ҚР Білім және ғылым министрлігінің назарына!
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда өткен мұғалімдердің тамыз конференциясында үкіметке мұғалімдердің мәселелерін түбегейлі шешуді тапсырды. Бұған қуанбаған адам, (әсіресе мұғалім) аз шығар. Себебі реформа қуған министрлердің «жаңа бетбұрысқа» деген талпыныстары – жарды ұрған толқындай алапат болғанымен, қуаты тез қайтатын секілді еді. Жаңғырығы жер жарғанымен, шуылы көпке дейін жағалауды «кезіп» жүріп алатын тәрізді. Елдің де құлағы елеңдеп – елеңдеп, ақырында сағымға жетемін деп алданған баладай кепке түсетін. Осылайша дамыған елдерде қадірі асқақтаған білім – ғылымның Қазақияда ұнжырғасы түсіп, «өлі жүні» түлемеген тайлақтай көтерем халге түсуі, мұғалім-ұстаздардың беделінің төмендеуіне әкеліп соқты.
Шетел іліміне ғашық министрлер қазақты адастырмай ма?
Өйткені тәуелсіздік алған ширек ғасырда 15 министрдің (жаңа министр 16-шы) «қиялы мен арманына» қайық болған реформа – білім теңізіне ескексіз түскендей әсерге бөледі. Бағыт-бағдары айқын емес қайықтың «Ұшарын жел, қонарын сай» білмегенде қайтпек енді? Осыдан кейін мемлекеттің қаншама қаржысы судай шашылды. Қаншама бағдарлама түпсіз тұңғиыққа батып кетті, Титаник құсап…
Сұраусыз кеткен дүние, құн-даусыз кеткен қаржыларды айтсаңызшы бәрінен де?!
Кеткен министрлердің артынан тас ату ойымызда жоқ. Олар бәлкім жақсы ниетпен іс еткен болар. Алайда халықпен санаспаған, кейбірінің мамандығы білімге «жанаспағандықтан да», «өзім білермендікке» салынып кетті ме деген ойда жүр халықтың көбі. Қалай десек те, «Тауық сойса да, қасапшы сойғанға» не жетеді, шіркін!
Қауқары аз, қабілет-қарымы таяз, ұлттық мүддеден алыс, шетелдік білім беру жүйесіне «ғашық» министрлер өз қағынан жеріген құлан секілді көрінеді маған. Олар өздері ғана адаспай, қаншама ұстаздарды, жас өскін ұрпақты, тіптен бүкіл қазақ халқын, болашағымызды жолдан жаңылыстырады.Шамадан тыс жүктемелер, ауыр тапсырмалар, қағазбастылық әлі бұғанасы қатпаған баланың жігерін құм етіп, білімге деген құштарлығын жоқ етпесіне кім кепіл?! Елден асып, белден басып үлкен жетістікке жетемін деу бекершілік негізі. Билік басындағы азаматтар осыны ескерсе игі! «Бәрін айтта бірін, айт, комсомолдың жырын айт» демекші, ілім саласындағы кейбір келеңсіздіктердің кесірінен, білім теңізі – түпсіз тереңіне жасырған «маржандарын» оңайлықпен бере қоймады бізге. Соның салдарынан ғылым саласы етпеттеп, мектеп қарасы кенжелеп, айлық – жалақы құлдырап, мұғалімдер әкімдердің алдында зырылдап, ауыр да болса айтуға тура келіп тұр, бармақ басты, көз қысты әрекеттер молайып, «Банды жайлаған Петербург» киносындағыдай әр тарапты сыбайлас жемқорлық «ауыздықтап», соңында мұғалімдердің беделі төмендеп кеткені де рас. Халық арасында көп жүретіндіктен ауыл аймақтағы мұғалімдердің тұрмыс – деңгейі, әлеуметтік жағдайы бізге бес саусақтай белгілі.
Өзім ұстаз болғандықтан білім – ғылымдағы жетістіктерге қуанамын, кемшіліктерді көргенде қуарамын. Осы ғұмырымда мектеп бағдарламаларына қатысты кей реформалардың шикілігіне байланысты бірталай мақалалар жаздым. Сын да бар, сыр да бар! Қуаныш та бар, нала да бар. Соның бірі Білім және ғылым министрі болған Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызына жазған ашық хатым. Ол «Қазақстан Дәуірі» газетінде 25.04. 2019 санында жарық көрді. Тақырыбы: «Балаларым «эксперимент» құрбанына айнала ма деп қорқамын. Ал жаңа келген министр осы қаупімізді сейілтеді деген сенімдеміз» деп аталады. Осы мақалада былай деппін: «Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетін басқарып отырғандықтан, кейде алыс-алыс аудандарға, шалғайдағы елді мекендерге жиі-жиі ат басын бұруға тура келеді. Сондайда ең алдымен соғарым — мектеп. Ондағы мұғалімдермен әңгімелесіп, өтініш-талаптарын тыңдауға уақыт бөлемін. Арыз-шағымдары болса қағазға түртіп аламын. Бүгінгі мақалам білім саласына қатысты болғандықтан жаңа министрге, бас ұстазға әріптестерінің өтініштерін жеткізгім келді.
Жақында бір іссапарда ұстаздар қауымымен кездестім. Шалғай аудандағы бір мектеп. Зейнет жасына таяп қалған тәжірибелі ұстаз: «Обновленка деген бар, ол жаңартылған оқу бағдарламасы. Шынымызды айтсақ, қандай сабақ беріп жүргенімізді бала емес, біз өзіміз түсінбейміз», — деп ағынан жарылды. Бұл негізі бірдің емес, мыңның көкейіндегі сауал.
Құрметті Күләш Шәмшидинова ханым! Білім негізі — бастауыш. Сол бастауыш сыныптарда қазіргі бағдарламаны түсіну өте қиын. Обновленка дегенді зейнетке кеткен тәжірибелі ұстаз емес, қазіргі сабақ беріп жүрген ұстаздардың өздері түсінбейді. Жаңартылған оқу бағдарламасының алдында көптеген ұстаздар тоғыз, үш айдан курстардан өтіп келді. Дұрыс. Ниет таза. Бірақ осыдан сұрақ туындайды, бұл ұзақ курстар оқушыға не берді? Оқытушыға не береді? Бекерге мемлекет қаражатын далаға шашу емес пе? Абай атамызша айтсақ, «Еріншек, бекер, мал шашпақтың» кері болып жүрмесін…
Тағы бір өзекті проблема мынау. Қазіргі оқушылар ұялы телефонға сеніп алған. (Есте сақтау қабілеттерін жоғалтып ала ма деп қорқамын кейде). ҰБТ, ОЖСБ жауаптарының нұсқалары телефонда жазулы тұрады. Бұрынғыдай Абай өлеңдерін жаттау, оны ой елегінен өткізіп қорыту, оқыған сабақтан түсінгенін айту мүлдем жойылып барады. Мұны ескеруге тиіспіз. Себебі, біздің қоғамға робот бала емес, өзіндік пікірі қалыптасқан, оқығанын талдап бере алатын азамат керек. Әділетсіздіктің кейде осындай кезеңде туындайтыны байқалады. Қағаздағы арнайы сұрақтарға дайын жауапты дөп басып белгілей алмаған жақсы оқушы үш алып, керісінше, орта, үшке оқитын оқушылар телефоннан жауап тауып 5/5 деген бағаны, яғни жоғары балды иеленіп кете береді. Бұл да назарда ұстайтын нәрсе. Сондықтан әділдік салтанат құруы үшін баланың зейініне, берілген тапсырманы қаншалықты ыждағатты талдайтынына мән берілуі керек.
Алаштың арда саясатын ұстансақ көсегеміз
көгерер еді
Құрметті Күләш Ноғатайқызы, тағы бір жөнге келтіретін мәселе бар. Ол ЖОБ үйге тапсырмасы. Одан кейін баяғыдай журналға баға қоюды қалпына келтіруді сұраймын.
Өзіңіз де білесіз, оқушы сауаттылығы қазақ тілі пәніне байланысты. Ал қазақ тілі оқулығында сөйлем талдау, сөзді буынға бөлу, дауысты, дауыссыз дыбыстар, әр дыбыстың айтылуы, жазылуы деген мүлдем жоқ. Сауатсыздық осыдан басталмай ма? Осылай кете берсе тілден махрұм ұрпақтың саны арта түсе ме деген қауіп басым.
Сондай-ақ, оқулықтарда пәнаралық байланыс басым болып тұр. Мысалы, физика мен жаратылыстану пәнін байланыстырып жіберген. Сол сияқты қазақ тілін тариxпен, география пәндерімен қабыстырған. Алтыншы сынып жаратылыстану оқулығында Физика пәні жүр. Материктер, мұxиттар қайда? Таңдай қағып, бас шайқайтын тағы бір жаңалық осы кітаптың ішінде поэмадан үзінді жүр. Ол не үшін керек болды екен? Оны құрастырушылардан сұраған дұрыс болар. Бұл бір ғана мысал. Мұндай кемшіліктерді індетіп іздемей-ақ кез келген оқулықтан табуға болатынына сөз беремін.
Сондықтан министр ханым, оқулықтардағы осындай қаптап кеткен, оқушылардың басын қатырып, ойын бөлетін «мазақ пәндерден» арылтуға күш салсаңыз. Қалай болса солай, ұрпақ қамын ойламай жасалған оқулықтардың бала психологиясына кері әсері туралы сізге айтуым ұят болар. Оны сіз менен де артық білесіз» деппін. Бұл проблемалар әлі күнге өзектілігін жоймай отырғандықтан сөз арасына қыстырып кетіп отырмын… Жаңа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырзаның құлағына осы пайымдауларым жете ме деген игі ниет мендегі. Өзім ұстаз болғасын болар, білім саласына бүйрегім бұрып тұратыны рас. Ол жақтағы кейбір келеңсіздіктерді көргенде көңіл түскір жасып қалады, іргелі істерді естігенде көңіл құрғыр тасып қалады. Енді не болар екен деп алабұртқан жүрек кейде дүрсілдеп кетеді. Әйтеуір жақсылыққа іңкәр көңіл өткенге салауат айтады. Жеткенге шүкіршілік етеді. Қалай десем де білім жолындағы ізденістер төске шауап, ел болашағы саналатын келер ұрпақ эксперименттің «құрбаны» болмаса екен деймін. Жас өскін өз қабілетіне сай білім алып, ауыр жүктемеге ұрынбағанын дұрыс көремін. Бұл өзі әлемдік тәжірибедегі үлгі ғой. Төрткүл дүниені аузына қаратқан жапон халқы, баланың ой-санасының бекіп, таным-түсінігінің кеңеюуіне басты назар аударады. Ол — 11-12 жас аралығы. Бұған дейін білім тек ана тілінде беріледі. Аппақ парақтай бала болмысына ұлттық пайым-парасат, ата-баба рухы, сан ғасырлық тарихи сабақтастық — қан тамыры арқылы тарайды. Баланың рухани шөлі қанады. Тұлғалық танымы кеңейеді. Туған ел мен жерге деген құштарлығы артады. Бұғанасы бекиді, күш-қуаты нығаяды. Еліктесең осыларға елікте! Қызықсаң осыларға қызық!
Кезінде алаш қайраткерлерінің жапон халқын үлгі тұтқаны, олардың өнер-біліміне көзсіз көбелектей ұмтылғаны — тарихта хатталып жатыр. Бүгінгідей ғаламтор заманы емес, керегіңді қотарып тауып алатын, сөйте тұра өлермендікпен айшылық алыс жердегі Жапонияны зерттеу, олардың ұлттық құндылықтарына баға беру — елім деген алаш азаматтарының өрен ерлігінің бірі еді. Алаш арыстары сол заманда дәріптеген Жапон халқы енді ғана дамуға бет алған еңбекқор жұрт болатын. Олардың келешегіне зор үмітпен қараған Алаштықтар неткен көреген еді… Біз, алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұрпақтары бабаларымыздың сара жолын ұстанбақ түгілі, олардың 100 жылдық даталы мерекесін атаусыз қалдырдық. Сонымен ілім – білімге қайта көңіл бөліне бастады. Бұған да тәубә!
Бұл жолғы жаңалық Ел Президенті болып сайланғанына екі айдан сәл-ақ асқан Қасым –Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясына 16-шы Білім министрі Асхат Аймағамбетов пен бірге қатысуы. Демек, бұл президенттің күрмеуі көп білім – ғылымға, дау –дамайы көп мектеп проблемасына немқұрайлы қарамайтынын аңғартып тұрғандай. Оған президентіміздің алыс-жақын шет елдерде болып, дамыған Еуропаны алға сүйреген ғылымға деген ізденістің нәтижесі екенін терең сезінуін қосыңыз?
Алтын уақытын бөліп, ел ертеңін тәрбиелеп жатқан ұстаздардың арасынан табылуы да – өше бастаған үміттің шоғын үрлеп, еңсесі түскен білім – ғылым маңайындағы түлектердің де жігерін жанып жібергені айдан анық!
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген нақылын тілге тиек еткен Тоқаевқа ел риза. Себебі қатпар қалың, астар терең, проблемасы таудай оқу-білім төңірегінде былық көп. Соның салдарынан билікке деген халықтың өкпе-реніші басым. Ұлы ағартушы, ұстаз, жазушы Ыбырай Алтынсарин «Өнер – білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды; Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып – жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп жырға қосса, бүгінгінің кейбір шенеунігі «Өнер – білімге бөлінген қаржыға шетелде «тастан сарай салдырып», «Айшылық алыс жерлерге» күнара ұшып – барып жүр… Бұл қарапайым халықтың билікке деген көңіліне сызат түсірмейді деп кім айта алады?
«Барлық мақсат-міндеттер Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылуы тиіс», – деді Президент ұстаздар алдында. Және аталмыш бағдарлама ашық қоғам талқысына түсіп, елмен кеңесіп, сүзгіден өтетіні белгілі болды. Айтпақшы оқырмандардың есіне сала кетейік, ертесіне премьер-министр Асқар Мамин президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Осы жылдың соңына дейін «2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бекітіледі. Оның аясында үш кезеңдік мектеп мәселесі шешіледі», – деді. Премьер-министрдің хабарлауынша, елімізде 100-ден астам жекеменшік мектеп пен 3 мыңға жуық балабақша ашылады. «Барлығы 500 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішінде өздігінен қаржыландыру есебінен 100-ден астам жекеменшік мектеп ашылады. Бұдан бөлек мемлекеттік-жекешелік кәсіпкерлік механизмі бойынша 3 мыңға жуық жаңа балабақша ашылады», – деді Мамин. Айтуынша, 2021 жылға қарай еліміздегі мектеп, колледж және ЖОО-лар оқудың жаңа бағдарламасына толық көшеді.
«Мұнымен бірге кішігірім мектептердің білімінің сапасына, ауыл және қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты азайтуға ерекше назар аударылады… Жатақханаларда орынмен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орын, осы жылдың соңына дейін 8 мың орын пайдалануға беріледі», – деді премьер-министр.
Сағадиев әліппені құртты, ал Аймағамбетов оны 2021-ге созды…
Бәрі жақсы, бәрі әсерлі. Мұны неге айтып жатырмыз. Өйткені премьер – министр мінберінен талай уәде көкке салют болып атылған. Халықта оған әбден үйренген. Өкінішке орай, солардың ішінде орындалғанынан, орындалмағаны көп. Ел ішін көп аралап, қарапайым ауыл тұрғындарымен жолығып жүріп, олардың «ғұмыры қысқа уәделерден», «тірлігі келте бағдарламалардан» әбден шаршағанын байқаймыз. Оны жасырып қалу арға сын! Мысалы, 2010 жылы Кәрім Мәсімовке, сенатор Симамбаев «қазақ тілінде біздің халық қашан сөйлейді? Тілді дамытуға бөлініп жатқан қаржы қашан өтеледі?» деп ашық депутаттық сауал жолдағаны бар. Оған сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Енді он жылдан кейін, яғни, 2020 жылы әрбір азамат қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек»,-деп ертесіне жедел жауап бергені де ел есінде. Сол межеге де таяп қалдық. Бірақ Қазақстанның әр азаматы қазақ тілінде еркін тұрмақ, ежелеп те сөйлемей жүр….
Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтап қалса да, тілдің жыры бітер емес. Тәуелсіз мемлекеттердің арасында мұндай түйткіл мәселелер тек бізде ғана бар шығар. Тіл игеру тың игеруден де қиын болып кеткені ме? Тіл туралы заңға өзгеріс еңгізетін уақыт жетті деп ойлаймыз. Бірді айтып, бірге кете бердім –ау, тамыз конференциясында президент ағылшын тілін 2-3 немесе 5-сыныптан бастау керектігі жөнінде үндеу тастады. Және оны ата-аналардың шешкені дұрыс деп түйіндеді. Меніңше, дәл осы мәселені жұртшылықпен ақылдасып керек емес сияқты. Себебі, біз ата-аналар есті болсақ, балаларымыз орысша шүлдірлемес еді. Бұл жағдайды ойын алаңдарында, сауда орталықтарында, тіпті дос-жаранның үйіне барып та көріп жүрміз. Несін жасырамыз, балаларымыз орыс, ағылшын, тіпті қытай тіліндегі мультфильмдерді көреді. Бөтен елдің жазушылары мен әдебиеттерін, әртістері мен әншілерін төбесіне көтереді. Сондықтан да билік мемлекеттік тілдің жайын жақсартамын десе тіршіліктің қамымен басы қатып жүрген жұртқа қарайламай тізеден басып отырып бекіткені дұрыс. Әйтпесе «Сен саларда мен салар, атқа шөпті кім салар» болып кететіндей халықта қорқыныш басым. Осы орайда ұстаздардың талап–тілегі де ескерілуі тіиіс. Қазақ тілін дамыту үшін 1 сыныптан бастап барлық мектептерде (Орысша, аралас) нақты іске көшуді бастау уақыт сұранысы. Иі қанбаған арқандай сөз айту, сөзбұйдаға салынып кетуге таптырмайтын мүмкіндік. Өйткені қай кезде де қарсылық өзгелерден емес, өзімізден шығады. «Маған орыс класын ашып беріңдер» деп бір қазақ Әйелінің айқай шығарғаны көптің есінен шыға қоймаған болар.
Сондықтан орыс мектептерінде оқитын оқушыларға (Мемлекет қазақтікі екенін сезіндіре отырып), 1 сыныптан бастап аптасына 2-3 сағаттан оқыту жеңіс тұғырына көтерер баспалдақ болмақ. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі. Әйтпесе «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала бермек.
Азамат Битан деген азаматтың әлеуметтік желіге жазған мына бір пікірі маған ұнады. «…Десек те бұл жағдайға кедергі болатын топтар жоқ емес. Оның біріншісі, қазақ тілінен алыс шенеуніктер. «Біздің кей министрлер «Елім-ай» әнін білмейді. «Елім-айды» білмеу ұлтты білмеу, үлкен қасірет…» деп марқұм Ақселеу Сейдімбек атамыз айтпақшы, шешуші тетікті ұстап отырған мұндай басшылар қалай болған күнде де кері тартары анық. Ондай шенділер өз балаларының бесінші сыныпқа дейін қазақ тілінде сусындауына іштей қарсы. Себебі «балам жасық болады», «дүниетанымы дамымай қалады» деген баяғы құлдық санаға салып қарайды. Тағы бір топ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп келген жастардың арасынан шығуы ғажап емес. Олардың басым бөлігі жаңа заманға лайық білім алған дарынды азаматтар. Былай айтқанда, білмейтіні жердің астында. Алайда сол білім қуып кеткен жастардың басым бөлігі (менің таныс аға-бауырларым айып етпесін) бөтен елдің мәдениетіне уланып келгендер. Аңдамай жүріп болмысына дақ түсіріп алған, демократияны шексіз бостандық, не қаласаң соны істе деп ұғатын кей замандастар ағылшын, неміс, француз тілдерін баласының бесіктен белі шықпай жатып үйреніп алғанын қалайды. Сөйтсек түзу жолға түсеміз деп ойлайды.
Сондықтан да ҚАЗАҚ ТІЛІ-нің мәртебесін көтереміз десек, бұл шаруаны көпке созғыламай, көпке қарайламай, әрекетке көшкен дұрыс» депті.
Біздің қазақ «Қайтқан малда қайыр бар» деуші еді ғой. Соған жүгінсек, тамыз конференциясында жақсы жаңалықтың ұшы шығарылды. Енді соны ұлтқа жаны ашитын шенеуніктер іліп әкетсе қанекей? Обалы нешік, алдыңғы министр Күләш Шәмшидинова әліппені наурызда, келер оқу жылы қайтарамыз деп еді. Бірақ оның сол мақсатына жете алмай кеткені ғана әттең – ай дегізеді.
Сағадиев әліппені құртты,
ал жаңа министр Асхат
мырза 2021-ге дейін созды
2016 жылы қызметке келген Ерлан Сағадиевтің тұсында кезекті реформалар пакеті дайындалып, «Әліппені» «Сауат ашу» деп өзгерту арқылы қоғамның сынына ұшыраған еді. Оқулықтағы олқылықтар мен шалажансар тапсырмалардың себебінен ата-аналар наразылық танытып, талай мәрте ашық хат, арыздар жазылған. Бірақ селк еткен билік болмады. Қайта Сағадиевті қолдағандай ниет аңғарылып қалып жүрді. Керек десеңіз бұл мәселе бүгінге дейін түпкілікті шешіле қойды деп айту қиын.
Енді осы кемшіліктің орны толықпақ! Республиканың бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов 2021 жылы «Әліппе» Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша қайта енгізілетінін мәлімдеді. Аймағамбетов министрліктің әртүрлі олқылықтарға толы ұсыныстардан бас тартқанын айтып, «Әліппе – тәжірибе жасайтын алаң емес. Бізде баяғыдан – нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан, ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеменің негізінде жұмыс жүргізетін боламыз», – деді ол. 90-жылдардың аяғында «Хрущев алған байтал-ды, Брежнев келіп қайтарды» деген қыжыртпа, кекесін бір толғау айтылатын. Соның кебі келді. Келешекте әзілкештер «Сағадиев құртқан әліппе, Аймағамбетов келе күшіне мінді, дәріпте» деп жырға қосса таңқалмайық!
Әйтсе де осы жерде бір сын сұранып тұр. Тарихта ерекше орны бар, даңғыл жолы бар «Әліппе» неге 2021 жылы «оралмақ?». Осы бізде бағдарламалар неге алдыға 2-3 немесе 5-6 жылды салып бекітіледі?. Неге 1 жыл емес? Неге алты ай емес? Неге ұзаққа сілтеуге құмармыз? Баяғыда Қожанасыр «отыз жылдан кейін есекті сөйлетемін» деп ханға уәде беріпті ғой. «Отыз жылда сөйлемесе қайтесің», – дегендерге, Қожекең: «отыз жылда не хан өледі, не есек өледі, немесе мен өлемін»- депті саспастан… Халық арасында осындай ұзақ мерзімді бағдарламаларға сенімсіздікпен қарау бар. Аузы күйген үрлеп ішеді емес пе? Мұны да билік басындағы азаматтардың біле жүргені абзал…
Үш тұғырлы тіл «тұғырынан» түсетін күн жақын. Ол үшін…
Қоғамда сілкініс туғызған келелі мәселенің бірі – үш тұғырлы тіл саясаты еді. Қазақ тілінің өзі, өз жерінде өгей баланың күйін кешіп жүргені кімге жасырын. Жазушылар одағына Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы ат басын бұрып барғанда жазушы Смағұл Елубайдың айтқан мына бір сөзі ойыма оралып тұр. «…Жақында түк бітірмеген тіл заңына отыз жыл толайын деп отыр. Түк бітірмеген тіл заңы. Біздің жанымыздың шырқырап тұрғаны сол. Мемлекеттік тілді қорғай алмады, қор қылды. Тіліміз төрге шықпады. Тіліміз әлі босағада жүр. Осыған үлгі көрсететін бір адам керек. Осы үлгіні Алматыдан бастасақ, ғажап болар еді. Тәуелсіздікті не үшін жариялайды ұлттар. Қан кешіп жүріп жариялайды. Ұлт өзін-өзі сақтау үшін жариялайды ғой. Ал, біз не істедік? Отыз жылдың ішінде отыз ауыз сөз үйренбеген қазақтар толып жатыр. Ауладағы балаларды тыңдап отырсаңыздар бәрі орысша сөйлейді. Не жетістік біз, отыз жылдың ішінде? Осы ма жеткен жетістігіміз?…». Бұдан асырып не айтуға болады?
Үш тұғырлы тіл саясаты ортаға тасталғанда, орысша мен ағылшыншаны енгізіп баланың басын атала қылуға қарсылық көп болды. Сол тұста филология ғылымдарының докторы, академик Рәбиға Сыздықова апайымыз “…Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек. Үш тілді бірден оқытқанда баланың ана тілі болмайды. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан Үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебін көбейту керек. Бала ана тілін бастауыш мектептен меңгеріп, кейін басқа тілді қосу керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты. Жаһандану заманында ана тіліміздің болашағына, тазалығына ерекше мән беруіміз қажет” деп сұхбат та беріп еді – ау. Осыны терең зерделесе керек президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шет тілдерді не 2-3 сыныптан, немесе, тіпті, 5 сыныптан оқыту керектігін алға тартты! Бұған халық тәттісін қолынан тартып алғандай немесе қай ие болған баладай аңтарылып, таңырқап қалды. Себебі, ел аузына президент: “ 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын”- дегенше, 2019-2020 оқу жылынан бастап ағылшын тілі 5-сыныптан бастап оқытылсын дегенде болатын еді. 1,2,3,4 сыныптарда ағылшын тілін оқытудың мүлдем керегі жоқ. Оқушылар қазақ тілі мен орыс тілі грамматикасын игеріп алмай ағылшынға көшпеу керек қой. Менің айтарым орыс тілінде 5-сыныпқа дейін жолатпауымыз керек. Грамматика білмеген бала қалайша ағылшын тілін меңгермек. Төл сөз, төлеу сөзді өтпей жатып ана тілінде, олар ағылшын тілінде қалай түсінеді? Амал жоқ тек математикадағыдай формула арқылы жаттатамыз». Бұл мен танитын пән мұғалімдерінің пікірі. Мұндай пікірдің мыңын келтіруге болады.
Арада бір жұма өтсе де маңайымыздан «Әттеген – ай, президент нақты қай сыныпта шет тілін оқытуды межелеп, сырғақтатпай айтқанда ғой» деген жұрттың назында құлағымыз шалып қалуда. Әлеуметтік желіде «5 сынып дұрыс. Оқу жазуды әбден үйренеді. Бірақ баланың миын ашыту үшін білім министрлігі 2 сыныптан бастап жіберуі мүмкін. Өйткені президент оларға таңдау еркін беріп қойды» деп жатқандар да жетерлік… «Орыс тілі басымдық алып тұрғанда, қазақ тілі ешқашан дамымайды. Себебі, билікте де, мемлекеттік органдарда, жалпы қазақ елінде өмір сүру үшін қазақ тілін білу міндетті емес. Қажеттілік жоқ болса, үйреніп не керек. Үш тілділік саясаты тұрғанда, қазақ тілі табалдырықта қалады» деп сары уайым жеп жатқандарға не дауа?.
Осы жерде сенатор Мұрат Бақтиярұлының пікіріне тоқтала кетуді жөн көрдім. «Президентіміздің үш тілділікке қатысты ұстанымын толық қолдаймын. Осыдан біраз уақыт бұрын парламент қабырғасында осы мәселені көтерген болатынмын. Өйткені әлемнің бірде- бір елінде үш тілді бірінші сыныптан бастап оқытпайды. Біздің министрлердің бұған келгенде көзі сокыр, құлағы саңырау болып қалды. Осы кезге дейін үш тілділікке байланысты мемлекеттің ондаған миллиард қаржысы желге ұшты. Оған кім жауап береді? Өзін өзі сыйлайтын мемлекетте мемлекеттік тіл ең басты құндылық болуы тиіс. Бұл өзгермейтін аксиома. Ғасырлар бойы отарлықтың қамытын киген біздің ел үшін бұл өте өзекті мәселе» депті. Депутаттарымыз осындай өткір ұстанымдарын ашық айтып жүрсе, бүгінгі кептің бірі де болмаған болар еді-ау…
Жалақы көбейсе мектепке
ер-азаматтар да келер еді
Қасиетті жұма күні өткен тамыз кеңесінде президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың мәртебесін асқақтатып көтеріп тастағаны рас! Соның бірі де, бірегейі жалақыны 4 жылда екі есеге көтеруге Үкіметке жарлық бергені. Жиын барысында мемлекет басшысы мұғалімдердің айлығы төмен екенін тілге тиек етуі жақсылық нышаны. Жерінің асты мен үстінде байлығы болмаса да, ұстаздары ең жоғары жалақы алатын елдердің көшін Оңтүстік Корея мен Жапония бастап тұр. Сапалы білім – шырқау биікке көтерген ұлттар да осылар. Олар жайлы тәуелсіздік алғалы айтылып келеді. Тек оны жүзеге асыру – Тоқаевтың еншісіне жазылыпты! «Турасын айту керек. Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ең төмен деңгейде қалып отыр және экономика бойынша орташа жалақының 65 процентін ғана құрайды. Мұнымен, әрине, біз келіспейміз. Сондықтан үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін және мұғалім мәртебесін көтеру үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын”, – деді ел басшысы. «Өлмеген құлға болар жаз» дегендейін ол күнге де бәріне көнбіс ұстаздар қауымы жетер – ау, алайда күн сайын құбылған нарықтық баға, төрт жылға дейін көтерілетін «екі есе бағаны» қуып жете ме деген қауіп бар ел ішінде. Қалай десек те, қай реформаны болмасын сапалы іске асыру үшін – мұғалімдерді әлеуметтік жағынан қолдау әрине тиімді. Жалақысы жоғары болса бұл мамандыққа ер азаматтарда көптеп келер еді. Ер азаматтар келген жағдайда, ер мінезді ұлдардың саны да арта түсері даусыз!
Жасыратын несі қалды, мұғалімдерге бұл күндері бала да қожа, ата-анада бастық, әкімде бұйрық беруге әуес. Ел арасындағы сыпсың сөз жата ма, жоғарыға да жорғалап жеткен тәрізді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартатын әкімдер мен мекеме басшылықтарын сын тезіне алды. Бұл бізге таңсық жаңалық емес. Тоқаевқа дейін де мұғалімдерді жұмысқа жегетін әкімдерді Нұрсұлтан Назарбаев та оңдырмай сынаған. Тек нәтижесіне көңіл көншімейді. «Жергілікті әкімдер қызметін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім жүйесіне қатысы жоқ әкімшілік істерге, бір реттік шараларға тартады. Бұл әрекет тоқтар емес» деп ұстазының сөзін қайталады Тоқаев. Бұған амалдың жоқтығынан шыдап жүрген мұғалімдердің айызы қанғаны анық. Сонымен қоса «Педагог жүктемесін қысқартатын, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салатын шектеу қою, шектен тыс есептілік пен негізсіз тексерулерді шектеу дербес қаралады», – деп президент уәдесін берді. Және Үкіметке осы мәселені дереу шешуге міндеттеді.
«Білім-инновация лицейге қарап бой түзесек»
Түйін сөз: Тамыз кеңесінде біраз мәселе қамтылды… Қамтылмай қалғандары да бар тәрізді. Мысалы, Латын алфавиті туралы әңгіме қозғалмады. Бұл негізі бүгінгі таңдағы басты проблеманың бірі–тін. Таяуда жазушы Мұхтар Мағауин «латын әрпiне араб жазуынан 40 жылдары көшкенде бүкiл әрiп үндестiгi сақталған, ал араб төте жазуын енгiзген Ахмет Байтұрсынов неше үн, сонша таңба белгiлеудi жолға қойып кеткен кiсi, одан артық қылам деп тыртық қылды» деп, ғалымдар ұсынып жатқан латын алфавитіне көңілінің толмайтынын білдірген болатын. Президент Тоқаев бұл туралы ештеңе айтпады. Демек, қыркүйектегі халыққа Жолдауында бұл мәселеге ат шалдыратынына сенейік. Содан кейін 5 күндік сабақ жайлы да проблема көтерілмеді. Негізі бұл халық күткен хабардың бірі еді. Себебі, 5 күндік сабақ өтілі, оқушының шамадан тыс дайындалуына, жүктеменің көп болуына әсер етіп жатқаны көпке мәлім.
«Болашақта қазақ мектебі қандай болу керек?» дегенді ойласақ, «Білім – Инновация лицей» -леріне қарап бой түзеген дұрыс сияқты. Олардағы балалардың көркем мінезі, үлкенге ілтипаты, кішіге ізеті қандай! Ондағы мұғалімдердің айлығына қарай, білім беруге деген құштарлықтары да, құлшыныстары да күшті. Олай болса ұл мен қыз балаларды бөлек оқыту да шариғатқа сай келіп тұр. Егер осы жолға бағыт алсақ, ер балаларға сабақ беруге еркек мұғалімдерді тарту жүйелі жолға қойылар еді.
Осы орайда Әнуарбек Талғат бауырымның мына ұсынысында жоғарыға жеткізгім келеді. «6-сыныптан бастап жыныстық қатынас туралы пән емес, «Ислам дінінің негіздері» деген пән енгізілсе; Мұғалімді 30 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығарса; Білім саласы мен денсаулық сақтау саласынан басқа салаларда бөлінетін гранттарды қысқарту; Жеке меншік оқу орындарына мұғалім дайындауға рұқсат бермеу керек» дейді ол. Бұл да алдағы уақытта ескеретін –ақ дүниелер. Жаңа бағдарламалар туралы да айтарымыз бар. Біздің сорымызға қарай, жаңадан жасалатын бағдарламаның жұмысшы тобында мектеп көрмеген, шет елде, бәлкім қалада білім алған тәжірибесі жоқтар оқулық жазады. Оның арты баяғы ойбайлау мен айғайлауға ұласады. Бұл кезде Крылов мысалындағыдай «іс бітеді, қу кетеді». Бұл өзі «Жау кеткесін қылышты тасқа шапқанмен бірдей» нәрсе ғой. Ел арасында «тақтаға бормен жазып көрмеген, жеңіне ақ тимегендер бағдарлама-жоба дайындайды» деген ащы әжуа қалыптасқалы қашан. Осы бағдарламаға жауапты азаматтар келешекте ескеріп, Республикалық QAZBILIM орталығы директоры Аятжан Ахметжан, Шымкент қаласы тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбекұлы, «Ұстаз» білім беру орталығының әдіскері Нұрлан Иманғалиев, белгілі педогог Ақылжан Қарақойшиев секілді ұстаздарды бағдарлама жұмысына тартса, жұмысшы топқа қосса қаншама кемшіліктердің алдын алуға себесін болар еді. Республика бойынша мұндай кәнігі мамандар жетіп артылады ғой.
Біз қазір білім саласында әбден ушыққан дүниелердің салдарымен күресіп отырмыз. Ең консервативті болуға тиісті сала — білім саласы. Әрине, оқулықтардың мұқабасын, дизайнын бәсекелес орталарға жіберуге болатын шығар. Бірақ мемлекеттік ұлттық идеология қалыптастыратын, ішкі мазмұнын жеке фирмалардың атқаруына жібере салуға мүлде болмайды. Бұл жұмыстар қалай атқарылып жатыр? Ең әуелі министрлік алады да тендер жариялайды. Тендерді баспалар алады. Олар оқулықты құрастыратын авторлық топты жасақтайды. Сол топ оқулықты құрастырады. Бұлай етуге болмайды. Фирмалардың жалғыз ғана мақсаты бар. Ол — ақша табу. Министрліктің жанынан арнайы топ құрылуы керек. Олар оқу бағдарламасы, оқулық, ҰБТ сұрақтары секілділермен арнайы айналысуы тиіс. Яғни барлығы бір қолдан шығуы керек. Бағдарламаны бір топ дайындаса, оқулықты екінші бір адамдар жазса, ҰБТ сұрақтарын тағы бір топ адамдар шығарса қайтып болады? Пәнаралық қарым-қатынас деген қайда қалды? Сауал көп, бірақ жауап аз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, тамыз кеңесінде еліміздің екінші президенті білім мен ғылымға ерекше пейіл танытып, ұстаздарға деген құрметін де айырықша көрсетті. Демек, алдағы күндерден үміт зор. Қордаланған мәселелердің теңін шешу бір күн, бір айдың емес, бәлкім жылдардың еншісіне жазылар. Алаш жұрты аман болса ол күнге де жетерміз! Данышпан Абай «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» депті. Онда біздің ұлы ойшылдың айтар ойымен келіспеске шарамыз бар ма?!.
Cәуле Мешітбайқызы


























