Ең балажан кісі
Ол балаларға тым мейірімді еді. Өзінің екі немересі Хасан мен Хұсейінді «дүниедегі екі райханым менің» деп мейірлене иіскейтін, бауырына басып, жақсы дұғаларын арнайтын. Усама деген балақайды бір тізесіне отырғызып, Хасанды екінші тізесіне отырғызып: «Иә, Алла! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай, Сен де бұларға мейіріміңді төге гөр!» — деп, өз немересінен бөлек, басқа балаларға да жан жылуын аямайтын.
Халықты жинап алып, оларға: «Уа, халайық! Кішкентай балақайларға мейірімділік танытпаған мұсылмандыққа жат», — деп, ата-аналарға жұмсақ болуды үндейтін. Ол көшеде келе жатса немесе сапардан оралғанда, алдынан шұбырып шыққан балаларды түйесінің алдына мінгізіп, енді бірін көтеріп, ойнатады екен. Барлық бүлдіршіндерді құшақтап, мойындарынан иіскеп, қуыспақ ойнап, артынан қорбаңдап жүгіреді екен. Барлық баланы бірдей жақсы көріпті. Алдына алып отырғызғанда кейбір балалар кіш етіп бүлдіріп қойса, еш ұрыспай, бала әбден біткенше орнынан тұрмайтын көрінеді. Не деген балажан кісі!
Кейбір балалармен бала болып, су шашып ойнайды. Балдырғандардың сыңғырлаған күлкісіне мәз болып, бастарынан сипап, әдемі даусы барларға азан айтқызып, өзі тыңдап, жаны жадырайды.
Өз балаларын сүймейтін, маңдайынан сипамайтын бір кісіні көргенде: «Сен басқаға мейірбандық көрсетпесең, саған да Алла мейірбандық көрсетпейді», — деп, балаларын жақсылап мейірімге бөлеуді өсиеттеген.
Балаларына мейіріммен, жақсы қарайтын ата-аналарды мақтап, олардың дәрежелерінің өзгелерден жоғары екенін де айтып қоятын.
Бір күні бір ана баласын жоғалтып, шарқ ұрып іздепті. Өз баласына деген махаббаттың әсерімен алдынан кездескен барлық баланы бауырына басып құшақтап, сағынышын сәл де болса басуға тырысады екен. Сол ананы көрсетіп, ол кісі былай дейді: «Біліп қойыңдар, Алланың сендерге деген мейірімі мен сүйіспеншілігі мына әйелдің өз баласына деген махаббатынан да асып түседі».
Жаз бен күзде қандай да бір жеміс піссе, алғашқы жемісін ол сол арадағы ең кішкентай балаға беретін. Шақалақ сәбидің таңдайына уылжып піскен құрманың жұмсағын жағатын. Оның жанында жүрген балалар қандай бақытты десеңші!
Бұндай балажан кісі өмірде бір-ақ рет туылады. Балаларды жақсы көруді бүкіл жер бетіне үйретіп, миллиардтаған адамға өсиет етіп қалдырды. Оның кім екенін білесіңдер ме, балалар? Ол — біздің, мұсылмандардың, сүйікті пайғамбары, Алланың ең ізгі құлы Мұхаммед (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын). Біз оны жақсы көреміз.
Мирас Кесебаев
Пікірлер