Шешен қызының махаббаты – 3

0
254

(Соңы. Басы өткен сандарда)
Арадан он бес жылдай өтті. Кәдімгідей есейдік. Түрлі-түрлі қызмет сатыларынан өттік. Борандыда аудан әкімінің орынбасары болып істеп жүрген кезім. Бір күні аудандағы шешен-ингуш диаспорасының төрағасы Сұлтан біздің әкімге кіріп, Шешенстаннан шыққан делегация осында қалған қандастарымен кездесуге келе жатқанын айтты. Топты шешеннің бір қайраткер азаматы бастап келеді екен.
— Аудандық Мәдениет үйінде кездесу өткіземіз. Әкім мырза, сіз соған қатыссаңыз біз үшін зор абырой болар еді, — деді Сұлтан.
— Мәке, менің орысшам шамалы екенін білесіз ғой. Қонақтарды өзіңіз күтіп алып, өзіңіз шығарып салғаныңыз жөн, — деп әкім бұл іс-шараны маған итере салды.
Айтылған күні диаспора төрағасымен бірге Шешенстан делегациясын қарсы алдым. Залға жергілікті шешендер тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Қазақтарды да шақырғанбыз. Ә дегенше кездесуді делегация басшысы белгілі ақын Умар Ярычев бастап жіберді.
— Біз Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жеріне зорлықпен көшірілген халықпыз, — деді Умар Ярычев. Әке-шешемнің алты баласы бар еді. Естияры менмін. Оңтүстүктің Түлкібас ауданына жайғастық. Отбасы үлкен деп бізге бір ескі үйді босатып берді. Аштықтан шиеттей бала-шаға қарлығаштың сары үрпек балапандарындай ауыз ашып шырылдаймыз. Өкіметтің берген паёгі жүрек жалғауға зорға жетеді. Жергілікті қазақтардың жағдайы бізден асып тұрмаса да, балаларының аузынан жырып, жарты нанын бізге беріп тұрды. Бір күні үйімізге Серікбай ақсақ келді. Жарымжан болғандықтан соғысқа алынбаған болуы керек. Өзі колхоз қырманын күзетеді.
— Бәйбіше, қапшық болса мына жерге төсеп жіберіңізші, — деді ол шешеме қарап. Шешем қапшық жайды. Сол кезде Серікбай екі етігін тастап, қапшықтың үстінде тұрып екі балағына байлаған жіпті шешіп жібергенде, балағынан ақ бидай сау ете қалды.
— Ал, тез жинап ала қойыңыз, — деді Серікбай шалбарының балақтарын сілкіп жатып. Шешем бір шелек ақ бидайды жинап алғанда үйімізге әлемнің бар байлығы толғандай қуандық. Анам дереу бидай қуырды. Сол Серікбай қырмандағы астық ауданға жөнелтіліп біткенше бізге осылайша 4-5 қапшық астық жинап берген еді. Осындай мейірбан қазақ бауырлардың, жаны жайсаң жанашыр Серікбайлардың арқасында жалғыз біз ғана емес, Қазақстанға депортацияланған бүкіл шешен қауымы аман қалды. Сондықтан біз қазақ бауырлардың бұндай жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз. Сіздерге мәңгі қарыздармыз. Өсе беріңіздер, өркендей беріңіздер, қазақ бауырлар! — деп ақын тебіреніп барып тоқтады.
Бұдан кейін Шешенстаннан келген өнер иелерінің концерті басталды. Шешеннің қызу қанды билеріне халық дуылдата қол соқты. Ән де ағыл-тегіл шырқалды.
Шешенстанның талантты ақыны Марха Махмудованың «Қазақ жігітіне» деген өлеңі оқылып, жүрек тербеген ыстық сезім тұла бойды шарпыды.
Сондағы өлең авторы бір кезде өзім өлердей ұнатқан Мария екенін, жан-жүрегімді шаттыққа бөлеген сол өлеңі маған арналғанын аңқау басым сол жолы аңғармаппын. Тіпті Марияның тамаша ақын болғанын да білмейді екенмін. Шешенстаннан келген өнерпаздар ішінде Марха аталатын 2-3 қыз бар екенін білген соң бұл ат шешендерде жиі қойылатын есім екен деп топшыладым да, одан арғыға ой жібере қоймасам керек…
Ал, енді арадан тағы да оншақты жыл өткенде Мәскеулік «Никор» газетінен Марха – Марияның өзіме арнаған өлеңдерін оқып, баяғы өшкен жалын жүрегімде қызыл шоқтанып қайта тұтана бастағанын ұқтым. Риясыз ұқтым.
…Жуырда тағы бір тосын жағдай болды. Алматыдан ел жаққа барғанда баяғы бірге қызмет істеген Айсұлуды кездестіріп қалдым.
— Ағай, алматылық боламын деп бізді ұмытып кеттіңіз ғой, — деді Айсұлу жымиып. Баяғы еркелігі басылған, сабырлы, басалқалы бәйбіше болыпты.
— Неге ұмытайын, ұмытқам жоқ. Бұл күнде көз көргендердің бәрін де сағынамын, —дедім ағымнан ақтарылып.
— Ағай, — деді Айсұлу тағы да, көп жылдан бері жанымды жегідей жеп, қинап жүрген бір жәйт бар еді, соны айтсам ба екен?
— Айта бер, ол не жағдай?
— Ағай, мен Сізге бір қиянат жасап қойып едім. Сол үшін әлі күнге өкінемін. Баяғы, 1992 жылы, шешеннің сылқым қызы соңғы рет іздеп келгенде Сізді орнында жоқ деп, кіргізбей қойған едім. Сонда ол ертең сағат 15-те теміржол вокзалына келсін, Шешенстанға көшкелі жатырмыз, қоштасып қалайын, соны Мұратқа айтыңыз деп жалынғандай болып еді. Және сізге арнаған өлеңдерін де маған табыстап еді. Қызғанып кеттім де, соның бірде-біреуін сізге айтпай, жасырып қалғам-ды. Сұлу бикештің сізге жолыға алмағанына өкініп, көзіне мөлтілдеп жас тұнғанын көргенде сізді шын сүйгеніне күдік-күмәнім қалмап еді. Кейін ойлап қарасам менікі ақымақтық екен. Сізге қиянат жасадым-ау деп ойлаған сайын жаным жай таппай аласұрамын. Кешіріңізші, ағай. Әрине, кешіре алсаңыз. Қайтейін, ол кезде мен де сізді жақсы көретінмін. Сіз үшін қияметтің отына түсуге дайын едім…
Айсұлудың бұл сөзі төбемнен жай түскендей әсер етті. Қайран жүрекке қырық жамау ұялады. Ерке сылқым Марияның сұлу бейнесі көз алдымда қайтадан көлбең қақты. «Мен сенің пәк сезіміңді түсінбеппін, Мария! Соңғы кездесуге бармай, жаныңды жаралағаныма, сендей асылды, аймаңдай аруды ренжіткеніме өкінемін. Енді өкінгеннен пайда жоқ. Мария, кешір мені! Сәулем Айсұлу! Сені де кінәләмаймын. Мені сүйгенің үшін сенде жазық жоғын ұғамын. Тек… әлгі бір қызғаныш… Әттең!.. Қайран, Мария! Мені өмірбақи ұмытпай, өлең арнағаныңа бас иемін. Қайтерсің! Бұл тек сен екеуміздің басымызда болған ахуал емес, адамзатқа тән мұң-нала, өкініш…
…«Әрбір әйел — танылмаған планета. Жәй ғана планета емес, әрқайсысы мұңды планета. Бүкіл дүние жүзінің ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір бір кезде әлемнің құпиясын ашуы мүмкін. Ал, бірақ, ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым әйел жанының құпиясын аша алмайды. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам жер бетінде әлі құрылған жоқ, оған дақ түсірмей, аялай білетін еркек әлі туған жоқ». Сүйікті жазушым айтқандай, мен де сенің теңіздей терең жан дүниеңді түсінбеппін, Мария! Кешір!..
…Ох, ұмытып барады екенмін, ана бір жылы менің аталас ағайындарымның бірінің баласы шешен қызына үйленген еді. Сол келініміздің имандылығы мен ибалылығына таңғаламын. Кездескен жерде иіліп сәлем салып, «қайнағалап» тұрады, жағдайымды сұрайды. Қазір әжептәуір кәсіпкер. Кафе, мейрамханалары бар. Астында — Джипп. «Жаман інімізді» талтаңдатып қойған. Ағайын-туыстарының бәрі күйеу баланы төбелеріне көтеріп жүргені. Келініміздің қазақша сөйлеп, салт-дәстүрімізді қазақтан бетер бойына сіңіріп алғанына ризамын. Бұл шешен ағайындардың отбасылық тәрбиесінің жемісі болар деп ойлаймын.
Қалай десем де, «жаман інім» менен гөрі батыл, шешен қызының жан дүниесін терең түсінген болуы керек…

Мырзахан Ахметов

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.