Алматы қаласы бойынша бірінші, екінші типтегі қант ауруына шалдығып, тіркелгендер саны 38 396 соның ішінде, емханаларда емделіп жүргендер саны 38 409.
Республиканың түпкір-түпкірінде көп жүреміз. Қалаға, ауылдарға барғанда еститіндеріміз «Қантым көбейіп кетті, қанты көбейіп қайтыс болды, қанты жоғары болған соң жарасы жазылмай жатыр» деген сөздерді жиі естиміз. Кеңес кезінде «қант» деген ауруды естімейтін, білмейтін едік. Қазір екінің бірі, тіпті жаңа туған нәресте де қант диабетімен ауырады. Себебі не, бұл ауру қайдан, қалай пайда болды?
Осы сұраққа Алматы қаласындағы №5 емхананың эндокринолог маманы Қасенова Гауһар Болатқызынан жауап беруін сұрадық.
Гауһар Болатқызы Семей медицина институтының түлегі. Алматы қаласындағы № 5 емханаға учаскелік дәрігер болып 2001 жылы келген. 2005 жылдан бастап емхана бойынша эндокринолог. Осы мамандық бойынша Алматыда, Мәскеуде, Санкт Петербургта, Лондонда квалификациядан өткен білікті маман.
— Қант диабетіне адамдар бірден шалдықпайды. Дұрыс тамақтанбау, қатты ашулану, бірден семіріп кету. Өт жолын алдырып тастаған науқастар ауырады. Өздерінің осы ауру түріне шалдыққандарын мойындамайды. Асқазан бездері ауырған, көздері көрмей, түрлі көз ауруларына шалдыққан, зоб ауруы бар, аяқтары жүрмей қалған аурулардың себебін білу үшін, бізге жібергенде ғана қанттарының көбейгендігін талдау жасау арқылы біліп, есепке аламыз. Қазіргі таңда Республикамызда инсульт, инфарк, жүректердің ұйықтап жатқанда тоқтап қалуы, қан қысымының жоғарылауы салдарынан адам өлімі жиілеп, яғни, 3,5 пайызға көбейіп тұр. Бірден өмір салтымыздың қиындап бара жатқанын алға тартамыз. Қазақта «Сақтанғанды сақтаймын» деген сөз бар. Барлық жерде хабарландыру бар, қазір қолдарындағы телефонды ашып қараса да қырықтан асқан ер азаматтар мен әйелдерді міндетті түрде тексеруден өтуге шақырамыз. Салғырттық басым. Ақылы түрдегі және мекенжай бойынша өзіміздің емханаларымыз бар. Емхана бойынша эндокринолог маман мен ғана болсам да, маған учаскелік дәрігерлер көмектеседі. Олар да қарайды, дәрі жазып береді. Үлкен кісілер өздеріне қарап, дер кезінде көмек алып отырады. Мына тұрған карточкалардың барлығы инсулинге тапшылар. Екінші типтегі қант диабетімен ауырғандар саны біздің емхана бойынша 1 мың 122 адам. Әрине көп. Бұл тек қана өз беттерімен тексеріліп, тіркелгендер. Ал жоғарғы қант деңгейімен жүргендер қаншама. Екінші типтегі қант ауруымен ауырғандарға тегін дәрі береміз, инсулин, сонымен қатар, қанттың деңгейін өлшейтін өлшегіштер беріледі. Қатты ауырып, қант деңгейі түспейтіндерге диабет орталығына (Жангелдина мен Райымбек көшелерінің қиылысы) №7 ауруханаға немесе Төле би көшесіндегі кардиология институтына емделуге жолдама береміз. Екінші типтегі қант диабетіне шалдыққан адам, өзіне-өзі қарап, дәрігердің берген кеңесін өмірінің соңына дейін ұстауы қажет. Қант диабеті қауіпті. Күніне үш рет тамақтанып, екі рет қосымша тамақтануға болады. Кейбір кезде жатар алдында да адамның тәбеті ашылады. Ол кезде жеңіл желпі, құс етін, айран т.б. жеу керек. Калориясы жоғарғы тамақты күндіз жеу қажет. Бірақ аш жүруге болмайды. Тамақ сатып алған кезде, міндетті түрде тамақтың ішінде белокты, көмірқышқылын, сонымен қатар майлылығына қарау керек. Тамақ ішкен кезде теледидар көріп, кітап, газет, журнал оқуға болмайды. Кейбір аурулар суды көп ішеді. Бұны қазақша сусамыр дейді. Бұл адам ағзасындағы қант деңгейінің қатты көтерілгендігін білдіреді. Аяғы ауыр келіншектер қатты сақтанғаны дұрыс. Өйткені ананың ағзасындағы өзгерістер іштегі балаға да беріледі. Бала туылғанда глюкоза жоғары болып тұрады. Сондықтан да аяғы ауырлаған әйелдер міндетті түрде бақылауда болулары қажет.
Екінші типтегі қант диабетімен ауыратындар тамақ жағына көп көңіл бөлулері қажет: сүт, ашыған сүт өнімдері, майы аз ірімшік, жұмыртқа, қара бидай ұнынан жасалған нан, кеспе, картоп, жүгері, әртүрлі жеміс-жидектер. Майсыз еттер, балық, терісі жоқ тауықтың және индейканың еттерін жеулері қажет. Шайдың кез келген түрін, кофе, газдалмаған су, томат шырыны. Шпинат, қырыққабақ, баклажан, кәді, сәбіз, бұршақ, көкөністер жеулеріне болады. Негізінде қандай тамақ жеулеріне болатынын әрқайсысы өздері білуі тиіс. Міндетті түрде спортпен айналысу, жаяу жүру, бассейнге түсу, велосипед, би билеу тағы сол сияқтылар. Күніне алпыс минутқа дейін дене қимылы қажет. Қант, тәттілер, торт, бал, балмұздақ, жаңғақ, пісте, газдалған сусындар, шырындар, майонез, май, қақталған май, маргарин, дайын соустар, өте майлы сүттер, қаймақтар, ірімшіктер, шұжықтар, қақталған еттер, әсіресе көшедегі дайын тамақтарды, балық пен консервілерді, ашытқы қосылған ұннан жасалған тамақтарды жеуге болмайды.
Әңгімелескен —
Априза Айтбаева


























