Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде әлеуметтік қордаланған мәселелерді шешу, халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін ең алдымен халықты баспанамен қамтамасыз ету керектігін ерекше ескертті. Тұрмысты жақсартудың ең негізгі басымдықтары ретінде көпбалалы отбасыларға 2-3 пайыз несиемен баспана сатып алуына мүмкіндік беру, ірі қалаларда баспана салуға қосымша 90 млрд. теңге бөлу және көпбалалы отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салу жөнінде арнайы тапсырма берді.
Премьер-Министр Асқар Мамин де барлық атқарушы билікке нақты бағыттар бойынша белгілі бір межеге Жол картасы әзірленіп, оның орындалуы барысында бюрократия мен формализмге жол берілмеу керектігін тапсырды.
Қазіргі таңда халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың басты баспалдағы баспана мәселесі екені баршаға аян. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деген қазақ. Сондықтан Президент пәрменімен халықты баспанамен қамтамасыз етудің ең тиімді жолы деп таңдалып алынған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы енді «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тіптен қолжетімді бола түспек.
Биылдан бастап, «Баспана» ипотекалық ұйымының хабарлауынша, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Нұрлы жер» арқылы үй алғысы келген адам белгілі шарттарға сай құжаттарын жинақтап, банкке тұрғын үй құнының 20 пайызын төлесе қалаған баспанасын алуына болады.
Ұлттық банктің 10 наурыздағы ақпаратына сәйкес бағдарлама бойынша қарыз алуға 10 321 өтініш қабылданып, 5 983 өтініш мақұлданған. Ал «Баспана» ипотекалық ұйымы Индустрия және имфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылы әкімдіктер «Нұрлы жердің» 3 355 пәтерін «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы сатуға шығарады деп отыр.
Дегенмен, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы туралы қауесет көп. Біреулер талаптары тым ауыр, алуға болатын пәтерлер саны тым шектеулі десе, ал кейбіреулер көптеген артықшылықтары бар, өте тиімді деп жатады.
Ең арзан несие «7-20-25» бағдарламасы арқылы беріледі
Мәселенің мән-жайын білмекке, біз, «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілі Айбар Олжаевты сөзге тартқан едік.
— «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының басты артықшылығы пайыздық үстемесі өте төмен. 7 пайыз. Коммерциялық ипотекада ең төменгі ипотекалық үстеме 16 пайыз болады. Егер үй аламын десеңіз ең арзан, екі есе арзан ипотека «7-20-25» бағдарламасымен берілетін ипотекалық несие. Пәтер таңдап, “7-20-25” бағдарламасына қатысты банкке тұрғын үй құнының 20 пайызын төлесеңіз болды.
— Қарызды қысқа мерзімге алып, уақытынан бұрын несиені төлеп тастауға бола ма?
— Қысқа мерзімге алуға да, уақытынан бұрын төлеуге де рұқсат.
— «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілетін үйлер де осы «7-20-25» бағдарламасының шарттарымен беріле ме?
— Биыл өзгертілген ережеге сәйкес «Нұрлы жер» бойынша салынған қолжетімді үйлер енді «7-20-25» бағдарламасы негізінде де беріледі. Бұрын бұл үйлер тек әкімдіктің үй кезегінде тұрған азаматтар мен «Тұрғынүйқұрылыс» жинақ банк салымшылары арасында үлестірілетін. Енді «7-20-25» бағдарламасының қатысушылары үшінші жақ болып кіріп отыр. Біз қай аймақта, қанша пәтер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Нұрлы жердің» пәтерлері берілетіні жөнінде ақпарат таратамыз. Бұл ипотекалық несие шарттарында азаматтың басында үйдің болмауы, әкімдікте үй кезегінде болуы және жинақталған депозит сынды ешқандай талаптар жоқ. Пәтер таңдап, “7-20-25” бағдарламасына қатысты банкке тұрғын үй құнының 20 пайызын төлеу жеткілікті.
Әлі де жетілдірілуі керек кемшін тұстары бар ма?
— Қандай кемшілігі бар десек, бұл бағдарламамен үй алу үшін міндетті түрде ресми жұмыс істеу керек. Төлем қаблетін растау үшін зейнетақы, айлық тұрақты болуы тиіс. Өкінішке қарай көп азаматтар ресми жұмыс істемейді. ИП арқылы жинақталған ең төменгі зейнетақы көлемі бойынша көбі банктердің талаптарына сай болмай жатады. Яғни, төлем қабілеті банк шарттарына сай болмағандықтан, ипотекалық несие ала алмай қалады. Сонымен қатар үйдің бағасы сәл қымбаттау болса, айлық та тиісінше, жоғары болуы керек немесе екі адам да ресми жұмыс істеуі шарт, — деді «Баспана» ипотекалық ұйымының өкілі Айбар Олжаев.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ»
банкінен де төмен пайызбен
баспана алуға болады
Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, кірісі төмен отбасыларға баспана сатып алудың қолжетімді болуы үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі жүйесі арқылы 2-3 процентпен тұрғын үй несиесін ұсынудың жеңілдетілген тетігін әзірлеуді тапсырды. Нақты аталмыш санаттағы тұрғындар үшін банкке 7 жыл көлемінде жыл сайын 50 миллиард теңгеден бөлу жөнінде тапсырма берді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы да «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі ипотека береді. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар арзан тұрғын үйлерді мердігерлердің көмегімен салады. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі пәтерлерді жеңілдетілген шарттармен салымшылар арасында таратады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үйлер 50/50 принципі бойынша беріледі. Яғни, пәтердің кемінде 50 пайызы әкімдік кезегінде тұрғандарға берілсе, ал қалған 50 пайызы аталған кезекте тұрмаған басқа салымшылар арасында бөлінеді. Әкімдіктің үй кезегінде тұрғандар да мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін банк салымшысы болуы тиіс, яғни шот ашып, қаражат жинау керек.
Өз үйім — өлең төсегім
“7-20-25” мемлекеттік бағдарламасымен баспана алған Арман Несіпбек: «Мен екі бөлмелі пәтер үшін ай сайын 80 мың теңге төлеймін. Квартирант болып та бұл сомадан 2 есе қымбат төлеп жүргендер бар. Ал ипотекалық несиемен пәтерге 2 есе арзан шығындаламын. Адамдар көбіне ұзақ мерзімге қарыз алудан қорқады. Бірақ пәтерді жалдап, әркімге бір төлеп, өмір бойы көшіп-қонып жүреді. Шындығында өз үйің үшін шыққан қаражаттың еш өкініші жоқ», — дейді.
Біздің бір білгеніміз мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу үшін баспана құнының 20 пайызын және басқарушы компаниямен келісімшарт жасау кезінде болатын қосымша шығындарға дайын болу керек. Электронды цифрлық қолтаңбаның да маңызы зор. Кез келген анықтаманы алу кезінде уақытты барынша үнемдеуге таптырмас мүмкіндік.
Баспана мәселесімен басы қатқан кез келген адам «екі қолға бір күрек» дегендей жұмыс істеп, қаражат табуы керек. Жақсы, сапалы өмірге деген құлшыныстың болуы маңызды. Сонда ғана «өз үйім — өлең төсегім» деп кең көсіліп, кемел ойлай аласыз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ




























