Әлиевтің әйелінің лауазымына әлемдік көзқарас
Ақпан айының 21-і күні Әзірбайжан президентінің ресми сайтында Президент Ильхам Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиеваның вице-президент болып сайланғаны туралы жарлық жарияланды.
Бұл жарлық Әзірбайжан конституциясының 103-бабының 1-тармағына сүйенгені жазылған. Конституцияға сәйкес, бірінші вице-президент мемлекет басшысы өз қызметін атқара алмаған жағдайда уақытша сол міндетті атқару құқығына ие болады. 52 жастағы Мехрибан Әлиеваның бүгінге дейінгі саяси қадамдарына көз салар болсақ, ол бұған дейін Милли Мәжілістің депутаты болып келген. Әрі ЮНЕСКО мен ИСЕСКО елшісі, Ильхам Әлиевтің әкесі Гейдар Әлиев атындағы қордың президенті қызметтерін атқарып келген. Ал оның негізгі мамандығы — көз дәрігері. Сонымен, сарапшылар пікірінше, Әлиеваның бұндай лауазымға тағайындалуы елдің халықаралық иминджіне дақ түсіріп отыр. Себебі бір мемлекеттің бүкіл билігі бір әулеттің қолында болуы көпшіліккке ұнай қоюы мүмкін емес. Күйеуінің арқасында қызметтік лауазымы көтерілген Мехрибан Әлиева онсыз да президенттік партия төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Ақпарат көздерін шола келе байқағанымыз, вице-президенттік қызметке Әлиевтің әйелінің тағайындалуы туралы сөздің желдей ескеніне талай жыл болған. Дәл қазіргі күні ел валютасы — манаттың құнсыздануы мен кландар арасындағы өзара қырғиқабақтықтың қайта тұтана түскен кезінде ол тағайындалып отыр.
Әзірбайжан басшысының сөзінше, оның әйелі бірнеше жылдан бері халықаралық, мәдени, қоғамдық-саяси қызметтерде маңызды рөл атқарып келеді. Ол өз әйелін нағыз маман әрі саяси қайраткер деп атаған.
Нұргүл Жамбылқызы
Пікірлер