Допинг дауына енді биатлоншылар ілікті

photo_9565Аустрия жерінде биатлоннан өтіп жатқан әлем біріншілігі кезінде Қазақстан құрамасы допинг дауына ілікті. Жергілікті жанармай құю бекеттерінің бірінде белгісіз спортшылар медициналық қалдықтар салынған қораптар мен жарыс құжаттарын тастап кеткен. Аустрияның допингке қарсы Ұлттық орталығының жүргізген сараптамасының нәтижесінде аталмыш қораптар мен құжаттар Қазақстан делегациясына тиесілі екендігі анықталды. Осыған байланысты, жергілікті 30-ға жуық полиция өкілі Қазақстан делегациясын тексеріп, әртүрлі медициналық құралдар мен ұялы телефондарды тәркілеген. Артынша Қазақстан құрамасының барлық спортшысынан қан сынамалары алынды. Осы оқиғаға қатысты Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов: «Бұл дәрігерлердің өз жұмысына салғырт қарағандығын білдіреді. Спортшыға қолдануға тыйым салынған және рұқсат етілген препараттар болады. Олар да күш жинау керек. Олар да ауырады. Дүниежүзілік допингке қарсы ұйым қолдануға тыйым салмаған препараттар бар. Әрине, олар оны дәрігерлермен бірге қолданады. Қазіргі оқиғаға қатысты айтар болсам, дәрілерді қолданудан кейінгі утилизациялау талабы бұзылған. Қазіргі таңда Еуропада терроризмге қарсы күрес белсенді түрде жүргізілуде. Осы себепті олар біздің команданы тексерген. Біздің спортшылар босатылды. Енді тексеріс қорытындысын күтеміз. Спорт медицинасы орталығының мәліметіне сүйенсек, біздің спортшылар қолданған медикаменттерге тыйым салынбаған», — деген мәлімдеме жасады.

Ермек Сахариев