
Мұндай қызмет түрлері бұрын Кеңес дәуірінде қазіргідей кең таралмаған болатын. Ол кезеңде де кейбір басшылық қызметте болған адамдардың үйін тазалап, тамағын пісіріп беріп жүретін адамдар болды, әрине. Бірақ мұндай қызмет көрсетушілер жұмысын ел ішіне дабыра қалмай, жасырын жасауға тырысатын. Өйткені, ол заманда біреудің үйінің жұмысын ақшаға жалданып жасау ұят саналатын. Олар «Біреудің күңі» атанудан қатты қорқатын.
Ал қазіргі кезде қоғам да, адам да өзгерді. Қазіргідей ел ішінде жұмыссыздық белең алған уақытта адамдар жұмыс таңдамай істей беретін болды. Бала күтуші, науқас күтуші, үй қызметшісі деген «вакансиялар» бүгінде қолдан қолға тимейді, қоғамда үлкен сұранысқа ие. Мұндай жұмыстарды арнайы білімі жоқ адамдармен қоса, жоғары білімді адамдар да жасауға аса пейілді. Өйткені, олардың мамандығы бойынша жұмыс істейтін жерден алатын жалақысы аз, бала-шағасын асырауына жетпейді. Жоғары білімділердің бірқатары қазіргі уақытта өздерінің негізгі қызметін амалсыздан күтушілікке айырбастап жіберген. Есімдерін атамауды өтінген жоғары білімді бірнеше танысым күтушілік жұмыстан аса бір ләззат алмағанымен, жүйкесі мен жаны тыныш екенін және жалақысы да мемлекеттік қызметтегіден гөрі едәуір мол екенін айтты. Олардың айтуынша, күтушілер мен үй қызметшілерінің орташа айлығы — 150-200 мың теңге аралығында. «Егер сол үйде тұрып, күтушілік пен үй қызметшісін қатар алып жүрсеңіз, онда бұдан да көп табыс табуға болады», — дейді олар.
Осы әңгімені естігеннен кейін жаңа замануи жұмыс орындары жайлы сараптама мақала жазуға ниет қылып, осы бағытта жазылған хабарландырулармен жұмыстанып көрдім. Енді «Сиделка», «Няня», «Домработница» сияқты көпшілік аузында жүрген атаулармен тақырыпшаларға бөліп, алған ақпараттарымды көпшілікпен бөлісіп көрейін.
Науқас адамды күтуші — «Сиделка»
Алдымен «Сиделканың» қызметі жөнінде жазып көрейік. «Сиделканың, яғни науқасты күтушінің негізгі міндеті — ауру адамдарды күту, оның тамағын және дәрігердің нұсқамасымен белгіленген дәрілерін беру, жуындыру-шайындыру. Жеңіл-желпі науқастарды немесе көп ауырмайтын, бірақ ұмытшақ болған қарт адамдарды қарайтындардың айлығы айына 50-70 мың теңгені құрайды. Немесе олар тәулік бойғы еңбегіне 2000-4000 теңгеден алады. Ал сырқаты ауырлау адамдарды қарайтын күтушілерге тәулігіне 5000-7000 теңгеден төленеді екен. Өте ауыр халде жатқан науқастарды күтушілерге қожайындар тәулігіне бұдан екі есе, яғни 10 000-12 000 теңгеден беретін көрінеді. Мұндай науқастарды күтушілердің міндетіне оның ас-ауқатын әзірлеу, арнайы медициналық құрылғылармен тамақтандыру, дәрі-дәрмегін беру, массаж жасау, дәрігер белгілеген дәрісін құюмен қоса, ауру адамның астын тазалау, памперсін ауыстыру, бөлмесін таза ұстау секілді жұмыстар кіретінін ескерсек, мұндай қомақты қаражатты (айына – 250 мың – 300 мың теңге) табудың оңай емес екенін көреміз. Қазіргі кезде осындай мол жалақысы бар қызметті табу қиын. Мұндай еңбекақыны мұнай-газ өнімдерімен айналысатын кәсіпорындарда немесе шетел компаниясында көптен жұмыс істейтін адамдар мен тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер ғана табады. Осындай мол табысқа қызыққан қыз-келіншектер Алматы қаласына сонау Тараз, Шымкент, Түркістан, Қостанай, Семей қалаларынан келіп, күтушілік қызметке жалдануда. Алыстан келген күтушілер қожайындарының келісімімен вахталық әдіспен жұмыс жасайды екен. Яғни, екі күтуші кезек-кезек 15 күннен алмасып келетін көрінеді.
Кейбір қожайындардың айтуына қарағанда, күтушілердің дені бұрынғы медицина қызметкерлері мен оқытушылар, балабақша тәрбиешілері, кітапханашылар.
— Менің анамның сал ауруына ұшырағанына бес жыл болды. Осы жылдардың ішінде талай күтушіні жұмысқа алдым. Солардың арасында ауыр жұмысқа шыдамай өздері кетіп қалғандары да болды. Керісінше, менің және науқас анамның талабынан шыға алмағандарды өзім жұмыстан шығарып жібердім. Күтушілік оңай жұмыс емес. Бір қарағанда, бұл жұмыс кез келген адамның қолынан келетін сияқты. Бірақ, мүлдем олай емес. Күтушілікке де білім керек. Өйткені, күтуші аурудан әбден қажыған, көңілі пәс адамдармен жұмыс жасайды. Олар науқас немесе қарт адамдармен дұрыс сөйлесе білуі керек. Күтушілер тек науқастарды күтіп қана қоймай, олардың жағдайын жасап, түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құра білуі қажет. Мәдениетті қарым-қатынасты ұстап тұруы керек. Оқымаған, өзін-өзі ұстай алмайтын адамдарға анамды тәулік бойына, тіпті айлар, жылдар бойына сеніп тапсыра алмаймын. Сондықтан мен анамды күту үшін бұрын мұғалім болған адамдарды немесе медицина қызметкерлерін жұмысқа алған дұрыс деп есептеймін, — дейді Сайын дейтін танысым. Сайынның рұқсатымен оның үйіне кіріп, анасын күтіп-бағып отырған келіншекпен сөйлесіп көрдік.
Өзін Маржан деп таныстырған күтуші сонау Жамбыл облысынан келіпті. Бұрын мектепте бастауыш сыныптарға сабақ берген екен. Былтырдан бері күтушілікпен айналысады. Бұған біріншіден, жұмыстағы шектен тыс жоғары талап пен жалақысының аздығы және қағазбастылықтан шаршағаны себеп болса керек. Екіншіден, отбасының ауыр жағдайы да алыстан арбалап ақша табуға мәжбүр еткен. Балаларын анасына қалдырған Маржан бүгінде Алматыда Сайынның анасын күтіп-бағуда. Сайын оған тәулігіне 7000 теңге төлейтін көрінеді.
— Тамағымды осы жерден ішемін. Көшеге шықпаймын, ешкіммен араласпаймын. Бала-шағамның амандығын ұялы телефон арқылы анамнан біліп отырамын. Сондықтан менен шығын шықпайды. Жалақымды айына бір рет аламын да, анамның карточкасына салып жіберемін. Ол кісі менің ипотекалық қарызымды төлейді және бала-шағамның тамағы мен киім-кешегіне жеткізеді. «Заманына қарай — адамы» деген. Бұрын мұндай қызмет түрін біреуге жалдану деп түсінетінмін. Сөйтем, мүлдем олай емес екен. «Сиделка», «Нянка» дегендер табысты қызмет түрі болып шықты, — дейді Маржан.
Бала оқытып тапқан азын-шоғын ақшасын ештеңеге жеткізе алмаған келіншек қиындықтан осылай шығуға ұйғарыпты. Несі бар, енді бір 2-3 жыл шыдаса, Маржан бұл қиындықтан да құтылып, ипотекадағы үйін жекешелендіріп алып, өзі айтқандай, «адамша өмір сүрмек».
Қалада күтушілердің жұмысын ұйымдастырып отырған бір азамат бар. Есімін атамауды өтінген бұл жігіттің айтуынша, күтушілік жұмыс бүгінде ең көп сұранысқа ие болып тұр. Өйткені, жеке адамдар «Үкіметтей» емес, көп талап қоя бермейді. Ең бастысы, еліміз бойынша тұрақты тіркелуде болсаңыз болғаны. Сосын туберкулезбен, СПИД-пен және басқа да жұқпалы аурулармен ауырмайтыныңыз жөнінде және ақыл-есіңіздің дұрыстығы туралы анықтама қағазы керек. Кейбір қожайындар 3х4 өлшемдегі фотосурет пен бұрын сотталмағандығыңыз жайында анықтама сұрап қалуы мүмкін.
— Күтушілер қожайындардың қалауынша әртүрлі мерзімге алынады. Бұл жұмысқа көбінесе, 20-50 жас аралығындағы оқыған, сауатты адамдар қабылданады. Күтушілікке баратындардың көбі науқас адаммен бірге тұрады. Өйткені, жағдайы қиын адамдарды күтетіндер ауру адамның қасында күндіз-түні болуы керек. Мұндай жағдайда күтушілер вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Олардың еңбекақысы да жақсы, айына 100 000-150 000-200 000 теңге көлемінде табыс табады. Кейбір күтушілер ауысыммен жұмыс істейді. Мұндай жағдайда қожайынның ұсынған ақшасын күтушілер істеген уақыттарына қарай бөліп алады. Сондай-ақ, күндіз күнде келіп, кетіп жүретіндер де бар. Олардың түнгі ауысымын көбінесе, негізгі жұмысы бар, бірақ қосымша табыс тапқысы келетіндер жалғастырады, — дейді үйлестіруші бізге мән-жайды түсіндіріп.
Күтушілердің жұмысын үйлестірушілердің айтуынша, қазіргі уақытта қалада науқас адамдар мен қарияларды күтетін оншақты орталық бар көрінеді.
(Жалғасы бар)
Айша ӨТЕБӘЛІ
























