
Адам үшін басты байлық — денсаулық. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамдардың соңғы жылдары қарасы көбейіп кеткенінің куәсі болып жүрміз. Оған әсер ететін ішкі, сыртқы факторлар да жетерлік. Соның бірі азық-түлік қауіпсіздігі. Оның себебі азық-түлік қауіпсіздігі тұрғындардың денсаулықтары мықты болуына, қалыпты өмір сүруіне кепілдік беретін экономикалық санат.
Біз осы бағытта жүзеге асырылып жатқан нақты шараларды білу мақсатымен өткен жылы өндірілген және шеттен тасымалданған өнімдер мен тауарлардың сапасы жайлы Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің атқарған жұмыстары жайлы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
324 тамақ объектілерінде санитарлық талаптар бұзылған
Өткен жылы Алматы облысының аудандық, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының қадағалауында 5823 тағам объектілері, олардың ішінде эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары 1045 объектілері болған. Есепті жылы 834 тағам объектілері тексеріспен қамтылған, олардың ішінде ерекше тәртіпте — 384, жоспардан тыс — 229, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына мониторингімен — 312 нысандар болған.
Ерекше тәртіпте жүргізілетін тексерулермен қамтылған 117 тағам өнеркәсіптері мен 207 қоғамдық тамақтану объектілерінде санитариялық қағидалардың талаптарының өрескел бұзушылықтары анықталған. Атап айтқанда, жиі орын алатын бұзушылықтарға тағам өнімдерін сақтау шарттарының орындалмауы, оның ішінде тауарлық көршілестіктің сақталмауы, азық-түлік шикізатын және дайын тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттарынсыз қабылдауы, пайдалануы, жуып жинау мұқабалары мен кесіп-бөлшектеу жабдықтарының таңбаланбауы, оларды мақсатты қолданбауы, өндірістік бағдарлама негізінде қадағалау жүргізілмеуі, персоналмен жеке бас гигиенасын сақтамауы жатады.
Ерекше тәртіп бойынша жүргізілген тексерулер барысында зертханалық зерттеулерге 3113 тағам сынамасы санитариялық-химиялық көрсеткіштерге зерттеліп, олардың 86-сы (2,6%) нормативтік құжаттардың талаптарына, 3427 тағам сынамасы микробиологиялық көрсеткіштерге зерттеліп, олардың 106 (3,1%) нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген.
15 млн. теңгеден астам айыппұл салынды
Облыс бойынша ерекше тәртіпте жүргізілген тексерулердің нәтижесінде жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 15 млн. теңгеден астам 343 айыппұл салынып, қағида бұзушылықтарды жоюға бағытталған 357 ұйғарым тапсырылған. Сот шешімімен 1 объектінің жұмысы уақытша тоқтатылып, жұмыстан уақытша 49 адам шеттетілген.
Тағам объектілерінің жұмысына қатысты өткен жылы 58 шағым түсіп, олардың 56-сы тексеру барысында расталды. Жоспардан тыс тексерулер барысында анықталған санитарлық талап бұзушылықтарға байланысты жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 2 млн. 200 мың теңгеге 56 айыппұл салынып, жұмыстан уақытша 29 адам шеттетілген. Сот шешімімен 10 объектінің жұмысы уақытша санитариялық қағидалардың талаптарының бұзушылықтарын жойғанға дейін тоқтатылған.
Сонымен қатар сауда орындарындағы тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 7,4% санитариялық-химиялық және 1% микробиологиялық көрсеткіштерінен ауытқулары анықталған.
Зертханалық бақылау не көрсетті?
Халықтың ет пен сүт өнімдерін пайдаланбайтын күні жоқ. Жалпы тұрғындардың тұтынатын негізгі тамақтарының бұл түрлері барлық дүкендер мен жәрменке-базарларда көптеп сатылуда. Сондықтан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жұмысының басты бағыттарының бірі болғандықтан негізгі зертханалық бақылау сүт, ет өнімдері, құс еті, сондай-ақ балаларға арналған ойыншықтар, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлар сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тобына жүргізілген.
Облыс бойынша жүргізілген зертханалық бақылау барысында санитарлық талапқа сәйкес келмейтін сынамалардың көрсеткіші төмендегідей; ет және ет өнімдердің — 21%, сүт және сүт өнімдерінің — 16%, жеміс-көкөніс және кондитерлік өнімдердің — 10%, құс етінің — 5%, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлардың — 11%, ойыншықтардың — 10% тұтынушылардың пайдалануына келмейді. Біз мұны аз, не көп деп талқылай алмаймыз. Оның себебі бұл өнім түрлерін пайдаланған адамдардың кез келгені зардап шегуі әбден мүмкін.
Неге сүт өнімдері дұрыс таңбаланбайды?
Облыс бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері мынаны анықтаған. Сүт өнімдерінің 52%-ы таңбалау талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. Мұның себеп-салдары айдан анық, Бұл негізінен шетелден тасымалданатын кәсіпорын иелерінің өздерінің сапасы беймәлім өнімдерін тұтынушылардан жасырып, назарынан тыс қалдыру іс-әрекеттері деп түсіну керек. Оларды бүгін тұтынушылар үшін айтуымыз керек. Таңбалау жұмысында кемшілік жібергендер қатарында сүт өндіру кәсіпорындарынан: “Савушкина продукт” ААҚ, “Молодечненский молочный комбинат” ААҚ (Белоруссия), “Данон Индустрия” ЖШҚ, “Любинский молочноконсервный комбинат” ААҚ, “Кампир” ЖШҚ, “Дармилк” ЖШҚ, “Емелин Владимир Павлович” ЖК, “Белмолпродукт” ААҚ, “Лак” жақ (Беларусь). Ресей), “Рамы”,” Бішкексут “ААҚ ОСО,” Талас-сүт”жақ, ТМ KADYROOFF СХК” Ала-Тоо-Молоко “ (Қырғызстан), “Умут и К” ЖҚБ (Қырғызстан), “Ичнян сүт-консерві комбинаты” АҚ (Украина) бар.
Құс еті мен құс өнімдерінің 78 %-ның таңбалануы бұзылған
Құс етінде және құс өнімдерінде анықталған талап бұзушылықтардың негізгі көрсеткіші де таңбалаудың бұзылуы болып табылады. Бұл ретте сәйкес келмейтін сынамалардың шамамен 78%-ы импорттық өнімге келеді: олардың ішінде “Приосколье” жақ, “Брянский бройлер” ЖШҚ, “Инжавин құс фабрикасы” АҚ, “Турбаслинские бройлеры” ААҚ, “Микояновский мясокомбинаты” жақ, “МПК” ЖШҚ №3 учаске “Колбасное производство” (Ресей), “ИНКО – ФУД” ЖК ЖШҚ, “Смолевичи Бройлер” ААҚ (Белоруссия), MOUNTAIRE FARMS INC-LUMBER BRIDGE (АҚШ) өнімдері бар.
Ет өнімдеріне санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері сәйкес келмейтін сынамалардың 67%-ы отандық өндірушілердің ет өнімдеріне («Риха» ЖШС, «Жан» ЖК, «ARMAN & CO» ЖК, «Алматы тағамдары» ЖШС, «Ансар Халал» ЖШС, «Мясо-люб» Трейд» ЖШС, «Хачатурян» ЖК және т.б.) тиесілі екенін көрсетті. Сондықтан әрбір тұтығушы азық-түлік сатып аларда ет өнімдерінің шығарылған, өндірілген мерзімдерімен мұқият танысқаны жөн.
Әкелінетін ет өнімдерінің арасында таңбалау талаптарының бұзылуы ресейлік өндірушілердің өнімдерінде де анықталды: олар “ОМПК” ААҚ, “Клинский ет комбинаты” АҚ, “Микоянов ет комбинаты” ЖАҚ, “Царицыно” ААҚ, “Партнер Ф” жақ, “Брест ет комбинаты”ААҚ.
Мониторинг нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою үшін 95 ұйғарым беріліп, 37 субъектіге әкімшілік 5 млн. 300 мыңдай теңге айыппұл салған. Сонымен қатар, сауда айналымынан 122 келі азық-түлік өнімдері, таңбалау талаптарына сәйкес келмейтін басқа да тауарлары алынып, жеткізушілерге қайтарылған.
P.S. Мақалада келтірілген ақпараттар анықталғаны ғана, ал назардан тыс қалып қаптаған дүкендердің сөрелеріне өтіп кетіп, сауда айналымына түсіп кеткен қаншама сапасыз азық-түліктер бар екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Оның себебі әлі күнге шейін тиісті құзырлы органдар қаланың кез келген көшелер бұрыштарында бейберекетсіз жасалып жатқан жабайы сауданы ауыздықтай алмай отыр.
Талдықорған қаласының орталық базарының маңында ет, сүт, нан және көкөніс өнімдері жабайы саудасы қызып тұр. Ол жерде санитарлық тазалықтың нышаны бар деуге ауыз бармайды. Көшенің бұрыш, қалтарысында аяқ асты, шаң-тозаңмен бірге азық-түлік өнімдері сатыла береді.
Тағы бір ескертетініміз дүкендерден, белгілі орындардан әрбір тұтынушы азық-түлік өнімдерін сатып аларда мұқият болғандары дұрыс. Сатып алмай тұрып таңбалануын мұқият зерделеп алу керек. Өндірілген күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына, т.б. назар аударған дұрыс. Кез келген өнімді сатып аларда сәйкестігін растайтын құжаттарды талап етуге құқылысыз (азық-түлік өнімдерінің барлық түрлеріне сәйкестігі туралы декларация, арнайы тамақ өнімдеріне және тамақ өнімдерінің жаңа түрлеріне мемлекеттік тіркеу куәлігі, ет пен ет өнімдеріне, құс етіне және құс өнімдеріне ветеринариялық сертификат немесе ветеринариялық анықтама). Сауда желілерінде сыртқы пішіні немесе таңбалануы бойынша сәйкес келмейтін өнімдерді көрсеңіз, өнім қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ болса, өнімді сатып алудан бас тартқан жөн және аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау органдарына хабарлау керек. Өйткені өз пұлына не ішіп, не жеп жүргенін білу әр тұрғынның парызы.
Нұрила Бектемірова
























