағып, майын ішер нағыз «төртінші билік» иесі, білікті маман болу. Сонымен қоса, қазақ журналистикасының әлемдік деңгейге көтеріліп, өзге елдермен терезесі тең дәрежеге жетуіне тамшыдай болса да өз үлесімді қосу.

Диас Балмағамбет:
— Мамандық таң-даудың өмірде ма-ңызы зор. Себебі адам өз жұмысын сүйіс-пеншілікпен істемесе, ол жұмысқа пайда әкелмейді және оның тәжірибесін арттырмайды. Мен мамандық мәселесін біраз ойландым. Соңында журналистика мамандығына тоқтадым. Бұған себеп болған – ағам. Ағам спорт журналистикасында жұмыс істеді. Шетелге шығып тұрды. Маған оқиғаларын айтып берді. Мен де саяхаттағанды, елмен сөйлескенді және пікір алмасқанды жақсы көремін. Болашақта спорт немесе радиожурналистикасына баруды армандаймын. Оқу орнымда журналистика туралы жаңа мағлұматтар алып жатырмын. Бұл менің мамандығыма деген құлшынысымды арттыруда. Мысалы, мұғалім жиырма шақты балаға білім үйретсе, журналист барлық әлемді үйретіп, адамзаттың көзін аша алады. Журналист болу әркімнің қолынан келе бермейді.

Ақмарал Хамитжанова:
— Әр адамның өз арманы бар. Бала кезінде кім не армандамайды дейсіз? Аға-әпкелеріміздің бірі мұғалім, енді бірі дәрігерлік мамандық таңдаған кезде біз де соларға еліктеп, арман жетегімен біраз белесті бағындырған едік. Кейін өсе келе өз бойымыздағы талантымыз бен бейімділігімізге қарай қилы жолдарды таңдадық. Мен өз мамандығыма ішкі жан қалауыммен келдім. Мен үшін журналистика — ең ұлы, ең қастерлі мамандық. Қаншалықты жолы ауыр, қуанышынан қиындығы көбірек болса да, бұл — менің таңдауым. Әдебиет жолын таңдап, жаныма қылқаламымды серік етіп, жаңалық жаршысы болам дегенімде, маған достарым, мұғалімдерімнің көбі қарсы болған еді. Бірақ менің басқа мамандыққа қызығушылығым оянбай-ақ қойды. Әйтеуір жаным осы салаға қарай тартты да тұрды. Болашаққа құрған жоспарларым көп, мақсатымды да анықтадым. «Журналист – халық пен билікті байланыстыратын көпір», — дейді. Мен де болашақта тек қана халқым үшін еңбектенгім келеді.
Қазір журналистеріміздің дәрежесі төмендеп барады. Бұлай дейтін себебім, кез келген телеарнаны қарасаңыз, екінің бірі журналист болып алған. Оның ішінде қазақ тілінің, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің қадір-қасиетін толық түсінбейтін әншілеріміз де, әртістеріміз де жүр. Сонда, жүрегі ұлтым деп соққан, көсемсөздің хас шеберлері қайда жүр? Міне, мәселе қайда жатыр десеңізші! Менің мақсатым — «неге?» деген сұрақтың жауабын табу. Шындық үшін шырылдап, халқымның сана-сезімін оятқым келеді.

Сәлима Бағашар:
— Бұл салаға бұ-рыннан қызықсам да, тілшілердің қоғамдағы орнын енді анық байқап келемін. Бесінші-алтыншы сыныптарда журналистердің жай ғана сөйлеу мәнеріне қызығатынмын. Өсе келе бұл мамандықты зерттей бастадым. Зерттеу барысында олардың халықтың нағыз жанашырлары екенін байқадым. Ылғи халықтың сөзін сөйлеп, әрқашан шындықты қалайтын да осы азаматтар. Журналист — халық пен билікті тікелей байланыстыратын алтын көпір. Мен де болашақта сол көпірдің бір бөлігі болып, халқымның қуанышын да, қайғысын да тең көріп, жанында болғым, шындықты жасырмай-ақ оны билікпен ортаға салып, бір шешімге келудің жөн екенін дәлелдегім келеді. Өзім сүйіп таңдаған мамандықта үлкен жетістіктерге, алға қойған мақсатыма қол жеткіземін деп үміттенемін.

Кеңес Әбдіманап:
— Қазіргі менің мең-геріп жатқан маман-дығым – журналист. Кез келген мамандыққа сай сол саланың адамында болатын бүкіл қасиет оның бойынан табылуы тиіс. Бұл — материалдық байлықты емес, рухани байлықты көздеген адам таңдауға тиіс мамандық. Менің мұны таңдаған себебім де сол. Мен рухани бай болсам деймін. Халқын «маса» болып оятқан Ахмет атамдай білгір, көсемсөз шебері болғым келеді. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес», — дегендей, алдыма үлкен талап қойып, соны орындау үшін жанымды салып кірісемін. Болашақта халқыма пайдам тиетін, ойы ұшқыр, қаламы қарымды, мақсаты айқын журналист болғым келеді.

Салтанат Шоланова:
— Ұйқыдағыны оятатын, сөйлемейтінді сөйлететін, билемейтінді билететін адамзаттың бойындағы ең құдіретті күштің бірі арман десем, қате айтпаған болар едім. Армансыз адам таспен тең, бойында жаны болмайды. Әйтеуір көрінген аяқтың астында тапталып жатады. Қайдам, ондай адамдар жоқ та шығар. Әйтеуір әркім өзінше қиялдап жатпай ма?! Бірақ қиял мақсатқа ұласпаса, үстіне су құйған оттай бықсып, түтіндеп қалады.
Менің де арманым журналист болу. Еліне сыйлы, халқына мақтаныш, ата-анасына қуаныш азаматша болғым келеді. Әйтеуір өз жұртымның сырын, ішкі жан дүниесін, мұң-қайғысын, бақытын түсініп, көмек бере білсем, оның өзі бақыт емес пе? Ел ішінде шешілмеген талай мәселе бар. Соны неге көтермеске? «Сын түзелмей, мін түзелмейтіндіктен», ішіміздегі жараларды тауып, емдеуіміз керек. Міне, сонда мемлекетіміздің денсаулығы мықты болады.
Жалпы, мамандық таңдаудың өзі қазір үлкен проблема болып отыр. «Өмірдің мәнін қалтаңда ақшаң болса, сезінесің» деген ойға әбден мастанғандар қатты қателеседі. Өйткені зауқың соқпаған жұмысты істесең, байғұс жүрек сыздап ауырады. Сондықтан болашақ мамандықты жүрекпен бірге ақылдасып шешу керек екен.

Әсем Жаукен:
— Журналист ма-мандығының қызы-ғынан қиындығы көп. Қиындығын біле тұра өмірімді осы салаға арнағым келді. Журналистикада ең бірінші мақсатым — адалдық. Еліме адал қызмет істеп, мұң-мұқтажымен бөлісіп, қарапайым халықтың ой-өрісін дамытқым келеді. Бүгінде адамдар күйбең тіршілікпен жүріп, мейірімділік дегенді ұмытқан сияқты. Айналамызда кедей-кепшік, жетім-жесір азаюдың орнына көбейіп бара жатыр. Адамдар өз қамдарын ойлайды, олардың ойлары белгілі бір шеңберден шықпай қалған. Мен отандастарымның бір сәт болса да жан-жағына қарап ойлануын қалаймын. Тағы бір мақсатым – Қазақстанды әлемге танытып, елдің мұң-мұқтажын айтып қана қоймай, оларды түзетуге үлес қосқым келеді.

Біржан Асылханов:
— Қайғы келсе,
қарсы тұр құлай
берме,
Қызық келсе қызықпа,
оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де,
түбін көзде,
Сонан тапқан бір асыл тастай көрме! — демекші, мен де өз жүрек қалауыммен журналистиканы таңдадым. Қайғысы мен қуанышы қатар жүрер осы бір таңғажайып кәсіп өмірге деген көзқарасымды ерте оятып, ғаламат бір күш берді. Келешекте от ауыз, орақ тілді, тек шындықтың ауылын іздер, санасы сергек тілші болғым келеді. Соғысқа аттанар кез келген адам бес қаруын сайлағандай, мен де ақыл, білім, тәрбие атты қару-саймандарымды бекем асынып, өмірдің асау толқынында адаспай, тек алға ұмтылғым келеді. Журналистика – терең тұңғиық. Оның түбіне жету оңай шаруа емес. Осы жолда асау толқын ағысына шыдамай, адасып жүрген жандар қаншама? Ол үшін тынымсыз еңбек, рухани білімділік, ұзақ ізденіс қажет. Ал егер тыныш жатып, көзін сатып ізденбесек, көппен бірге тұңғиық, шексіз, бос әлемде қаңырап, адасып қалуымыз ғажап емес. «Жазылмаған ой — жоғалған қазына» дегендей, көптеген сыры ашылмаған мәселелерді көтеріп, ол жағдайды халыққа түсіндіру, елдің ой-санасын толықтыру — тілшінің негізгі міндеті.

Нигора Әшірбекова:
— Мамандық таң-дағанда мен бірінші ақыл-қайратқа емес, жүрегіме ерік бердім. Абай атамыз айтқан-дай, адамды ақылды ететін де, қайратты қылатын да – осы жү-рек. Әрбір пенде бір нәрсе жайында сан түрлі ойлайды. Бұл рас. Кейбіреулер шешен сөйлей не жаза білмесе де, тек шындықты айтса, сол шебер журналист деп ойлайды. Бірақ дәл қазіргі уақытта сөйлеп те, жазып та, шындықты жеткізіп те жүрген жандар көп емес. Иә, олар жоқтың қасы десе де болады. Әрине, мұның бәрі шындық.
Мен өз мақсатымның шыңына шығып, нүкте қойғым келеді. Алаш деген елімді бүкіл әлемге таныту – бар ойым. Елім көп сынға салатын журналистер қатарына өз үлесімді қосып, нәтижесін көргім келеді. Нәтиже… осы сөз ғой, қазіргі уақытта мүлдем артта қалған. Халқымның ойын қаншама жазушы, журналистер айтып та, жазып та жеткізіп жатыр. Дегенмен, нәтиже мүлдем жоқ. Сонда журналистер кім болғаны? Неге құлақ аспайды? Неге нәтиже жоқ?! Міне, менің мақсатым — осы сұраққа жауап табу. Мен жауапты қағаз бен қалам арқылы емес, іспен табамын.

Ахан Нұрғиса:
— Журналистиканы таңдауымның себебі не? Өйткені осыған дейін қанша Алаштың ардақтылары, яғни елім деп еңіреген, халқым деп қамыт киген ұлы тұлғаларымыз қаза болды. Олардың бәрінің өлуінің себебі — ақиқатты айтқаны. Сол кісілер сияқты мен де ақиқатты айтып, халқыма көмегім тисе деймін. Иә, біз тәуелсіздікті алдық, бірақ санамыз әлі де тәуелсіз емес. Яғни күннен-күнге қазағымыздың рухы әлсіреп барады. Ақиқатты айтып, халқымызды оятсам, сол қателікті қайталамасақ деймін.

Динара Заирова:
— Күйбелеңге түскен мына тіршілікте анам адал еңбегімен балапандарыма нан тауып жегіземін деп, қара терге түсіп жұмыстан келгенде, қолыма бөтелкемді ұстап алып, анамның алдынан: «Сабира апай, сізден бір-екі ауыз сауалнама алсам бола ма?» — деп жүгіріп шығушы едім. Әрине, бұл жердегі бөтелке менің қымбатты микрофоным болатын. Бұл менің бала арманым, яғни журналист болу еді. Ауа райын хабарлап жатқанда сөздерін түсініп, ұғынып, жаттап алушы едім. Арадан қанша жыл өтсе де, мен журналист боламын деген арманымнан бас тартқан емеспін. Алайда өсе келе бұл кәсіптің қаншалықты қиын, жауапкершілігі мол екенін білдім. Ал қазір арманымның алғашқы баспалдағын аттағандаймын. Өзім армандаған салада білім алып жатырмын.
Жан-жақты, әлем жаңалықтарын халқыма жеткізетін, білімді, білгір маман иесі болғым келеді. Егер адам талпынса, алмайтын қамал жоқ, бірақ ол үшін көп тер төгуге тура келеді. Ал біз секілді жас мамандардың төгетін тері де, көретін қызығы да әлі алда. Бұл бастамасы ғана…

Шынар Тоханайым:
— Менің арманым – сапалы қаламгер, сөз өнерінің шебері, халқымның жанашыры, елімнің бетке ұстар тұлғасы болу. Журналистика мамандығы еркіндікті, ізденісті, шындық пен халыққа адалдықты талап етеді. Мен елімді, тілімді, тарихымды, әдебиетімді, тау-тасымды, өзен-көлімді, қазақ боп жатқан бір уыс қара топырағымды сүйемін. Жүрегім соқса, халқым деп соқсын! Қазақтың мұң-мұқтажын, қадір-қасиетін, мәртебесін көтеру — басты мақсатым.
Абайды білмейтін қазақтар да бар. Кешегі тарихты білмейтіні қаншама? «Өткенін білмеген ұрпақтың алды тұйық жармен тең», — деген атам қазақ. Журналист барлық мәселеге тікелей араласа алады. Мүмкін болса, шешіп те жатады, бірақ бастысы бұл емес. Бастысы — халыққа жеткізе алады. «Төртінші билік» өкілі болу — менің алға қойған мақсатым. Менің журналист болғым келетіні де осыдан.



5 пікір

  1. Мейрлан Майлык:

    -Мен де журналист болуды армандайтын жастардын биримин! Бул салага ендиги гумырымды арнагым келеди. Канша киын десе де, арманымнан бас тарпаймын!

  2. Еркежан:

    Сөз атасы -сәлем дегендей ,сәлеметсіздер ме?Менің де бір асқақ армандарымның бірі-тілші болу.Әрине тілші болу оңай емес.Бір-ақта дүниеде оңай дүние жоқ.Мен үшін тілші болудан басқа арманым жоқ десем артық айтпаспын.5 сынып оқып жүргенде газеттерге өлеңдерімді апарып жүретінмін және әліде .Содан бастап бір күні редакцияға келлдім,онда газет бетінен шықпаған шығармашылық жұмыстар толып тұр басқа балалардікі,содан арманым пайда болды редактор болу деген.Кейін сол арманыма жетіп көптеген балалардың өлеңдерін жарыққа шығарамын.Ауылдың балаларына тегін газет беретін болам алла бұйырса.

  3. жанерке:

    Менде болашакта журналист болгым келеди мен әлі 8 сынып оқимын .Журналист болу өте қиын деп достарым айтып жатады бірақ өзімнің сүйіп таңдаган мамандыгым болса ол қыйын емес деп оилаймын.Болашақта өзімнің жуналист болатыныма сенімдімін !!!!!!!!!!

  4. Акгуль:

    Менде журналист болуды қалаймын.Бірақ туған туысымның барлығы қарсы.Сондада еліне ерен еңбек ететін алдыңғы қатарлы үлкен телеарна құрсам деймін. Аллаһтың жазғаны сол болса туған туысыма қарсы тұрып журналист болармын деп сенемін.Мектептегі адамдардың баарлығыда менің журналист болуымды қалайды және жақсы журналист шығатынына сенеді.
    Өмірдің шыңы шыңырау құз, Сол құзға құламай қиындыққа төз.

  5. ерсултан:

    Сакау адам ягни р арипин айта алмайтын адам журналист бола алама