
ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай №42 жалпы білім беретін мектеп директоры Л.У. Сүлейменованың басшылығымен және ӘБЖ жетекшісі Г.М.Касенованың ұйымдастыруымен «Менің Президентім» атты мектепшілік мәдени шара өтті. Осыған орай Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ҚР білім беру ісінің үздігі, тіл жанашыры, ардақты ұстаз, Елбасының өмір жолын зерттеп кітап жазған, «Президент әлемі» мұражайын ашқан Ақлима Көсемовамен кездесу өтті.
Кездесу барысында мектеп директоры Л.Сүлейменова мектеп ұжымы мен оқушыларды Президент күнімен құттықтап, кеш қонағы Ақлима Көсемоваға да ыстық лебізін білдірді. Тұңғыш Президентке арналған мерекелік іс-шара үш бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде «Менің Президентім» атты мектепшілік жас ақындар мүшайрасында 8 «Б» сынып оқушысы Бегалыұлы Рамазан, 9 «А» сынып оқушысы Кучкарова Ақжүніс өзінің жүрек жарды арнау өлеңдерін оқыды. «Елімнің алғашқы Президенті» 5-11 сыныптар арасында қабырға газетінің сайысы, «Елі еріне, ер еліне сенген ұлы тұлға» шығарма, эссе байқауы, жас буындар арасында «Елбасым мақтанышым» көркемсөз сайыстары өтті. Екінші бөлімде кештің қонағы Ақлима апай өзінің Президент жайлы жазған «Менің Президентім», «Бейбітшілік пен жасампаздыққа» атты кітаптарымен таныстырды. Елбасымен бірнеше рет кездескен Ақлима Рахымбердіқызы оқушыларға еңбектерінің жазылу барысы мен мазмұнын баяндап берді. Үшінші бөлімінде мектебіміздің оқушылары концерттік бағдарлама қойды. Қазақ тілі және әдебиеті пән мұғалімдері «Үш қоңыр» әнін тарту етті.
Оқушылар тарапынан авторға көптеген қызықты сұрақтар қойылды.
Бейбіт елдің бақытты ұландары Елбасының өмірі мен еңбегі, саясат сахнасындағы беделі жайлы көптеген қызықты мәліметтер білді. Оқушылардың алған рухани байлығы еліміздің ертеңіне деген сенімі, жетер жетістіктері, бағындырар шыңдары көп екеніне сенімдері нығая түсті.
Мөлдір Келдібаева,
№42ЖББМ-нің қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласы


























