Бұл күндері тоқсанның шыңына бет бұрған қоғам қайраткері, ардагер Хамит Ембергенов әлі тың көрінді, әлі тіп-тік. Жыл мезгіліне қарай киетін костюм-галстуктері мен туплилерін, шәпкілерін әлі талғампаздықпен киеді. Шаң жуытпайды, тап-таза. Қырын сындырмай көйлек, шалбарын жұқа дәкемен әлі өзі өтектейді. Мұрты мен сақалын өсірмей, ұқыпты қарайды. Әдемі иісті әтірді қалтасынан тастамайды. Ғайбат сөзге жоқ. Мұрнын бір тартып, жарасымды күлкісі жарасатын нағыз маңғаз, сырбаз.
Жақында Хамит ағаның отбасына арнайы барып, әңгіме-дүкен құрып, сыр ағыттық.
— Хамит аға, жастық шағыңыз ұрпаққа өнеге-өсиет боларлық әңгімеңізден бір үзік сыр ақтарсаңыз?
— Жастық шақ аңыз секілді. Өмір шіркін, есікті ашып-жапқандай болып тұр.
Жастық шағым Қызылорда қаласында өтті. Осы Құдабаев көшесі №45 үйде дүниеге келгеніме биыл тоқсан жыл болды. 1929 жылдың бірінші мамырында анам Жібектің құрсағынан шыққан жалғыз ұлмын. Мен атадан жалғызбын. Мені тымаққа орап өсірген көрінеді. Ата-анам сәл тымауратсам емші-молдалардың үйінен шықпай күн кешкен көрінеді. Ұзақ жасауымды Алладан тілеумен болған.
— Отау құрған, сәби сүйген сәтіңізден әңгіме қозғаңызшы?
— Біз Бижановтар әулетінен тараймыз. Бижаннан Емберген, Әйімбет, Маханбетжан туған. Әкем Емберген 73 жасында, анам Жібек — 70 жасында бұл пәниден аттанып кетті. Менің отау құрғанымды, немерелі болғанымды көрді.
Бір қызық әңгіме айтайын. Әкем Емберген атбегі болған, жылқыны жанындай сүйген. Дарияның арғы бетіндегі ағайын-туыстарға шығарда сары жорғасымен жортып кететін. Кейде апталап жүріп қалатын. «Әкем неге ұзақ жүреді деймін?» — анам Жібекке.
«Ой, саған қалыңдық іздеп жүр», — деп ішек сілесі қатып күлетін жарықтық. Ал мен қалыңдығы несі деп таңырқаймын.
Содан бір күні әкем Құлболды Ишан ауылынан келсе керек. Құлболды біздің аталас туысымыз. Ауылдағы Әбіласан атты ұлынан Әкімал мақсұмға бірер күн қона жатып, екеуі түн бойы сырласыпты. Әңгімелері маған лайықты қыз іздеу, соған құда түсу жайы. Сонымен екеуі түн бойы ақылдасып, ауылдағы Еспенбет қажының қызы Ләтипаны ұнатыпты. Ләтипа бойжеткен, мектеп бітірген. Майданнан оралған жалғыз ағасы Шахап үйленген соң тұрмыс құрмақ ойы бар екенін «тыңшылар» арқылы хабарласқан. Қыздың кет әрі емес екенін біледі.
— Әкем 1947 жылдың тамызында Ләтипаның анасы Тәтен, ағасы Шахап, жеңгесі Патымамен келісімге келіп, үйге қуана оралды. Дереу қалыңдықты алып келудің қамына кірісті. Мен қаладағы «1 май» мектебін бітіріп, оқуға түссем деп армандап жүрген кезім. Сонымен, әкем мені, анам Жібек, інісі Маханбетжанды түйеге мінгізіп, әкем баяғы сары жорғаға үзеңгі салып, қазіргі «Қоғалы» ауылына тарттық. Күн бата бағыт алған елді мекенге жеттік. Алдымен Әкімал мақсұмның анасы Тоқыш, Зайыбы Жәмиланың батасын алып, Ләтипаның отбасына келдік. Мен әлі Ләтипаны көргенім жоқ. Ауыл ақсақалдары бізді құшақ жая қарсы алды. Сәлден соң дастарқан үстінде болашақ жарым Ләтипаны кездестірді. Сымбатты бейне бір құтыға құйған шырындай, қою қара шашы иығынан төгілген, аққудың балапанындай көрінді. Міне, өмірі көрмеген Ләтипамен отау құруымыз алғаш рет осылай басталған еді.
— Ләтипамен отау құрдыңыз, содан кейін не болды?
— 1947 жылы Қызылордадағы жалғыз қазақ орта мектебі Бірінші Майды бітірдім. Білімге құмарлық бәсеңдеген жоқ. Қаладағы Н.В.Гоголь атындағы пединститутың тарих факультетінің орыс бөлімін бітірдім. Еңбек жолым Сырдария аудандық оқу бөлімінің инспекторы қызметінен басталды. Содан кейін облыстық комсомол комитетінде, қалалық «Білім» қоғамында, Қызылорда қалалық партия комитетінде тоғыз жыл нұсқаушы болдым. Аз уақыт обкомда қызмет атқарғаным бөлек әңгіме. Сырдария ауданы қайта құрылды, аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімін жиырма бес жыл басқардым. Ел ағалары Еламан Жүнісбаев, Абдолла Шорағазиев, Елеу Көшербаев, Жұмабай Бәкішевтердің мектебінен өсіп жетілдім. Қамқор ағалардың құшағы маған әлі ыстық.
— «Боздақтар» атты кітап шығарыпсыз.
— 1989 жылы зейнетке шықтым. Содан облыс әкімшілігі бесаспап журналист Мырқы Исаев екеумізге «Боздақтар» атты кітапты шығару міндетін жүктеді. Сұрапыл соғыс жылдарында кеткен боздақтарды жер-жерден, архивтен, КГБ құжаттарынан іздестіру оңайға түскен жоқ. Бес мыңдай шет жерде қаза тапқан ағалардың деректерін жинастырып, ағайын-туыстарына қауыштырған сәттегі олардың қуаныштары жыр-дастан.
— Ембергеновтер әулеті өркен жайған, тамырын тереңге жіберген, бейнелеп айтқанда бәйтерек секілді көрініп тұр.
— Аллаға шүкір, қарағым. Ләтипа екеуміз он ұл-қыз өсірдік, бәрін ержеткіздік, оқыттық, отау құрған қуанышын көрдік. Қазір бұлардан 33 немере, 70 шөбере, 2 шөпшек қолға су құйып, құшағыма кіргенде шексіз қуаныш бойымды билейді. Тағы да қайталағаным артық болмас, сүйікті жарым Ләтипаның мен көрген көп қызықты көрмегені жүрегімді сыздатады, көзімнен төгілген жасты кейде тыя алмайтын кездерім бар. Қыздарым Шара — экономист, Қадиша, Шәрипа, Мафруза, Клара, Ұлжан — мұғалім, Мағрипа — Астанада денсаулық сақтау министрлігінде бөлім бастығы, Марат — инжер, Хайреттин — тәртіп сақшысы, майор, Жанабаддин — кәсіпкер. Міне, біздің отбасымыз осындай.
— Құда-жекжаттарыңыз жайында не айтар едіңіз?
— Орынды сұрақ. Киім-сыртынан емес, ішінен тозады. Отбасының қуанышы құда-жекжатпен ғой. Олар адамның өрісі, бейнелеп айтсам жайлауы. Құда-жекжаттарымыз белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев, заң қызметкері Пазылбек Әбдірахманов, ғалым Бақытжан Әбдірейімовтер әулеті, еңбек ардагері Кеңес Махамбетов, ардагер-полковниктер Ақан Оразов, Қыпшақбай Жүсіпов, Ораз Бодықов, ардагер Майгүл Әуезқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Оралбек Әбдімомыновтар.
— Сырлас, сыйлас аға-буын өкілдерінен кімдерді айтар едіңіз?
— Жаны жайсаң адамдар күннің шуағы сияқты, олар ортақ — қазына. Жақсы адамдар ортамызда ағып жатқан дария-өзен секілді. Қартаю Алланың сыйы әрі сыны. Өмірдің ащысы мен тұщысын көп таттық. Баяғы сыйлас, сырластарымның көбісінің көзі жоқ, пәни дүниеге аттанып кетті. Күн сайын бір-бірімізге телефон соқпасақ, бір шәйді бірігіп ішпесек, күн батпай, таң атпайтын секілді көрінетін Нұрмақ Тоқмырзаев, Айтбай Ыстықбаев, Төлек Сақтағанов, Сәдуақас Темірбеков, Әбсәләм Нұржановтарды түсімде жиі көретін болдым.
Қазір Абдулла Дәулетов, Бөрібай Құлманов, Камаладдин Наурызбаевтарды көрмесем, көңілім құлазып тұрады. Інілерім Ибрагим, Мұқан, Сұлтан, Бектұрған, Төлештер телефон соқса екен деп жиі алаңдайтын болдым. Жас ұлғайған сайын алаңдаушылық басым.
— Өмірге өкінішіңіз бар ма?
— Қарағым-ай, өкінішсіз адам аз. Сүйікті жарым Ләтипа Еспенбет қызынан көз жазып қалғаныма, сыңар аққудан айрылғаныма биыл 20 жылға жуықтап қалды. Кенже ұлым Жанабаддин, келінім Маржанның қолындамын. Күтімім жақсы. Екі рет қажыға бардым. Бес уақыт намазды құр жібермейтін имандылыққа бет бұрдым. Ұлым Жанабаддин, немерелерім Елхан, Абайларымның қолынан жайнамаз түспейді.
Тоқсандағы бәйтерек, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Хамит Ембергенов бұл ғұмырда талай марапатты, сый-сыяпатты көрді. Асқан жоқ, тасыған жоқ. Баяғы бір қалыпты сырбаз мінезінен жаңылмай келеді. Тыңдауға құмар, көп сөзге жоқ. Қоштасар сәт туды. Аға құшағын ашты, жібергісі жоқ. Келіп тұрсаңдаршы дей берді. Сөзін қимадық. Қоңыр домбырасын шертті.
Абай әндерін қалықтатты, Құрманғазы күйлерін төгілтті. Ағаның осы бір өнеріне тағы бір тағзым етпеске болмады. Қоштасқысы жоқ. Ақын Мұқағалидың:
«Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Біреу мініп келместің кемесіне,
Біреу күтіп кезегін жағада тұр!» — деп жатқа айтып, шығарып салды.
Ия, тоқсандағы бәйтерек Кәмекең бұл өлеңді неге ойға оралтты? Соңғы кезде сәл-пәл басы ауырып қалатын әдет шығарғанына жаны күйзеле ме, қалай? Бәрін сабырға жеңдіріңіз, жан аға! Жүздің асуына қарай жол тарта беріңізші! Бізден бар тілек осы!
Сұхбаттасқан —
Қайырбек Мырзахметұлы




























