Көшті тоқтатпаңыз, жалғастырыңыз, Нұрсұлтан аға!
«Халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетінің «Дат, тақсыр!» айдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа бағышталған «Заң жүзеге асса, 5 млн. қазақтан тірідей айырыламыз» атты Сәуле Мешітбайқызының мақаласы жарыққа шыққанда, алаңдап отырған ағайын бір қуанып қалғаны рас.
Іле-шала бұл мақала «abai.kz» сайтында көшіріп басылды. Өзге де қазақтілді сайттар бірінен-бірі көшіріп басып жатты…
Содан бері әлеуметтік желіде болсын, газет бетінде болсын лапылдап жанған Сәуле Мешітбайқызының отты ойлары, аналық жан айқайы қызуын шашып, «жаурап қалған» оралман деген ағайынды «жылытуға» жарап-ақ тұр. «Қотырымызды қасып», миллиондаған қандастарының тіршілігіне алаңдаған Сәуле Мешітбайқызының жан айқайына Елбасының бастамасымен, шеттен келген ағайындарға арнап салынған Нұрлы көш ауылының тұрғындары да үн қосуға даяр екендіктерін білдіріп, хат жазуда. Көшті қаңтаратын заңның қабылданғанына олар да қатты алаңдаулы. Бұл заң қазақтың елдігіне, келешегіне орасан зор нұқсан келтіретін болғандықтан, үнсіз қалуды жөн көрмеген ағайынның бірі Тұрғанбай Жырғау (Нұрлы көш ауылының «Қоғамдық, серіктестік одағы» төрағасы, заңгер) хатында былай депті:
Қазақ елі тәуелсіздік алған 1991 жылы Елбасымыздың шеттегі қазақтарды Отанына шақырған үндеуі жарияланып, Моңғолиядағы қазақтар үдере көшті. Көш басталғаннан, қаңтарылғанға дейінгі 20 жылда 1 млн. қазақ тарихи Отанына оралыпты. Бұл қазақ елінің береке-бірлігін, қуат күшін арттыруға үлкен себін тигізді. Келген қандастарымызға арнап салынған Нұрлы көш ауылының өзі бір жарым мыңға таяу адам тұратын қалашыққа айналды. Бұл ауылда 8 елден келген қазақтар, тату-тәтті, береке-бірлікте, ынтымақпен тұрып жатыр. Кей басшылардың немкеттілігі мен парықсыздығынан, құрылысшылардың құлықсыздығынан, оралмандарға салынған құрылыс сапасыз болып, біраз шу болғаны жасырын емес. Сапасыз салынған құрылыстың зардабын сезінген, ауыл тұрғындарының жүдеу жағдайына алаңдаған «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық, саяси-танымдық газеті бұл проблеманы алғашқы лекте көтеріп, үнемі назарларында ұстап отырды. Аталмыш мақаланың авторы Сәуле Мешітбайқызы апайымыз, біздің жағдайды облыс әкімінен бастап, жоғарғы лауазым иелеріне жеткізуге күш салды. Соның нәтиежесі болар, 2012 жылы облыстың бұрынғы әкімі Қ.Қожамжаров 200 млн. теңге қаржы бөлгізіп, қабырғалары жұқа салынған үйлерге жөндеу жасап берді. Қазіргі әкім Қ.Айтмұхаметов те біздің ауылдың жағдайына алаңдап, көмектесіп келеді. Енді міне, қазақ көшінің қаңтарылуына соқтырған заң жүзеге асқалы тұрғанына алаңдап, Президентімізге «Дат» жазып, мән-жайдан хабар беріп жатқан «Қазақстан-ZAMAN» газетіне үн қосуды жөн көрдік. Шеттен келген қандастарын қаралаған билік басындағылар мен қоғамдық ұйым өкілдері жетерлік. Көзге түрткі болып, келеңсіздікке ұрынып жүрген ағайындарымыздың барына біз де өкінеміз. Бірақ бір-екі оралманның кемшілігі үшін шеттегі 5 млн. қазақты қаңтару орны толмас өкінішке ұрындырады. Қазір Нұрлы көш ауылында 270 отбасы тұрып жатырмыз. Сен моңғолсың, сен қытайсың, сен өзбексің деген алауыздық жоқ. Бәріміз де бір қазақтың баласы болғандықтан, осы елдің толыққанды азаматы ретінде өмір кешіп жатырмыз. Сәуле апайымыздың көшті жандандыру жайлы жазған «Датын» ауылдағы көзі қарақты ағайындардың бәріне таныстырдық, кәмелет жасындағы 700 адам қолдап, қол қойды. Біздің жанайқайымыз Елбасымызға жетіп, заң қайта қаралып, қазақ көші қайта жандансын деген тілек, өтінішіміз бар.
Дахай Дәлелханұлы, ауыл ақсақалы, Моңғолия сауда саласының ардагері:
— Мен атамекеніме 2009 жылы көшіп келдім. Көш қаңтарыл-май тұрып келіп алғаныма қуансам да, артымда қалған туыстарыма алаңдаулымын. Өзім сауда саласында істегендіктен, Моңғолияда жариялылық басталғанда, жеке кәсібімді аштым. Сол кәсібімнің нәтижесін көріп отырсам да, атамекенге ынтам ауып, кәсібімді балаларыма қалдырып, көшіп келдім. Енді сол балаларымды ерте келмегеніме өкініп отырмын. Жалпы мен емес, барлық ағайындар көштің тоқырауына қатты алаңдаулы. Біз Моңғолиядан күн көре алмай келгеніміз жоқ. Ұлтымыз, еліміз, ұрпағымыз үшін келдік. Басында көшуге аса құлшынбай, Қазақстанның жағдайына көз қырымызды салғанымыз рас. Қазақ елі бірлік-берекемен, қуатты ел болатынына сеніп келдік. Әлі де сенеміз. Бірақ көштің тоқтағаны түсінбестіктен болды деп ойлаймын. Көшіп келген жылы Көші-қон басқармасы арқылы осы ауылдан үй алып тұрып жатырмыз. Көршілер, ауыл тұрғындарымен араласып, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Үйіміз жаман емес. Аздаған жөндейтін жерлері бар. Өз үйіміз болған соң, өзіміз жөндеп аламыз. Бірақ кей үйлердің сапасы өте нашар болғандықтан, кей ағайындардың қиналып отырғаны да рас. Қазақ — «шүкіршіл» халық. Осы баспанамыздың барлығына қуанамыз. Елбасының келген ағайындарға жасаған қамқорлығы да орасан зор болғанын білеміз, түсінеміз. Қазақ қуатты ел болу үшін, халқының саны мол, береке бірлігі зор болуы керек. Елбасының салихалы саясатын, өткен қаңтар айындағы Жолдауындағы «Мәңгі ел» болу идеясын толық қолдаймыз. Балаларымның бәрі қазір жұмыста. Елімізге ерінбей, аянбай еңбек етуді мақсат тұтамыз. Бірақ көштің тоқырауға ұшырағаны бізді алаңдатып отыр. Көш қайта жандансын деген тілекке өзіме қарасты 11 адам толық қосыламыз. Баршаңызды осы игі іске үн қосуға шақырамын.
Түйін:
Егер сырттан оралған 1 млн. қазақ жылына бір пайыз өссе, қазақтың саны 10 мыңға артады екен. Балшықтан бала жасай алмай отырған елге бұл үлкен үлес емес пе? Ал осындай өсім, үлесті шектеп, көшті тоқтатқанымыз ақылға қонып, адамшылыққа жата ма? Қазақстанның, елді ұйыстырушы ұлттың бірлігі, ынтымағына, өркеніне балта шабу емес пе бұл? Мәңгілік ел болу үшін, қазақ шашырамай, мәңгі бірге болуы керек. Мәңгі бірге болу үшін қазақ көші қайта жандануы шарт. Бұл — шеттегі 5 млн. қазақтың тағдыры. Барша қазақтың талап-тілегі! Қазақтың бірлігі жарасса, Мәңгі елдің тірлігіне ұласады.
Нұрлы көш ауылы — оралмандар ауылы. Көштің тоқырауына алаңдаған осы ауылдың «Қоғамдық, серіктестік одағы» төрағасы, заңгер Тұрғанбай Жырғау бауырымыз 600 адамның қолын жинап, әзірлеп қойыпты. Соны қоса жіберіп отырмыз.
Дахан Шөкшир
ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІНДЕГІ ОҚЫРМАНДАР ПІКІРІ
Көштің жандануын қолдаушылардың тізімі:
(Оралмандар): 1. Хатран Жанболат (Красный яр), Төлеу Баянбек (Зеренді ауданы, Раздольный), Хиябай Жангүл (Шортанды ауданы), Ханай Хуатбек (Ақжар ауданы, Ақжарқын ауылы), Сауыржан Дәлелхан (Көкшетау қаласы), Өмірзақ Серікбол (Красный яр), Муньян Уатхан (Макинка ауданы), Көкен Мұратбек, Мұса Маржан.
Барлығы 600 адам
Дидар Сәрсенбекова:
— Бұл хатты оқыған соң, қазақ десе қайыспас қара нардың жүгін көтеретін аналар азаймасын деп тіледік. Қашан да түйткілі мол мәселенің турасын айтар апамыз бұл тақырыпта та қалыс қала алмапты. Алла тағала деніңізге саулық берсін. Бізде жетпеген жігерді сіздегі жасын ойларға жанып алып отырайық. Көтерген мәселеңіз аса салмақты. Құдай өзі дұрыс шешім болуын қолдасын дегеннен басқа не айта аламыз, Сәуле Мешітбайқызы!
Жарқын:
— Көпті толғандырып, ешкімді бей-жай қалдырмайтын түйткіл екенінде сөз жоқ! Осындайда, шыны керек, құнды пікір айтып, артық кеткендерді тезіне түсірердей арыдан сөз қозғайтын зиялыларды іздейді екенсің. Мақаланы алыс-жақын шетелдегілер жамырай талқылап, басшыларымызды орынды-орынсыз сынға алып жатқанда, ешкімнің селт етпеуі жанға бата бастады. Қалайша қарап отырсыздар? Ертең Елбасы осы мәселе туралы сөз қозғай бастағанда ғана бой көрсете бастайсыздар ма? Мен Елбасына сенемін, ол кісінің назарынан ештеңе тыс қалмайды, қалған да емес!
Бағдал Ақынұлы:
— Қазақта «Алтын шыққан құдықты белден қаз» немесе «Темірді қызғанында соқ» деген аталы сөз бар. Олай болса жұдырықтай жүрегі «елім, жерім, ұлтым» деп соққан әрбір зиялы қазақ бұл мақаланы қолдай отырып, қазақ көшінің қайта жалғасуына атсалысар деген үміттемін. Ата-бабаларымыздың өсиеттеп кеткен аманатына қиянат жасамайық, ағайын. Ауызбіршілікте болайық, көбейейік, көркейейік! Алла бізді ажыратудан, араздастырудан сақтасын.

Орынбасар Бегалин:
— Қазақ көшінің заңмен тоқтатылуы қазақ билігінің «мен қазақпын!» деген адамның жүрегіне қара қанжарды сұққанымен бірдей болды. Eш ақылға сыймайтын бұл істі билiктегi қазақтың қазаққа деген өшпенділігі деп ұқтым. Қатты ашындым. Ызадан көзiмнен жас парлап кеттi. Сәуле апа, сізге ізгілікті үніңіз үшін ақ алғысымды білдіремін.
Күмісбек Сайлауұлы:
— Мен Моңғолияның Баян-Өлке қаласынанмын. Көштің тоқтауы — бас пен сирақтың ажырауы. Көштің тоқтауы — түйенің ботасынан айырылуы. Көштің тоқтауы тар жол тайғақ кешу заманындағы туыс пен туғанның ажырағанымен бірдей. Бұл — дүниежүзіндегі қазақтар үшін өзекті мәселе. Хатқа жоғарыдағы 1000-ға жуық қазақ емес, барлық атажұртын аңсаған қандастар қолдау білдіреді деп ойлаймын.
Базаргүл Сайлауқызы (Моңғолия, Заң университетінің студенті):
— «ҚАЗАҚСТАН-ZAMAN» газе-тінің бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызына! Ардақты ана, сіздің «Заң жүзеге асса, 5 миллион қазақтан тірідей айырыламыз» атты Елбасына арнаған хатыңызды қуанышпен оқыдық. Шеттегі қандастарыңыздың тағдырына алаңдай отырып, аналық мейіріміңізбен жазған жүрекжарды бұл хатыңызды біз, Моңғолияның Заң университетінің студент жастары, қолдап, сізге ризашылығымызды жеткізуді жөн санадық. Сондықтан да жетім қозыдай екі елдің ортасында жәудіреп жатта жүрген бізді басымыздан сипап, бауырға тартар тек өз қандастарымыз — сіздер ғана. Сол үшін де біз тек сіздерге ғана үміт артамыз.
Қуаныш Тыныбек:
— Бір ауыз сөз… Бөлінгенді бөрі ғана емес, бәрі жейді!
Өзімізді-өзімізге жат қылып, ағайын мен бауырды бір-бірінен көз жазып қалуға мәжбүр қылған сұм замандар болатын. Осының бәріне жеткізген “іштен шыққан жау”, қазақтың мансапқұмарлығы, билікке таласуы, “Бас басына би болған, өңшең қиқымдығы” (Абай) еді. Енді өзімізді-өзіміз тани бастаған тұста кейбір ағайындар тағы да сыңаржақтыққа басып “Ол жақтағы қазақтар өлмейді, оған бас қатырмаңдар”, “40-50 жылда оларға ештеңе болмайды” дейді. Бұл не сөз? Ей, ағайын, сен болмасаң да, сенен туған ұл-қыздың Қытайда қалғаны — қытайша, Моңғол жерінде қалғаны моңғолша хат таныса, тіліңнің тамыры қиылғандық емес пе?
МАҚАЛАМА ПІКІР БІЛДІРІП ЖАТҚАНДАРҒА АЛҒЫС
АЙТАМЫН
Сәуле Мешітбаева:
— Құрметті алыс-жақындағы ағайын! Менің “Заң жүзеге асса, 5 млн. қазақтан тірідей айырыламыз” атты мақалама үн қосып жатқандарыңызға алғыстан басқа айтарым жоқ. Қазірдің өзінде www.qazdauiri.kz/old сайтында бірнеше адам пікір қалдырып, 7000-нан аса адам оқыпты. Ал көшіріп басқан shyn.kz cайтында 3625 адам оқып, қаншама ойлы пікірлер қалдырған. Елге танымал аbai.kz сайтында 213 адам оқып, 36 өзекті пікір орнығыпты. «Сайгез» ақпараттық сайтында 600 аса адам оқыған (өзге де аты аталмай қалып жатқан сайттар болса, айып етпесін). Бәріне де аналық алғысым зор. Мақалама жазылған пікірлерді саралап отырып, ел екенімізді, «жыланды үш кессе де кесірткелік қауқары болатынын» түйсіндім. Бұл менің ғана емес, барша қазақ халқын толғандырып отырған проблема екенін әр жүректің сезінгенін аңғартты. Қазақ секілді мәрт халықтың жан-жағына тәкаппарлана қарап, сергектік таныта бастағанын көрсетеді. Қазақ халқы ұйқыдан баяғыда оянған. Елін өрге сүйреген Елбасына да ризашылықтары зор. Тек қандастарына салқындық танытып отырған белгілі бір топтарға ғана өкпесі қара қазандай. Мақалама шетелдегі қандастардың жақсы пікір білдіріп, белсенділік танытып жатуының да мәні тереңде жатыр… Бұл — елдігіміздің, ұлт болып ұйысып келе жатқанымыздың бір белгісі! Мен бұл мақалам арқылы билікті қаралауға, біреулердің жүрегін жаралауға ұмтылмадым. Бұл мақалам ел ертеңі — қазақтың, болашақ ұрпақтың, ұлан байтақ даламыздың төсінде өз еншісін алып, тіліміздің, дініміздің, тұрақтылығымыздың орнығуына себеп болуын аңсаған тілектен туған аналық сөзім еді. Маған дейін де бұл мәселені небір атпал азаматтарымыз көтерді. Оларға да Алла разы болсын! Тек менің осы мақалама жазылған пікірлер арасынан шетелдегі қандастары туралы әңгіме болса, делебелері қозып, бүйректері бұрып тұратын азаматтардың дауыстарын ести алмай отырмын (Ол менің мақаламды мақтасын, болмаса, жақсы пікір жазсын дегенім емес). Осындайда жұдырықтай жұмылмасақ, қашан үніміз шығады? Елге танымал, билікке де сөзі өтетін (билік сөзін аңдып отырған) азаматтар көші-қон мәселесін тағы бір қаузап жіберсе, қандай жарасымды болар еді!..
Баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық тілеймін, еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын!
Сәуле апай сізге Аллаһ разы болсын. Еліміздің, ұлтымыздың, ана тіліміздің дегендей бүгінгі жастарымыздың жарқын болашағы жайлы кеңінен толғай отырып жазған көптеген құнды мақалаларыңыз арқылы, сізді еліміздің төрткүл өңірінің оқырмандары ғана емес, бүгінде шетелдік қандас бауырларыңыз да кеңінен тани бастады. Олар сіздің аналық мейіріміңізге дән риза. Газетіміздің бүгінгі санында Дархан Шөшкир бауырымыз сіздің алтын бұйдалы хатыңызға байланысты Көкшетау өңіріндегі атқарылып жатқан келелі жұмыстар жайлы толғай келіп, өзінің түйін ойын білдірген екен. Шынымен де бауырымыз айтқандай: Егер сырттан оралған 1 млн. қазақ жылына бір пайыз өссе, қазақтың саны 10 мыңға артады екен. Балшықтан бала жасай алмай отырған елге бұл үлкен үлес емес пе? Ал осындай өсім, үлесті шектеп, көшті тоқтатқанымыз ақылға қонып, адамшылыққа жата ма? Қазақстанның, елді ұйыстырушы ұлттың бірлігі, ынтымағына, өркеніне балта шабу емес пе бұл? Мәңгілік ел болу үшін, қазақ шашырамай, мәңгі бірге болуы керек. Мәңгі бірге болу үшін қазақ көші қайта жандануы шарт. Бұл — шеттегі 5 млн. қазақтың тағдыры. Барша қазақтың талап-тілегі! Қазақтың бірлігі жарасса, Мәңгі елдің тірлігіне ұласады. Міне, сондықтан да бұл мәселе бүгінгі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болмақ. Осы орайда оқырмандардан келіп түсіп жатқан пікірлердің де толық нұсқалары жарияланып тұрғаны да жақсы болар еді. Себебі, пікір жазған әрбір оқырман бұл тақырыпқа қатысты өзінің ойын білдіріп қолдауын көрсетіп отыр. Көптің ой пікірінің түйіні де бұл мәселенің шешуші кезеңінде зор ықпал етері сөзсіз дегенім. Сондай-ақ кеше ғана ғаламтор желілерінде Елбасымыздың алдағы уақытта «Қазақ елі» боламыз деген өзінің ой пікірі жарияланды. Бұл да қуанышты құптарлық жағдай. Мұның да үлкен саяси астары бар мәселе екені аян. Қалай десек те «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей, біз әрдайым бірлік-берекемізбен бір-бірлерімізді қолдап қорғап жүруіміз керек. Бірлік бар жерде тірліктің болатынындай, жіберіп алған әр бір қателіктеріміздің де орнына келері сөзсіз. Бәріне уақыт төреші, бізге тек сабырлық керек. «Орыны бар оңалады» деп бекер айтылмаса керек. Келелі істен кейін қалмайық ағайын! Шеттегі қандастарыңыз тек сіздерге үміт артады, олардың үмітін ақтауға ат салысыңыздар. Қолдаңыздар, келелі ой пікірлеріңізді ортаға салыңыздар, ағайын!….