Астана Атамбаевтың сөзіне жауап алды

Өткен аптада ресми сапармен Еуропаға барған қырғыз президенті А.Атамбаев “Евронюс” телеарнасына сұхбат беріп, журналистің «ЕАЭО Ресей мүддесіне көбірек жұмыс істейді деп есептемейсіз бе?» деген сұрағына: «Бізге біреумен сауда-саттық жасау керек, көршілермен жұмыс істеуіміз керек. Егер бұл одаққа кірмесек, оқшау қалып қояр едік. 2010 жылы Қазақстан бізді 1,5 айға оқшаулап тастаған кезде бізде адам шығыны да болды. Блокада жаман дүние болғандықтан, осындай жағдай болды. Енді біз қайда қосыламыз? Ауғанстанға ма?» деп жауап бергенінен көпшілік хабардар. Дипломатиялық ортада резонанс тудырған қырғыз президентінің осы бір мәлімдемесіне қатысты қырғызстандық және қазақстандық сарапшылар түрлі пікірлер білдіруде. Әсіресе Атамбаевтың бұл сөзінің астарынан түрлі ой-болжамдар іздеген отандық сарапшылар да аң-таң. Шыны керек, өз тарапымыздан саралар болсақ, қашаннан төскейде малымыз қоралас, тіліміз, дініміз ортақ көршіміздің бұндай мәлімдемесі қисынсыз көрінгені рас. Әрдайым қиналғанда көмек қолын созып, Елбасымыз да қырғыз ағайындарға үнемі қолдау көрсетіп отыр. Енді бұл мәселе қазір халықаралық қатынасымызда қалай қаралуда?

Almazbek«Біз бұл сөзді ескердік. Қазіргі кезде Қырғызстан тарапынан түсініктеме күтіп отырмыз. Әзірше бар ақпарат осы. Жаңа мәлімет болса, бірден хабар береміз», — деп, салқынқандылық танытқан Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі де көп кешікпей екі ел арасындағы осы мәселеге қатысты кездесуден хабар берді. Сөйтіп, Астана Атамбаевтың мәлімдемесінен кейін, көрші ел басшысының шулы сұхбатына түсініктеме беруін талап етіп, көп өтпей Қырғызстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Динара Кемелова Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Айымдос Бозжігітовты қабылдаған болатын. Сонымен елшіні шақырып алған қарсы тарап қандай уәж айтты? Динара Кемелова Қазақстан тарапына 2010 жылғы жағдай туралы ақпараттар ұсынды. Оның айтуынша, сол жылғы сәуір оқиғасына байланысты Қазақстанның екі ел арасындағы шекараны жабуы қарапайым халық үшін маңызды мәселелерге жол ашқан: мәселен, солардың ең бастысы — Қырғызстан азаматтарының өлімімен аяқталған. Қырғызстанның СІМ орынбасарының түсіндіруінше, Қазақстан шекарасын жапқан сол бір жарым ай ішінде дәрі-дәрмектің жетіспеуі салдарынан Қырғызстанда өлім-жітім көп тіркелген. Қырғызстанға науқастар үшін аса маңызды саналған дәрі-дәрмектердің жеткізілуіне тыйым салынуының кесірінен мыңдаған қырғызстандықтардың өміріне қауіп төнген. Шекараның жабылуы Қырғызстан халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының әлсіреуіне әкеп соғыпты-мыс. «Қазақстанда бұл мәлімдемені түсінбей, таңқалыспен қабылдап жатыр. Себебі Қырғызстанды бауырлас ел деп келдік. Оның үстіне бұл мәлімдеме арадан аттай жеті жыл өткенде жарияланып отыр. Бір жағынан, кезінде Қазақстан Қырғызстанның ескі басшысының елден бас сауғалап қашуына көмектесті. Яғни Қырғызстанның жаңа президентінің өкпесін түсінуге болады. Ал екінші жағынан ең негізгі әрі маңызды сұрақ туындайды: осы мәлімдеме неге дәл осы кезде жасалынып отыр?» — деген қазақстандық белгілі саясаткер Досым Сәтбаевтың айтуындай-ақ, арадан сонша жыл өткенде жасалған мәлімдемені қалай түсінуге болады? Қырғыз ағайындардың бұл әрекеті жеті жыл бойы қалғып кетіп, енді есін жиғандай әсер қалдырады. Қырғызстандағы елшімізді қабылдағаннан кейін қырғызстандық дипломатқа «Қырғызстан Президентінің 2017 жылдың 17 ақпанындағы мәлімдемесімен келіспеушілік» нотасы тапсырылды. Онда бүгінгі күнге дейін орын алған түрлі келіссөздер барысында ресми Бішкек «оқшаулау мен адам шығыны» мәселесін бірде-бір көтермегені аталады. Мамандар пікірінше, Атамбаевтың мәлімдемесі Қырғызстанның ЕЭО құрамына кіруіндегі мәселелермен байланысты. Себебі әлі күнге дейін ветеринарлы шекаралық бақылауды алып тастауға қатысты мәселе де шешілмеген. Қырғызстан тарапынан «Қазақстан қырғыз кәсіпкерлерін ЕЭО нарығына енгізбеуге тырысады, сол үшін түрлі кедергілер ойлап отыр» деген пікірлерді де кездестіруге болады. Сонымен қатар, бұрынырақ Орталық Азиядағы ірі базар саналған «Дордойдағы» дағдарысты Қазақстанның ЕЭО-тың жаңа мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға әрі Қытаймен арадағы сауда-саттық қатынасында өзіне транзиттік ел мәртебесін қайтарып алуға ұмтылуымен байланыстырады. Қазақстандық саясаткер Сұлтанбек Сұлтанғалиевтың ойынша, А.Атамбаевтың мәлімдемесі көрші екі елдің дәстүрлі қарым-қатынасына қайшы, дегенмен де бұл мемлекетаралық қарым-қатынасқа ықпал ете алмайды. «Қырғызстанның СІМ-нің бұл жағдайға қатысты жауабын екіұшты деп білемін әрі президент Атамбаевтың өзі өз сөзіне түсініктеме беріп, кешірім сұрауы тиіс деп есептеймін. Менің пікірімше, Қырғызстан басшысының байқамай айтқан ойы сол елде болатын алдағы президенттік сайлау қарсаңындағы саяси күрестің шиеленіскенін көрсетеді. Егер екі елдің президенттерінің прагматизмдерін есепке алар болсақ, Атамбаевтың сөзі екіжақты саяси және экономикалық байланыстарға әсер етуі мүмкін емес», — дейді ол.
Ал орталықазиялық бағыттағы «Достық» баспасөз клубының редакторы Жанар Түлиндинова А.Атамбаевтың мәлімдемесін қырғыз өнімдерінің ЕЭО-қа мүше басқа елдерге жеткізудегі кедергілерге ұшырауына байланысты мәжбүрлі түрде айтылған деп түсіндіреді. «Атамбаевтың Қазақстанға деген өкпесі түсінікті. Қырғыз шаруаларының өнімдерінің Қазақстанға әкелінуіне, тіпті тасымалдануына тыйым салынғандығы рас, қысқасы, Қырғызстан ЕЭО-қа кіргеннен бері ешқандай да жақсылық көрмеді. Өткен жылы Қазақстан қырғыз картоптарына шектеу қойса, биылғы жылы қырғыздың сүт және ет өнімдерінің Қазақстан арқылы тасымалдануына тыйым салды», — дейді ол.
Айта кету керек, 2010 жылы Қырғызстанда кезекті революция орын алғанда, Қазақстанмен арадағы шекара Қазақстан тарапынан жабылып қалған-ды. Көрші ел басшысының кешегі мәлімдемесінен, сол кезден қалған кек пен ренішті байқауға болады дейді жоғарыдағы пікірлер. «Біз бауырлас елдерміз. Қазақстан Қырғызстанға үнемі қолдау көрсетеді. Атамбаевтың мәлімдемесіне қатысты сол елдегі 2010 жылғы оқиға сөз етілуде. Сол жылы Қырғызстан саяси дағдарысты басынан кешірді. Біздің Елбасымыз бұған өзі тікелей араласып, елдегі жағдайдың тұрақталуына көмектесті. Алдағы уақытта да бұл жағдай екі бауырлас ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсірмейді. Біз көршілік татулығымызды жалғастыра беретін боламыз», — деп өз ойын айтқан мәжілісмен Мәулен Әшімбаевтың сөзіне сенгіміз келеді. Себебі қыр астындағы қырғыз ағайындармен қырқысқанша, бейбіт қатынасымыз артық қой біз үшін.

 Нұргүл Жамбылқызы