Шіріп жатқан шикізатын ұқсатса, қазақ әлем алдына шығады

7kun.kz сайтынан
1. Жақсылық пен кемшілікті бірдей көрсеткен баспасөз халыққа да, басшыларға да сыйлы болады. Газетте ел ішінде болып жатқан кемшіліктерге қатысты сынды көбірек жазу керек. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Қулар, епті-жағымпаздар, қолы ұзындар жұмысындағы кемшілігін сынағаны үшін газетті сотқа сүйрейді деп қорықса, сот үкімі шыққан материалдардан мақала жазып тұрған дұрыс дер едім. Себебі ел оны бұрыннан естіп біліп отыр емес пе? Бұл жерде ешкім де бір-бірінің шапанын, немесе қызмет билігін сұрамайды. Шындық пен әділдік сұралады. Өзін адалмын, мәдениеттімін деп отырса да, тәртіпсіз, жөнсіз кеткендер халықтан сескенуі керек.
2. Аллаға шүкір, жеріміз кең, шикізатқа бай, бірақ соны үлгертіп, ұқсататын мамандар жоқ. Қолда барды ұқсата алмай отырмыз. Шикізат демекші, тау-кен, жер асты байлығын игеретін ауыр өнеркәсіп туралы әзірге сөз қозғамалық. Біз тек іске аспай шашылып жатқан ауыл шаруашылығы өнімдері жайлы сөз етпекпіз.
…Ертеде патшалық Ресей тұсында да, одан кейін де, соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі қиын кезеңнің ел ішіндегі шикізатты жинап, өңдейтін кәсіпорындар болатын. Сол кезде Қазақстанның барлық аудандарында да «Зоготконтора» Дайындық мекемесі болған еді. Олар сүйек-саяқ, тері-терсек, жүн-жұрқаны көп жинады. Біздің елдің адамдары ақша табу үшін аң терісі мен зорман суыр аулап кетті. Қаһарлы соғыс жүріп жатқан тұста ауланған осы аң терісін қант-шай, мата, құрым, бұлғары, киімдер, тұрмысқа қажетті бұйымдарға айырбастады. Сол кезеңнің өзінде осы аң терісі мен жүн-жұрқаны игерді ғой.
Қиын-қыстау күндері де жоқтан бар жасайтын іскер, кісілер өмірден озды. Қазір сол шеберлер жоқ. Ал бүгінгі жастар оқуы мен тоқуы қанша көп болса да, сол ата-бабаларының ізін жалғап кете алмады. Қаптаған сапасыз дипломның керегі не? Сол кезде ақшаға табылмаған жібек жүн мен терілер қазір шіріп шашылып текке далада жатыр. Соның кесірінен шетелдік фабрикаларға тәуелдіміз, бүкіл киіміміз шетелдікі.
Ауылдағы қазақтың тіршілік көзі — мал. Соның өнімін алып, ұқсатудан өзге табыс көзі жоқ. Сырттан көшіп келген қандастарымыз мал терісін өңдеп, іске асырудың неше түрлі әдісін біледі екен. Бастарына қиындық туып, босқындық көрген кездерінде осы кәсіппен жандарын сақтапты және барған елдерінде бұл өнерді дамытып, өзгелерге үйретіпті. Сиырдың терісінен 7 қабат өнім алынады екен. Сонда одан жібекке бергісіз дүние шығады деген сөз. Ал сол бауырларымыз қойдың терісін өңдегенде, оның етінен терісі қымбат болып шығатынын дәлелдеді. Мұның сыртында ұқсата білгенге қойдың жібек жүні тағы бар. Осындай кәсіпті меңгеру үшін икемі бар жандарды мемлекет есебінен шетелге арнайы жіберу керек. Олар қазіргі біздің сыртта жүрген өкілдеріміз сияқты қарнын сипап, қыдырып келгеніне мақтанушылар болмасын.
Жергілікті жерлерде түкке керегі жоқ көптеген штат адамдары тектен-текке бюджеттен айлық жеп отыр. Солардың орнына осындай елдің бүгіні мен болашағы үшін игілікті іске асырар шеберлерді тауып, өнерін өзгелерге үйрететін мемлекеттік орган құру керек. Олар елдегі шикізатты өңдеп, табыс тапсын, ал біздегі жұмыссыз жандар олардан үйренсін. Барлық қалталы инвесторлар үлкен қалалар мен Астанаға шоғырланады. Оларды неге ауылдық жерлерге де тартпасқа? Осылайша жеріміздің мол байлығын игеріп, халық тұрмысын түзеген жөн болар. Мал терісі мен жүнін кәдеге жарату арқылы-ақ, дамыған 30 елдің қатарына қосылу былай тұрсын, бүкіл әлемге танылмаймыз ба?
3. «Балық басынан шіриді» деген. Сыбайлас жемқорлықпен қолында билігі жоқ, өз күнін зорға көріп отырған қарапайым халық айналыспайды, оны ұйымдастыратын билік басындағы шенеуніктердің өздері. Олар басқа біреудің қолымен от көсеп, қарамағындағыларға ұйымдастыртады, сосын «сыбайлас жемқорлықпен күресті мейлінше күшейту керек» деп, құлаш-құлаш сенімі жойылған қаулыны бұрқыратады. Қаулының құны осылай арзандайды. Оны халық білмей отырған жоқ. Сол шенеунікті тәрбиелеп, қатарға қосқан әке-шешесі, ел-жұрты да оның қалай жұмыс істеп отырғанын жақсы біледі. Жемқорлықтан құтылу жолдары мынандай:
Біріншіден: Билік басына адал адамды таңдап тауып қоя білу керек. Кейінгі кезде қолға алынған кадрды жұмысқа конкурс арқылы іріктеу немесе аттестация өткізу деген көз алдау. Бастық тамыр-танысын, туған-туысын немесе өзіне ұнаған жанды ғана қызметке қабылдайды. Алдын ала немесе конкурс біткен соң-ақ аттестация анкетасын толтыра салады. Елді алдаған конкурс тағдыры осылай шешіледі. Не десек те, көпке топырақ шашпалық, ел ішінде ісіне адал бастықтар да бар. Дегенмен көпшіліктің тағдыры осы тамыр-таныстық арқылы ғана шешілетіні рас.
Екіншіден: Кеңес Одағы тұсында полицияның ішінде ОБХСС (отдел борьбы хищением социалистической собственности) деген бөлім болған. Мемлекет қоғам байлығын қорғау үшін осыны жандандырып, қайта құру керек. Олар өз жұмысын тастап кетпеуі үшін оларға мардымсыз ғана айлық белгілеу керек. Жекеменшік сот орындаушыларының күнкөрісі сияқты айлығын да, сыйақысын да, дәрежесін де сыбайлас жемқорлықтан тапқан табысына қарай өсіріп, содан пайыз арқылы көбейтіп төлеп отыру керек. Олар табысын сыбайлас жемқорлардың есебінен тапсын. Ел байлығы тойымсыз жемқорлардың жемсауында кеткенше, осы өзін аулаушыларды қоса асырасын. Олар осылай қоғам мүддесін қорғаушылар болсын. Билік басындағы көрінген әкім қара оларға көз алартып, бір шыбықпен айдап кетпеуі үшін олардың билігін тікелей Президент пен прокурорға бағындыру керек.
Үшіншіден: Халық ауыл шаруашылығының игілігін көруі үшін мемлекетіміз орасан зор қамқорлық жасап, субсидия бөліп жатыр. Осы ақшаның көп бөлігі өз мақсатына жетпей, жемқорлардың жемсауына түсіп кетіп жатқанын сіздердің газеттеріңіз де жазып отыр. Ал енді осыны қалай тәртіпке салуға болады?
Мұндай көмекті алған адамдардың тізімін жергілікті газетке жариялаған жөн. Бұл әзірге билік басындағылардың пайдасы үшін үлкен құпияда жасырын ұсталып отыр. Кім алды, кім ала алмады, осыны жұрт білгісі келеді. Бірін-бірі басқаларымен салыстырып, өз мөлшері мен шындық өлшемдерін салыстырғысы келеді. Билік басындағылар жақсы таныс, жақындарына субсидияны молырақ берді. Оның жартысын бастықтардың өз үйіне әкеп тастайтын сенімді жағымпаздары бар. Ашықтық осындайды елдің талқысына салып, ашуы үшін керек. Субсидияны оңды-солды таратуды тоқтатқан жөн. Оны асылтұқымды бұқа мен көптеген мал басы түрінде, егін егетіндерге тұқым, тыңайтқыш, соған жалдаған техникаға төлем есебінде, жанар-жағармай, қосалқы бөлшек, техника күйінде берген пайдалы болар. Ақшалай берілген бұл көмектер өз мақсатына жетіп, мал басы мен өнімді көбейтіп жатқан жоқ. Мақтаншылық көрсетіп, атағын елге жариялауы үшін әкесіне ас беріп, өзіне той жасауы, немесе қаладағы балаларына үй сатып әперуі үшін кетіп жатпасына кім кепіл?
(Жалғасы бар)
Қабдысалық Бейсенбайұлы
Пікірлер