Радиостанса арқылы әлеммен тілдесетін лицей
Алматыда жалпы білім беретін 201 коммуналдық- мемлекеттік мекеме бар. Олардың әрқайсысының жасап жатқан жұмысын білу үшін өз аяғымызбен барып араладық. Нәтижесінде тозығы жеткен мектептермен, кірсең көздің жауын алатын хан сарайындай білім ошақтарын да көзіміз көрді. Ата-аналар «баламыз таза, жылы жерде оқысын» деп, бірауыздан жұмылып, жыл сайын демеушілік танытатын мектептер де жоқ емес. Соның бірі — Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей. Директоры Жиенбаев Ерулан Әсентайұлы оқушылар мектепте өздерін өз үйінде жүргендей еркін сезінулері үшін барлық жағдай жасаған. Барлығы соңғы технология бойынша жабдықталған, аталмыш мектептің оқушылары да үш тілді еркін меңгерген.
Биыл лицей Алматы қаласы оқу мекемелерінің ешбірінде жоқ UN7GWI ұжымдық радиостанция техникалық базасын ашты. Жарты жылдың ішінде қазір оқушылар әлемнің бірнеше елдерімен радиобайланыс арқылы тікелей эфирге шығудың қыр-сырын меңгеріп үлгерген. Владимир Сапрыкин мен Самал Нұржанова жетекшілік ететін лицейдің UN7GWI ұжымдық радиостанциясы өзінің міндетін абыроймен өткеруде. Таяуда тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында оқушылардың шетелге осы жайлы ақпарат таратқандығына куә болсам, енді міне, күні кеше ғана 28-Қысқы Универсиадағы спорттық жетістіктерімізді өзге елдер таратуда.
Алматы қаласы мектеп оқушыларының демалысына қарамастан, лицейдің 30 радиобайланысшысы арнайы ауысым-кезекшілік тәртіп бойынша UP28UA (UP — Қазақстан , 28U — 28 Универсиада, A — Алматы қаласы дегенді білдіреді) арнайы позывнойымен дүниежүзілік радиостанциялармен үздіксіз байланыс жүргізуде.
Бір ерекшелігі, мұнда барлық жұмысты оқушылар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін жүргізеді. Жетекшілер тек нұсқап, бағыт-бағдар беріп отырады. Оқушылар күні бүгінге дейін Ресейдің еуропалық бөлігі мен өзге өңірлері, Испания, Бельгия, Украина, Болгария, Эстония, Латвия, Чехия, Словения, Куба, Сербия, Венгрия, Германия, Франция, Италия, Польша, Ұлыбритания, Солтүстік Африкадағы Того мемлекеті, Қытай Халық Республикасы, Египет, Израиль, Түркия, Кипр аралы, Канар аралдары, Швеция, Скандинавия, Жапонияның Хоккайдо аралы, Швейцария, Греция, Грузия, Венгрия, Австрия, Канада елдерімен байланыс орнатқан. Ең алыс координатасы Оңтүстік Америкадағы (Латынамерикалық) Перу мемлекетімен байланысқандығына да куә болдық.
Әзірге Алматы қаласы бойынша оқушылар 45116 байланыс жүргізсе, UP28UA префикстіндегі лицей еншісін 6392 байланыс саны құрап отыр.
Алдағы уақытта бұл шараның елордамыз Астанада өтетін «ЭКСПО — 2017» арналған радиоәуесқойлардың белсенділік күндерін өткізуде де зор тәжірибе болары сөзсіз.
Жұлдыз Әбіл
Пікірлер