Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Нұр Отан” партиясының 19-съезінде билік партиясы атынан президент сайлауына кім қатысатыны айтылды деп жазады Азаттық радиосы. Партия төрағасы Н. Назарбаев “Нұр Отан” атынан үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.
Назарбаев Тоқаевты “тәжірибелі саясаткер” деп бағалады.
Съезд басында сөйлеген Назарбаев алдымен “Қазақстанның жарқын болашағы үшін” биліктен кету туралы “оңай емес шешім” қабылдағанын айтты. Мұнан соң экс-президент Қазақстанның “өткерген қиындықтары мен жеткен жетістіктерін” сөз етті.
“Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жетеді” деді Назарбаев.
– Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Адамдарға тұрақтылық керек. Қазақстан президентімен бірлесіп елді күшейту жолында жұмыс істеймін, – деді экс-президент.


























