Рух майданының қаһарман қызы

Қоғам қайраткері, белгілі журналист, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызы 70 жаста

0000111 «Сәуле Мешітбайқызы жетпіске келген өмір жолында еліміздің жүріп өткен сындарлы жолының куәгері бола отырып, көшпенділерден бермен созылып келе жатқан ұлы дала тарихының жарқын беттерін сомдауға қомақты үлес қосқан бірегей жан. Қазақ топырағындағы тәуелді болып,
тығырыққа тірелген жылдарда болып өткен саяси-әлеуметтік мәселелердің шынайы жаңғырығын санасына тоқи жүріп, күрделі шешімге келіп, саналы түрде, қаймықпай, тіл майданының от тамғанқылышы болды. Тағдыр-талайы Орталықтан шешілетін дәуірде де өз халқының мүддесін назардан тыс қалдырмай, ұлт жанашыры ретінде небір азаматтар тасада бұғып қала бергенде, нағыз намысшыл қазақ қызының бейнесін сақтай білді. Тіліміз жанданып, тұғырлана бастаған мезетте жаңадан құрылып, қалыптасуының алғашқы жылдарында ізгі дәстүрлерді сақтай отырып, жаңа сипаттағы ана тілді оқыту, үйретудің бағыт-бағдарын белгілеуде айтарлықтай еңбек сіңірді. Түн ұйқысын төрт бөлгізген елі мен жерінің толғақты тағдыры кертолғауға салдырып, Махамбет пен Исатайдай ширықтырғаны айдан анық. Сәуле Мешітбайқызының ұлт, тіл намысын қорғау сабақтары келелі де мақсатты дүниеге айналып, осы жолдағы кісілік келбеті мен кәсіби шеберлігін шыңдап, шәкірттерін, әріптестерін, ізбасарларын әлі де биік асуларға бастап келеді. Сәуле Мешітбайқызына өзгерістер мен жаңғырығуларға толы дәуірде, жаңа өмірлік салт-дағдылардың орнығуы кезеңінде өмір сүруді тағдыр өзі жазғандай. Жаңа ілімдерді игеруге деген толастамас өмірлік қуат, құмарлық, қордалы іс-тәжірибе әрі айрықша ұйымдастырушылық қабілет, ат сүрінгенше ақыл табатын ерекше тапқырлық ол кісінің ұстаздық, қазіргі кездегі «Қазақстан ZAMAN» газетіндегі басшылық қызметтегі уақыт мезетінде жарқырай көрінді.
Аса құрметті, аяулы ұстазымыз, тіл анасы, Сәуле Мешітбайқызы, көңіліңізге киіз туырлықты қазақтың рухы дем бере берсін. Шөбі шүйгін, суы бал, топырағы қасиетті сайын даламыздың, аспарадай асқаралы жұртымыздың, тіліміздің сақшысы, қамқоршысы бола беріңіз. Жусанды даламыз бен ақ бас тауларымыздың, төрткүл дүниеге дабылы кеткен түркі бабаларымыздың келелі ісінің мирасқоры деп білеміз сізді». «Тіліміздің сақшысы, тіл анасы» деп баға берген Сәуле тәтейімізге деген біздің толғауымызға да назар аударыңыз. С.Мешітбаева өзінің туған ауылында мұғалім болғанда да, Алматы қаласында А.Жұбанов атындағы саз мектебінде қызмет еткен жылдары, «Қазақтелеком» АҚ компаниясында мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтудегі тынымсыз еңбек еткенде де адамдардың зор құрметіне бөленді. Ол кісі, сондай-ақ, ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен, идеяларының көптігімен ерекшеленетін. Және ойға алған, жоспарлаған іс жобаларын шеберлікпен көпшіліктің қолдауы арқылы жүзеге асыратын еңбекқор жан С.Мешітбайқызы отыз жылдан аса ұстаздық еткенде балалардың нәзік жүректеріне жол таба білетін. Ана-ұстаз ретінде үлкен жүректің нұрымен жүздеген қиын балалардың болашақ өз жолдарын тауып, кейін мемлекетіміздің зор қайраткерлері, үлкен өнер иелері болуларына игі ықпал етті. «Қазақтелеком» компаниясы қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген құштарлығын арттыру жөніндегі жоба-байқаулары бүкіл республикаға үлгі-өнеге болып, ол зор халықтық сипат алды. С.Мешітбаева Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысына зор үлес қосты. Телекоммуникация саласына 1000-дай термин әкелді. Сәуле Мешітбайқызының «Қазақтелеком» АҚ компаниясындағы 10 жыл қызметі барысында осы саладағы мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде өзіндік қолтаңбасы қалды. Бірнеше әдістемелік құралдар мен сөздіктердің авторларының бірі. Осы саладағы еңбектері үшін министрліктің және «Қазақтелеком» АҚ президентінің Мақтау грамоталарымен мара- патталды. Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінде жұмыс істеген соңғы бес-алты жылда С.Мешітбайқызы өзін тың қырларынан көрсетті. Үлкен тақырыптарды көтеріп, соларды жеріне жеткізіп жазды. Ол кісі қоғам қайраткері ретінде зор мәселелерді көтерді. Тіл, дін, тарих, оралман және басқа да алуан ұлттық тақырыптарда мақалалар жазып, көпшіліктің назарын аударды. Қай мақаласындаһ болсын мемлекетіміздің болашағына алаңдап, салиқалы ой-пікірлерін батыл түрде бере білді. 964980_165045317008203_1961032564_oСондай-ақ, ол кісі күнделікті қоғамдық өміріміздегі қоғамдық оқиғаларға белсенді түрде атсалысады. Осы қызметке 2008 жылы 63 жасында келді. Республикамыздың 14 облысына жылына екі рет экспедицияға шығып, 160 ауданның 100-ден аса ауылдарында болып, бұқара халық пен билік арасында алтын көпір болды. «Қазақстан — 2050» стратегиясын қалыптасқан мемлекеттің және саяси бағытын, Президенттің Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға және басқа да үкіметтік шараларды, шетелдік ақпарат құралдарындағы мемлекетіміздің оң имиджін қалыптастыруға шығармашылық қызметімен қызу қолдап келеді. Мінеки, тәтеміз 70 жасқа толып отыр. Жастарға үлгі боларлықтай қажыр-қайраты мен білім парасатын ұлтынан, елінен аянған емес. Елбасына адал қызмет ете жүріп, қыруар істерді атқарды. Жүргізіп жатқан сан алуан жұмысы оның қоғам өміріндегі көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген күрескер, қоғам қайраткері екендігін дәлелдейді. Сәуле тәтейдің мейірім төгілген жүзінен рухта- нып, аналық дархан махаббатынан күш алып, қияға самғағандар қаншама! Қамыққанды жұбатқан, шаршағанды демеген кездерін сан тараптағы шәкірттері мен әріптестері тамылжыта жазып жатыр. Құттықтау хаттар легінде шек жоқ. Біз ол құттықтау хаттарды, ыстық лебіздерді, жүрекжарды тілектерді алдағы уақытта сайтымызға сыналап беріп отырамыз. Оған төменде өздеріңіз куә боласыздар. Сәуле тәтейіміз біздің ұжымның анасы десе де болады. Ол кісі 2014 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Сондай-ақ, министрліктің Мақтау грамоталарымен марапатталып, 2013 жылы «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған журналистердің «Нұрсұңқар» байқауында номинант болса, сол жылы «Ақ жол» партиясының ұйымдастырған байқауында ең үздік журналист атағымен қоса ақшалай сыйлыққа ие болды. Тағы да 2015 ж. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» медалі, 2012 ж. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хаты», 2015 ж. «Ауылшаруашылық саласының үздігі» медалі, 2015 ж. Монғол Халық партиясының 90 жылдығына орай «Құрмет медалімен» марапатталғанын мақтанышпен жеткіземіз.
«Қазақстан ZAMAN» газеті Бас директорының бірінші орынбасары болу нағыз нар көтерер жүкпен тең. Газеттің іссапарлары, қаржы мәселесі,
ішкі жұмыстары, билікпен келісімге келу тәрізді жұмыстарды атқарумен бірге Сәуле тәтей биыл айды аспанға шығарып, «ЕлАна» сайтын ашты. Қазір бұл сайт ғаламтор әлемінде ең беделді сайттың бірі. Зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырмай, қазақ қоғамына, тәуелсіз еліне, ардақты тіліне үлес қосудан талмай келе жатқан Сәуле Мешітбайқызын ұжымы ғұмырының баянды бір белесіне көтерілген мерейлі жасымен құттықтайды. Бала-шағасының ортасында, немере-шөбересінің қызығын көріп, шәкірттеріне қамқоршы ана болып, ұлтымызға адал қызмет жасайтын Алаш азаматтарын тәрбиелей берсін дегіміз келеді.
Зор құрметпен, «Қазақстан ZAMAN»-ыңыз
және «Мөлдір бұлақ» журналы

Сәуле Мешітбайқызының анасы, «Батыр ана» 13 құрсақтан 28 немере, 45 шөбере, 5 шөпшек көрген, үлкен әулеттің «алтын құрсақ анасы», 92 жастағы Жұмақыз Әбішқызы: «Сәулешім әкесіне тартқан.» 

Қасымбек қажы атамыздың әулетіне 1941 жылы келін болып түстім. Сәулем балалардың үшіншісі. Тұңғышым Лиза 1943 жылы дүниеге келді. Соғыстан жаралы болып қайтқан атамыздың ағасы Лизаны бесікте жатқан же- рінен «өздерің баласыңдар, сендерге баланың керегі не» деп, сұрамастан үйіне алып кетті. 1944 жылы Данық атты ұлымыз дүниеге келді. Данықты да атамыздың ағасы «бала менікі» деп (тауда жылқы бағушы еді),1292981_208603635985704_596667146_o тауға алып кетті. Соғыстан кейінгі арпалысқа толы қалпына келтіру жылдары «маман жетіспейді, оқуың бар» деп жұбайым Мешітбайды колхозға бастық етіп қызметке қойды. Ел «бала бастық» деп атап кетті. Үкімет міндеттеген қатаң та- лапты іске асыру оңайға түскен жоқ, мінезі де қатаңдау болды. Араға екі жыл салып, 1946 жылы Сәуле дүниеге келді. Уақыт деген зыр етіп өте шықты, шүкір, бүгінде қызым 70 жасқа келіп қалыпты. Мінезі әкесіне аумай тартқан. Көңілі келсе, астындағы атын беретін дарқандығы, сатқындықты, арамзалықты көтере алмайтын, алмастай қиып түсе, бетің бар, жүзің бар де- мей айтып салатыны, жұмыстың артынан қуып жүріп қиындығын мойнына ала, нәтижесіне жет- кенінше аямай тер төгетіні де аумаған әкесі… Жолдасым Мешітбай қандай жұмысты қолға алса да жанын беріп, нәтижесін көргенше тыным таппайтын жан еді. Бас-аяғы 3 ай ауырып, Пайғамбар жасы — 63 жасында өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін шаруа қамын ойлап, көңілін сұрай келгендерге нұсқаулар беріп жатты. Сол еңбегінің арқасы болар, Қазақ КСР-ның «алтын кітабына» аты жазылды, ауылдағы басты көшеге есімі берілді, орта мектептің бір сыныбы сол кісінің есімімен аталады. Менің жолдасым қандай басшылық
қызметте жүрсе де дүние қуып, балаларына артық қаражат жұмсап, қатарластарынан ерекшеленуіне мүлде жол берген емес. Қарап отырсам, кезінде Мешітбай «қолымда қағазым жоқ, оқимын» деп, 8 баланы ауылға қара шаңыраққа көшіріп әкеліп, әкесіне тапсырып (ол кісінің өзінің 7
баласы бар), Ташкент қаласына екі жарым жылдық ауылшаруашылық техникумының күндізгі оқу бөліміне тартып отырды. Сәуле де 50 жастан асқанда басқа саланы игеріп, «Қазақтелекомнан» бір-ақ шықты. Ол жерден зейнетке шығып, енді демалатын болды деп отырсам, ары қарай журналист болып, осы уақытқа дейін демалатын түрі жоқ. Әкесімен осынша ұқсастығын айтамын да. Қызмет бабымен көршілес Шу ауданына көшіп бардық. Елдегі сөзін тыңдатып, әділдіктің ақ туын көтеріп жүретін мінезі бар, кей кездері ауданның партия комитетінің хатшыларымен сөзге келіп қалатын кезі болатын. Сондай бір күндері совхозымызға жұмыс бабымен келген ауданның партия комитетінің хатшысы біздің үйге түсті. Дастарқан жасалып, мал сойылып дегендей құрмет көрсеттік. 945118_165044903674911_871696756_nБіраз «ащы су» ұрттап, тілдің тиегі ағытылып, қыза келе: «Әй, Мешітбай! Атың дардай, совхозың ауданның туын биіктетіп, табыстарың тасып жатқанын қайтейін, мынауың не, үйіңде не гарнитура жоқ, көзге көрінер бір дүниең жоқ, астыңа мінген «Волгаң» жоқ!» — деп, біраз кеке- тіп сөзбен түйреп алды. Сонда жолдасым (айтайын деп айтпаған шығар, ол кісінің баласы жоқ еді…): «Сәуле, Салима, Света, Құрманғали, Сәбира…» деп ары қарай балалардың бәрінің аттарын атап, «келіңдер кәне» деп, қатарынан тізіп қойды да: «Міне, мынау Сәуле — жоғары оқу орнының студенті. Мынау — болашақ райкомның хатшысы, мынау — болашақ ғалым, ал мынау менің «Волгам», менің жиғаным, берекем, дүнием, болашағым осылар», — деп айтып салды. Елдің бәрі үнсіз, ана кісі сылқ түсіп жастыққа құлай кетті. Шүкір Аллаға, Сәуленің босағасында өз балаларым ғана емес, қазір небір бастық, ғалым, атақты өнер тарландары болып, елді аузына қаратып жүрген азаматтар мен орнын тапқан қыздарымыз білім алып, өмірге жолдама алып аттанып жатты. Əкесі халықтың алғысын көп алған, дүниеге қарамаған еді, елдің жоғын өз жоғындай жоқтап жүретіні, көпшілдігі сияқты қасиеттер әкесінен дарыған. Атадан балаға жеткен осындай қасиет әр баланың бойына дарыса қане? Сәуленің аттан түспей қызу еңбек ортасында жүруі мен біраз әңгімелеген жолдасым Мешітбайдан мұра болып қалған қасиет болса керек. Алла қашанда Сәулеме денсаулық, отбасына береке берсін, балашағасының рақатын көрсін. Абырой берсе екен деген тілектемін, шырақтарым.

Сәуле Мешітбайқызының тетелес сіңлісі Сәлима Мешітбайқызы: «Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін асыл әпкем»

Алдымыздағы екі баланы кісіге берген соң, үйдің үлкені болып Сәуле қалды. Әкеміз ерекше еркелетіп, бетінен қақпайтын. Үлкейе келе әкей кейбір шаруалары туралы ақылдасып, жөн сұрасып отыратын еді. Бала болғанмен, үлкеннің ойымен ойлану, бала болып беталды секектемей, көбіне қонақтармен бірге отырып, әңгімелерін тыңдау осы уақытқа дейінгі «өмір мектебіне» үлкен сабақ болды деп ойлайтынмын. Жаз болса жайлауға малшыларды аралауға, шаруашылықты аралағанда да әкеміз реті келіп жатса Сәулені алып кетуші еді. Әкеміздің Сәулеге деген ықыласы ерекше еді. Артымыздан өмірге келген балаларды екеулеп қарадық. Үйдің тазалығы, балалардың тамағы, кір жуу сияқты толып жатқан жұмыстардың ауырын Сәуле өзіне алатын, қалғанын шамамызға қарай бәрімізге бөліп беретін. 1004749_165044853674916_1820132832_nОның қонақ шақырғысы келіп тұратын әдеті әлі қалған жоқ. Әсіресе соғым уақытында «қызық екен, ұрлап жегендей болмайықшы» деп, қызметтестерін, алыс-жақын туыстарымызды, балаларының жолдастарын шақырып жатады. Есейіп, жоғары оқу орнында Сәуле ҚазПИ-де мен ЖенПИ-де екі курс төмен оқыдым. Сабақтан шыққан соң, күнде ҚазПИ-ге барып, сабағымды сонда дайындап, кешке қарай ең соңғы троллейбуспен жатақханаға оралатынмын. Менен күнде хабар алып, қатаң қадағалап отыратын. Қайда жүрсе де атқарған қызметінде өзіне де, өзгеге де талап қоя білу қанына сіңген. Кейде кейбір іс-әрекеттеріне таң боламын. «Шаршамайды екенсің, демалсаңшы» дейміз. Бір қызығы, бір-екі күн демалса, ауыра бастайды. Ауырса, ешкімнің мазасын алмайды, «ешкімге айтпаңдар, жазылып кетемін» деп, өзімізді басып отырады. Жақында
сөзден-сөз шығып кетіп, жәйбарақат қана «айтқаным бар, айтпағаным бар, маған тоғыз рет ота жасалыпты-ау, ә?» деп отыр. Шыдамдылығына таң боламын! Аллаға шүкір, ұл-қызы бар, немере- шөберелері бар. Қалай демалса да болады. Бірақ жұмысы өте көп. Елдегі болып жатқан жағдайдың бәрі осы кісінің жүрегінен өтіп жататын сияқты болып тұрады маған. Өзінің қажеті бастан асып жатса да, басқаның қажетін бірінші орынға қояды. Біреудің «осы сіздің қолыңыздан келеді деп сұранып тұрмын» деген өтінішін жеріне жеткізбейінше мазасы кетеді. «Артынан қалмай, қуып жүріп жақсылық жасаған сізді көрдім» деп қалжыңдап қоямын. Тағы бір айтулы оқиғамен бөлісейін: Алла қалап, Қасымбек датқа қажы бабамыздың жолымен 2012 жылы үлкен қажылыққа бару бақыты екеумізге бұйырды. Біздің әулеттен 2006 жылы жоғарыда атап өткен Лиза бауырымыз қажылық парызын өтеп қайтқан еді. Менің түйсігімде жақсылыққа жақсылық тек Алладан қайтады. Қайтқаны осы шығар, жетпіске келсе де аттан түспей, елім-жұртым деп шапқылап жүргені. «ЕлАна» атты сайт ашу барысындағы бір ұжым жасайтын тірлікті екі-үш кісімен атқарып, бұл күндері сайт оқырмандардың саны жағынан алдыңғы орындардың бірі болып тұрғаны өз алдына үлкен әңгіме. Осындайда айтпасаң, мақтануға, мақтауға ыңғай бере қоймайтын жан. Қашанда өсіп келе жатқан жас буынға жол көрсетіп, жөн сілтейтін осындай Аналарымызға Алла қуат берсін! Анамыз жасаған жастан асып, еңбегінің рақатын, ұрпақтарының қызығын көрсін деген тілектеміз.

Енесі, 96 жастағы Ділдә әже: «Жүздің жасын, мыңның басын берсін!»

Ағайынға қамқор, абысынмен тату, бауырға мейірімді Сәуле келінімді 70 жас мерейтойымен құттықтаймын. Өмір жасың ұзақ болсын! Еңбегің жансын. Аллаға разымын, немере, шөбере, шөпшек сүйдірдің. Қолымды жылы суға салып, мені де бағып отырсың. Ақ батам, ақ тілегім: Бақыттың базарында, Алланың назарында бол. Алла саған жүздің жасын, мыңның басын берсін. Менің жасымды да, жолымды да берсін!

Асхат Сәйпиұлы Күзеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты: «Ол — тіл майданының нағыз күрескері.»

Бүгінгі таңда қазыналы 70 жастың алып асуын бағындырып, халық алдына атақ-абырой мен үлкен беделге ие болып отырған Сәуле Мешітбайқызын «Қазақтелекомда» бірлесе жұмыс істеген уақыттан білемін. Сәуле апайдың бойындағы маған бір ұнамды қасиеті —турашылдығы. Хан демей, қараша демей, адамдарға бірдей қарайтын қарапайымдылығы, тектілігі, ісіне деген адалдығы. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін тындырымдылығы. Содан нәтиже ала білуі. Міне, осы қасиеттеріне тәнті бола жүріп, үлкен сыйластық қарым-қатынас деңгейіне дейін көтеріліп, осы уақытқа дейін арамыздағы сыйластық жібі үзілген емес. Мен «Қазақтелекомда» облыстық филиалды басқарып тұрғанымда, Сәуле Мешітбайқызы тіл майданының төсіне түрен салып, алғаш рет осы мәселені алып компания деңгейіне көтерген адамдардың бірі болатын. Осы кісінің үлкен тәжірибе мектебінен өткен жас мамандар осы күнге дейін жақсы сөзбен ауыздарынан тастамай отыруы да жайдан-жай емес. Сәуле апайды асу бермес асқар шыңның белестерінен әлі де көре бергім келеді. Мерейтойы мерейлі, денсаулығы мықты, жұмысы жемісті, қолға алған ісі келісті, бала-шағасы аман, өзі жанын бере сүйетін елінің Еланасы болып жүре беруіне тілектеспін.

«Мен анам арқылы қазағымды таныдым»

Ернар Мыңтаев, Мемлекеттік Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартетінің жетекшісі, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» орденінің иегері, Бірнеше дүркін халықаралық конкурстың жеңімпазы, Президенттің «Болашақ» бағдарламасымен Швецарияда білім алып келген, бүгін ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
— Анамның өжеттілігіне, табандылығына қайран қаламын. Ес жиып, ат жалын тартып мінгелі тек қызу еңбек үстінде келеді. Бір сәтке ұлт мүддесін есінен шығарған емес. Анамның «ұлтым үшін аянбаймын» деп қайрауға салған отты сөздерін өзіме қаратып айтқан сөз деп бағалаймын. Өйткені анамның ел мүддесі үшін еткен еңбегі — маған берген тәрбиесі. Анам арқылы қазақтың боямасыз өмірін, намысын, ар-ожданын тани алдым. Бұл да, әсіресе, ақ жаулықтылар қатарынан көріне бермейтін аса дарындылық, асқан шеберлік! Мен анамды дарынды басшы, талантты ұйымдастырушы, көреген психолог десем, артық айтқандық болмас. Бойымдағы тамшыдай таланттың көзін ашып, қатарға қосқаны — соның айғағы. Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде қаншама дарынды жастарды жетелеп жүрді. Олардың көбі бүгінде елге танымал азаматтар. Ал менің жеке басымның жетістіктері анамның еліміз үшін төккен терінің бір тамшысы ғана. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің озық оқу орнында тәлім алуым да үйдегі ұстазымның асқан еңбегінің жемісі. Анама үрім-бұтақ ортасында мың жасаңыз дегім келеді!

Бауыржан Шақарбекұлы, «Ұлт бірлігі» қоғамдық қорының президенті: «Сәуле апайдың мақалаларын шеттегі бауырлар да оқиды»

Сәуле апайымызды алғаш рет 2010 жылы маусымның ортасында көрдім. Бізді газет тарапынан ұйымдастырып жатқан, шетелдерден келетін
қандастарымыздың көші-қон мәселесі төңірегінде болатын дөңгелек үстелге шақырған еді. «Қазақстан ZAMAN» газетінің Астанада бөлімшесі
бар екенін, онда Сәуле Мешітбайқызының басшылық ететінін сол кезде білдім. Жиналысты апайымыз өзі басқарып, жүргізіп отырды. Қатысушылардың арасында журналистер, орал- ман ағайындардың өкілдері бар екен. Мұнан да қызықтысы шеттен келген ағайындар үшін «қол жетпейтін жұлдыз» болып тұрған Қабылсаят Әбішев мырзаның өзі келіп отырғаны еді. Ол кісі сол тұста көші-қон комитетін басқаратын. Жина- лыс басында қалыпты басталып, көп өтпей қызу талқыға айналып кетті. Әбішев мырзаға қарша бораған сұрақтар мен пікірлер, айтылып жатқан ұсыныстар мен көзге ұрып тұрған кемшіліктер — барлығы қағыс қалған жоқ. Сонан бері оралмандардың көші-қоны мәселесі — «Қазақстан ZAMAN» газетінің жалықпай көтеріп келе жатқан тақырыптарының бірі. Сол үшін де газет басшыларына, журналистерге алғысымыз шексіз. Әрине, бұл жұмыстың басын- да Сәуле апайымыздың тұрғаны анық. Ол кісі өз қаламынан да осы төңіректе бірнеше сүбелі мақалалар жариялады. Бір күні Қытайда тұратын бір досым «вичат» парақшама бір мақала жіберіпті. Бас жағына «мына мақаланы жазған авторды естіген шығарсың, сендер жақтан шыққан мақала екен. Шыңжаңдағылар төте жазуға өзгертіп, «вичатқа» салыпты. Жұртқа көп таралып жатыр, қаралымы неше жүз мыңға жетіпті. Елдің барлығы разы болды, шіркін, осы айтылғандар патшаның назарын аударса ғой… көші-қон жағдайы жақсарар еді…» — деп жазып қойыпты. Ашып қарасам, Сәуле апайдың суретінің астында «Заң жүзеге асса, 5 миллион қазақтан тірідей айырыламыз» атты Елбасыға арнаған мақаласы екен. Сөйтіп, Парламетте мақұлданып, бүкіл елдің пікірін тудырған «көші-қон заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулардың» кемшіліктерін ашып айтып, дәлел-дәйектерін жан-жақты келтіре отырып жазған мақала арғы беттегі қаншама адамның жүрегіне жеткен еді. Кейінгі уақыттарда елге оралған көзі қарақты азаматтардың бірталайы аталмыш мақаланың Қытайдағы, Монғолиядағы ағайындар арасында кеңінен таралып, халықтың разылығына бөленгенін айтып жүрді. Қадірлі апайымыз биылғы мешін жылында саналы ғұмырындағы жетпіс дейтін белеске де жетіпті. Болып жатқан мерейтойыңыз құтты болсын!

 Елін сүйген еланасы Алаштың

Елін сүйген еланасы Алаштың,
«Елім!..» дедің түн сейілтіп, таң астың.
Туған елдің туын биік көтеріп,
Ақ жолыңа нұрын төкті азат күн.
Шындық үшін шырылдадың, таластың,
Аймен ару, күнмен көркем жарастың.
Уыз тілек ұлтқа біткен бір жүрек —
Жетпіс жаста Сәуле қызы қазақтың!
Шуақ шашқан ана тілек, ақ тілек,
Келеді, әне, келешекке бақ тілеп.
Өмір бойы өз бақытын алау қып
Әр қазақтың жүрегіне жақты кеп.
Бар арманы — Алашының бірлігі,
Жанарында жалпақ елдің жүр мұңы.
Үш арысқа көзқуаныш бұл күнде
Жетісу мен Сарыарқаның бір гүлі.
Құтты болсын асқар ала белесің!
Жерұйыққа желкен тартқан кемесің.
Ана жүрек — адамзаттың панасы,
Ана барда атар таңға сенесің!..
Қайырлы таң, қайырлы күн, бал ғұмыр
Тектілерден тал бойыңда қалды нұр.
Дана қызы, дара қызы қазақтың
Апам үшін: «…Қазақстан — жалғыз ұл».
«Жалғызыңды» жанға берме, жан апа!
Аналар бар уыз тілек тамаша!
Мерейлі жас құтты болсын мерекең,
Құдай қорғар сүйген ұлын қаласа!
Аса құрметпен, ініңіз Сабыр Адай, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер

Жүрегіне нұр толтырған «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» Сәуле Мешітбайқызына

Сәуле тәте — дана қызы қазақтың,
Жүрегіне нұр толтырған ғажап мың.
Сізді көрем Ұлы дала төсінен,
Дәнін сеуіп, мәпелеген талаптың.
Жарасымды әзілі де ұйымда,
Жолсапармен елді кезу қиын ба?!
Жым-жырт тынып тыңдап қалар жамағат
Төрге шығып сөйлегенде жиында.
Қаламынан сөз маржанын төгілтіп,
Арсыздарды жандарынан түңілтіп.
Сүйегіне жеткізеді жемқор мен
Парақорды «фейсбукке» үңілтіп.
Қайсар тәте, Сіздей болған Аналар,
Ұлтымызды сақтап қалған да солар.
Қазағымның ақ жаулықты арысыз!
Сізде, тәте, алтын жүрек және бар.
Рухы биік, жаны текті тәтешім,
Ныспыңыз да айрықша, шат есім.
Биязы тіл, сынмен түйреп деректі,
Оңалттыңыз олқы заңдар қатесін.
«ЕлАнадай» сайт аштыңыз жақында,
Тәрбие мен тәлім беру хақында.
Үлгі алсақ, тәте, Сізден алайық,
«Жеті онды» пырақ еткен тақымға.
Құтты болсын желкен керген жасыңыз,
Ұжымдағы ақыл толы «Басымыз».
Баспасөзді мұхит десек шалқыған,
Сол мұхитта жал-жал толқын асыңыз.
Светлана Муньянова, өз тілшіміз, Атырау қаласы

Аппақ әпкем
Баршаны «бауырым» деп еркелеткен,
Ақ көңіл, ақ жүректі, аппақ әпкем.
Жемісін желге шашпай, елге шашып,
«Жеті оның» құтты болсын бүгін жеткен!
Ер көңіл, қайырымды, қайсар әпкем,
Ханның да бетіне тік айтар әпкем.
Арқалап ардың жүгін, нардың жүгін
Еркек боп жаралмапсың, әттең, әттең!..
Қасын да дос көретін адал әпкем,
Қарынын тойдыратын қанағатпен.
Той қылып, жүрген жерін думан қылып,
Жақсысын бөлісетін жамағатпен.
Қызық та, қиындық та бастан өткен,
Атқардың көп қызмет ертеректен.
Зейнетте жайбарақат жата алмадың,
Жалғадың ғұмырыңды «ақпаратпен».
«Қайраткер» атануың емес тектен,
Қазаққа «Еланасың» мейір төккен.
Ашуың шәйі орамал кеппей тарқар,
Кей кезде айдасаң да «автоматпен».
Тағы да құттықтаймын салтанатпен,
Інілік сізге деген махаббатпен.
Анасы тоқсан беске толып кеше,
«Жеті онын» тойлап жатқан аппақ әпкем!
Жанбақыт Мерекеұлы

Тамыршысы дәуірдің

Дәуірінің тынысынан сыр ұққан,
Сан күресте жаны күйіп шыныққан.
Ары таза жас сәбидей былықтан,
Қанып ішкен мөлдір, таза тұнықтан,
Өзің едің, апатай!!!
Күншіл тобыр қақса-дағы тобықтан,
Жақсы адамдар періштедей жолыққан.
Тіршілікте қамыққан Һәм торыққан
Дарындыны құшағына ап жылытқан
Өзің едің, апатай!!!
Мейіріміңіз елжіреген шуақтай,
Өмір, өмір барады ағып сынаптай.
Тәліміңіз сарқылмайды бұлақтай,
Тілдің туын келе жатқан құлатпай
Өзің едің, апатай!!!
Қыранға тән көк жүзінде қалықтау,
Ұстазға тән үйретуден жалықпау.
Жүріңізші алдымызда болып сау,
Ана деген асқақ атың — алып тау,
Аман болыңыз, апатай!!!
Нағашыбай Қабылбек, «Қазақстан ZAMAN» газетінің Астана қаласы бойынша меншікті тілшісі

Сауле апайға

Дарқандығы даладай,
Қуанғаны баладай.
Бөліседі шаттығын,
Аз-көбіне қарамай.
Қазақ түгіл өзгені,
Бауырына басады,
Ру мен жүзін санамай.
Туғанын қойып тумаған…
Тондысына панадай.
Шәкіртті қатаң баулиды,
Тұмсықтан тізген танадай.
«Мал болмайсың» дей салад,
Шақты болса шанағы-ай.
Қатуланса қара бұлт,
Қабағында нажағай.
Ұмытар сосын бірдемде,
Торғын шыт дымы кепкенше,
Жан жараға баламай.
Тіліне қорған болады,
Жел өтіне қарағай.
Дінінің дағы жоқшысы,
Дүмше де емес шалағай.
Қайырлы болсын мерейтой,
Сақталсын мәңгі сана-ай.
Кереғар күнге паң күлші,
Ауырмай аман-сау жүрші,
Ата жұрттағы анам-ай!!!
Ерқазы Сейтқали

Менің сырлас апайым

Өмірде баспасөздің болсын, басқа сала болсын, өзінің бір үкілі өкілдері болады. Ол қарапайым оқырманға да ұжым ішінде де қадірі ерекше. Мен өзім және екеуара ғана түсінікті «мыстан апайым» Сәуле апайдың есімін сырттай білгелі 15 жылдан асып кетіпті. Бетпе-бет келмесем де, сол кісінің сирек те болса барлық пейілін беріп жазатын дүниелеріне көңілім толық сеніп, жүрегіме орнап қалады. Менің ойымша, ол кісінің өмір тәжірибесі қазіргі біздің баспасөздегі оның ішіндегі мынау ұлтқа, әйел тағдырына қатысты көзқарастары керек қой деп ойлаймын. Ұйымдастыру қабілеті, ой түюі, өмірден көргендерін пікірге айналдырып тұжырымдауы біздің қазіргі баспасөзге өте көрік береді. Менің ойымша, бізде Сәуле апай секілді үлкен өмір тәжірибесін жиған және айналасын өзіне қарата алатын ықпалды әйел журналистер өте көп. Осы апайларым қаламды енді ұстаған және қазір баспасөзінде басым деңгейді алып бара жатқан қыз журналистерге арнайы көшпелі лекция өткізсе де артық етпес деп ойлаймын. Сондықтан да Сәуле апайдың келген жасы құтты болсын!
Тұрсын Жұртбай, филология ғылымының докторы, профессор, алаштанушы ғалым

Маңғыстау облыстық телекоммуникация дирекциясының бас директоры Сәрсембаев Иржан Әбенұлы:

Өмір-ұстаз талай жанмен кездестіріп, талай жанмен дәмдес, сыйлас қылды. Сан қилы жандардың ішінде тау тұлға болып тұрған жерінен тастай
бүріскенін де көрдік, бір қарағанда қарапайым адамның көз алдымызда тау тұлғаға айналғанын да көрдік… Сәуле Мешітбайқызы — осы айтылғандардың екіншісіне жататын санаулы адамдардың бірі әрі бірегейі. Ол кісімен Қарағанды ОТД-да қызметтес болдым. Ол кезде Іс басқарушы қызметіндемін, Мемлекеттік тілді енгізу және дамыту комиссиясының филиалдағы төрағасы болатынмын. Әріптестік, сыйластық қарым-қатынасымыз осы жерден бастау алды. Сәуле Мешітбайқызы ішкі дүниесі, рухы соншалықты мықты жан. Бұл қасиетімен кез келген басшыны иландыра да, сыйлата да білетін. Тау тұлға деп осыны айт! Халық ішінде Сәуле Мешітбайқызы «Ел ана» деген атқа ие. Бүгінде ол БАҚ саласында жемісті қызмет етіп, «ЕлАна» сайтына жетекшілік етеді. Осынау мерейтойында деніне саулық, отбасы амандығын тілеймін, қаламының мұқалмай, елдің анасы болып, көзімізді қуантып жүре беруіне тілектеспін.

Қостанай облыстық телекоммуникация дирекциясының Бас директоры Қажымұрат Жұмабекұлы Темірханов: Шыңға біткен шынардай тектілік бар бойында Қазақ тарихында елі, халқы үшін жандарын қиған батыр аналар мен қыздар аз емес. Апамыз бір сөзінде «анамын ғой, елімнің ертеңі үшін алаңдаймын» деген еді. Ұлағатты ұрпақ, баянды болашақ, ұлт мүддесі мен тіл тағдыры үшін шыбын жанын шүберекке түйіп шырылдаған Сәуле Мешітбайқызы — қазіргі заманның ұлт жанашырларының бірі. Өзіне тән қарапайымдылығы, адалдығы, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, аналық мей- ірім шуағы кез келген ортада апайымыздың беделін асқақтатады. Отбасының ұйтқысы, мерейтой иесінің
өмірдегі ұстанымы қазақтың қыз-келіншектеріне үлгі-өнеге.
Оның «Қазақтелеком» АҚ-да мемлекеттік тілдің дамуына, осы бағыттағытың жобалардың табысты жүзеге асуына қосқан үлесі зор. Өз басым үшін үлгі тұтар ардақты апа. Қызмет жолымда әрқашан апалық ақылын айтып, жеткен жетістігіме туғанымдай қуанатын, әр бастамама рухани дем беретін қолдаушым. Ардақты апайым, сізді жүрегі үлкен, парасат-пайымы кең азаматша ретінде құрметтеймін. Осындай қуанышты мерейтойыңызда інілік ізгі ниетіммен деніңізге саулық, отбасыңызға бақыт, береке, еңбегіңізге табыс тілеймін.

 Серкан Хастүрк, «Қазақстан ZAMAN» ЖШС-ның Бас директоры:
Ақ жаулығы ақылдың туы болған әпкеміз Қазақта жақсы сөз бар, «ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген. Бүгінде Сәуле әпкеміз ел танитын тұлғаға айналды. Әпкеміз Сәуле Мешітбайқызын 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. 70 жас қарттық жас емес, қазыналы жас. Бүгінде Сәуле апайымыз бір әулеттің арқа сүйері ғана емес, бір ұжымның ақылшысы, газетіміздің жанашыры болып отыр. Ақ жаулығы ақылдың туы болған Сәуле Мешітбайқызы елана деген мәртебені ісімен дәлелдеген жан. Газетімізде жарық көрген мақалаларында үнемі өте өзекті тақырыптарды көтереді. Ұлт мәселесін қозғап, тіл, діл тақырыптарын жандандырып, газетіміздің беделін асқақтатты. Әсіресе
көші-қон, зұлмат заманында дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай болып шашылған қандастарымыз жайлы мақалаларында, ел ағаларына жазған ашық хаттарында шындықты, ақиқатты батыл айта білді. «Жемісті ағаштың басы төмен келеді» дейді ғой дана халқымыз. Сәуле апайымыз да өзінің қарапайымдылығымен, ізеттілігімен, іскерлігімен, кісілік келбетімен ұжымға жол көрсетіп келеді. «Қайратсызға өмірдің бейнеті зор» дейді. Сәуле апай, керісінше, зейнет жастан кейін өмірлік тәжірибесімен бөлісуде, бағыт-бағдар беруде алдына жан салған емес. Бүгінгі газетіміздің ажары әпкеміздің еңбегін, қолтаңбасын айқындап, жарқырата түседі. Жетпісі жолдасындай болып, сексеннің сеңгірінен асып түссін деп тілейміз. Ұжыммен әрқашан бірге болуын қалаймыз.

Ахмет Аляз, КАТИАД-тың Бас хатшысы:
Апайымды халқына, қызметіне деген адалдығы үшін құрметтеймін Шындығын айтқанда, кейбір адамдар жеке басының шаруасын, тек қана қарнының камын ойлап кетеді. Ал кейбір адамдар өзі үшін емес, өзге үшін де өмір сүреді. Бұл апайымыз өзге үшін өмір сүріп жатқан адам. Қайда жүрсе де өзінің ана тілі, халқының мүддесі үшін жаны ашып, күресіп жүреді. Мен Сәуле апайды өзі үшін емес, өзге үшін өмір сүріп жатқан жан болғандықтан да қатты сыйлаймын, қастерлеймін. Бұл кісі «Қазақтелекомнан» зейнетке шығып, «енді немерелерімді бағамын» дегенде мен апайға: «Апай, өзіңізді мәңгілік демалысқа шығарғыңыз келіп тұр ма? Сіздей еңбекқор адамға зейнетке шығуға болмайды. Адам баласының зейнеті мына жарық дүниемен қош айтысып, о дүниеге аттанғанда ғана басталады. Оған дейін жұмыс істеуіміз қажет», — дедім.
Содан өзімнің бірінші орынбасарым етіп тағайындадым. Небәрі үш жылдың ішінде Сәуле апай бұрын-соңды көрінбеген қырымен, жазушылық қабілетімен де халыққа танымал бола бастады. Осы аз ғана уақытта, әсіресе солтүстік аймақтағы газеттің құрылымын реттеп, ол жақта тілшілер тобын жасақтап, әртүрлі кездесулер ұйымдастырып, елдің мұң-мұқтажын жоқтап, бізге де, халқына да еңбек сіңіріп келеді. Бұл апайдың бізге
деген, халқына деген ынта-сүйіспеншілігінің ешқашан өшпейтіндігін көрсетеді. Мен бұл кісіні осы қасиеті үшін де қатты құрметтеймін. Бүгінгі таңда жасы 70-ке жетсе де, 18-дегі жастың рухы апайымызда әлі сақталған. Мен Сәуле апайдың қажымай, қартаймай осы қалпында халқына әрі қарай да еңбек етуіне тілестеспін. Апайымның тағы бір қасиеті — адалдығы. Бұл да кез келген адамның бойынан табыла бермейді. Шыны керек, кейбір адамдар белгілі бір деңгейге, мәртебеге жетіп алған соң, жеке басының шаруасымен кетеді немесе өзінің жеткен жетістігін жеке басына бұрып жіберетін жағдай да болады. Бірақ, Аллаға шүкір, мен бүгінге дейін бұл кісіден ондайды байқаған жоқпын. Осы уақытқа дейін халқы, тілі үшін жасаған еңбегі, алдағы уақытта атқаратын қызметі арқасында халқының мәңгілік таңбасына айналады деп ойлаймын. Күндердің күнінде қазақ халқының тәуелсіздігі үшін қызмет еткен ХХ ғасырдың батырлары ретінде әйел адамдардың есімдері тіркеледі, сонда Сәуле апайдың есімі тізімнің алдыңғы қатарынан орын алатынына сенемін. Апайымның елі алдында беделі артып, абыройы асқақтай берсін!