Төл жаңа жылымызда рухымыз асқақтасын!
Ассалаумағалейкүм, қадірлі оқырманым! Естеріңізде болса, ресми жылдың алғашқы беташар нөмірінде өздеріңізбен дәп осылай сәлемдесіп, сіздерге бар жақсылықты тілеп, мақала жазғанбыз. Сол мақаламызда әп дегеннен бұл жылдың ресми жыл екенін, ал бүкіл түркі халықтарының төл жаңа жылы 22 наурыздан басталатынын айтқанбыз. Содан соң мешін жылы да сол күн мен түннің теңелген күнінен басталатынын түсіндіріп айтып кеткенбіз. Байқасаңыз, біздің газеттің өзіндік ұстанымы, өзіндік дәстүрі бар. Сол ұстанымдардың бірегейі газетіміздің бірінші бетінен бастап, соңғы бетіне дейін ресми жылдың қасына төл жаңа жылымыздың атауын жазып қоямыз. Мәселен, биыл “Қой жылы” деген сөзді әлі күнге дейін өзгерткен жоқпыз. Ол тек өздеріңіз бағамдап отырғандай, 22 наурызда ғана мешінмен орын ауыстырады. Өкінішке қарай, бұған түсінбей қалған базбір бауырларымыз бізге бірден ескертулер жасады. Біз түсіндіргеннен кейін ғана барып олар түсіністікпен қарап, ұялып жатты. 
Біздің бұлай етіп жатқанымыз, әрине, өзгелерден ерекшелену емес, әлі де құлдық психологиядан арыла қоймаған бауырларымызды осындай әрекеттеріміз арқылы саналарын тазартып, жаңғыртып, көмектесу. Рас, қалай болғанда да, біздің халқымыздың тамыры тереңде жатыр. Біздің таңғажайып салт-дәстүрлеріміздің адами, имани жағынан өте көркем тұрғыда жасалғандығына, осы арқылы халқымыздың болашағына жарқырата жол ашып, ұрпағымызға ұлағатты тәрбие беріп келе жатқанына көзіміз жетеді. Тек ата-бабаларымыз қалдырған өте бай, данышпандық ұлы қайнарымыздан ұрпағымызды сусындата білсек, өмірде қателеспейтінімізді, жаңылыспайтынымызды анық білеміз. Бірақ бірнеше ғасыр бойына бодандықта болуымыз және отарлаушылардың біздің осы асыл қазыналарымызды жеккөрінішті, түкке алғысыз етіп көрсету әрекеттері өзінің кері жемісін бергендігін мойындауымыз керек. Мына жағдайды ұғуымыз қажеттігін көп бауырларымыз сезіне бермейді. Қазақ қаншама батысшыл, орысшыл болғысы келсе де, оның ұлтымызға ешқандай пайда әкелмейтінін ұғына алмай отырмыз. Ең болмаса ол елдердің салт-дәстүрлерімен, күнделікті өмірлерімен біздің өз рухани байлығымызбен салыстыра отырып, оның қайсысы пайдалы, қайсысы зиянды екеніне неге ой жүгіртпейміз?
Мәселен, ресми жаңа жыл мен біздің Наурызымызды салыстырсақ, көп нәрсеге көзіміз жетеді. Орыстың жаңа жылын тойлау дәстүрі арақ ішкізіп, шыршаларды көктей қидырып, адамды кері тәрбиелесе, біздің түркі халықтарының жаңа жылында мүлдем қарама-қарсы, яғни игі де ізгі әрекеттер жасалынады. Адамдар көрісіп, құшақтасып, бір-бірінен кешірім сұрайды, татуласады. Наурыз көже ішіп, тал шыбықтар егеді. Ең бастысы ғасырлар бойына қанымызға, тамыр-тамырымызға орныққан, сіңген өз салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз жүрегімізге жылы да жақын екенін ұғынуымыз керек сияқты. Қалай болғанда да, қонақжай халқымыз өзгелерді де құрметтей отырып, өзіміздің төл жаңа жылымыз — Әз Наурызымызды әспеттеп, ата-бабаларымыздың ерлік істерін мақтаныш ете ұрпағымыздың бойларына, саналарына сіңірсек, ешқашан ұтылмаймыз.
Қадірлі бауырлар, отандастар! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Бақытты да бай, қуатты да иманды болуды Аллам нәсіп етсін!
Ертай Айғалиұлы
Пікірлер