Солақайлық кемістік пе, әлде?

8f775eeded8013b5f72cd2a89c9d64b9

Ежелден-ақ төл халқымыз күнделікті өмірде «оң» мен «сол» ұғымдарына ерекше назар аударған. Бабаларымыз қандай істе де көңілден шыққан нәрсені «мынау бір оңды дүние болған екен» деп марқайса, алыс жолға шыққалы тұрған жолаушыға айтар ізгі тілегін «Сапарың оңды болсын» деген бір ауыз сөзбен жеткізген. Айта берсек, қазақ тұрмысында оң мен сол тіркестеріне қатысты жәйттер өте көп және бұл қос ұғымның қолданыс аясы да екі түрлі. Оң, бұл, аты айтып тұрғандай, оңды, дұрыс  деген мағынаны білдірсе, әлбетте сол сөзі  оған қарама-қарсы, яғни дұрыс емес дегенге саяды. Осы «сол» ұғымының тағы бір көрсеткіші өзімізге жақсы таныс, солақайлық. Бұл да зерделей білген жанға қалыпты  яки оңқай емес дегенді меңзейді. Солақай жандар туралы аз айтылып жүрмесе де, күні бүгінге дейін оның құпиясы толық ашыла қоймағаны ақиқат.

Оның
сыры неде?

23,01,15солақ Анар ҚайырдықызыАнар Қайырдықызы, балалар дәрігері:
— Адамның солақай болуы тікелей оның миының сол бөлігі қызметінің белсенділігімен байланысты. Әр адамның жаратылысының туғаннан әртүрлі болуы заңды. Өйткені баланың дүниеге келмей тұрып, ана құрсағында дамып-жетілуінің өзі тұқымқуалаушылық заңдылығымен жүреді. Біреулердің миының сол жақ бөлігі белсенді болса, керісінше енді біреулердің миының оң жақ бөлігі басымдылық танытады. Осы тұрғыдан қарар болсақ, солақайлардың миының сол жақ бөлігі жетекші рөл атқаратындықтан, солақайлыққа бейім болып келеді. Ондай жандардың не нәрсені де сол қолмен тез әрі оп-оңай атқара беретіні табиғи икемділік болып табылады. Орта есеппен алғанда 10-12 % солақай балалар көбінесе солақай ата-аналардан туылады деген пікір бар. Бірақ мұнымен келісу қиындау. Медициналық тұрғыдан қарасақ, ата-ананың екеуінің де солақай болуы міндетті емес. Солақайлық тұқымқуалаушылық арқылы беріледі және оның туындау себептері де әрқалай. Баланың ана құрсағынан шығар сәтте оң жақ қолдың жұмысына жауапты мидың сол жақ жарты шарының зақымдануы салдарынан болатын солақайлық немесе оң жақ қолдың жарақат алуына орай мәжбүрліктен туындайтын солақайлық және баланың кішкентай кезінде солақай жандарға қарап, бой түзеу мақсатындағы еліктеу сезімінен туындайтын солақайлық дағдысы қалыптасуы және т. б.

Зерттеушілердің айтуынша, қазір әлемде сол қолмен жазатындар саны 15 %-ды құрайды. Солай бола тұрса да, ықылым заманнан бері солақайларға қатысты ел арасында тараған түрлі пікірлер мен аңыздар ондай жандар тағдырының ерекше, мінез-құлықтарының өзгеше екендігін алға тартады. Соңғы жарты ғасырда ғалымдардың солақайларға деген көзқарасы толассыз өзгеріп отырғаны да бұл феноменнің жұмбағының мол екенін аңғартса керек.

23,01,15солақай Аяулым БөлекбаеваАяулым Бөлекбаева, физиолог — жаратылыстанушы:
— Солақайлар не нәрсені де солдан оңға қарай көріп, қабылдайды. Оның бір көрінісі — баланың сөзді соңғы әріптен бастап жазуы. Тек солақайларға ғана тән мұндай сөздерді оңқайлар айнамен көргендегідей әсерде қабылдайды. Бір таңқаларлығы, бала өз іс-әрекетінің дұрыс емес екенін еш сезінбейді, бұл ол үшін қалыпты жағдай. Мұның бәріне солақайлардың көру қабілеті мен қабылдауының ауытқуы себеп. Көп жағдайларда бала 10 жасқа аяқ басқанда мұндай іс-әрекет өзі-өзінен байқалмай өтіп кетуі мүмкін. Егер олай болмаса, баланы неврологқа көрсету қажет. Солақайлардың жүйке жүйесі оңқайларға қарағанда ерекшелеу, олар сол себепті де тез шаршайды. Сондықтан солақай балалар сабақ әзірлегенде 15-20 минуттан кейін демалып, үзіліс жасап отырғаны жөн. Солақайлар ішінде ер балалардың саны қыздарға қарағанда басым және бұл көрсеткіш жылдан-жылға еш өзгеріссіз қалып отыр.

Олардан жасанды оңқай жасау
қажет пе?

Бірде сөз арасында әріптесім Бауыржан 2,5 жасар ұлы Абдулкеримнің қасықты да сол қолымен ұстап, қандай істе де солақайлыққа бейім екенін және оны оңқай қылуға қанша талаптанса да, жолға қоя алмай жүргенін әңгімелегені бар. Мен оны тыңдай отырып, ойланып қалдым. Бұл қаншалықты дұрыс әрекет деген ойға келдім. Жалпы, бала оңқай ма, әлде солақай ма, оны 1-2 жас аралығында ажыратуға болады. Ал солақайлық бала 5-6 жасқа толғанда одан әрі нақтылана түседі. Дәл сол кезеңде ата-ана да, мұғалім де баланың жазуды да сол қолымен жазып, допты да сол қолымен лақтыратынын бірден байқайды. Туғаннан солақай жандар психикалық, физиологиялық тұрғыда оңқай-лармен бірдей толыққанды адам болып жетіледі. Алайда мамандар солақай баланы еркінен тыс оңқай болуға мәжбүрлеу оның болашағына балта шабумен бірдей дегенді айтады.
Алма Айтбембетова, психотерапевт:
23,01,15солақай Алма Айтбембетова— Барлық солақайларға тән жәйт, олар айналадағы құбылыстарды көзбен шолу жағынан оңқайларға қарағанда кемшін түсіп жатады. Басқаша айтсақ, солақайлар қандай да бір әріп пен жазылған сөзді тік немесе көлденең тұрған күйінде де оқи алады. Қандай да бір суретке көз жүгіртіп отырған солақай бала оны қай бұрышынан да көріп, жазу қабілетіне ие. Тіпті, қажет болса, астынан үстіне қарай оқу олар үшін еш қиындық тудырмайды. Сол себепті де бала сурет салу барысында қағаздың өзіне қажетті кеңістігі мен аумағын ажырата алмайды, сондықтан да солақайлар салған суреттегі бейнелер бірінің үстіне бірі үйіліп, топтасып қалатыны жиі байқалады. Солақайлық кемістік емес. Балалары туғаннан солақай болғанына намыстанған кейбір ата-аналар саналы түрде перзенттерін оңқай болуға бейімдеуге тырысады. Бұл қате. Ондай балаларды өз еріктерінен тыс оңқай болуға дағдыландыру жасырын солақайлыққа немесе амбидекстрияға әкеліп тірейді. Ондай балалар қандай да бір жағдайға байланысты стресті басынан кешірсе, бәрібір еркінен тыс солақайлық дағдысына оралып отыратыны да дәлелденген жәйт. Ата-аналардың табиғи солақайлардан жасанды оңқайлар жасауға талаптануы, түптің түбінде баланың психикасының бұзылуы мен жүйке жүйесінің ауытқуына, есте сақтау қабілетінің төмендеп, сөйлеу тілінің мүкіс болуына әкеліп тіреуі әбден мүмкін.

10463875_1426904237594834_1236399269698818856_n (1)Менің есімім — Нұрлан Асқар. Бірден әңгімеге көшейін. Солақай адам-дардың бірімін. Әрине, бұл моральдық түрде емес, физикалық түрде. Жастайымнан менің солақай екенімді әке-шешем білген. Ол кезде ақ пен қараны ажырата алмайтын кезіміз. Кішкентайымда ойын ойнағанда сол қолмен әрекет ететінмін. Мектеп табалдырығын аттағанымда алғашқы қалам ұстауым да сол қолмен болды. Мұғалімім оң қолмен жазуды қанша үйретіп баққанымен ештеңе шықпады. Тіпті, асымды да сол қолмен ішу әдетке айналды. Әке-шешем «оң қолыңмен іш» деп ұрсатын. Есімде, сол қолымды екі тіземнің ортасына қысып алып, тамақ ішетінмін. Бірақ бұл да көмектеспеді. Табиғатымнан солай екенін ұғындым. Әрине, бұл бір ауру я болмаса жаман әдет емес екені анық.

Бұл жайлы соны дерек

«Солақайлық» феноменіне дініміз де немқұрайлы қарамайды. Ислам дінінде барлық жақсы істі, яғни дәрет алу, тамақты оң қолмен алып жеу, киім киюді оң қолмен бастау сүннет. Ал намаз оқу барысында солақайлық кедергі келтірмесе де, сол қол тазалану үшін қолданылады. Сондай-ақ, Құран Кәрімде «амал дәптері» оң жағынан берілетіндер, қандай жақсы оңшылдар» деп жәннаттықтарды және «амал дәптері» сол жағынан берілетіндер, қандай жаман солшылдар» деп тозақиларды айтқаны мәлім. Солақайларға деген көзқарас әртүрлі. Өткен ғасырда Францияда солақайларды өзгеше феномен ретінде танып, қоғамнан тыс тәрбиелесе, керісінше еврейлер ондайларды әзәзіл деп, бірден өлтіріп отырған. Жаратылыстанушылар солақайларды аса дарындылар десе, невропатолог–мамандар олардың жүйкелерінің тым сезімтал екенін ескертеді. Ал Гарвард университеті ғалымдары зерттеу барысында солақайлардың табысы оңқайларға қарағанда анағұрлым аз деген тұжырымға келген. Бұл — 2014 жылы «of Economic Perspectives» басылымында жарияланған дерек. Онда зерттеуші Джош Гудман солақайлар мен оңқайлардың еш айырмашылығы жоқ дегенді жоққа шығарып, АҚШ-та солақай ер-азаматтардың бір жылдық табысы оңқайларға қарағанда 2500$ кем болғанын, ал мұндай айырмашылық Ұлыбританияда 5%-ды құрағанын мысалға келтіреді. Ғалымдар мұның себебін нақты түсіндіре алмаса да, бұл кездейсоқ емес екенін ескертеді. 1984 жылдан бері халықаралық солақайлар конфедерациясының бастамасы-мен аталып өтіліп келе жатқан «Солақайлар күні» ресми түрде 13 тамыз
болып бекітіл-ген.

 

Р.S: Солақайларды қоғамдағы ерекше әлеуметтік топ деу тіпті қисынға келмейді. Мамандар сөзіне үңілсек, бұл санаттағы жандарды кеміс деуге де негіз жоқ. Керісінше, солақайлар арасынан түрлі салада қатарынан оза шапқан хас дарындар шыққанын тарих растайды. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның бірқатарының есімдерін атап өту де артықтық етпейді. Мәселен, “Аққу” күйін домбырада сол қолымен күмбірлеткен Нұрғиса, хас суретші Гүлфайрус Исмаилова, қазақ журналистикасының тарланы Сейдахмет Бердіқұловтар есімі бұған дәлел. Ал физикада жердің тартылыс заңын ашқан Альберт Эйнштейн, физиологияның негізін салған Иван Павлов, әйгілі «Вечная весна» мүсінінің авторы Огюст Роден, аты аңызға айналған қолбасшы Александр Македонскийлер де солақайлар тізімінен орын алғандығын айтпай өту мүмкін емес. Ендеше, солақайларға селқос қарап, салқын қабақ таныту немесе сырт тебу де еш ақылға сыймайтын іс екенін мойындауымыз қажет.

Арай Сахариева



2 пікір

  1. Замира:

    Мен де солакайлардын биримин.Туыскандарым солакайлык кемистик деп есептейтин.Сондыктан мен уялып конакка барганда он колмен жеуге тырысатынмын.Ал казирги кезде есте сактау кабилетим нашар,сойлегенде созимди дурыс накты айта алмаймын.Асиресе казир жасым 14те айтар созимди ылги жеткизе алмаймын.

  2. Мма:

    Мен солақаймын,бір кемшілігім сөзімді толық жеткізе алмаймын,бір досым бар солақай олда сондай сөзін жеткізе алмайды