Жат атауларға нүкте қоятын уақыт жетті

0
837

Облыс орталықтары–Петропавл, Өскемен және Павлодар, Орал қалаларының атауларын өзгерту туралы ұсыныстар баспасөз бетінде көп айтылып жүр.
Бұл ұсыныстар негізсіз емес. Қазақ тарихында қай жер кімнің қыстауы болғаны осы күнге дейін белгілі. Осы ұлттығымызға, намысымызды оятатын мәселеге қайта оралуды жөн көрдік.

Павлодар, Өскемен,
Орал және Петропавл

Павлодар IX-XII ғасырларда Қимақ хандығы орталығы болған. Ресей әскерінің капитаны Унковский Коряков бекінісі орналасқан алқапты қазақ қыстауларының атымен атағанын атап көрсетеді. Ол 1720 жылы Коряков әскери бекеті салынардан бұрын қазіргі Павлодар қаласының орнында қазақтардың Керегежар аталатын қыстауы болғаны, оны орыстар «Коряков Яр» деп бұрмалап айтқаны және жаңадан салынған форпосты (әскери бекет) солай атағаны байқалады. Бұл Олжабай, Малайсары, Жасыбай қорғаған ұлан өлке, Естай, Жаяу Мұса, Майралар әсем әуенімен аялаған, ғұлама Мәшһүр, кемеңгер Марғұлан, дана Қаныш, Шәкен, жырау Бұқар сүйген киелі өлке. 1861 жылыпатша Александр баласы құрметіне, сый есебінде Павел атын алған қала. Сайда саны, құмда ізі жоқ Павелден арылып, түпкі тегін, түп қазығын табуға тиіс.
Өңірді тау мен көлдер кестелеген, Баянауылы арудай арайланған, Әулие тауы елін тіл-көзден қорғаған, тарихы аңыз, елі абыз өлкенің отарлық сарқыншағы атаудан арылатын кез жетті.
Өскемен отарлау саясаты негізінде Үлбі өзенінің Ертіске құятын сағасында 1720 жылы И.Лихачев басшылығымен салынған бекініс. «Устья каменнных гор» сөз тіркесінің бірінші буындары қосылып, қазақша айтылуынан пайда болған атау.
Орал қаласы Қазақ елінің батыс өңіріндегі Жайық қаласының атауын орыс патшайымы Орал деп өзгерткен Жарлығы бүгінгі күнге дейін өз күшін жоймай тұр. Орал қаласының 4 ғасырдан астам тарихы бар. Шығыс пен Батысты жалғастырар ең қысқа жолдың нақ түйіскен жерінде орналасқан Орал қаласы Жайық өзенінің оң жақ жағасы мен Шаған өзені құйылысының сағасында негізі қаланған. Қала Жайық қалашығы деп аталған. Музей қорында ежелгі қала орнынан табылған заттар: тас кірпіштер, шығыр құмыралар бар. Бұл заттарды зерделей келе, ғалымдар шартты түрде «Жайық қалашығы» деп аталатын көне қорымда орта ғасырларда шамаман 2,5-3 мың адам өмір сүргенін айтып отыр.
«Жайық» гидронимі «суы жайылып ағатын өзен» деген мағынадан туған, қазақ даласының ірі ағысты Жайық өзені – Орал, Жайық қаласы Орал қаласы болып Екатерина патшайым ұйғары мымен өзгергендігі баршамызға аян. Ал бүгін «Ақ Жайық», «Жайық» топонимдері белгілі бір өңірдің атауы ретінде қолданылады. Қала атауы Орал – облыс орталығы, Орал тауы мен өзенінің атына қатысты қойылған, яғни оралып жатқан тау мен өзеннің көрінісін дәл бейнелегендіктен осылай аталған.
Ресейдің синолог-ғалымы Я.Бичуриннің «Орта Азия байырғы ұлттарының тарихы», И.Андреев, А.Левшин, И.Спасский, С.Броневский, М.Красовский сияқты тарихшылардың еңбек¬теріне көңіл бөлетін болсақ, ешкімге жалтақтамай, талай нәрсеге көзіміз ашылар еді.
Теріскейдегі Петропавл қаласының түпкі атауы Қызылжар екенін дәлелдеудің еш қажеті жоқ. Арғын, ашамайлы Керей тайпасы, Уақ, Қарауыл рулары қоныстанған өлкеде XVIII ғасырда Петропавл қаласы орнында мекендеген Дәулеткелді, Тұрыпкелді, Қантай ұрпақтары облыстың Жамбыл ауданында тұрып жатыр.
Әз-Тәуке тұсында Ордабасы болған, атақты батыр, ақын Қожаберген жырау (1663-1763ж) «Қызылжар» өлеңінде «Көлденең көк Есілдің жарқабағын, әкеміз Қызылжар деп атап кеткен» деп әкесі – Толыбай сыншының «Қызылжар» атты қыстауы болғанын жырлайды.
XVIII ғасырдың ортасында Петропавл төңірегінде жоңғар-қалмақтарымен болған шайқаста Мықтыбай батыр (атында көше, ауыл, қыстау, қорымы бар, облыс энциклопедиясына енген) жекпе-жекке шығып, қалмақтың батырын найзаның ұшымен Есілдің жар қабағынан төмен өзенге лақтырғанын, сол шайқаста қалмақ әскері үлкен шығынға ұшырап, өзеннің жары, суы қызыл қан «Қызылжар өңіріндегі шайқас» деп аталғанын үлкендер аңыздай айтатын.
Ғ.Мүсіреповтің еңбектерінде де Қызылжар атауы кездеседі. С.Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында: «Бұл қаланың «Қызылжар» деп аталуы – Есіл өзенінің топырағы қызғылт түсті жарына орнағандықтан екенін білеміз» деп түсініктеме береді. Ш.Уәлиханов Қызылжар қонысын «Қарқаралы сыртқы округы болыстарының қыстаулары» деп көрсетеді.
1911 жылы өңірді зерттеген А.П.Нифонтов: «Судя по обнажениям в берегах реки Ишим, здесь распространение пород третичного возраста, выраженных пестроцветными глинами и песчаником… Глины плотны, плас¬тичны, жирны на ощупь и окрашены в разные яркие цвета (белый, желтый, розовый, красный и т.д.)» деп қаланы жанай ағып өтетін Есілөзенініңтік жар қабағының ерекшелігіне назар аударады.
Халқымыз осындай географиялық ерекшеліктерді ертеден байқап, бұл жерді «Қызылжар» деп атаған.
Ілияс Есенберлин: «…Талды-Қоянды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, …құрылды» деп орыстың отарлау саясатын ашып көрсетеді.
Теріскейде Қызыл жар тарихын Абылай ханның атымен де байланыстырады. Қала төңірегінде ханның шаруашылығын Құлсары мен Құлеке батыр басқарған. (Құлеке батыр Түркістан қаласы Қожа Ахмет Иассауи кесенінде жерленген). 1759 жылы Қызылжар маңынан Абылай хан ашқызған жәрмеңкені халық «Қызылжар жәрмеңкесі» деп атап кеткен. Бұл мәліметті «Аблай настаивал на организации «сатовки» (места торговли) в крепости на Ишиме» деп белгілі ғалым Е.Бекмаханов та растайды.

Қызылжардың тарихи атауын қайтару
КСРО кезінде қозғалған

Тарихи мәлімет бойынша, Петропавл қаласы осыдан 264 жыл бұрын «Қызылжар» деп аталған жерде бой көтерген. Шаһардың осы тарихи ¬атауын қайтарып беру туралы Кеңес Одағы тұсында да қозғалыпты.1925 жылғы шiлденiң 18-iнде Ақмола губерниялық атқару комитетiнің (Қызылжар губерния орталығы) төралқасы Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы Қаулы қабылдайды, оны Қазақ Республикасы Орталық атқару комитеті бекітеді.
1925 жылы Мәскеудің «Правда» газеті Петропавлдың «Қызылжар» болып өзгергенi туралы хабар жариялаған. Бұл құжаттың түпнұсқасы Мәскеудегi Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне, көшiрмесi Қызыл жарға жiберілген. Бұл құжаттар Ресей мұрағатынан табылды.
Қала атауын «Қызылжар» деп өзгертуге байланысты жергілікті «Мир труда» газетінде Андрей Бедный деген ақын «Красный Яр» деген өлеңінде тұрғындардың көңіл күйін былай суреттейді: …Шли сегодня русский и казах.
У казаха губы лепетали, – Объяснил, что значит: «Кзыл Джар», –– Город был Петра и Павла, –
А сегодня – он уж – «Красный Яр».
Кезінде Мәжіліс депутаты болған Ж.Сүлейменов Петропавл қаласының атын Қызылжар деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасағанымен қолдау таппағаны қынжылтады.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1752 жылғы наурызда Сенаттың Тобылдағы «Звериная голова» жанынан Омбы бекінісіне дейін ұзындығы 565 шақырым Новоишим немесе Қасірет белдеуін салу туралы жарлығы шығады. Сол жылы жазда Қожаберген жырлаған атақонысы – Қызыл- жар ауылының тұсында бекініс салына бастайды.
Қазақ жеріндегі осы өзгерістер жайын¬да жергілікті өлкетанушы М.И.Бенюх көз тірісінде көп жазған. Ол: «Обращаясь к администрации, Аблай – султан Среднего жуза, часть родов которого кочевала южнее новой Ишимской линии, называл ее Красноярской (в русском переводе) крепость» дейді.
Үлкен қаланың Исаның екі апостолы есімдерімен аталып кетуі Ресей патша өкіметінің отаршылдық саясаты салдарынан болған іс. Павел патшаның орыс тарихында құрметтелмейтінін- бәріміз білеміз.
Қазақстан Республикасы Ата Заң бойынша зайырлы мемлекетте қала атауы діни тұлғаның атында болмауы керек.
19 ғасырда қазақ жерін отарлау саясаты негізінде пайда болған аймақ басшылары генерал-губернаторлар өз патшасына жағымпазданудан туған атаулар басқа өңірлерде де жеткілікті болған. Жетісуда өңір басшысы Колпаковскийдің қыздары Евгения, Надежда аттарын Евгениевка, Надежинск елді мекендері ғасыр бойы иемденіп келген.

Петропавлда Ленин атындағы
83 көше болған

Тарихқа жүгінсек, Петропавл – байырғы қазақ жеріне тұрғызылған қала. 1886 жылғы деректе қазақ пен татар – 6517, орыстар – 7258, 275 еврей болған. 1914 жылы 7 мешіт, 6 шіркеу, 1 синагога болған. 1926 мен 1936 жылдар қала халқы өсімі 84 пайыз болған. (Солтүстік Қазақстан облысы, Энциклопедия 486 б. Алматы 2006 «Арыс» баспасы)
Қазақ халқы голощекиндік апатта аштан қырылып, біразы туған жерінен көшіп жатқанда Ресейдің батыс өңірінен 172 мың жер аударылғандар облысқа тоғытылған.
Басшылықта қазақ аз болатын. 1954 жылы тың игерушілердің көбі облысқа қоныстанды.
Осы факторлар қазақтың солтүстіктегі үлесін азайтып жіберді.
Қызылжар өңіріне танымал өлкетанушы Т.Сүгірбаев республикалық газеттердің бірінде «Абылай ханға бір көшесін қимаған Қызылжарда Лениннің 83 көшесі бар» десе, комсомол атауы берілген – 72, Октябрь аталған 45 көшені мысалға келтірген еді.
Петропавлдан Қостанайға дейін бүгінгі күнде Қызылжар, Мамлют, Жамбыл аудандарын жүріп өтсеңіз,2 ауылдан басқа ауыл аттары өзгеріссіз тұр.
Жамбыл ауданы орталығының атауы ХІХ ғасырда жазалаушы отряд командирі Преснов атында. Капитан Пресновский туралы өз кітабында С. Мұқанов та жазған болатын.
Жамбыл ауданы облыстың солтүстiк-батыс бөлiгiнде орналасқан. 1970 жылы Преснов, Мамлют, Сергеевка аудандарынiрiлiендiрубазасындақұрылыпорталығы Благовещенка болған. 1997 жылы қазiргi шекараларын қосу арқылы 1928 жылы құрылған Преснов ауданымен бiрiктiрiлген. (Солтүстік Қазақстан облысы, Энциклопедия 275 б.). Ауданның аумағы 7,46 шаршы метр. Халық саны 55 мың адам (1997ж), 53 елдi мекен 13 округқа бiрiктiрiлген 21 мың адам (2018ж.).
Жамбыл ауданы жерiнде тарихта мәңгi мәңгi аты қалған тарихи тұлғалар Толыбай сыншы, Сегiз Серi, Қожаберген жырау, Тоқсан, Бағлан, Танаш, Қараби билер, Жәнібек, Тұрсынбай, Сексен батырлар, Нияз серi, Біржан сал, Шағырай-сал, Марал ишан, Маса қалпе, М.Өтемісұлы, И.Әлiбаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсiрепов, И.Шухов, С.Шәймерденов өмiр сүрген. Ш.Уәлиханов досы Г.Потаниннiң, В.Дьяченконың балалық шағы осы өңiрде өткен.
2014 жылы екеуінде ғана қазақша атауы болған Жамбыл ауданындағы 13 ауылдық округтің бірі – Баянауыл округі (Баян ауылы) мен Архангелька округі қосылып, Баянауыл атауы округтың қазақша атауы тарих қойнауына кеткен. Тәуелсіздік алғаннан 23 жылдан кейін, соған жол беріп отырған басшы мамандарының іс-әрекетіне қандай баға бересің оқырман? Петропавл, Преснов атаулары сырттан таңылған, жер тарихына қатысы жоқ. Ал, 4 шаһардың бүгінгі атауында отарлау саясатының көрінісі бар. Көрші Ресей елінде Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қала, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, біз «Жиенқұлға дегенде шықпайды үнім» деген Сараның кейпін бастан кешіп жүре бермейік, нүкте қоятын уақыт жетті.

Нұрлан Ердәулетұлы,
еңбек ардагері

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.