Үнің зорайып, халқыңның рухын көтере бер, «Қазақ радиосы»!
Қазақ журналистикасының тарихын зерттеушілер арасында радио тарихын 1912 жылдан бастап қарастыруды алға тартатындар да бар. Олар өткен ғасырдың басында, Форт-Александровск мен Түркістанда болған радиостанцияларды негізге ала отырып, «Қазақ радиосының» тарихын әріден қарастырады. Алайда профессор Намазалы Омашев бастаған ғалымдар бұл радиостанциялардың аудиториясының тарлығы, түрлі ведомстволарға бағынышты болғандығы, тек әскери мақсаттарға қызмет еткендігі секілді бірнеше себептерді алға тарта отырып, радио тарихын 1921 жылдың қазан айынан бастайды.
«Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 29 қыркүйектегі шешімінің республикалық радионың дүниеге келуіне тікелей әсері болды. Онда «қазан айынан бастап Орынбордағы радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық берілді» («Қазақ журналистикасы» кітабының «Қазақ радиосы» атты 3-томы, 11-бет, «Таймас» баспа үйі, Алматы, 2008 жыл) дейді. Бұл қазіргі журналистика тарихындағы орныққан пікір. Сонымен, қазақ әлеміне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қастерлі ұжым — «Қазақ радиосының» құрылғанына биыл 95 жыл толды. Өткен ғасырдың басында алаш жұртының астанасы болған Орынборда 1921 жылы шаңырақ көтерген радио күллі қазақ даласына жаңа үкіметтің түрлі үндеулері, нұсқаулар, мәліметтер, жаңалықтар таратумен өз жұмысын бастаған радио біртіндеп кемелдену сатысын бастан кешірді. Сол тұстағы саяси шешімдерге сай республика астанасы Қызылорда жеріне ауыстырылғанда, «Қазақ радиосы» да 1926 жылдың 3 қазанынан бастап өз қызметін сонда жалғастырды. Кейін астананың Алматыға көшірілуіне байланысты 1931 жылдан бастап ұзақ уақыттар бойы «Алматыдан сөйлеп тұрды». Қазіргі күнде «Қазақ радиосы» тәулік бойы, қазақ, орыс, неміс, ағылшын, корей, ұйғыр, әзірбайжан, түрік және татар секілді 9 тілде хабар таратады.
«Ұлттың үн жариясы» болған радио биылғы мерейлі 95 жылдықтың орайына түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізіп жатыр. Соның бірі — жуырда Астанадағы Қазмедия орталығында өткен «Халықаралық байланыстар орнатудағы радионың рөлі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Ресей, Германия, Қытай, Түркия, Қырғызстан, Англия т.б. елдердегі «Қазақ радиосының» әріптес мекемелерінен келген лауазымды тұлғалар конференция кезінде радионың қоғамдағы өлшеусіз рөлі мен қазаіргі жаңа технологиялар дәуіріндегі маңыздылығы, оның қызметі жайлы құнды пікірлерімен бөлісті. Қазақстандық БАҚ саласында қызмет етіп жүрген талай журналистің ұстазы болған көрнекті ғалым Намазалы Омашев ағамыз ұлттың рухани және қоғамдық өміріне қосқан өлшеусіз еңбегін жоғары бағалады. Өзі де радио тарихын тереңдеп зерттеп шыққан ғалым ағамыз Мәскеу мұрағаттарынан білгеніндей, Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы мен Ленин арасындағы кездесулер барысында радио ашу ісінің талқыға түскендігін, Ахаңның көрегендігінің арқасында «Қазақ радиосының» іргетасы қаланғандығын сөз етті. Келесі кезекте сөз алған Парламент сенатының депутаты Жабал Ерғалиев оның қазақ көшіне тікелей ықпалы жайында толғады. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш «Қазақ радиосы» арқылы шетелдерде тұратын қазақтарға Отанға оралуға үндеу тастаған еді. Одан бұрын да шетте жүрген ағайындарымыз «Қазақ радиосын» жастықтарының астына жасырып жүріп тыңдап, Қазақстанның тыныс-тіршілігіне құлақ сап жүреді екен. Міне, ел мен елдің арасына көпір болған «Қазақ радиосының» ықпалымен елімізге қандастарымыз көшіп келіп жатыр», — деп ризашылығын білдірді. Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық, саяси газеті Бас директорының бірінші орынбасары, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының Бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы да қара шаңырақты 95 жылдығымен құттықтады. «Қазақ радиосы! Осы атаудың өзі Кеңес империясы кезінде қазақ халқының рухани жан дүниесін жылытып тұрушы еді. Ол кезде мынау заманауи құралдар жоқ болатын. Тіптен теледидар да кешегі 80-жылдарда келді. Бір ауылда бағана басына ілініп тұратын қалпақ-радиоға телміріп, қызығып құлақ түретінбіз. Кейін әр үйде саңқылдап тұрған «Қазақ радиосы» ұлттық рухани дүниеміздің жаршысы болды. Қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаевтың саңқылдаған қоңыр дауысы әлі де құлағымда жаңғырады. Жаңа ән, жаңа күй, тұтас спектакльдер қойылымын, Аққағаз Мамбетованың, Мәлік Құланбаевтың дауыстарын, «Ерден атайдың ертегілерін», футбол комментаторларының үндерін, жаңалықтар тасқынын «Қазақ радиосынан» естіп өстік. Сөз құдіреті, шешендік өнер, сөз патшасы — осының бәрі «Қазақ радиосы» арқылы жарқырай төгіліп жүрегімізге жетті, қазақтың, Алаш рухының сақталуына өлшеусіз еңбек етті. Небір өнер тарландарын тәрбиелеген, толқын-толқын ұрпағымыздың жер бетінен рухани жағынан жоғалып кетпеуіне игі әсерін тигізген «Қазақ радиосы» қазір 95-ке келсе де, әлемдік БАҚ көшінің алдыңғы шебінде келеді.
«Қазақ радиосы», оның ұжымы қазір тәуелсіздігіміздің мәңгілігі жолында зор қызмет атқарып отыр. Ол қазір өскен, кемелденген. Үні де зор, сөзі де кемел. Біз «Қазақстан ZAMAN» газетінде, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтында «Қазақ радиосының» бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы көлемді сұхбат бердік. «Қазақ радиом», үнің зорая берсін, халқыңның рухын әрдайым көтере бер!» — деді Сәуле Мешітбайқызы.

Конференциядан кейін Қазмедия ғимаратының концерт залында «Қазақ радиосының» айтулы жобаларының бірі — «Ұлы дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің гала-концерті өтті. Осымен екінші рет өткізіліп жатқан сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, шетелдерден көптеген әншілер қатысып, бақтарын сынапты. Концертке өнерпаздармен қоса мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғалары, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар келіп жатқан 95 жылдық мерейтойға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. «Сіздер бір ғасырға жуық уақыт бойы халқымызды танымы терең, мазмұны зор хабарлармен сусындатып келесіздер. Тәулік бойы тарататын «Қазақ радиосы» ел тәуелсіздігін тұғырлы етуге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ел бірлігін нығайтуға лайықты үлес қосуда. Бүгінгі мерейлі шақта зор денсаулық пен береке-бірлік, шығармашылық табыстар тілеймін. Жағымды жаңалықтардың жаршысы болып, мәңгілік елдің мызғымас құндылықтарын барша халықтың жүрегіне жеткізе беріңіздер!» — депті Елбасы.
Биыл Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінде «Қазақ радиосы» ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатын» алған болатын. Ал сахна төріне шығып, өзінің жүрекжарды лебізімен бөліскен мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Қазақ радиосының» кітапханасына өзінің 8 томдық жинағын сыйға тартты. Көңілді концерт барысында биылғы бәсекеде бақтарын сынап, тыңдармандардың ғаламтор арқылы берген дауысы мен қазылардың шешіміне сай жүлделі орыннан көрінген өнерпаздар «Қазақ радиосы» тағайындаған марапаттарын алды.
Жедел ақпараттармен қоса тамаша ән-күймен ұлан-байтақ Қазақстан даласы мен алыс-жақын шетелдерде тұратын қазақ қандастарымыздың құлақ құрыштарын қандырған, рухани өмірге нәр беріп, қоғамға өлшеусіз үлес қосқан «Қазақ радиосының» болашағы жарқын болып, жұлдызы жарқырай беретініне сеніміміз кәміл.
Пікірлер