ОСЫ ЖҰРТ ӘЛМЕРЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
Мәдениет және спорт министрі мен Алматы облысы әкімінің назарына
Бисмиллаһир Ирахманир Рахим
Осы сауал ел болып етегімізді жинап, жоғымызды түгелдей бастағалы Жетісу өңірінен асып, бабаның ұрпақтары өсіп-өніп жатқан сонау Қытай жеріне дейін өріс алғанына біршама уақыт болды. Әсіресе Райымбек әулиенің 300 жылдығы кезінде тереңірек өріс алды. Оның да орны бар, ел болып дүркіретіп ерлігін тойлаған, сол қасиетті Райымбектей батыр аянмен алдына келгенде, алғаш бата берген, оны ерлік пен қасиетті әулиелік жолына тәрбиелеген, тайпалы рудың белгілі көсемі мен сөз сөйлер шешені болған абызды, елі кеш те болса еске алып, ұрпақтарынан шыққан жоқтаушылар тарихи мұрағаттарды, ел аузындағы аңыз әңгімелерді ұйымшылдықпен жинастыра бастаған. Сол жоқшылардың бір тобының жетекшісі, бабаның тікелей ұрпағы, белгілі суретші Төленді Дүйсебайұлы мен «Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, ұлтжанды азамат Бақытжан Мергенбаев бастаған азаматтар таяуда біздің үйге де ат басын тіреді. Бірінің қолында ел аузында айтылған деректер негізінде салынған абыз бабаның кескін-келбеті болса, екіншісінің қолында күні ертең Алматы — Нарынқол үлкен жолының бойына қойылатын мүсінші Шоқан Төлештің ескерткішінің соңғы жобасы. Көзайым жақсы хабар. Маған келуінің де аз-кем жөні бар еді. Ұзақ отырып біраз әңгіменің басын шалған болдық.
…Осыдан он шақты жыл бұрын Алматы шаһарының шығысында «Ай-сел» құрылыс компаниясының сол кездегі президенті Серік Сұлтанғалиевтың демеушілігімен, алыстан қарасаң қас батырдың жаугершілікте басына киер үшкір дулығасындай, көк аспанмен түстес, көрікті көк кесене бой көтеріп, соның ашылу салтанатына қатысқаным бар. Бұл кесене кезінде қазақтың біртуар асыл азаматы Д.А.Қонаев көрсетіп кеткен, Албан тайпасының көсемі, осы Әлмерек абыздың мүрдесі үстіне көтерілген белгі болатын. Сол жиында Әлмеректің әулиелігі мен абыздығы жайлы ел аузында қалған құлаққа жағымды біраз аңыз әңгімелер айтылды. Естіген сол әңгімелердің әсері ме, әлде қазақтың «Әулие аттаған оңбайдысын» ертерек бойға сіңіргендіктен бе, өзім тұратын мекенжайға ең жақын орналасқан осы әулиеге көбірек зиярат жасап, ел ерекше құрмет тұтар қасиеті мол абыз жайлы біршама деректер мен ақпараттар жинақтаумен қатар, ілімді амал ету арқылы ғайыптық тәсілде біраз нақтылы жұмыстар да жасадым.
Қазақта «Қос әруақтың ынтымағы» деген көпшілік назарға іле бермейтін сөз бар. Осы сөзді өзінше суыртпақтап, кейбір баюды мұрат тұтқан шалағайлар «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп бөсіп жүр. Дұрысы, «Өлінің рухы разы болмай, тірінің тіршілігі алға баспайды». Рух деген таратып айтар жанға үлкен әңгіме. «Қос әруақтың ынтымағы» пікірі де осыдан келіп шығады. Ол қос әруағымыз — өлі мен тірі әруақ. Өлі әруақ — өмірден өткендер, тірі әруақ — солардың ұрпағы, иығында тіршілікте атқарар жүгі мол мына біздер. Осы жерде «Әруақ дұға дәметеді», «Әруақ соқты», «Әруақ қонған адам» деген пікірлерге орай да өз ойымыз бен көрген-білгенімізді айта кеткеннің артықтығы болмас.
Адам баласы тіршілікке келген соң, табиғи заңдылық, соңына ұрпақ қалдыруға талпынады. Сондағы үміті — өз ұрпағын жалғастырумен қатар, сол ұрпағының өзі өмірден өткен кезде артынан жаманат арқаламауы, одан дуға дәметуі. Ұрпақтары арнайы атын атап, дұға бағышталар отбасына өмірден өткен әруақтың рухы әрқашан ризашылықта болады. Сол ризашылықпен ол да Жаратушыдан ұрпағының тіршілігіне жақсылық тілейді. Осы сияқты соңында қалған ұрпағының отбасынан дұға дәметіп келіп, өзі күткен қайыр-садақа, дұға болмаған жағдайда, ашу-ызамен нала болып, босағадан қайтып бара жатқан әруақтың қарсы ұшырасып қалған ұрпағын қағып кетуі де ұшырасады. «Дуа соқса оңалар, әруақ соқса оңалмас» деген нақыл осындайдан қалған. Әруақ соққанның емі жоқ. Өйткені әруақтың наласы — атылған оқ! Бұл мәселеге көз жеткізу үшін, болмысынан ерекше қасиеті бар, арамызда жүрген таза «әруақ қонған» адамдардың адал қайырымын пайдалана білуіміз қажет. Мұндай әруақ қонған асыл азаматтар қос әруақтың арасын байланыстырушы ерекше қасиет иелері. Мұны көкірек көзі ашық адамдар мойындайды, ал мойындамайтын жандарға мойындатамын деп қиналудың еш қажеттілігі жоқ. Бұл оңай көз жете қоятын шаруа емес…
Жалпы, Әлмерек абыз туралы ел аузында айтылып жүрген аңыз баршылық болғанымен, қағазға түскен нақтылы деректер тым жұтаң. Арғы кеңес заманына бармай, еліміз егемендігін алғаннан кейінгі қолда бар нақтылы дерек мынау ғана. «Әлмерек абыз (шамамен 16 ғ-дың бас кезі, қазіргі Жамбыл обл. – 18 ғ-дың басы) — батыр, шешен, көріпкел әулие. Ат жалын тартып мінген кезінен бастап қазақ жастарынан жоңғарларға қарсы жасақ ұйымдастырды. Сарбаздардың қатары көбейіп, соғыстың әдіс-айласын меңгергеннен кейін жоңғарларға тұтқиылдан шабуыл жасап, Сілеті тауы, тағы басқа жерлерде оларға соққы берген. Қазақ халқының жадында Әлмерек абыздың есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Хангелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Тоқсанның үстіне шыққан шағында ел үшін еткен еңбегі және қазақтың бірлігін қорғаудағы қайраткерлік қасиетіне риза болған халқы оған абыз деген атақ қойған. Әлмерек абыздан бес бала болған, Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі. Ұрпақтарының ішінен елін қорғаған қайсар батырлар, көріпкелдер, шешендер шыққан. Жәнібек баласы Бәйсейіт жоңғардың мыңбасы Шебектіні жекпе-жекте қолға түсіріп, мұсылман жасаған. Жетісу өңіріндегі 1916 ж. ұлт азаттық көтерілісінің басшылары Ұзақ батыр Қараманның тұқымы Әлмерек абыздың екінші баласы Бабадан елге танымал Қашаған, Тұрысбектер тарайды. Тоқсаннан жоңғар шапқыншылығында ерлігімен ел есінде қалған Баржық батыр, Адыр шешен, Бәтжан тағы басқалар болды. Абыздың қара шаңырағында қалған кенжесі Қаракісіден Қорам батыр, әрі әулие, әрі батыр Бекбау тараған. Әлмерек абыз ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың бүтіндігі мен бірлігін қорғаған Әлмерек абыз жайында ол айтты деген даналық сөздер, қара өлең шумақтары сақталған. «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы». 1 том, Алматы, 1998, 672- бет).
Бұдан алты жыл кейін жарық көрген «Жетісу энциклопедиясы» осы деректі аз-кем нақтыландырған сияқты.
«Әлмерек Жаншықұлы — (1658 жылы Әулиеата маңында туылып, 1754 жылдар шамасында Алматы өзені жағасына, қазіргі Әлмерек ауылына қойылған) батыр, шешен, көріпкел. Қазақ жастарынан жасақ ұйымдастырып, Жоңғар басқыншыларына Сілеті тағы басқа жерлерде соққы берген. Қазақ халқының жадында Әлмеректің есімі көріпкел әулие ретінде көбірек сақталған. Одан Ханкелді, Бақай, Малай, Райымбек батырлар бата алған. Әлмеректен бес бала болған. Баба, Жәнібек, Құрман, Қаракісі, Тоқан. Ұрпақтарының ішінен елге сыйлы батырлар, би-шешендер шыққан. Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің басшыларының бірі Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, классик жазушы Бердібек Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал қалмаққа қарсы күрескен Байсейт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпақтары. Әлмеректің екінші баласы Бабадан Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден Қорам мен Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек ұрпақтары Қытайда, Монғолияда, Өзбекстан мен Қырғызстанда да тұрады. Халықтың жадында Әлмеректің шығарған сөздері, қара өлең шумақтары сақталған. Талғар ауданындағы Гагарин селосы 2000 жылдан бері Әлмеректің есімімен аталады. Қазір мұнда кешенді кесене, мешіт, мейманхана жұмыс істеп тұр» («Жетісу энциклопедиясы»,162 бет, «Арыс» баспасы, Алматы, 2004 жыл).
Абыз баба туралы әлі де болса толық нақтыланбаған, қолдағы бар тарихи дерек осы ғана. Нақтыланбаған деп отырғанымыз, қос энциклопедияға енген бұл екі мақала да толық зерттелмей, атүстілеу дайындалғандығы. Оған дәлел Әлмерек бабамыздың шапырашты Қарасай батырдың немере қызы Зәуреден туған бес ұлымен бірге, тағы да өз кемерінен шыққан үш ұлы болған. Бабамыздың кіші әйелдері, тоқалдары Дулаттың қызы Күлән мен кіші жүздің қызы Ырыстыдан туған Жұмық, Еділ, Жайық атты балаларын қалай ұмыт қалдырамыз? Оны біз айтпағанмен, әруақ бабамыздың өзі де, одан қалса, бүгінгі таңда үш бабадан өсіп-өніп отырған қалған ұрпақтары да кешпейді ғой. Қазір осы сегіз баладан өрбіген ұрпақтары сегіз рулы ел болып отыр. Осы жайтты көре біле отырып, кейбір қаламдас бауырларымыз Әлмеректің соңғы үш баласын қасақана шеттетіп, әңгіме еткенді жөн санайтын сияқты. Бұл орайда Әлмерек бабамыздың нағыз жанашырларының бірі болып жүрген Ораз Қауғабайдың «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық» атты «Қазақпарат» баспасынан жарық көрген тарихи танымдық кітабын сөзімізге мысал етсек, автор оған ренжи қоймас. Кітап неге «Әлмеректің бес баласы» аталады? Қазақ өз кіндігінен шыққан баласы түгілі, асырап алған баласын да бөле-жара еш уақытта шеттеткен емес. Әлмеректің абыройын балалары арқылы көтереміз десек, сегіз баласы, одан өрбіген ұрпақтары мен олардан шыққан жеке тұлғаларды айтумен бірге, олардың өрісті ынтымағы туралы да жарасымды әңгімелер айта білуіміз қажет емес пе?..
Енді, әңгіме басында айтылған «қос әруақ», «әруақ қонған жанға» оралайық. Мұны айтып отырғаным, соңғы он-он бес жыл көлемінде менің осы «жұмбақ» мәселені де зерделеп, зерттеп жүргенімді біраз зиялы жандар жақсы біледі. Бұл орайда төрт-бес кітабым да жарық көрді. Біз шетелдің көріпкелдері мен әруақты кісілері Нострадамус, Ванга… т.б. туралы БАҚ беттерінде таңдай қағып жазуға шеберміз де, Әл-Фарабиден… Мәшһүр Жүсіп Көпейге дейінгі ғайыптан аян алған ілім иелері, әлем мойындаған өз көрегендеріміз бен көріпкелдеріміз, әруақты әулиелеріміз, ғұламаларымыз бен олардың ерекше қасиеттері туралы тереңірек сөз қозғаудан дәйім қашқақтаймыз, оларға үрке қараймыз. Бұл салаға ден қойғымыз келмейді. Неге? Осы орайда әрісін айтпағанда, биылғы жылы жарық көрген «Аллаһтың маған аяны», «Шәсім немесе жылан терісіне жазылған діни жылнама» («Үш қиян» баспасы, 2015 жыл) атты соңғы жинақтарымда осы бір тылсым мәселеге ғалымдарымыз бен ілім иелерінің назарын аудардым. Осы үрдіспен жазылған «Әлмеректің оралуы» («Қазақпарат» баспасы, 2008 ж.) атты өлеңдер жинағым жарық көрген кезде, зиярат жасап барып, өлең оқыдым.
Редакциядан: Мақаланың осы тұсына келгенде автор тылсым дүниенің көпшілікке біліне бермейтін құпиясын ашып, өзінің баста айтқан «Қос аруақтың ынтымағы» туралы ойларын абыз-әулие болған Әлмерек бабаның аруағымен қалай тілдескені, қандай сұрақ қойып, қандай жауап алғаны жайлы мысалдармен дәлелдей түседі. Бірақ біз мақаланың осы тұсын газет мүмкіншілігін ескере отырып, қысқартуға мәжбүр болдық.
…Қазір белгілі ғалым, академик, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің ректоры Нұрғали Мамыров мырза жетекшілік ететін «Әлмерек» мәдени-тарихи қоғамдық қоры жұмыс жасап тұр. Осы қордың ұйымдастыруымен кезінде бабаның мүрдесі қолға алынып, кесенесі көтерілді. Райымбек ауданында салынған мешітке бабаның аты берілді. Жазушы Төлен Қаупынбайұлының ұйымдастыруымен «Батыр баба Әлмерек» атты сырт пошымы тәп-тәуір жинақ та шықты. Бұлай айтып отырғанымыз, бұл жинақ Әлмеректің өз өмірінен гөрі, бабадан өрбіген кейінгі ұрпақтарының өмір жолдарын көбірек қамтыған сияқты. Әлмеректің абыздығы, әулиелігі, дуалы ауыз батагөйлігі туралы мардымды ештеңе жазыла қоймаған. Бәлкім, кітапты жедел шығару қажеттілігінен деректер жинақталып үлгермеген болар… Қадап айтар нәрсе, осы қор соңғы уақытта өз жұмысын саябырсытып алды. Сол саябырсудан, орны толмас өкініш, абыз ата Әлмеректің 350 жылдығы атаусыз қалды. Қайырымдылық қоры құрылған кезде қордың басқару алқасы құрамында елдің бірсыпыра сөз сөйлер, белгілі ақсақалдары болып еді. Солардың бір-жары соңғы жылдары өмірден өтті. Қор жұмысының саябырсып қалуы әлде сол аузы дуалы ел ағаларының жоқтығынан болып отыр ма? Әйтпесе, кезінде облыс әкімі болған Серік Үмбетов мырза айтқандай, абыз ата Әлмеректің 350 жылдығы қарсаңындағы үгіт-насихат және қажетті ұйымдастыру жұмыстарын, бізден де бұрын, ең алдымен осы қоғамдық ұйым жүгіріп жүріп ұйымдастыруы керек еді. Кейінгі кезде жаппай қалыптасып кеткен жаман әдет, елден жылу жинағанша, әкімдіктен де бұрын Үкімет алдына осы қоғамдық ұйым шығып, неге мемлекеттен қаржылай көмек сұрамасқа?! Осы шабандықтың салдарынан абызымыздың мерейтойы Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындайтын республикалық деңгейде аталып өтетін атаулы күндер тізбесіне де ілінбей қалып отыр. Бұл кімді де болса ойландыратын мәселе емес пе?.. Жалпы, біздің бұл әңгімеміз істелген жұмыстарды жоққа шығару үшін емес, алдағы уақытта қамтылуға тиісті істерге қозғау салу үшін айтылып отыр.
Ендігі әңгіме Әлмеректің жеке басына байланысты. Әлмерек жас кезінде көзсіз батыр, орда бұзар отыз жасында би, кемел жасында аузы дуалы батагөй абыз болған жан. Мұның қабатына көріпкелдігі мен әулиелік қасиетін тағы да қосыңыз. Кіші жүздің әйгілі Әйтеке биі өзінің жан серік досы, өз кезінде «Жеті адамға жан берген» атанған әз Мүсірәлі пірмен бірге қонақжай Қарқараға келіп, айлап жатып, әңгіме-дүкен құрып кетуі де Әлмеректің осы қасиеттерін мойындауынан. Сонда, бір басына үйіліп төгілген осыншама қасиетті жинай білген абыздың халық үшін кім болғандығын таразылай беріңіз. Зерттейтін ғалым, зерделейтін пайым болса, қазақ тарихының бүгінге дейін жабулы жатқан жарасымды бір беті емес пе?..
Сосынғы бір мәселе Әлмеректің өмір тарихына байланысты. Әлмеректің мүрдесі Алматының маңында Алатаудың баурайында жатқанымен, туылған жері Қаратауда. Бабалары Сыр бойы мен Қаратаудың аралығын мекен еткен. Мұның нақтылы дәлелі, әрі туысы, әрі өзінен кейін Албан тайпасының бас қолбасшысы болған Ханкелдінің әкесі Сырымбет абыздың сүйегінің Шиелінің маңына қойылуы. Қазір басына үлкен күмбез көтерілген. Абыздың кенже екі баласы Еділ мен Жайық кіші жүздің қызы Ырысты анамыздан. Балаларына есім таңдауда төркін жұртын еске алған аяншыл анамыздың ұсынысы құп алынған сияқты. Айтылып жүрген тағы бір аңыз — Ырыстының Домалақ ана сияқты ерекше қасиетке ие болғандығы, екінші бір аңыз, ол кісінің перінің қызы атануы. «Батыр баба Әлмерек» кітабында осы аңызды бабаның баласы Жәнібектің әйеліне апарып телиді. Дұрысы, перінің қызы әр уақыт тәнін таза ұстайтын, дәреті үзілмейтін, тылсым қасиетке ие жан. Бұл жағынан қарағанда жол Жәнібектен гөрі Әлмеректің өзіне түседі… Бұны айтып отырғаным, Ораз Қауғабай бауырымыз өз кітабында «Еділ-Жайық» толғауынан деп мынадай шумақ келтіріпті.
«…Шешеміз Жайық жақтан келіпті ғой,
Бабаның құшағына еніпті ғой.
Тілегін анамыздың қабыл қылып,
Жаратқан екі бала беріпті ғой».
Бұл енді келісе бермейтін шумақ және Ырысты анамызға абырой да әпере қоймайды. Біз естіген аңызда бұл шумақ былай болатын.
Ырысты Кіші жүзден келген еді,
Аян боп түсіне абыз енген еді.
Бәйбіше бес баласын көрсеткенде,
Жас ару Әлмеректі жөн көреді.
Бұл енді басқаша емес пе? Біз бұл мысалдарды неге келтіріп отырмыз, Әлмерек бабамыз бір ғана Жетісу аймағына немесе ұлы жүзге ғана емес, орта жүз бен кіші жүзге де ортақ тұлға екенін айту. Біздің бұл пікірімізді Әлмерек айтты деп бүгінгі күні бізге жетіп отырған, «Қазақтың үш баласы ошақтың үш бұтындай бір шеңберге тұтасып тұр емес пе?! Сондықтан қазақты топқа, жікке бөлуге болмайды. Ошақтың бір бұты кетсе, қазан төңкеріледі. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жұдырықтай жұмылған күш бәрін жеңеді» деген өзінің аталы сөзі де растайды. Мұны ақын Әкімхан Зікірияұлының Әлмеректің Төле биді емдеп жазғандығы туралы жазған дастанындағы:
Білетін Әлмеректің қасиетін,
Төле би сонысы үшін бас иетін… — деген өлең жолдары да одан әрі толықтыра түседі. Төле би тәу еткен абыз кімді де болса қасиетімен өзіне тәу еткізбейді ме?!. Бұдан шығатын қорытынды — осы жұрт көсіле сөйлеп көсемдігін, шешіле сөйлеп шешендігін танытқан, берген батасы ел мерейін биіктеткен, ел бірлігін сақтап, татулықты темірқазық тұтқан батагөй абыз, Албан тайпасының көсемі Әлмерек Жаншықұлын шынымен-ақ білмегені ме? Білсе, бабаның 350 жылдығы неге аталып өтпеді? Үкімет қайда қарап отыр, ұрпақтары неге үнсіз? Мен осы орайда осыдан біраз бұрын осы мәселеге орай «Райымбек батырдың 300 жылдығын атап өту жөніндегі» Үкімет жанында құрылған комиссия жұмысына жетекшілік еткен, сол кездегі Вице-премьер, кейіннен Алматы қаласының әкімі болған, елінің Райымбегі мен Әйти батырын жоқтай білген Ахметжан Есімов мырзаның атына «Заң газеті» бетінде Ашық хат жазып, батагөй бабамыз Әлмерек абыздың 350 жылдығын республика көлемінде өз дәрежесінде атап өту үшін тағы бір рет қайраткерлік қамқорлық жасауын өтінген болатынмын. Іле сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовпен болған сұхбатымызда газет бетінде көтерілген осы мәселені тағы да алға тартып едім, мақаланы оқығандығын айта келіп: «…Бір «әттеген-айы» — бұқаралық ақпарат құралдары бетінде бабамызға байланысты насихат жұмыстары өз дәрежесінде жүрмей отырған сияқты. Әлмерек бабамыздың тойын біз облыс көлемінде атап өтерміз-ау. Егер осы бағытта жұмыстар жасалып жатса, жинақталған пікірлер мен ұсыныстарды Үкімет алдына қойып, бабамыздың тойын республикалық дәрежеде атап өтуге қол жеткізген болар едік…» («Заң газеті» №30, 2. 02. 2007 ж) деген сөзі қамшы болып, көтерген мәселемді қайта тірілтіп, бұл мәселеге сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Е.Ертісбаев мырзаның да назарын аударған мақала жазғанмын. («Болмашы сылтауды көлденең тарта бермейік. Тағы да Әлмерек абыздың 350 жылдығы туралы», «Заң газеті», №176, 2007 ж.) Бірақ дер кезінде көтерілген осы мәселелер тиісті орындардан қолдау таппады. Бұған кім кінәлі? Өз тарихын әлі жетік білмейтін халқымыз ба, болмаса осы жағдайларды үйлестіріп отыруға тиісті Үкімет пе, әлде бабаның бос белбеу ұрпақтары ма?..
«Ештен кеш жақсы» демекші, осы бағытта ойланып, тірлік жасайық, ағайын.
Бақтыбай Айнабеков
Пікірлер