Мұңыңды мұңдаған, жоғыңды жоқтаған «ҚАЗАҚСТАН ZAMAN» қалқаның болып қалады

Ассалаумағалейкум, құрметті оқырман! Өздеріңізге белгілі, қалыптасқан дәстүріміз бойынша, өткен 2016 жылы газетіміздің бетінде мемлекетімізге, ұлтымызға, қоғамға, әлеуметке, тіпті жеке тұлғаларға қатысты келелі мәселелер көтере отырып, жарық көрген көптеген мақалаларымыздың арасынан біразын іріктеп алып, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Ескерте кететін бір жайт, ресми жыл аяғында жасаған бұл сараптамамызда тарих, саясат, экономика, әдебиет, өнер, экспедиция т. б. толып жатқан айдарлардың бәрін қамтуды мақсат тұтпадық және авторлардың емес, өз тілшілеріміз жазған проблемалық материалдарын бере отырып, олардың сіздер үшін еткен еңбектерін көрсетуге, біздің басылымның қашанда халықпен, яғни сіздермен бірге екенін білдіруге ниеттендік.

4545 copy

Сонымен:

№01. 07 қаңтар 2016 жыл. Астана қаласында Халықаралық «Қазақстан Zaman» газеті мен «Нұр Отан» партиясы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған «Ауылға қадам өзін-өзі басқаруымен аршынды» атты экспедицияның еліміздің барлық аймақтарын аралап келгеннен кейінгі қорытынды дөңгелек үстелі өтті. Дөңгелек үстелге газетіміздің Бас директоры Серкан Хастүрк, Бас директордың бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы, Бас редактор Ертай Айғалиұлы бастап, Астана қосынындағы тілшілеріміз атсалысты. Отырысқа сол кездегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, «Нұр Отан» партиясы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли және бірнеше халық қалаулылары мен белгілі қоғам қайраткерлері қатысып, ауылдардағы, ауыл шаруашылығындағы газет экспедициясы көтерген түйткілді мәселелерді талқылады.
Осы нөмірдің «Қамшыбасар» бетінде Ертай Айғалиұлы «Үкімет, халқыңды қымбатшылықтың құрсауына берме!» атты мақаласын газетіміздің мыңдаған оқырмандарының үні мен талабы ретінде ұсынды. Ал осы беттегі Қ.Есқұлованың «Аралтұздың ащы мұңы» атты жанайқайы да аталмыш саладағы келеңсіздіктерді ащы айтады.
№02. 14 қаңтар. Астанадағы тілшіміз Нағашыбай Қабылбектің «Бесоба тұрғындары әлі үйсіз жүр» мақаласы қиындық көрген елдің жанайқайын жеткізсе, «Жекешелендіру ел бюджетін нығайта ала ма?» атты мақаласы қоғамдағы өзгерістерге деген халықтың алаңдаушылығын көрсетті. Осы санда тілшіміз Ләззат Биланның «Алтынымыз қоқыста жатыр» атты мақаласы аталмыш құнды металдың өз орнымен қолданылмайтыны, оның маңыздылығы турасында айтады. Ал тілшіміз Нұргүл Жамбылқызының «Қырда бір пәле болса, Сырда мың пәле бар…» атты жанайқайы өзі барып, көзбен көрген проблемаларға қатысты жазылған. Онда тілшіміз Сырдария өзеніндегі қалқымалы көпірдің қазалылықтарға туғызып тұрған қиындығын журналистік зерттеу жүргізе отырып баяндаған.
№03. 21 қаңтар. Н.Қабылбек ұйымдастырған «Парламент сайлауы ел мүддесінен шыға ала ма?» атты пікірлер жиыны, саясат сахнасында жүрген кейбір депутаттарымызды ащы сынға алады.
Осы сандағы Жанбақыт Мерекеұлының «Қалмақша атаулар қанымызға да, жанымызға да жат» атты мақаласы қоғамға қозғау саларлықтай ұсыныс. Келешекте ономастика саласындағылар да, елі мен жері қалмақша аталып жүрген азаматтар да ойланып, қолға алар іс.
Жамбыл облысындығы тілшіміз Саятхан Сатылғановтың «Жамбыл жері шарананың обалына шыланды» атты жанайқайы да қоғамдағы келеңсіздіктің бетін ашқан.
№04. 28 қаңтар. Сәуле Мешітбайқызының «Азғындық — мемлекетімізді күйрететін зауал» мақаласында рухани азғындық, имансыздық, әлеуметтік теңсіздік, заңның солқылдақтығы т.б. келеңсіз құбылыстардың өршуіне кім кінәлі, ол үшін не істеу керек деген сауалдарға жауап іздейді және өзіндік түйін сөзін айтады.
Ж. Мерекеұлының «Опат болған офицердің отбасына көмектесіңізші, қадірлі Иманғали мырза!» атты жанайқай мақаласы сол кездегі ҚР Қорғаныс министрінің атына жолданған болатын. Онда қызмет бабында мерт болған офицердің отбасының үйсіз-күйсіз жүргені сөз болады.
№06. 11 ақпан. Л. Билан. «Елдің арқасында миллиардер болғандар, Елбасы айтқандай, еліне көмегін берсін!» Мақала авторы елімізге экономикалық дағдарыс келіп, ел басына күн туған шақта бай-шенеуніктер халыққа қол ұшын беріп, мемлекетімізге қолдау көрсетуі керек деген тұжырым жасайды.
№08. 25 ақпан. Л.Билан «Қазақ жері удан қашан тазарады?» мақаласында полигон маңында тұратын тұрғындардың қатерлі ісік ауруымен, 2,6 млн. адамның мутагенез ауруымен ауыратыны, суицидтің көбеюі, олардан сақтану үшін жасалатын қауіпсіздік шаралары сияқты проблемаларды көтереді.
№10. 10 наурыз. С. Мешітбайқызының «Полиция жаланың құрбаны ма?» атты жанайқай мақаласы Тараз қаласында полиция қызметкерінің қалай жаланың құрбанына айналғаны хақында. Бұл іске журналистік зерттеу жасаған С. Мешітбайқызы бұған дейін де «Сотқа сүйініп, прокурорға күйініп қайттым» деген мақала жариялаған болатын. Мақалада құқық қорғау органдарында кездесетін кемшіліктер кеңінен көрініс тапқан.
№13. 31 наурыз. Л. Билан. «25 жылды 14 министрдің «көкпарына» түскен білім саласын не күтіп тұр?» деген автор, аталмыш саланы сын тезіне алған.
Осы сандағы «Жетімдерімізді жатқа сатқызбашы, Парламент!» атты мақаласында Е. Айғалиұлы шетел асқан 10 мың бүлдіршініміздің тағдырына, ұлт тағдырына алаңдап, ашына жазады.
№16. 21 сәуір. Ж. Мерекеұлының «Кешігіп келген кешірім» атты мақаласы редакцияға келген арыз негізінде журналистік зерттеумен жазылған. Ауылдастардың ерегесінің соңы төбелеске, одан сотқа ұласып, соңында жәбірленуші тарап кешірім берсе де, 5 жылға сотталған азамат тағдыры жайлы сот, прокуратура, тергеу бөлімдері өз пікірлерін білдірген.
Осы нөмірде С. Сатылғанов «Мектепте жүріп «мама», партада отырып «папа» атанғандар» атты сын мақаласында Жамбыл облысында үш айда 91 оқушының жүкті болғаны анықталғанын талдап жазады.
№17. 28 сәуір. Н. Қабылбектің «Байқаңыз, жаныңызда жемқор жүр!» атты мамандармен сұхбаты қоғамдағы жемқорлық індетімен күресті жандандыру турасында жазылса, осы нөмірдегі тілшіміз Ермек Сахариевтің «Жыртық-тесігімізді» мұнаймен жамай алмаймыз» атты мақаласы аталмыш саладағы келеңсіздіктер, жанармай бағасының себепсіз өсуі туралы ой қозғайды. Ал Шаргүл Қасымханқызы «Ұнға жалаңаш аунаған әйел» мақаласында бүгінде нан қадірін білмей, астамшылыққа баратындарды сынаған. Қостанай облысындағы арнайы тілшіміз Қыдырбек Қиысханның «Үкімет геология саласына көңіл бөлуі керек» мақаласы да геология саласының кемшін тұстарын айта келіп, өзіндік ұсыныстарын айтқан мамандардың пікірімен толыққан.
№20. 19 мамыр. Астанадағы тілшіміз Ермұрат Назарұлының «Сәби өлімі азаймай тұр» атты жанайқай мақаласы бала өліміне тек дәрігерлерді ғана кінәлай бермей, ата-аналарға да салмақ салу керектігін айтады. Осы нөмірде Н. Қабылбектің «Жер комиссиясы дауысқа салып, дауласар ма екен?..» және Батыс Қазақстандағы арнайы тілшіміз Айша Өтепалидың «Жер Кодексіне өзгеріс енгізу керек!» атты мақалалары жер мәселесі қозғалған дүрбелең кезде көпшіліктің ойынан шыққан мақалалар болды.
№21. 26 мамыр. Алматы облысы бойынша арнайы тілшіміз Нұрила Бектемірованың «Екі жеп биге шығатындар» неге көбейді?» атты сын мақаласы бүгінгінің адамдарының психологиясын, алдау, арбау, ғайбат айту сияқты қасиеттерін сынаса, Ж. Мерекеұлының «Мемлекеттік құжатым бар, жерім жоқ» мақаласы Алматының қақ ортасында тұрып, жер көлемінен желініп отырған қазақ азаматының жанайқайын жеткізеді. Әрине, әділдік салтанат құрып, осы материалдан соң істі сот қарап, жәбірленушінің пайдасына шешкенін де айта кеткен жөн.
№24. 16 маусым. С. Мешітбайқызы «Ақтөбедегі қанды қырғынның артында кімдер тұр?» атты мақаласында қоғамдағы кемшіліктерді кеңінен сынай отырып, ел-жұртты «толеранттылық» қағидасының кері әсер етуінен, әсіредіншілдердің әрекетінен сақтандырады.

Жанбақыт Мерекеұлы