Ұлтарақтай жерді де жат табанына бастырма

0
259

Алла қазаққа байтақ даланы кеңінен пішіп, қытымырлық танытпай, Жер тұрғанша тұрыңдар деген адал ниетімен берген емес пе? Өзгеге өзеуреп, жатқа көзін сатпасын, өзінің ұлылық сипат тұлғасын сақтасын деген ниетті көрсетеді. Халықтың ұлылығын түсінетін бар, жұтынып жұтып қоярдай тепсінетін бар. Жеріміздің асты, үстіндегі байлықтан кемдік көрмейтін етілген. Қолы ойнаған пенде табысқа толық кенеледі. Көршілері көре алмай қыңқыл-сыңқылға ұрынбасын деп Жаратқан ием татулықты сақтауға сабырлы мінезді де қазақтың қанына ұйытып: «О дүниеге, мәңгілік мекеніңе барғанда көршіңмен тату болдың ба?» — деген сауал қойылатынын да ескерткен. Ұлтымыздың ежелден бергі қанға сіңген бейнесі ұлтарақтай жерді де жаттың табанына бастырмау еді.

Мұны ұмытқан қазақты Алланың кәріне тапсырды. Бүгінде ұлт шындығы, қасиеті кейбіреудің көзіне оқтай қадалғандай көрініп масқара, мазақ болуда. Оның себебі кейбір шенеуніктердің пара алатыны, байыған сайын көзіне қара көрінгендей тойымсыздығы. Көршіміз қытайлар жерді иеленіп алыпты деген де сыбыс бар. Шындығы анықтала жатар, онсыз да өндіріс байлықтарына қытайлықтар қатысып шаруасын дөңгелетуде.
Бүгінгі шақта қытайлықтардың 64 пайызы, миллиондаған адамдары бөгеусіз шетелден рахат тірлігін таппақшы болса, теңіз асып, таулардан өтіп бейнет шеккенше іргесіндегі Қазақстанның жерін иеленбек. Сондықтан паралап, түрлі-түрлі орынды сағалап қазақ жерін иемденген, көктен іздегені жерден табылмай ма? Мұндай қулықты әрбір қазақ білуге тиісті, арлы алданбайтынын ұғуға тиісті. Қытайлықтар Ресейге де ағылып барып, қаңырап қалған кейбір елді мекендерді жайнатуға жалға жерлер алып, оны бүлдіріп кеткенін, шартты бұзып оларды тоқтатқанын телехабардан көргеніміз және бар. Сондықтан жерді игеру үлкен мәселе, онсыз да аспанымыздың асты, жеріміздің үсті радиакциядан кенде емес. мына Аршалы ауданында Социалистік Еңбек Ері Жанқоразов және Әлібек Тоқбаевтар басқаратын совхоздарда бос жатқан жер жоқ, өндірістік негізде дамып, халқын жарылқап отыр. Ауыл министрлігі осындай мүмкіндікті дұрыс бағалап, өзгелерге тарата алмай сорлап қалды. Бұл барып тұрған күйінетін, күлетін масқаралық еді.
Жер мәселесіндегі іс-әрекетті бастағанда халықтың көз алдындағы өткен Қажыгелдин, Терещенко дейсің бе, облыстарды басқарған әкімдер дейсің бе, жалпы түрлі саладағы шенеуніктердің иелігінде жерлер болды ма, құжаттары қалай, түрлі салықтарды төледі ме, бәрі-бәрін сүзгіден өткізіп халыққа жарияланса, көлденең ойлылардың өткенге қарайлап қалған сезігі сейілер еді. Өйткені, басшының бәрі бірдей жүз пайыз елім, жерім, халқымның болашағы, қалың көппен бірдеймін, қуанышым да, қайғым да солармен ортақ дейтін Тәшенов емес қой. Өзімшілдігі өлшеусіздерді де көріп қалдық.
Рас, жерімізді жетімсіретпей жалға берілсе, не сатылса, ол екінші, үшінші адамға сатылуға болмайтындығына заң керек. Заңды бұзғандар қылмысқа тартылсын және жерді иеленушінің өмірдерегі, ұрпағы халыққа жария болса, қалалардағы зейнеткер ауыл мамандары ұрпағымен туған жерін көркейтуге баруына үкімет бастамашылық көрсетсе талай мүмкіндік жүзеге асар еді. Ұлт ұлылығы андағайлап көзге түсер еді. Ұлтымыздың бастан өткен тарихында қызын сатса да, жерін сатпады. Қазақтың қайғы-шерін бүгіп жатқан жерде ата-бабамыз о дүниелік боларда жаныма жаман адам түсуден сақтағай деп өз қорымын мәңгілік мекен еткенін теріс түсінуге болмас, ондай есалаң оңбас. Сондықтан жер мәселесі туралы құрылған ұйым мүшелері дәрменді заңдылықты сақтап халықтың ой сүзгісінен жариялы түрде өткізсе жер иеленушілер де, халық та риза болар еді. «Жер сатылады» деген сыбыс шықпастан бұрын да кейбіреулер алқаптарды қоршап, тіпті Көкшенің тауын сатамын, басқа да жер сатамын деген хабарларды да естіп шошығанымыз бар-ды.
«Алтын жүрген жерде албасты жүреді» деуші еді. Белгілі бі бейнелі, әрі астарлы сөзге таласыңыз жоқ шығар. Өмірдің әлемдік құйындатқан ғасырында алтынды тұс-тұстан жалмауыздай талаушылар да табылып жатыр. Кедейлер байлығынан қағылып жатыр. Өзге өзімен-өзі бола берсін демегенмен еліміздегі алтын кендері Ресейге сатылып кетті дегенді ақпарттан естісең есің шығады. Жаманат тез таралмай ма? Ресей қашан болсын аларынан да, берерінен де ұтылмайды. Қай жерде пайда көзі бар үңіле түсіп, үңгіп алады. «Белшесінен қылмысқа басуды елемейтіндігіміз рухымыз тозған ба?» — деп бармағыңды тістейсің. Қайдағы бір қырсықтан арылуға төрелікті кім айтады? Сабырдың да шегі бар, ә? Ертеде айтқыш Керей ағамыз: «Адамдардың сыйласқаны дұрыс, бірақ қорқып сыйласқанға ештеңе тең келмейді» деуші еді. Орыс тамыр сыйласын деп алтынды алтындай, жерді жердей бере берсек кісілігіміз қайсы, еркіндігіміз қайсы, ұят-ай! Қазірде байлар жетеді, облысты облыстай, ауданды аудандай жекешеленсе, не сатып алғысы келсе де қулық-сұмдыққа жетік Ресей шованистері орыстылдылерді қорғаймыз, олардың тұрған жері ресейдікі демесіне кім кепілдік берер дейсің. Сонда жер соғып отырып албастының айғыры басқыр жұтатып кетті деген қарғысқа жүгінерсің. Одан не пайда, жау кеткесін қылышыңды тасқа шап деп тынып тіл тартпай қалармыз. Тфә, пәлкет, жынның үрейлі зұлымдығынан сақта! Сақтана біл, байлығыңа ие бол, байқа қазақ!
Қазақ «асыққан шайтанның ісі» дейді. кеңес өкіметі құласымен жекешеленуді дөңгелетіп жібергенде билік басындағылар өздеріне пайдалы шешудің барлық қулығын іске асырды. Шаруаларға түбі тесік шелек, жыртық астау, аңғал-саңғал қамыс қора үлесіне тигенде. «Қолым құр емес қой, байды мәпелеп, аузын жалармыз, одан артық жақсылық болмас» деп сайқымазақ сөз қалдырды. Ол — ол-ау, алыстан қол бұлғап, көпір басында көз түйістіретіндей бұрынғы Мәскеудің мэрі Лужков Солтүстік Қазақстан облысының элеваторы дейсің бе, жері дейсің бе, жекешеленді деген сөзді ел құлағы елу деп естіген едік. Сонымен Лужковтың жекешесінен түскен пайда бар ма, жоқ па, бүгінгі кезі келгенде бәрін анықтап халық білуі тиісті. Сонда ғана жұрттың күңкілі сап басылады.
Жаңа келген президентіміз Қасым-Жомарт бауырымыз осы ақиқаттың үдесінен шықса, қанеки!

Табыл Құлияс

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.