Шыңжаң жері үрейден айықпай тұр

0
617

Халықаралық қауымдастықтың күшті аңысын қозғаған Шыңжаңдағы «қайталай тәрбилеу орталықтары» туралы айыптаулар әлі күнге толас тапқан жоқ. Қазақстандағы БАҚ-тар назарында тұрған бұл мәселе соңғы кезде аздап саябырлағандай болғанымен, Қытайдан келіп жатқан азаматтардың баяндауларына негізделгенде, жағдайдың толығымен реттелмегендігін аңғаруға болатын сияқты.

Көпшіліктің есінде болса, Шыңжаң автономиялы өлкелік үкіметі төрағасының орынбасары Еркін Тұняз журналистерге берген сұхбатында «қайталай тәрбиелеу орталықтарында білім алған көптеген адамдардың жұмысқа тұру армандары жүзеге асты. Қазір курсанттардың 90 пайызы отбасыларына қайтып, бақытты өмір сүріп жатыр» деген еді. Шыңжаңдағы мұсылмандарға қарата жүргізіліп жатқан саяси науқанды жіті бақылап отырған АҚШ зерттеушілері бұл сөзге толығымен сенбейтіндігін айтқан. АҚШ Қорғаныс министрінің көмекшісі Randall G. Schriver мызрза журналистермен болған кездесуінде «лагерлерде 10 миллион халықтың (бұл жерде ҚХР-дың ресми мәліметінде көрсетілген ұйғыр ұлтының саны меңзеліп отырса керек) 1 миллионы апарылған. Негізінде 3 миллионға дейін адамдар лагерлерге кіргізілген» деді. Бұл жердегі 3 миллион адамның бір уақытта немесе бірнеше жыл ішінде қамалған адам екендігі нақты айтылған жоқ.
Шетелдіктер «абақты» деп атаған, Қытай үкіметі «діни ұшқарыларды тәрбиелеп оңалтыуға арналған орталықтар» деп сипаттап жүрген лагерьлерде 2017 жылдан бері қарай қазақтардың да қамалғандығы белгілі. Ресми тіркелмеген «Ата жұрт» еріктілері ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшұлының айтуынша, «Шыңжаңдағы түрмелерде 500 мың қазақ жазықсыз қамалған» көрінеді. ҚХР-дың статистика мекемесінің 2010 жылғы санақ нәтижесі бойынша Қытай елінде 1миллион 462 мың қазақ бар делінген. Бұл деректермен Серікжанның айтқандарын салыстыратын болсақ, әрбір үш қазақтың біреуі «лагердің» дәмін татып шыққан сияқты… Дегенмен, Шыңжаң бойынша Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданында (90000 мынан астам қазақ тұрады) 6000 нан астам қазақ лагерьлерге кіргізілген деген ақпарат бар. Сондай-ақ 20000 қазағы бар кейбір аудандарда 100-ге тарта адам ғана «үйренуге кіріп шыққан» көрінеді. Осындай салыстырулар жасаған күннің өзінде тұтас Шыңжаң бойынша нақты қанша қазақтың лагерлерге қамалғандығын білу, қазірше мүмкін болмай отыр.
2017 жылдан бері қарай Шыңжаңда тұрып келген адамдардың айтуынша, қатаң режимге көшкен қоғамдық жағдайға, адамдардың еттері үйрене бастаған сыңайлы. Мұнымен қоса, тәуелсіз баспасөзі жоқ елде өмір сүріп жатқан адамдар, компартияның сүзгісінен өтіп шыққан ақпараттарға ғана құлақ түретінін ескерсек, мемлекеттің және жергілікті атқарушы биліктің айтқандары ғана «ақиқат» болып саналатыны белгілі. Осындай жағдайдың салдарынан ол жақтағы қандастарымыз жаназасыз жерлеуге де көне бастаған. Мұнымен қоса, лагерлерге әкетілген адамдардың сыртынан «діни мазмұндағы үндеулерді таратты» деген сарындағы «көңіл қалмас» үшін тағылған айыптауларға да сеніммен «құлақ түреді» екен. Бұлардың ішінде ең жеңілі әрбір дүйсенбі күні өтетін ту шығару салтына екі мәрте келмей қалғаны үшін де саяси жағынан оңалтуды қажет ететін адамдар қатарына кіргізілу ол жақта қалыпты жағдайға айналыпты.


Бір ғажабы, Шыңжаңның әрбір ауданындағы жағдай әртүрлі болғаны байқалады. Негізінен ұйғырлар қоныстанған оңтүстік Шыңжаң өңіріне қатаң режим, әскери түс алған төтенше жағдай орнағалы биыл 11 жыл. Ал Тәңір тауының солтүстік бөлігіндегі, қазақтар мен өзге ұлттар қоныстанған аймақтарға 2017 жылдан бастап қиын заман келгені белгілі. Соның ішінде Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Алтай, Тарбағатай, Іле қатарлы 3 аймақ пен орталық қала Үрімжі және Боротала, Санжы, Құмыл қатарлы аймақтарға қарасты аудандарда саяси науқан әртүрлі деңгейде жүргізілген. Дегенмен барлық жерде ортақ жағдайлар жоқ емес. Ең әуелі мешіттер қиратылған немесе жұмысын тоқтатқан. Бір ауданда ең көп болғанда екі мешіт қана қалдырылған. Барлық жерде, діни сауатты адамдар ең алыдмен лагерьлерге апарылған. Олардың кейбіреуі лагерь ішінде «өз өзіне қол салған».
2018 жылдан бастап мемлекет бойынша жүргізілген «қара күштерді тізгіндеп, сұрқияларды аластау» науқанына сай, Шыңжаң қазақтары арасындағы көптеген кәсіпкерлер, ұлтжанды азаматтар мен спортқа бейімі бар жігіттер тұтқындалған.

Қазақтардың иелігіндегі жайлымдарға барып заңсыз түрде кен ашумен және кәсіпкерлікпен айналысуды көздеген қытай бизнесмендеріне қарсы тұрған жігіттерге «ұлт араздықты қоздырды» деген қылмыс таққан.

Қорғас, Бақты, Қалжат қатарлы шекара бекеттерінде шетелдік валюталарды қытай ақшасына айырбастаумен шұғылданған қазақ азаматтарын «өсімқорлықпен айналысты» деген айыппен соттап жіберген. (Ұлты қытай азаматтар сотталмаған). Жергілікті мешіттерге көмек атағаны үшін де жылға кесілгендері болыпты. Олардың алды 20 жылға, арты 3 жылға кеткен. Жалпы мұндай жазалауларға қарап отырып, Қытай үкіметінің қазақтар арасындағы елдің рухани өміріне ықпал ете алады деген азаматтар мен ұлтжанды кәсіпкерлерді құрықтауға талпынғанын байқау қиын емес.
Биылғы мамыр айынан бастап, «біртіндеп босатып жатыр, жағдай оңалып келеді» деген сөздер көктем самалындай сезіле бастаған болатын. «Қазақстан елшілігінің Үрімжі қаласындағы визалық бөлімшесінде қазақтардың қатары күрт молайып кетті» дегенді де естіп едік. Алайда бұл қуанышты хабарлар да тым сенімді болмай шықты. Бұған, жергілікті орындардан берілетін рұқсат қағаздарының аяқ астынан қиындап кетуі себеп болды дейді білетіндер. Яғни, жазғы демалыс уақытынан пайдаланып Қазақстанға келушілердің жолын кескен. Неше жылдық саяси науқандардан жүректері әбден шәйлығып қалған адамдар, қазіргі күнде біртұтас жинап әкетілген төлқұжаттарын сұрап алыуға да батылы жетпей отырған сияқты.
2017 жылы Шыңжаңдағы саяси жағдай қиындай бастаған шақта «ҚХР-ға дұшпан саналатын 27 мемлекеттің қатырнда» Қазақстанның да аты аталды. Өлкелік үкіметтің бұл үндеуін тиімді пайдаланған жергілікті атқамінерлер, жиналыс ашқан сайын «компартия сендерді тәрбиелеп, бағып-қағып жеткізді. Білім берді. Адам қатарына қосты. Біз сендердің Қазақстанға бүйректеріңнің бұрылып тұратындығын жақсы білеміз. Бұларың нағыз «екібеткейлік» болып саналады» деп ашық үндеулер тастаған. Мұнымен қоса Қазақстандағы туыстарымен «вичат» әлеуметтік желісі арқылы сөйлескендігі үшін де істі болып кеткендерді көре жүріп, үрейленіп қалған адамдар қазіргі таңдағы орнап жатқан «кеңшілікке» сене алмай отырған жайы бар. Дегенмен кейбір өңірлерде ішкі істер мекемелеріне жиналған төлқұжаттар иелеріне қайтарылған. Төлқұжаттарын қолдарына алғандар арасында бірден Қазақстанға кетіп қалуды жоспарлаған адамдар болғанымен, тұрақты мүліктерін сату жағында кездесетін кедергілер де аз емес көрінеді. Дегенмен осының барлық өткелдерінен өтіп, шетелдерге, соның ішінде Қазақстанға тұрақтап қалу үшін келіп жатқан адамдар да бар. Олардың арасында лагерь «дәмін» татқандарымен де кездесудің сәті түсіп жатыр. Әбден үрейленіп қалғандықтан, бірден әңгімеге тартудың өзі қиын.
«Қайталай тәрбиелеу орталықтары» аталатын лагерлер әрбір ауданда 3-4 жерден салынған. Былайғы жұртқа «қытай тілін үйретеді», «кәсіпкерлікке баулиды» деп жарнамаланғанымен, оның іші қатаң режимдегі түрмемен бірдей болған. Қинаудың алуан түрлі тәсілдерін қолданғаны сонша, кейбір адамдар өліп кеткен. Тірі қалғандары түрлі дертке шалдығыпты. Бір өкініштісі — өздерінің жазықсыз немесе болмашы қателіктерге бола, ұзақ уақыт бойы абақтыға қамалуының нақты себептерін сұраудың өзі қылмыс болып саналады екен. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалған қиянатқа үнсіз көнуге көшкен. Кейбір деректерге қарағанда осындай жауапсыздықтар үшін сотқа арыз беріп жатқандар бар деседі. Алайда оларынан қандай нәтиже шығатыны қазірше белгісіз. Осы тұста кейбір азаматтардың түрмелерден үйлеріне қайтарылғандығын еске сала кетеміз. Алайда, денсаулықтан айрылған азаматтар өздерінің ұзаққа бармайтындығын айта береді екен…
Алтай аймағының Көктоғай ауданы қазақ әлеміне кеңінен танылған аудан. Бұл өңір атақты Оспан батырдың туып өскен жері. Ұлтазаттық көтерілістердің ошағы болған бұл мекеннің адамдары да бұғалыққа бас имейтін өршіл рухты болып келеді. Осы Көктоғай ауданының 60 мыңнан астам қазағынан лагерлерге жеткізілгендердің ұзын-ырғасы бірнеше мыңға жеткен. Бір өкініштісі — аталмыш «Тәрбиелеу орталықтарына» апарылған адамдардың барлығына түрмеде қолданылатын жазалау тәсілдерін қолданған. Айлар бойы қинағанымен қоймай, неше дүркін белгісіз вакциналар еккен. Сол лагерден шығып келген бір азамат (аты-жөні жасырылды) қазір әл үстінде жатқан көрінеді. Көңілін сұрай барған ауылдасына «Қазақстанға барсаң елге сәлем айт! Мен бәрібір өлемін…» деп егіліп отырып көргендерін үзіп-үзіп баяндап берген. Көктоғайдың «Тәрбиелеу орталықтарында» еркектерден бөлек жүзге тарта қазақ әйелді, қол-аяғы кісенделген күйде қарулы күзеттің айдап жүретіндігін айтыпты. Ара-тұра жақын келіп қалғанда, бірер қайырым тілдесіп қалады екен. Сондағы естіген қорлықтары тіпті аянышты депті…
Шыңжаңдағы осындай саяси науқандар бастала салысымен шетел БАҚ-тарының ауыр сындарына ұшырағандығы белгілі. Алайда, Қытай үкіметі аталмыш орталықтарын жақсы жағынан жарнамалуын тоқтатқан емес. Тек соңғы кездері ғана Шыңжаңдағы саяси жағдайдың аздап оңалып келе жатқандығы байқалған. Қытай үкіметінің бұлай өзгеруін әркім әртүрлі топшылап жатыр. Біреулер батыс елдерінің ықпалы болды десе, екіншілері Қытайдың экономикалық жақтан тарыға бастауымен байланыстырып отыр. Жылдар бойы жалғасқан саяси науқандардан әбден шаршаған халықтың да төзімі таусылған сыңайлы. Демалыссыз істеліп жатқан қызметтен зорығып өлетіндер көбейген. Бейбіт күнде соғыстың дайындығына тас-түйін бекінген полиция жасақтары мен брондалған техникаларға да қаруар қаржы желге ұшқан.
Мейлі, қалай десек те сұрапыл дауыл тыншуға бет алғандай. Қазіргі күнде Шыңжаңның әрқайсы елді мекендерінде 200 метр сайын орналасқан полция бекеттері қысқартылып, қарулы жасақтар ықшамдала бастапты. Жоғарыда тілге тиек етілген «90-пайызы курсанттар отбасыларына қайтты» деген деректің де біртіндеп расқа айналып келе жатқаны айтылуда. Алайда, Шыңжаңда жағдай толығымен бұрынғы қалпына келді деп айтуға ертерек. Кейбір өңірлерде адамдардың шетелдерге саяхаттап немесе туысшылап барып келуіне еркіндік береміз дегенімен, соған ниет білдірушілерді қатаң бақылауға ала бастаған. Бұған қоса «лагерлерге жаңа курсанттар жиналады екен» деген қауесет таралған. Бұларды көре тұра, артық қимыл жасауға қорыққан адамдар әлі де болса, келер күннен үміт күтіп отырған сыңайлы…

Ерұлан Жансарин

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.