NEET масыл жастардың санағы ма, әлде?..

Өткен жылдан бері жастар саясатында «NEET жастар» деген ұғым пайда болды. Бұл сөздің мән-мағынасын жастар саясатына жауапты басқарма мамандары оқу бітіргеннен кейін алты ай көлемінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген жастар осы санатқа жатады деп түсіндіруде.Net_жастардың_саны_қанша

Елімізге енген NEET терминін тарқатып айтсақ, «Not in Empoloyment. Education or Training», яғни «не жұмыс жасамайтын, не оқымайтын, өзге де істермен айналыспайтын» деген мағына береді екен. Яғни не еліне, не отбасына пайдасы жоқ «масыл» сөзімен мағыналас ұғым.
Енді осындай жастардың санағы облысымызда қалай жүруде? Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиевтің айтуынша, өңірде NEET жастардың санағы үш ай сайын жүргізілуі тиіс екен. Алайда олардың нақты санына жету мүмкін емес көрінеді.
— 2015 жылы облысымыздағы NEET жастардың нақты санын анықтап, база жасақтау жоспарланған болатын. Осыған орай, Тараз қаласы мен аудандардағы NEET жастардың базасы құрылып, бұл санатқа 1705 жас енгізілген. Оның 395-сы тұрақты жұмыспен қамтылып, 121-і жастар практикасына жолданған.
Ал өткен жылдың басында облысымызда 863 NEET жастар саны анықталып, 397 жас түрлі жұмыстармен қамтылған болатын. Алайда бұны нақты сандар деп айту қиын. Өйткені NEET жастардың есебіне жету мүмкін емес. Бірін жұмысқа тартып жатсаң, екіншісі жұмыстан шығып кетіп жатады. Оған қоса, өзге өңірлерге немесе әскерге кетіп қалатындары қаншама. Тіпті болмағанда, намыстанып, өзін NEET жастар ретінде мойындамайтындар артып жығылады. Ал үйме-үй санақ жүргізуге жастар ресурстық орталықтары мамандарының күші жетпейді. Осыдан барып, біз де аудандар жіберген статистикаға ғана сүйеніп, болжамды санақ жүргізіп отырмыз, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры.
Сонда өңіріміздегі жастар орталықтары нақты санына жету мүмкін емес жастардың санағын жүргізіп жатыр ма? Онда өз-өзімізді алдап, көзбояушылық жасаудың қажеті қанша?
Тағы бір қызықты жайт, өткен жылы Тараз қаласындағы NEET жастардың болжамды санағының өзін жүргізу мүмкін болмаған көрінеді. Бұның себебін облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиев шаһардағы 86 553 жастың бәрін бақылау мүмкін еместігімен түсіндіруде.
Бұл пікірмен Шу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Рахымбаева да келіседі. Оның айтуынша, қаладағы NEET жастардың санағын жүргізуден гөрі аспандағы жұлдыздарды санау жеңіл екен.
Ал Қордай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Тәутеннің айтуынша, NEET жастардың тізімін жүргізгеннен түк пайда жоқ көрінеді.
— Мен бұл мәселені Астана қаласында өткен үлкен семинарда көтеріп, еліміздің Білім және ғылым министрлігінен келген мамандарға қойғанмын. Алайда олар нақты жауап бере алмады.
Мен түсінер едім, егер NEET жастардың тізімінде тұрғандар тұрақты жұмыс орнына тұрып кетсе. Алайда ондайлар саусақпен санарлық.
Қазір біздің орталықтағы бір маман жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығымен тығыз жұмыс жасауда. Оның берген ақпараты бойынша, жұмыспен қамту орталығына күніне 10 жас келіп тіркеледі екен. Енді өзіңіз есептей беріңіз, бір күнде 10 жас тіркелсе, айына 300 жас жұмыс сұрап келіп жатыр деген сөз. Енді бұларды қалай жұмыспен қамтимыз? Сондықтан мен өз-өзімізді алдап, NEET жастардың болжамды санағын жүргізгенше, нақты бір жасты болса да тұрақты жұмыспен қамтып, сапаға қарай жұмыс жасауға шақырамын, — дейді орталық директоры.
Міне, осылайша аудандағы жастар NEET жастарға қатысты ойларын ашық білдіруде. Және барлығы санақтың құр сандырақ екенін айтып отыр.
Редакциядан:
Жоғарыдағы жастар саясатында кеңінен қолданып жүрген «NEET» жастарды неге «масыл жастар» деп атамаймыз? Сонда үйде отырған, жұмыс жасауға жанын қинамайтындар «масыл» деген сөзді естіп, бір сілкінер, түптеп келгенде ұялар. Қазақта «масыл» деген түсіне білгенге ауыр сөз. Әйтпесе, біздің бүгінгі жастар «NEET» деген жақсы сөз деп түсініп жүрген де болар, сірә! Масыл жастар жөнінде республика көлемінде де осындай жағдай. Масылдардың бастарынан сипағанды қойып, мемлекет тарапынан жұмыспен қамтамасыз ететін тегеурінді шара қажет-ақ.