ХАЛЫҚ НЕ ДЕЙДІ?

0
465

25 қазанды Тәуелсіздік күні деп белгілеп, «…станды» алып тастасақ…

Азат Перуашев не дейді?

Ресми түрде қолданылуы үшін — Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев не дейді?

«Болды, жетеді. Не үшін керек ол? Мемлекет атауы Қазақстан Республикасы болып қалуы керек…»

… Кеңес Одағы кезінде Қазақ Советтік Социалистік Республикасы атандық. Көршілес Қырғыз Республикасынан да үлгі ала алмадық. Нұрсұлтан ағамыз 1990 жылдардың басында көген көз ағайындардың халқымыздың жартысына жуықтай көптігін алға тартып орыс тіліне ресмилік мәртебесін бергізгені мәлім. Одан бермен заман өзгеріп, орыстардың ата-жұртына кететіні кетіп, кеткісі келмегендердің тұрақтап қалғанын өтірік дей аламыз ба? Соңғы мәліметтерге жүгінсек өзіміз 65 пайызға дейін құрасақ, орыс ағайындар 20 пайыздай (қазір халқымыз 75 пайызға көбейіп, орыстар одан да азайып 10-15 пайыздай екені анық) ғана екен, қалғандары басқа этностар. Осыған қарамастан үйреншікті әдетпен әлі күнге дейін орекеңдерге жалтақтап «Евразияның Кеден Одағына» өз еркімізбен, яғни «қолтығының астына» қайтадан кірдік. Нәтижесінде қарапайым жұртшылық «қымбатшылықтың құрсауында» қалды. Мемлекеттік тіліміздің хал-ахуалы да жетім қыздың күйін кешуде… Сондықтан біз шын мәніндегі «жаман үйді қонағы билейтіндей» жат әдеттен арылған Тәуелсіз ел болайық десек:
Бірінші: 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ресми түрде лайықты мәртебе беріп Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбиралардай боздақтар мен жазықсыз жапа шеккендерге өз дәрежесінде құрмет көрсетіп, жастарымызды отансүйгішті-адамгершілікке тәрбиелеуге кеңінен жол ашу ауадай қажет.
Екінші: Ата Заңымызға өзгеріс енгізіп, орыс тілі — ресми тіл деген бапты алып тастап, мемлекеттік қызметкерлердің бәрі қазақ тілін мүлтіксіз меңгеру керек деп, тез арада толықтыру енгізгеніміз жөн.
Үшінші: Чехословакия, Грузия, Латвия, Армения, Эстония, Алмания, Венгрия, Жапония сияқты елдерден үлгі ретінде баспасөз беттерінде оқта-текте «Қазақия» атауы бой көрсетіп қалуда. Бұл үрдіс діні де, тілі де бөлек жат-жұрттықтарға еліктеудің көрінісі іспеттес. Осы жайттарды ескере отырып, көптен бері ойланып-толғана келе менің қалың көпшіліктің талқысына ұсынарым: «Қазақстан Республикасы деу де, Қазақия атауы да ата-салтымызға да, әдет-ғұрпымызға да келіспейді, яғни сай келмейді. Сондықтан да Қазақы Республика деп атасақ. Қазақ деп жалаң айта салғаннан Қазақы десек, еліміздегі өзге диаспора өкілдерін де қазақиландырып ұйыстырып отырғанымызға анық дәлелді айғақ болады деп нық сеніммен айта аламын…», — деп 2013 жылы 10 тамызда жазғаныммен БАҚ құралдарында жарияланбады. Алматыдағы «Үш Қиян» баспасынан 2015 жылы шыққан «Хантауы — Қазақ хандығының бесігі» кітабымның 98 бетіндегі мақалам, «Қазақы атауымен аталсақ…», — деп жарық көрді. Одан бері де біршама уақыт өтті. Жуырда «Ақ жол» демократиялық партиясының, Қ.Р. Парламенті Мәжілісінің депутаттары фракция тобының төрағасы Азат Перуашев Қазақстан Республикасы атауын Қазақ Республикасымен ауыстыру жөнінде бастама көтерді. Әрине, елжанды азаматтардың көптен бергі көкейінде келе жатқан жайтты халықтың қос қолдап қолдайтындығы да анық. Дейтұрғанменен мені ойландыратын мәселе 1920 жылғы тамыз айындағы Кеңес Одағы шекпені ішіндегі құрылыммен неге 2020 жылы 100 жыл толу қарсаңына арнап өзгертуіміз керек. Өткен жылы басқалардан алабөтен Ленин комсомолының 100 жылдығы да дүркірей өткізіліп қоғам арасында дау-дамай туындады. Елбасымыздың өзі белгілеген биылғы Жастар жылында осы тарихи аса маңызды Атауды шешіп тастауға болады емес-пе! Азат Тұрлыбекұлының ертеректе ұлтжанды да өнегелі іс атқарғанының куәсі болғанмын. Атап айтсам, «Азаматтық» партиясының жетекшісі бола жүріп 2001 жылы 13 наурызда Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнап ол оқыған Алматыдағы Сәулет Құрылыс Академиясының жатақханасына тақтатас орнаттырып берген еді. Кейін де көптеген игі істерге бастамашы болуда. «…станнан» құтылатын кез әлдақашан келген жоқ-па? Біз ылғый да аңдысын аңдап жайбарақаттыққа салынудамыз. Ашығын айтқанда Тәуелсіздік мерекесін дұрыс тойлап жүрміз бе? Осы тақырыппен 2018 жылы 19 желтоқсанда «Жас Алаштың» №101 санында мақалам жарық көрген еді. Көзі қарақты оқырмандар әлі де ұмыта қойған жоқ шығар, шындығына келсек, 1986 жылы 16 желтоқсанда болып өткен 15 минуттік атышулы пленумда «қаңғып келген шүрегей» Колбиннің таққа отырған күнін мерекелеп жүргендейміз. 17-18 желтоқсан күндері көптеген жастарымыз жапа шеге қасқалдақтай қандары төгілді. Бұл қанды оқиға 2011 жылы Жаңаөзенде жалғаса қаншама боздақтар қыршынынан қиылды… Біз мына жайды естен шығарып алғандаймыз. 1990 жылдың 25 қазанында Тәуелсіздік Декларациясы қабылданып, «Республика күні» деп белгіленген болатын. 17-18 желтоқсан күндерін Демократияның «Жаңару күні» деп айдар таққанбыз. Кейіннен бірте-бірте ұмытылып, елеусіз қалды.
Сондықтан Қазақстан Республикасы атауын Қазақ Республикасына ауыстырған өте дұрыс. Меніңше 2020 жылға қалдыру міндетті емес. Биылғы Жастар жылында Тәуелсіздік мерекесін 25 қазанға белгілеп, еліміздің Атауын да қоса ауыстырған жөн болар еді.

Мәкен Уақтегі,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Жамбыл обл. Шу ауданы, Төле би ауылы

Бұл біздің сауатсыздығымыз ба, әлде батылсыздығымыз ба?

Мен аталары Қазақ ұлтының азаттығы үшін құрбан болған әулеттің тұяғы — Азат Перуашевтің Қазақстан Республикасы – Қазақ Республикасы деп өзгерту туралы үкіметке жолдаған мәлімдемесін зор ықыласпен қарсы алып, дән риза болдым.
Бұдан бұрын мен де «Қазақстан» қазақша «Қазақ елі» деген мағынаны бере ме? — деген мақала жазуды ойластырып жүрген едім. Оның себебі, осыған дейін Парламентте бірде-бір депутат бұл туралы жұмған аузын ашқан жоқ. Біз осы уақытқа дейін, мемлекеттік деңгейде қазақша сауатты жаза алмай қазақ тілін, «мемлекеттік тілді» қорлап келдік.
Енді өздеріңіз ойланып көріңіздерші, «Қазақстан-Қазақ елі» дейтін болсақ, сонда біз осы күнге дейін «Қазақ елінің Республикасының Президенті», «Қазақ елінің Республикасының Парламенті», тағысын тағылар деп мемлекеттік тілді де, Қазақ ұлтын да қорлап, қазақ тілді мемлекеттік құжаттарда да осылай шала сауатты жаздық.
Кеңес үкіметі кезінде «орыс тілі» мемлекеттік тіл болғандықтан, бір сөзден жіберген қатесі үшін, менің шешемнің туған ортаншы ағасы — марқұм Хамза Зәкіріп атамыз Өзбек Елінің Қарақалпақ АССР-нің үкімет үйінде қызмет істеп жүрген жерінде 10 (он) жылға сотталып кеткен еді.
Міне қарап отырсаңыздар, ол кезде мемлекеттік тілге деген жауапкершіліктің қандай дәрежеде болғанын көресіздер. Шамасы, орыс тілінің қазірге дейін аттан түспей келгені, осы күнгі деңгейге дейін жеткені де осындай қатал талаптан шығар деп есептеймін.
Шағын тілегімді Мәскеуде мәңгілік бақилық болған ұлт жанашырлары Әлихан Бөкейханып пен Нығмет Нұрмақыптың басына қойылған Нұрлан Дулатбеков бауырымыздың құлпытасындағы «ұрпақтан — тағзым» ретінде жазылған дауылпаз ақын Қасым Аманжолыптың мына өлеңімен бітіргелі отырмыз:
«Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы!
Танисың ба сен мені
Мен — қазақтың баласы!»

Асқар Сәрсенбай,
жазушы-әлеуметтанушы,
Алматы қаласы

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.