
Өмір тұтқасы – ізгілікте. Бұл күнделікті тіршілікте талай мәрте дәлелденіп те жүр. Мектеп табалдырығын аттау балалар өміріндегі айтулы оқиға, ұмытылмас мереке. Бүгінгі күні бала оқытып, оны мектепке даярлау-ата-аналар алдындағы күрделі мәселелердің бірі. Көпшілікті толғандырар осынау түйінді мәселені жеңілдету мақсатында соңғы жылдары республика көлемінде «Мектепке жол» акциясының бастау алғандығы белгілі.
Еліміздің түкпір-түкпірінде бірінші тамыздан бастап “Мектепке жол” акциясы өткізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында «Мектепке жол» республикалық акциясы ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 2019 жылдың 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жасауға асығайық» үндеуімен өтеді. Акцияның мақсаты: оқумен қамтылмаған балаларды анықтау, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасынан шыққан оқушылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бара алмауының алдын алу, қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу, барлық балалардың міндетті орта білім алу құқықтарымен қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл игілікті шара биыл да еліміздің барлық дерлік мектептерінде жалғасуда. Жылдан жылға бұл акцияға ерекше назар аударылуда. Ата-аналардың пікірі де түрліше.
– Қазына, 5 баланың анасы: Балаларымның төртеуі мектепке барады. Мектеп екі баламды мектепке дайындауға ақшалай көмек береді. Екі балам мектептен тегін тамақтанады. Ол да болса біздің отбасымызға үлкен көмек. Тек ұстаздарының сыныптастарының көзінше ерекшелеп, жасаған жақсылықтарын беттеріне басып, балаларымды ұялтпаса екен деймін.
Алма, жалғыз басты ана: Біраз жыл бұрын үлкен қызым мектептен жылап келді. Оның себебі, мектеп әкімшілігі сыныптастарының көзінше қыстық күртешені кигізіп, суретке түсіріп әкетіпті. Сыныптастарының бір-біріне сыбырлап, «әкесі жоқ болғандықтан беріп жатыр», – дегенін естіп қалған қызым ашуға булығып мектепке бармаймын, деп қиғылық салған.
Жақсылықты риясыз адами ниетпен және тек атын шығару үшін жасайтындардың барын да өмірден көріп жүрміз. «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр» деп халық даналығында айтылғандай, жариясыз қылған қайырымдылықтың сауабы мол. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созғансып, оған тілшілерді шақырып немесе әлеуметтік желілерге суреттерін салып, жариялайтындар көбейді. Бұл біріншіден, ізгі іспен келетін сауаптан қақса, екіншіден көмек алған жандардың намысына тиеді. «Оң қолымның бергенін сол қолым көрмесін» деген, үлгі етіп үйренуге тұрарлық істері бар азаматтарды жарнамасыз–ақ халқы танып, біліп жатады. Мұқтаж жандардың риясыз алғысын, батасын алудың өзі түсінген жанға үлкен бақыт емес пе? Балалар – біздің болашағымыз. Бүгінде бұл болашақ біздің қолымызда. Әр балаға таным қабілеттерін, шығармашылық потенциалын дамыту және жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін, қамқорлық құшағында тәрбиеленуге қажетті ең жақсы жағдайларды қамтамасыз ету үшін әлемде білім, ресурстар мен құқықтық аманаттар бар. Акция барысында әр елді мекенде қараусыз, қадағалаусыз, жағдайы жоқ отбасылармен мигранттар балаларын, сондай-ақ өзге де себептермен жүйелі түрде сабаққа бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айырылған, жетім, жартылай жетім, көп балалы жанұялар туралы мәліметтер жинақталып, анықталған балалардың мектепке келуі қамтамасыз етілуде және оларға көмек көрсетуде. «Мектепке жол» акциясы барысында ішкі істер басқармасының кәмелеттік жасқа толмағандар бөлімшесімен білім бөлімінің қорғаушы және қамқоршы органы және білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен ұйымдастырылған рейд бойынша әр жанар-жағармай құю станцияларымен базарларды тексеріп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Білім беру мекемелерінің өз мөлтек аудандарында рейд жұмыстарын жүргізіп әлеуметтік көмек көрсетуді қажет ететін отбасылардың балаларына мектептің жалпылама оқуға тарту қорынан көмек көрсетілуде. Баланы мектепке қабылдау мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беру жұмыстары ұйымдастырылып үгіт-насихат жұмыстары жүргізеді. Шат күлкі, шадыман тіршіліктен ешкім де қалыс қалмауға тиісті. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы. Әр жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық «Мектепке жол» акциясының әлеуметтік арнасы кеңігені де сондықтан. Отан өзінің кішкентай азаматтарын мейір-шапағаттан таса қалдырмайды. Балалар жүрегін қуанышқа бөлейтін дәстүрлі акция ауданымызда да кеңінен өткізіліп, жомарт та жайсаң азаматтар мен мекеме, кәсіпорын басшылары бұл игі шарадан тыс қалмай, барынша өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Кең жүрек қазақ азаматтары акция үшін ғана емес, кез келген уақытта қайырымдылықтың үлгісін көрсетері анық. Өйткені, біз жетімін жылатпаған, жоқты жоқтатпаған, бір-бірімізге қол созып, ынтымағы жарасқан елдің ұрпағымыз. Қайырымды ізгі жандарға Алланың нұры жаусын дейміз. Иманды, мұқтаж жандарға қолұшын созуға әркез даяр тұратын азаматтар қатары көбейе бергей!
Гауһар Тұрсынқожа
























