«Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын!»
Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында облыстарда өтіп жатқан «Елімнің тағдыры — менің тағдырым» атты патриоттық форум Ақмола облысында болып өтті. Форумға облыс әкімі Қ.Айтмұханбетов қатысып, арнайы сөз сөйледі. Облыстың маңдай алды, үлгі тұтарлық әр буынның таңдаулы патриоттары сахна төріне жайғасты.
Сахна төріндегі құрметті қонақтардың әрқайсысына жеке тоқталып, мемлекетке, қоғамға сіңірген еңбектерін көпшілікке таныстырып, мінберге шақырды.
Алғашқы болып сөз алған Көкшетау қаласының құрметті азаматы, танымал дәрігер Болат Жанәділов: «Тіліміз бен дінімізді түзеп, болашақ ұрпағымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеу — әр қазақстандықтың абыройлы міндеті», — деді.
Келесі сөз кезегін алған Еңбекшілдер ауданындағы «Еңбек-Береке» серіктестігінің директоры Асқар Киіков: «Кәсіпкерлік саладағы жетістіктеріне тоқталып, жерді өңдеу, тұқым себу, егін жинауда заманауи техника қолданғаны зор нәтиже бергенін жеткізді. Қазіргі қолданыстағы техникалары ғаламтор жүйесі арқылы басқарылып, кедергі, ақау шықса, байланыстың тездігінен, кемшілік дереу жойылатынын тілге тиек етті. Ауылға қол ұшын созып, әлеуметтік көмек көрсету — басты мақсатым», — деді. Өзіне қолдау білдірген аудан, облыс басшыларына алғысын білдірді.
«Халық қаһарманы» Азамат Жұмаділов: «Мен Отан алдында ант көтерген әскери адаммын. Қандай болмасын, Отаныма, еліме, елімнің әр азаматына қауіп-қатер төнсе, қасық қаным қалғанша қорғауға міндеттімін. Ел тәуелсіздігін сақтауда тек әскерилер ғана емес, халық болып жұмылу міндет», — деп сөзін түйіндеді.
«Вайнах» шешен-ингуш ұлттық мәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев тағдырдың тәлкегімен аталары қазақ жеріне айдалып келіп, пана тауып, қазір көп ұлт, ұлыстармен бірге тату-тәтті өмір сүріп жатқанына ризашылығын білдірді. Ол Кавказ таулы аймағындағы мұсылман елдерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларға алаңдап, жаны ауыратынын айтып, қазақ елінде ондай оқыс оқиғалар болмауын тіледі. «Отанымның тыныштығы үшін ұлт, ұлыстардың достығын нығайтуға аянбай кірісемін!» — деп ақтарылды.
— Бәсекеге қабілетті ел боламыз, елімізді өркендетіп, көркейте-міз десек, білім мен біліктілігімізді шыңдауымыз қажет. Өзім шетелдерде болған білім сайыстарында бірнеше рет жүлде алдым. Ана тілімізбен қатар ұлтаралық қатынас тілдерін жақсы білу міндет, — деп, Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушысы Дина Хамза үш тілде еркін көсілтті.
Байыпты жүрісі мен салмақты тұрысы, сөзі де өзгеше болған «Ұлт Көшбасшысы жастар майданы» қоғамдық қорының төрағасы Ерлан Ахмеди бауырымыз: «Елдің ертеңі — біздің қолымызда. Жастар, біз осал болсақ, Тәуелсіздігіміздің баянды болуы неғайбыл. Сол үшін қазақтың, Қазақстанның жастары білімді, білікті, қажыр-қайратты, жұмылған жұдырықтай ынтымақты, ұлтжанды, Отан үшін отқа түсетін патриоттық сезім бойды кернеп тұруы керек, — деп, замандастарына үндеу тастап:
Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім — қазақ өмірі, өзім — қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?! — деп, зор дауыспен залды күңірентіп Сұлтанмахмұд Торайғыровтың «Мен — қазақ» өлеңімен сөзін аяқтады.
Дахан Шөкшир
Пікірлер