БІЗ — ТҮРКІЛЕР БІР ҰЛТПЫЗ

0
410

«Дүниеге қазақтың көзімен қарайық» атты мақаламда былай дегенмін.
«Қазаққа қазір не керек? Қазаққа қазір көбею керек. Қазақты жұтылып, жоқ болып кету қаупінен құтқаратын біздің ішімізден шығатын тұлпарлар. Тұлпар тек мыңнан шығады. Жүзден шықпайды. Жүзден тек жүйрік шығады. Ал қазақ жүйрік қана емес, тұлпар болуы тиіс. Басқа жол жоқ. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар…» деп баяғының шалдары бекер қақсамаған.

Көпбалалы аналар осы қауіптің алдын алатын ұлттық байлығымыз деген көзқарас қалыптасуы керек. Осы байлығымызды жасауға мұнай және басқа да қазба байлықтар жұмсалуы тиіс. Әрі бұл құрмет қазақтың баласын туған аналарға ғана тиісті болуы керек. Жарық дүниеге ұлты қазақ емес ұрпақ әкелген әйелдер бұл құрметтен дәмеленбей-ақ қойсын. Ол үшін өкпелемесін» деген болатынмын.
Осы пікірімді нақтылап, әрі кеңейте кеткенді жөн санап отырмын. Мақалада қазақ деп қадап айтсам, бұл Қазақстандағы түркі тілдес туыстарды сырт тепкенім емес. Қазақ дегенім түркі деп түсінілсе құба-құп. Елімізде өмір сүріп отырған қырғыздар, ұйғырлар, өзбектер, азербайжандар, татарлар, түріктер, башқұрттар, қарақалпақтар және т.б. қазақпен бірге осы игілікті пайдалануы тиіс. Өз кезегінде елімізден тыс, түркі тілдес елдерде қазақтар да сондай теңдікте болғаны жөн.
Мен үшін түркі тілдес туыстар өзге ұлт емес, біз бәріміз Түркі деген ұлы ұлттың бөліктеріміз. Біз — түркілер тарихтың тегеуірінімен бір замандарда ажырап қалған бір ғана ұлт екенімізді түсінетін мезгіл жетті.
Сондықтан түркі тектес кей бауырларымыз бірін-бірі жат санап, жөнсіз сөйлеп қойып жатса, олардың бұнысын білместік деп түсінейік. Оны одан әрі өршітпей сабырға жүгініп, жөнін ұғындыруға тырысуымыз керек. Біздің бір-бірімізді жат қылып, жеке-жеке ұлтқа айналдырып жіберген әрісі Ресей патшалығы, берісі лениндік-сталиндік сұрқия саясат. Осыны қарапайым адамдар ұғына бермегендіктен білместікке ұрынады. Қарапайым адамдар былай тұрсын, әне бір жылы өзбектер Алпамыс батыр ескерткішін тұрғызғанда, «Алпамыс батырымызды өзбектерге беріп қоямыз ба, ол біздің батыр ғой» деп, аттандап шыққан оқыған қазақтар болды. Қандай ұят! Алпамыс қазақ пен өзбектің ортақ бабасы болса, ол қалай өзбектікі, ол қалай қазақтікі болмақ. Тіпті Алпамысты баба санайтын басқа да түркі тілдес елдер бар емес пе? Сонда Алпамысқа таласып, қырқысамыз ба, әлде Алпамыс бәріміздің атамыз деген бір мәмілеге келіп, бауырласамыз ба? Дұрысы соңғысы ғой. Егер оқыған зиялыларымыздың өзі осылай деп жүрсе, қарапайым адамдардан не күтуге болады? Біріне кінәлі тарихымызды терең білмегеніміз.
Қарапайым адамдар арасындағы бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бірде Алматыдағы 1-ші темір жол бекеті маңындағы шағын базарда екі әйел, орынға таласқан болуы керек, шаң-шұң ұрысып қалды. Екеуі де қазақшалап ұрыс-керістің түбін түсіріп жатыр. Сонда біреуі: «Құры, қаңғыған әзірбайжан, кет өз еліңе!» — дейді. Мәссаған, мынаны естіп, қалай жай қалайын, екеуін ажыратып, түсіндіріп бағып жатырмын. Бірақ ұрысқақ қатындар түркі тілдес туысқан деген насихатқа пысқыратын ба еді.
Тағы бір мысал. Қазақ қыздарының өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы туралы пікірталас туындап қалған жағдайда қытай, орыс және тағы басқалардың қатарына түркі тілдестерді де қосып, жиреніп отыратын бір жаман әдет бар.
Былтырлары Оғыз Доған бауырымыз Air Astana-мен, Qazkom банкімен қазақ тілі үшін қырқысқанда кей қазақтар әлеуметтік желіде: «Осы түрік қазақ тіліне жаны ашиды дейсің бе» деген мағынада тіл тигізіп қалды. Бұл да білместік.
Осы жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Тіл — бірлік» айдарымен қазақ арасында туып-өсіп, қазақ тілін меңгерген өзге ұлттың өкілдерімен бірге Шерзод Пулатов атты өзбек бауырымыздың да пікірін беріпті. Сөйтіп өзбекті өзге ұлт — неміс пен орыстың қатарына қойыпты. Осы да білгендік пе?
Мұндай мысалдар тек қазақтың арасында емес, өзге түркі тілдестердің де арасында кездеседі екен. Ақпан айының басында өзбектің QALAMPIR.UZ сайты: «Олий Мажлис Қонунчилик палатаси депутати Расул Кушербоев турк сериаллари ҳақида ўз муносабатини билдириб, улардан қутулиш йўлларини ўргатди» деп жазды. Оны кейбір қазақ ағайындар қолдап та жатқан сыңайлы. Мұндайда асығыс пікір айтудан сақ болған жөн. Егер «бізге сериал емес, нағыз көркем фильм керек» десе әңгіме басқа. Бұл жерде фильмнің жанрын емес, сапасын емес, ұлт туралы айтылып тұр. Дәл осы арада өзбектер де білместігін көрсетіп алған. Өзбек (қазақ) түркінің сериалынан неге қашуы керек? Түрік деген өз бауырымыз емес пе? Қайта басқаны былай қойып, Түріктің, Қырғыздың, Әзірбайжанның, Түркіменнің және тағы басқалардың киноларын, киносы болмаса сериалдарын көптеп әкелу керек қой.
Былтыр Алматыда Әли Демір атты түркиялық түрік қызуқандылықпен бір славяндыққа қол қатып қойыпты. Әрине, оның мұнысы дұрыс емес, бірақ сол кезде әлеуметтік желіде оған қарсы өз қазағымыз өре түрегелмесі бар ма, «оңбаған түрікті елден қуу керек» деген мағынада пікір жазып. Жөнсіз істі жазалайтын сот бар, дәл осы арада сонша шүйлігетіндей Әли Демир қазаққа не жазып қойыпты? Ақыры оған бүкіл қазақ халқының алдында кешірім сұратып айызымызды қандырдық. Ал оның қазақтан кешірім сұрайтындай жөні жоқ еді. Анау ұлты басқаны ұрса, бас жоқ, көз жоқ термеген шығар, анау да намысына тиетін сөз айтқан ғой, ежелгі көкіректігіне басып. Қазақ осыны айта алмаса, тым болмаса үнсіз қалсашы.
Мұның бәрі түркі тілдес халықтарды бір-бірінен алшақтатып жіберген ресейлік саясаттың кесірі. Сол сұрқия саясаттың азу тісі қатты батқаны сонша, енді туысқан елдер есін жыя алмай жатқан жайы бар. Біз Түркі елдері өз тарихымызды білмей, жақындасу туралы айтқан насихат та зая кете бермек. Осы олқылықты толтыру мақсатында Астанада құрылған Түркі академиясының ұсынысымен «Ортақ түркі тарихы» оқулығын Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның тарихшылары бірігіп дайындап та жатыр екен. 8-сыныпқа арналған осы көмекші оқулық енді бірер жылда мектеп бағдарламасына да енетін көрінеді.
Ал біз, қазақтар түркі тілдес туысқандар туралы мәселеде аузымызға абай болғанымыз жөн-ау.

Нұрлыбек Саматұлы

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.