Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады

Еліміздің қаншалықты бай әрі өркендеп дамып келе жатқанына қарамастан, жетім-жесірлер мен кедей-кепшіктеріміздің саны арта түспе-се, кеміп отырған жоқ. 90-жылдардың басында мемлекет қамқорлығында тек 80 мыңдай жетім балалар болса, соңғы мәлімет бойынша олардың саны 120 мыңға жетіп отыр. Қазақта «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген сөз бар.

Ананың аялы алақанының өзі әр сәби үшін «майшелпек» емес пе. Бірақ сол ананың аялы алақаны түгілі, анасының сұлбасын бір көру де бұйырмаған бейкүнә сәбилеріміз қаншама?! Тіпті, ол аз болғандай, шыр етіп дүниеге келген топырағының өзі бұйырмай, «тірі тауарға» айналып, шетелдіктерге сатылып кетіп жатқан мың-мыңдаған жетімдеріміздің тағдыры ше? Қоғамды ақша билеген заман десек те, бейкүнә сәбилерімізді саудаға саларлықтай қазақ елінің басына не күн туды?! Неткен жан түршігерлік қатыгездік!? Қандай сорақылық!? Иә, мен неге жан түршігерлік деп түңіліп отырмын? Олай болса төмендегі деректерге көз тоқтатып көріңіз.

жанар-байсемизова

Шетелдіктерге сатылған жетім балалар
кімдердің «жемі»?

Әуелі сол шетелдіктер біздің балаларды не үшін сатып алады, оларға сә-билердің («тірі тауардың») қаншалықты пайдасы бар, соны барынша жіліктеп көрелік:
— біріншіден, батыс елдерінде баланы асырап алушының ата-анасы қаңғыбас, мейлі ішімдікке салынған маскүнем болса да, кез келген уақытта тастанды баланы асырап алуға құқығы бар.
— екіншіден, баланы асырап алушыға салық мемлекет тарапынан барынша жеңілдетілген.
— үшіншіден, («трансплантация» — латын тілінен аударғанда бір адамның ағзаларын басқа бір адамға келісімі арқылы ауыстыру) трансплантация саласымен айналысатындардың дені қандықол қылмыскерлер екендігі белгілі. Оған жарқын мысал ретінде Бразилияда-ғы ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетін айтуға болады. Олар тұрмыс тап-шылығынан қиындық көрген кедей-кепшіктердің бір бүйрегін 10 мың долларға сатып алып, оны Оңтүстік Африка елдеріндегі сырқат байларға 120 мың долларға сатып отырған. Қазақстан шетелге жетім бала сатудан Азияда алдына қара салмай келеді. Осы салада қырықтан астам жасырын ұйымның жұмысы қарқын алып тұр. Жыл сайын мың сан баланы көздерін жәутеңдетіп шекара асырады. Жасына сәйкес әр сәбиге тұрақты баға да қойылған. Мысалы, 6 айлық шақалақ 12 500 доллар болса, 6 жастан асқандары арзандап, 5000 долларға ғана сатылады екен. Осындай «арзан жетімдер» біздің елде ғана бар. Бала сату әлемнің көптеген елдерінде болғанымен, олар біз сияқты жетімін кім көрінгенге жетектетіп жібермейді. Мәселен, Германия мен Англияда баланы жалғыз басты адамдарға бермейтін қатаң заң бар. Латвия мен Литваның балаларын тек сол мемлекеттен қоныс аударған шетелдіктер ғана асырап ала алады. Израиль мен Армения да баланы тек өз ұлтының өкілдеріне ғана береді. Ал бүгінде біздің Қазақстанды әлем мемлекеттерінің көбі танып білді. Оларды біздің ұлан-ғайыр кең даламыз ғана емес, сол жеріміздің астындағы тұнып тұрған шексіз байлығымыз қызықтырады. Сол үшін де шетелдіктер бізге зор құрмет көрсетіп, сыйлаған сыңай танытуда. Әрине, олар біздің қара басымыз үшін емес, қазынамыз үшін солай етеді. Біз бүгінде мұнайды көп сататын ел ретінде ғана емес, адамды да көп сататын ел ретінде әлемге танымалмыз. Мұнай сатудан әлем бойынша төртінші орында болсақ, бала сатудан 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзін шаң қаптырып, әлем бойынша үшінші орынға табан тіреп үлгеріппіз. Елімізде бүгінде шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40 -тан астам агенттік бар. Сол агенттіктердің бір баланы шетелдіктердің иелігіне заңдастырып беруден табатын табысы 35-40 мың долларды құрайды екен. Ал бұл ақша кімнің қалтасына құйылып, кімдерді қарық қылып жатқаны әзірге беймәлім. Бір анығы біздің мемлекеттік органдар тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысатын көрінеді. 1993 жылдың 10 мамырында Гаагада қабылданған «Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асырап алуын қолдау туралы» Конвенцияға қол қойылғаннан кейін, біздің Конституцияда мынадай тармақтар дүниеге келді. «Неке және отбасы» заңының 76-бабының 2-тармағында «Балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін бол-маған жағдайларда ғана шетелдіктерге, азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, асырап алуға берілуі мүмкін» делінген. Алайда бұл мүмкін ғана емес, бүгінде нағыз шындыққа айналды. Кейін мұны халық қалаулылары 2002 жылғы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында талқыға салды. Олардың «сәбилерді шетелдіктерге бергенше, ең жақын туыстарына беру керек» деген ұсынысын Қазақстан үкіметі қолдамай тастады. Сөйтіп, 1999 жылдан бастап шетелден бала асырап алушылар елімізге лек-легімен келе бастады. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы адам екендігі бесенеден белгілі. Өкінішке орай, елімізде сол адам тағдыры, дәлірек айтқанда, ертеңгі қоғамның негізгі күшіне айналатын жас жеткіншектеріміздің саудаға салынып жатқаны еріксіз жүрегіңді сыздатып, көзіңе жас үйіреді. Жылына бестен, оннан болса бір сәрі ғой, мың-мыңдап шекара асып жатқан сол бейкүнә сәбилеріміздің қан жылаған жүрек үнін кім тыңдап, көлдеткен көз жастарын кім сүртеді?

88

Жатқа кеткен
жетімдер саны мен тұрып жатқан елдері

1999 жылдан бері шетелдік азаматтар асырап алды делінген желеумен 8169 қазақстандық бала шетел асқан екен. Бұл — еліміздегі асырап алынған балалардың жалпы санының 21,7 пайызы. Он жыл ішінде жәудіреген жетімдеріміз әлемнің 30 еліне таратылып үлгерген. Біздің жетімдерімізді асырап алудан бірінші орында АҚШ (6406 бала), екінші орында Испания (600 бала), үшінші орында Бельгия (343 бала) тұр. Одан әріде немістер (173 бала), канадалықтар (167 бала), ирландықтар (140 бала), француздар (131 бала) жетімдерімізді асырап алған. Енді мынадай бір қызық дерекке назар аударалық. Шетел асқан 8169 тұл жетімдердің 3752-сі – қазақтар (45,9 пайыз), 4057-сі — орыстар (49,7 пайыз) және 360-ы басқа ұлттар (4,4 пайыз) екен. Онда да басқа ұлттардың арасында өзбек, тәжік, түрiкмен, қырғыз ұлтының бірде-бір баласы жоқ. Неміс, украин, беларус, татар, поляк, молдован, грек, кәріс, грузин, шешен, армян және ұйғыр ұлтының өкілдері ғана бар. Ал осылайша шетел асқан балаларымыздың көбісі 1-3 жас аралығында екендігі тіптен өкінішті! Тағы бір айта кететіні осынау балалардың 537-сін жалғызбасты әйелдер мен еркектер асырап алған көрінеді. Хош, бұл сатылғандар мен сатып алушыларымыздың «қара тізімі» делік.
Қазақ қызын ұзатқанда: «Алла жолыңды ашсын, барған жерің баянды болсын, қызым!» — деп, ата-аналары ақ батасын жаудырып, Құдай қосқан қосағы мен ата-енесіне аманаттап тапсырып береді. Ал біз әлі оңы мен солын танып білмеген осынау бейкүнә сәбилеріміздің бұлыңғыр болашағын біле тұра, «тозақтың отына» көзін жәудіретіп отырып тірідей итере сап, «сауда сақал сипағанша» дегендей сыңай танытып, түк болмағандай қарап отыратындығымыз адамгершілікке жата ма?! Жоқ! Жоқ! Осылай еткендердің барлығын қарғыс атсын! Өзінің де адам екеніне, анадан туылып, ұрпақ өрбітіп отырғанына қарамастан, осындай қатыгездікке жүрегі дауалаған «хайуандардың» Алла жазасын берсін! Артық кетсем Алла кешер, дегенмен хайуаннан бұлардың несі кем? Бұларды адам дейміз бе, әлде хайуан дейміз бе?

00062436

Қыршынынан қиылғандар мен қорланғандар

Шетелдіктерге сатылған жетімдері-міздің сәби жүрегі мен көлдеткен көз жастары не дейді? Деректерден үзінді келтіріп көрейік…
1. Қазақстаннан 2004 жылы бала асырап алған АҚШ-тағы бір отбасының азғын әрекеті өткен жылдың аяғында ғана әлем жұртын дүр сілкіндірді. Америкалық өгей ата-ана Джозеф пен Линда Мэйоттар Солтүстік Қазақстан облысынан (Петропавл қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленуші 8, 11 жасар ағалы-қарындастарды) асырап алуға әкетіп, оларды ұзақ уақыт бойы сексуалдық қорлықта ұстаған. Осыншама жылдар ішінде педофиль Мэйоттар отбасының айуандық азғындауына ұшыраған екі жасөспірімнің тағдыры ешкімді қызық-тырмапты. Не Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің консулдық қызметін де, не Білім және ғылым министрлігін де. Ешкімнен қайран болмаған соң, Петропавл қаласындағы балалар үйiнiң бұрынғы тәрбиеленушiлерi 2009 жылы АҚШ полициясына өздерiн асырап алған ата-аналары зорлағанын айтып, шағымданғанымен, ол кезде ерлi-зайыптылардың кiнәлары дәлелденбеген. Арада 4 жыл өткеннен кейін ғана Мэйоттардың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Бүкіл әлем көз тіккен сот процесі аяқталып, 50 жастағы Джозеф Мэйоттың асыранды қызын 8 жасынан бастап зорлағаны 11 эпизод бойынша дәлелденіп, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Ал оның әйелі Линда 13 жастағы жасөспірімді зорлады деген айыппен 22 жылға темір торға тоғытылды. Он бір жасар асыранды баласын зорлап жыныстық қатынасқа тартқан Линда кейіннен өгей ұлынан бала көтергені де соттың зерттеу қорытындылары бойынша анықталған көрінеді. Бұл жантүршігерлік оқиға шетелдіктерге бала беру мәселесінің күңгірттігін дәлелдеп бергендей болды. Бірақ, солай болды екен деп, оған алаңдаушылық танытып, басы ауырып отырған үкімет жоқ!
2. Осыдан біраз бұрын АҚШ-тың Техас штатындағы «Стар Телеграмм» газетінде америкалық отбасы асырап алған қазақстандық жеткіншек туралы жарық көрген мақала жаға ұстатқан еді. Мақала авторы ата-ананың ыстық алақаны мен мейірімін америкалық отбасынан іздеген Мақсат атты қаракөзіміздің өзіне қол жұмсағанын өкінішпен жазған болатын. Шетелдік газет осы астарлы өлім жөнінде «бала ішқұсадан қайтыс болған» делінген қорытынды тұжырым жасаған.
3. Сондай-ақ, ілгеріректе Америкада жол көлік апатынан қаза тапқан 5 жасар Әлия мен 4 жасар Джейсонға (Жәнібекке) американдық ата-ана емес, қазақы тәрбие ғана керек болған шығар. Бірақ Әлия мен Жәнібек Қазақстанда туылған соң, Алла тағала оларға әу баста мұсылман болуды жазды ғой. Бірақ біз олардың да тағдырларын тәлкекке салып, дінінен айырдық. Қаншалықты Алланың қалауы болар десек те, бұл екі сәбидің өліміне де еш себебіміз жоқ деп айта алмаспыз.
4. Американдықтар Қазақстаннан асырап алған балаларын интернет-биржада сатып жатыр.
АҚШ-та отбасыдан отбасыға ғаламтор арқылы берілетін «шетелдік асыранды балалар биржасы» (Қазақстаннан бар) жұмыс істейді деп хабарлады «Российская газета» порталы. «Reuters агенттігінің тілшілері 18 ай бойы Yahoo Groups пен Facebook әлеуметтік желілерінің американдық секторында және өздеріне ұнамай қалған асыранды балаларынан құтылуға ниетті асыраушы ата-аналардың бірнеше онлайн-топшаларында жеке журналистік зерттеулерін жүргізген», — делінген rg.ru сайтында жарияланған мақалада. Аталғандай, жалпының кіруге рұқсаты жоқ жабық форумдарда келесідей мазмұндағы хабарландырулар ілінген екен: «Біз Ресейден (нұсқалар – Қытай, Қазақстан, Камбоджадан…) қыз асырап алдық, алайда, өкінішке қарай, оның бойынан неврологиялық мәселелерді (құштарлық жоқтығы, агрессиялық мінез-құлыққа бейімшілдік синдромын) анықтадық, өтініш, оны орналастыруға көмектесеңіздерші…» Мақалаға сәйкес, Yahoo-дағы бір ғана топшаның осындай мазмұндағы 5029 хабарын тексеріп және талдап шыққан журналистер мынадай қорытындыға келген: — Әңгіме тек асыранды балалардың басқа отбасыға берілуінде ғана емес (заңсыз болса да), керісінше асырап алушылардың «ығырын шығарған» немесе «артық» балаларын тікелей сатуға кірісуінде болып отыр делінген. «Зерттеу қорытындысы осындай сауда-саттықтың жиі құрбандарына айналған балалардың Ресей, Украина, Қазақстан, Африка елдері мен Қытайдан екенін анықтаған.
Міне, балауса балғын сәби денесі-нің жаттың қойнында жәбірленгенін, зорланғанда араша түсер ешкімнің болмағанына қорланғанын айтып, сот алдында етегі жасқа толып еңіреп тұрған қаршадай қыздың келбетін, адамдық арыңызбен ақылға салып, көз алдыңызда елестетіп көріңіз! Осылардың тағдырын ойлап торыққанда, бұларға қарағанда еліміздегі жетімдеріміз тым болмағанда өз елінде ғой деп, аласапыран көңіліңді жұбатқан болады екенсің. Хош! Сонымен кеткені кетті, кеткендердің тағдырын Аллаға аманаттап тапсырдық делік. Ал «тірі тауардың» қара тізіміне ілігіп кетпей, елде қалған жетімдеріміздің жағдайын тәптіштемей-ақ, олардың да санына бір тоқталып өтелік.

9f68ed786fb2251fadfae242c5498655Соңғы статистикалық көрсеткіштер не дейді?

Ресми ақпараттарға сүйенер болсақ, республикамызда бүгінде жетім ба-лаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп-интернат бар көрінеді. Ресми тіркеуде 75000 жетім бала бар екен. Олар 660 интернат ұйымдарында тәрбиеленуде. Олардың ішінде: жалпы және санаторий түріндегі мектеп-интернаттарда — 37 541 бала, мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, мінез-құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернаттарда — 884 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 281 бала тәрбиеленуде. Мектеп жанындағы интернаттарда — 15 096 бала, балалар үйлері мен жетім балаларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттарда — 12 574 бала, кемтар балаларға арналған түзеу мекемелерінде 12 599 бала ерекше тәрбиелену жағдайларында көрінеді. Ал жоғарыдағы шетелдіктерге асыраттық деген желеумен сатып жіберген 9 мыңдай сәбиімізді былай қойғанда, еліміздің әр облыс орталықтары мен қала-қалашықтарындағы, жертөлелерді паналап күн көріп жүрген үй-күйсіз қаңғыбастар қатарындағы балаларымыз қаншама?! Толықтай отбасы болса да, бастарында баспаналары жоқтықтан, күні ертең-ақ сол баяғы жетімдердің кебін киюге әзір тұрғандары қаншама?! Неге? Бұл сұрақтың нақты жауабын бүгінгі билік басындағы шенеуніктер мен халқы үкілеп үміт артып сайлаған депутаттарымыз беретін шығар деп үміттенейік.

Дінімізде апат

Енді осыған байланысты көкейдегі ой-пікірлерімді ортаға салайын. Осылайша жеткіншек ұрпақтарымызды әр жыл сайын мыңдап шетелдіктерге таратып берерліктей қазақ елінің басына не күн туды? «Бұдан да жаман күнімде тойға барғанмын» демекші, не десек те, мейлі хан, мейлі қара болсақ та, барлығымыз да анадан туылып, ақ сүтін еміп, мейір-махаббатын көріп өстік қой. Адам тағдыры қолдан жасап алатын ойыншық емес. Сол мыңдаған жетімдеріміздің жетім қалуына олар кінәлі емес. Шыр етіп дүниеге келгелі тастанды, жетім, жетімек атанып, қолдан-қолға өтіп, ақыры жетім балалар үйіне келгелі ғана өздеріне туа да бұйырмаған аналық мейірімге толы аялы алақанның жылуын сезініп, өздерінің тәрбиелеушілерін анасындай сезініп, оған әбден бауыр басыр шүлдірлеп, «мамалай» бастағанда көз-дерін жәудіретіп отырып, тілі де, діні де бөлек жат шетелден бірақ шығардық. Қандай қатыгездік, қандай мейірімсіздік десеңізші?! Аурушаң, әлжуаз балаларды ғана шетелдіктердің асырап алуына бергенбіз деп бүркемелеп, ақталудың да, жалтарудың да еш жөні жоқ. Бүгінгі халық ақымақ емес, сонау мұхиттың арғы жағынан бізден келіп ауру-сырқау балаларды ғана таңдап алатын олар да есалаңдар емес қой. Солардың бойында қазақтың қаны, ата-бабаларымыздың ар-ожданы, биік рухы бірге кетті. Біз олармен бірге дінімізді де, ана тілімізді де саттық. Бүгінде (сыбайласып) жалға берген жерлеріміздегі шетелдік алпауыттарды ең болмағанда экологиямызды ластағаны үшін тәртіпке келтіре алмай отырып, әр елге тоз-тоз болып кеткен сәбилеріміздің құқын қорғаймыз дегенімізге жол болсын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Қалайда адамдық деген ұлы қасиетті ұмытып, аяққа басып, ең сорақы қатыгездікке барып отырғанымызды мойындап, бұл әрекетке заңды түрде біржолата тыйым салғанымыз дұрыс. Қараусыз, асыраусыз қалса да, сол жетімдер өз елінде, өз жерінде болсын дегеніме тілектес адамдар үн қосады деп сенемін.

Бағдал Ақынұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 



32 пікір

  1. Сабыркул ойык:

    Көптен бері мені де қатты толғандырып жүрген үлкеен сұрақтардың бастысы ед, мақаланы жазған азаматқа рахмет ! Шынымен де заңмен , тез арада сәбилердің тағдырына араша түсуге ықпал етіңіздерші депутат — халық қалаулылары! Сіздер көтерген ең сауапты істің бастысы — балаларымыздың тағдыры болса екен!!!!

  2. Айкүміс:

    Мынаны жыламай оқымау мүмкін емес керемет ақын ғой Сабыр ақын мына газеттің сайтын оқып ауру болдыммм… Жазылғандардың бәрі рас, Жылаған қазақ…Жетімдер жайлы, Ақсақалдар жайлы бір бірімен сабақтасып тұр жінеде бұл Ащщы шындық…! Оқысаңыздар пікір жазыңыздар Алланың құлағына шалынсын,билікке жетсін… Мақалалардың авторларына басымды иемін…!!!

  3. Гульбану:

    Құрметті редакция!! Сіздерден жалынып Қазақстандағы бүкіл аналардың атынан сұраймын- қажет десеңіздер өзім тұратын облыстың көлемінде қол жинап беруге де даярмын, жетімдерімізді шет елдерге сатудың орнына, мемлекетімізде оларды қамтамасыз етуге қаржы жетпесе айына 1 күндік жалақымызды арнайы бір қор ұйымдастырып аударып отырайық. Ауру балаларды емдейік, сау балалардың болашағының жарқын болуы үшін жағдай жасайық. Мен шетелдегі жетім балаларды көріп өзімді қоярға жер таба алмай жүрмін, сол себепті жан- жағымдағы елдің бәрінен 1 күндік жалаұыңды қайырымдылық үшін жетімдерге қияр ма едің деп сұрай берем, әзірге бере алмаймын деген пендені кездестімедім. Сіздерден сұрайтыным осындай ұсынысты қажетті жерлерден сұрап, іске асырылуына ат салыссаңыздар екен, қалайда жетімдерімізді шет елге беруден құтқару керекпіз.

  4. білгір:

    ШЕТЕЛГЕ БАЛА НЕГЕ САТЫЛАДЫ?
    себебі біз осы балаларды ӨЗІМІЗ асырап алмаймыз! осы жерде «ойбайлап» отырғанша бәріміз бір-бір баладан асырап алсақ, мұндай масқара болмас еді. 18 ғасырда жоңғар шапқыншылығынан кейін қазақ халқының басында ең ауыр жылдар болған, бірақ қазақ жерінде БІРДЕ-БІР жетімдер үйі болмаған! қазақтар балаларын шетелге сатпаған! әрбір қазақ отбасы жетімдерді бауырына басқан!

  5. Бағдал Ақынұлы.:

    Бұл мақаламды оқыған барша қауымға және де мақалаға байланысты өз ой пікірлерін, ұсыныс, ризашылықтарын білдіріп жатқан сіздерге алғысым шексіз. Жылаған жетімдерге халқымыздың бей жай қарамайтындығына көзім жеткендей болып отырмын. Құнды пікірлерін жазып ойларын ортаға салған Сабыркүл Ойық, Айкүміс, Гүльбану, Білгір бауыр, қарындастарым сіздерге рахмет. Осы мақаланың соңында тағдырдың тәлкегіне түскен қыздың еліне жазған хаты бар еді. Ол алынып тасталыпты, мүмкін бетке сиыспаған болар….Сол хатты осында қосып жазайын, оқыңыздар, ойланыңыздар, пікірлесіңіздер………..ЖЕТІМНІҢ ЕЛІНЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ…
    (Америкадағы асырп алған өгей әкесіне 8 жасынан зорлатқан
    17 жасар жетім қыздың еліне айтқан сәлемі).

    Өсірген баптап шынардай,
    Мезгілсіз сөнбес гүл едім,
    Қисыны кеткен тағдырым,
    Күткендей нені?! тұр едің!

    Анашым болған бақташым,
    Бетімнен қақпай жүр едің.
    Сезгендей әлде жамандық,
    Сыздайтын кейде жүрегім!

    Санында бар санатта жоқ,
    Адамның мен де бірі едім!
    Біреуге керек, біреулерге,
    Керексіз мүмкін тұл едім.

    Жылаумен өтті кей күнім,
    Көре алмай ана мейірімін,
    Сатуға мені қалай қиды?!,
    Адамдық деген мейірімің.

    Қан жылаған жүрегімнен,
    Артық па алған пұлдарың,
    Көк қағаздан артық па еді?!
    Сатылған қыз бен ұлдарың.

    Қиянат, зорлық-зомбылық,
    Бәрін де, бастан кешірдім!,
    «Қазақ»,- деген ұлтым сені,
    Жүректен сызып, өшірдім!!

    Тұлдыр жетім қор болып,
    Сатылған күңнің! бірімін,
    Жәбірге көрген шыдамай,
    Өлгім келді! бірақ тірімін!

    Ақылым бар ғой, менің де,
    Демеймін де, мен тектімін,
    Тартқан қасірет ұмытылмас,
    Жүрегімде кетті! кекті мұң!

    Таттырып дәмін жырақтың,
    Басынан құздың құлаттың,
    Шалына жаттың зорлатып,
    Ел жұртым мені жылаттың.

    Өшірдің отын әдейі үрлеп,
    Жаңадан жанған шырақтың.
    Арымды төккен шалменен,
    Алдында заңның сұраттың.

    Қорлық бар ма мұнан асқан,
    Айтшы, елім сенен сұраттым,
    Саудалап шетке бей күнәнің,
    Қаншасын тағы да жылаттың.

    Қайда екен? тапқан Анашым,
    Кеттім ғой көрмей, қарасын!
    Ұмытқам жоқ, ойнақ салған,
    Қазағымның жұпар даласын!

    Кешпестей күнә жасадыңдар,
    Елім болып! Әке! Ағаларым!
    Аяққа басып тұрсыңдар ғой!
    Аманатын, өткен бабаларым!

    Өгей көріп, өзегінен теппеші!
    Өз елінде болсын, балаларың!
    Бар шығар біздей қыздарың!
    Басқарған елін, көке ағаларым!
    Сәлеммен: (жәбірленуші, жетім қыздарыңыз).
    Бағдал Ақынұлы.
    Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

  6. Айзат Рақышева:

    Бағдал аға, көкірегім қарс айрылып, жасыма тұншығып, әзер оқыдым! «Қазақ деген бір ел бар теріс туған» деген сөзді бұрын мойындамап едім! Мына жазғаныңыздан кейін еңсем түсіп отырып, теріс, керіс ел екенімізді еріксіз мойындадым! Бұл кесапаттан құтылу керек!Тез арада құтылу керек! Әйтпесе мәңгілік ел емес, тозақ елге айналамыз! Ұрпағын жаттың қорлығына беріп, өзі ақшаға, арам ақшаға малданған қазақтан асқан арсыз бар ма? Доғарайық арсыздықты! Желкесін қияйық жетесіздіктің! Сүйекке, қазақ атына таңба түсіп болды әбден! Халық болып бірігіп, шетелге жетім сату мәселесін шешу керек! Бірігейік, намысты қазақ!

  7. Айзат Рақышева:

    «Сол жетімдерді өздерің неге асырап алмайсыңдар?» деп жоғарыда бір бауырым білгішсініп отыр! Елімізде баланы тек ауқатты отбасына ғана береді. Мысалы, мен жетім балалар үйінен бала асырап алар едім, бермейді. Себебі, менің жаоақым аз, меншігімде үйім жоқ, т.б. Сондықтан бала асырап алу шарттарын тек Қазақстан аумағында ғана заңдастырып, заң шарттарын қазіргі өз елінде «квартирант» болып жүрген көп қазаққа ыңғайлап қайта жасау керек! Әйтпесе, сол шырқыраған жетімдердің көз жасы елде жүрген мына бізді жібермейді!!!

  8. Бағдал Ақынұлы.:

    Зиялыларымыз бен елағасы ақсақалдарымыз айта қоймаған ой пікіріңді, тебірене, күйіне отырып айтқан қызым саған мың алғыс. Сендей саналы, өресі биік, намысты қызымыздың айтқан сөзіне бір серпіліп қалғанымды айтайын, әрі сендей жастарымыз молынан болса, біз де еліміздің болашағына онша алаңдамасымыз анық, рахмет Айзат қызым, ниетіңе, пиғылыңа Аллаһ разы болсын, жаным..

  9. Quanysh Tynybek:

    Ботадай боздап, құлындай шыңғырып кіндік қаны тамған Қазақ топырағынан қияғап кетіп бара жатқан қарылғаштардың зарлы үні адамдық арына дақ келтіргендерге қарғыс боп тимесе екен..
    Заманның ерлері елдіктің туы қолында тұрғанда бауыр еті «баласын», өз баласы болмаса да қара көзді қандасын азғындаған Еуропа мен арғы мұхиттағы елдерге асырып абырой іздегенше, араша түсуі керек.
    Бұл тағдырлардың жауабы — ұйықтап отырып заңға қол қоятындардан, бюджетті санап, беттері бүлк етпей сөйлейтіндерден, үкіметтің есебінен Әмірліктерде массаж жасатып,Қара теңіз жағалауларында айлап демалатындардан сұралады.
    Бұл, елдік тізгінін қолына алып, қазақ халқын ертеңгі күнге бастаған серкелерге сын… «Ел болам десең — бесігіңді түзе!» дейді ғой. Жылаған сәбиді шетке асырып, құр бесікті тербетіп отырған күйден арылсақ екен…

  10. Айзат Рақышева:

    Бағдал аға, Сіздің асқақ азаматтық, адамдық үніңізге үн қоспасам, қазақтығым, адамдығым қайсы!!! Сондықтан пікірді құр білгішсініп отырып жазбадым, жүрек шері Сіздің мақалаңыз көтерген еріксіз жаздырды. «Судың да» сұрауы бар. Ал, шетке кетіп, қорлыққа таңылғңан сәбилердің сұрауы кімде? Осындай Адамдық мәселені көтерген Сіздей ақылман ағама мың рахмет!

  11. Айзат Рақышева:

    Қуаныш Тыныбек бауырым, пікіріңіз аса ұнады. Жанды жерден түйреп айтыпсыз. Иә, туған топырағында күн кешу бұйырмаған қаракөздеріміздің сұрауы-билікте. Бірақ бұл мәселенің тек бір жағы ғана. Жетім бала қайдан шығады? Азаматтық неке мен түрлі қоғамдық дерттерден туындайды. Сондықтан әр қыз бен әрбір жігіт «мен-ұлтымның болашағымын, сондықтан кесірлі істерден аулақ болуым керек!» деген биік идеямен тәрбиелену шарт. Сонда жетімдер саны азаяды. Мұхит асыратын жетім таппай, делдардар аһ ұрады! Шіркін, дүние!

  12. Тоқтаған Манарбек:

    Мақала шынында дакеремет екен. Жетімнің көкірегінде болатын арман мен мұңды төрт құбыласы түгел адам ұға алар ма? Бала кезімде өз басымнан өткізген тағдыр болғасын да бұған немқұрайды қарай алмай бір оқушымыздың жазған өлеңін мақалаға тұздық ретінде қосқанды жөн көрдім. Оқи отырыңыздар.
    Тастанды бала
    Түрін көрмей әке менен ананың,
    Жүректе мұң, жасқа шылап жанарын.
    Туғанынан тірі жетім атанар,
    Жазығы не сонша есіл баланың.

    Жасырынып көкек болған ананың,
    Өміріне таңданудан қаласың.
    Телевизор зар қағады тым жиі,
    «Жәшігінен қоқыстардың…», нанасың.

    Құрмет тұтып қазақ қарт пен данасын,
    Бола білген ұрпағына пана шын,
    Бауыр еті баласынан бас тартар,
    Қайран қазақ, қандай әке, ана шын?

    Өмірінің азабына төзіп кіл,
    Ата-анасы келмесі де сезік бір.
    Шаранадан тастанды аздай, сәбилер,
    Дүниенің төрт бұрышын кезіп жүр.

    Мені бұл жайт қалың ойға батырды,
    Көңілімде бір үлкен мұң жатыр-ды.
    Жетім болған талай біздің сәбилер,
    Шекара асып, шетелге де сатылды!

    Жетімдердің көрмейік деп азабын,
    Жүрегімнің жанайқайын жазамын.
    Жетімегін жылатпаған ел едік,
    Ұрпағыңды жылатпашы қазағым.

  13. Назира:

    Мен жас анамын, екі балам бар. «Бала бауыр етің» деп бұрынғылар бекер айтпаған. Өз ұрпағынан жерінген ананы кім дейміз? Бұл орасан сорақылық, әрі кешірілмес күнә! Ал, жетім балаларды сату деген не сұмдық! Қазақ деген қабырғалы ел едік қой, бұған тиым салатын заң органдары не қарап отырады? Халық неге үнсіз, елағалары, ақсақалдарымыз қайда? Осыншама адамдар оқыса да, оқырмандар неге қолдау танытып ой пікірлерін жазбайды екен деп таңданып отырмын. Әлде, жетімдеріміз түгілі өзіміз әупірімдеп күн көріп отырмыз дегілері келеме екен! Бұл деген сұмдық қой!!!

  14. Arman:

    Ой Аллахым сабыр бер бизге..!! Колымыздан не комек келсе де аянбаймыз ага бастауы болган бул исти аяктасаныз отиниш!!
    Жылап жылап азер окыдым..!! Ау жогардагы кокелерау корсендер гой осыны окысаныздагой сезинсениздергойюю!!!!

  15. Көкше .А.:

    «Бала адамның бауыр еті» немесе «Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым» дегендейін ұрпағына сондай бір мейіріммен қараған елдің ұрпағы едік. Алайда бүгінгі жағдайымыз қалай? мақаладағы тағдырлар өкінішті әрі аянышты. Бала болашағымыз деп жатамыз. Осы жағынан алғанда автор өте бір өзекті мәселені қозғаған. Мұндай елдік, бүкіл ұлттың мәселелер міндетті түрде жоғарыдан қаралуы керек деп ойлаймын.

  16. Алтынай:

    Жетімін жылатқан Елге Жаратушының да мейірімі түсе қоймас.Қорғансыз сәбилерге пана бола алмасақ азаматтығымызға сын.Өз басым ,жетім қалған балаларға көмектесу ниетімен ,ақша жинамақшы боп әрекеттеніп ,көз алдымызда жүрген танитын балалар ,арттарынан 4-5 ай жүгіріп әрең алғанмын,адамдарды ашкөздік жеңіп,қайырымдылық сезімдері қасайып қалған.Көзі ашық азаматтар, жетім балаларға қалай көмек ету жолын көрсетсе, көмектесуге әзірмін.Бағдал ағамыздың ұсынысын қолдаймын!Бала асырап алу да ойымда бар,уақыты келгенде ол да болар.

  17. Арай:

    Мақаланы оқып ана ретінде жүрегім сыздады. Бәрімізде бала шаға асырап отырмыз ғой. Бүгін болмасын ертең оларды не күтіп тұрғанын білмейміз де! Жетімдерімізді былайша жылатпайық, қорлатпайық ағайын! Шетелдіктерге жетімдерімізді асырауға, беруге тиым салу керек. Жетім болса да,жағдайлары келіспесе де олар өздерінің туып өскен отанында, өздері үйренген орталарында өмір сүрсін.

  18. Бағдал Ақынұлы.:

    Мақаланы зер сала оқып, жетімдеріміздің тағдырына өздерінің алаңдаушылықтарын білдіріп, өз ой пікірлерін ортаға салған оқырмандарымыз Қуаныш Тыныбек, Айзат Рақышева, Тоқтаған Манарбек, Назира, Айман, Көкше, Алтынай, Арай сынды азаматтарымыз бен қыздарымызға көптен көп рахмет! Ниеттеріңізге Алла разы болып, сіздерге Алланың рахымы, Пайғамбарымыздың шапағаты тисін!

  19. Нұрсұлұ:

    Бұлай болуы қазақ еліне, оның халқына сын! Жетімдерімізді жатқа былай қорлатуға бола ма? Ақылға сыймайды ғой. Өкімет бұған жол бермеу керек! Бала саудасымен айналысатындарды қатаң жазаға тарту керек!

  20. Ardak:

    Я,жетімнің акысын жеу,тіпті оларды жат елге жәудіретіп, сауда-саттыққа айналдырып, ар-намыстарын аяққа таптату қазақ деген атымызға сын емеспе ағайын????Мұндай өзекті мәселенің жауапсыз қалмай’ ел ағаларыда оқып қолдау көрсетсе деген тілектемін.!!!! Жетімдеріміз жыламасын!

  21. Назарбек:

    Жетімнің маңдайынан сыйпасаң да сауап деген. Ойланайық ағайын, мына түрімізбен ел болып жарымаспыз. Жетім сәбилерге мұндай қиянат жасап отырғандығымыз, көргендерге былай тұрсын, естіген жаннан ұятты-ақ! Бұған заңды түрде шектеу қою керек! Қазақстанның жетімдерін асырауға қаражаты жетпейді ме, онда халықтан жылу жинасын. Жаппай халық бұл үшін жоғарғы орындарға талап қойып, қадағалағаны дұрыс болар еді…

  22. Назарбек:

    Нұрсұлу, Ардақ қыздарым рахмет! Жетімдерімізге деген жанышырлық әркімдерде болса, сонда ғана жетімдеріміз жетімсіремесі анық. Олар әрдайым бізден жылылық күтеді. Бәріміз де жетімдеріміз жыламасын деген ниеттеміз. Бірақ, өкінішке орай оған құлақ асатын қолында билігі бар азаматтар әзірге жоқ сияқты ғой.

  23. Бағдал Ақынұлы.:

    НЕСІНЕ МЕНІ ЖАРАТТЫҢ!

    Балауса балғын шағымда,
    Қасірет-қайғы шектірген!
    Не дейін саған тағдырым,
    Көзімнің жасын төктірген!

    Жаратқан менің жар ием,
    Несіне мені жараттың!
    Несібесіз мынау жалғанға,
    Телміртіп несін қараттың!

    Аяры жоқ өмірдің,
    Тағдыр неткен қаталды!
    Айналайын ата — анам,
    Кімнен қарғыс бата алды!

    Қара жердің қойнауы,
    Болса да қанша суықты!
    Тірі жүрген менің де,
    Сендерге күнім жуықты!

    Айналайын ата -анам,
    Жаныңа келді балаңыз!
    Несіне мені қалдырдың,
    Кейпіме мынау қараңыз!

    Көзіме ыстық көрінді-ау,
    Жататын бірге арамыз!
    Жатамын енді осында,
    Бармақшы қайда балаңыз!

    Алшы мені ата — анам,
    Ыстық құшақ қойыныңа!
    Еркелеп мұнда жатайын,
    Асылып бір мойыныңа!

  24. Akbota Tungatova:

    Bylik basyndagylar osy jetimderdi jylatyp weteldegi tas jurek haiuandarga satkanda nege olardyn koz jasynan,nalasynan korykpaidy eken?!Olardynda oz balalary,nemere wobereleri bar emes pa?!Koz janarlary jaudiregen jetimderde solardyn balarynan kai jeri kem?!»Jetim»degeni bolmasa olarda solar siakty balar goi.Ar narseninde surauy bar!Bir kuni osy maselenin oz wewimin tabatynyna senimdimin!

  25. Болатхан:

    Сіздей ақылын айтатын ақсақалдарымыз көп болғанда қазақ осынша азбас еді азып кеттік қой байлықтың бәрін сатып бітіп бала сатуға кірісіп кеттік азғындап тозғанымыз осы емеспе.

  26. Бағдал Ақынұлы.:

    Лашын.Лашын

    Билікке қарап отырсақ уақытты жібереміз әрі жетімдердің тағдыры қыл үстінде тұр.Ел болып көтерілу керек.

  27. Бағдал Ақынұлы.:

    Лашын, қарындасым, өте дұрыс айтасың! Билікке қарап отыра берсек уақытты босқа жіберетініміз рас. «Уақыт қылыш, сен оны кеспесең — ол сені кеседі», -деген араб халхының бір мақалы барды. Сол айтқандай қам-қаракетсіз қарап отыра берсек осы жетімдеріміздің көз жасын кім тимақ. Билік мұны біліп отырса да, шетелге жетімдерді асырауға беруден үзілді кесілді бас тартқан шешім шығара алмай созбалаумен келеді. Мұнда да гәп бар, сыбайластық бар! Мұның үлкен бизнес екендігі мақалада да мысалымен ашық жазылды ғой. Мен осы жолғыдағы Интернет нұсқасына жазылған пікірлерді алға тарта отырып Ел үкіметіне хат жолдамақпын! Қазір бұл мақала халықтың қолдауына ие. Халық біріксе ғана билікке сөзін өткізе алары хақ!

  28. Бағдал Ақынұлы.:

    Gulshat Sarı7

    Уят болсада жазайын алдын ала кеширим отинемин ешкимди ренжитким келмеиди тек ози оиым, ар киммен женил журисте журип алдын артын оиламаитын жастаргой, улы да кызы да кателик тек бир кисиде емес, Аллаh акыл-пикир берсин, аитпесе жетимдер уйинде коздери жаутендеген жетим балалар болмаушы еди окиништи

  29. Subd Subd:

    Allah sizge gumir bersin,urpaginizdin hizigin koriniz!Juregim jilap, janim turshikti handai meyirimsiz ata -ana

  30. Акмарка Рахметжан:

    Игі істі аға,бастадың,
    Оқырманға ой тастадың.
    Түсінсе екен әлеумет,
    Өтетінін өмір қас-қағым… Иә,аға, мынау көтеріп отырған мәселе өте өзекті екен. «Жетім көрсең,жебей жүр»-деген халықтың дана сөзі тегін айтылмаса керек.Қолында мүмкіндігі,байлығы, санасында саңлауы, жүрегінде иманы бар адамдар осы ұсынысыныздан кейін қол ұшын беруден қалыс қалмасы анық. «Жетім қозы-тасбауыр» дегендей мейірімділік пен қайырымдылықты өзіміз көрсетпесек, болашақтан не күте аламыз…

  31. Тамара Узактеги:

    Жетiм корсен жебей жур». «Жетiмiн жылатпаган, жесiрiн кангыртпаган»-ел емеспе едiк. Окiмет осы жетiм, жесiрлерге кобiрек ман берсе екен деймiн. Батпан куйрык демей-ак койайык сол жесiрi мен жетiмiне баспана жане камелеттiк жаска келгенше ягни жумыска жарамды болганша жагдай жасалса деген ой.

  32. айбол:

    мен монголда турам болашах арманым жетiмдер уиiн ашып ата анасы бермеген жылуды бермесем де өз ата анамды олардын да ата анасы гып бөлiсiп өсiргiм келет осыган ахыл кенес терiнiздi берiнiз дер алдымен не ден бастап не стесем болат