ПЕЙІЛ
Ең тойшыл халық екендігімізге қарамастан, қазағымыздың той өткізуі туралы даңқы мен дақпырты ешқашан көзден таса қалған емес.
«Еуропа мемлекеттерінде Шымқаладағыдай мың жарым орындық банкет залдары жоқ. Тіпті 200-300 адам сиятын орын табу қиын. Олардың ресторандары құстың ұясындай. Үлкен залға сұраныс жоқ. Еуропалықтар қазақтар секілді ұлан-асыр той жасамайды» деп жазатын менің фейсбуктес тележурналист досым Гүлмәрия Барманбекованың сөзімен айтқанда, той дəстүрі — қазақ мəдениетінің бөлінбес бір бөлшегі. Той сипаты — қазақ болмысының көрінісі. Тойдан ажыраған күні қазақ қазақ болудан қалатын болар. Той — қашанда көшпенді қазақтың бар қызығы болып келген. Қазір де көпшілік халық үшін солай. Бірен-саран байларда ғана болмаса, халықтың басым көпшілігінде əлемдік классиканың тамашасын тікелей қызықтап, рухани сусындайтындай мүмкіншілік жоқ. Сондықтан қазақ бойда қордаланған “буын” тойда ғана шығарып, емін-еркін жан рахатына бөлене алады. Көптен көріспеген ағайын-туған, дос-жаран бас қосып сағынышын басады. Той — бауырмалдықты, береке-бірлікті паш ететін шара. Ақ жарқын амалдардың шашу болып шашылатын, ізгі ниеттердің періштенің құлағына шалынып, бата-тілектердің қабыл болатын тұсы да — той. Үлкеннен өнеге тарап, жақсы сөздің жарым ырысқа айналатын сəті. Жас буын өнерінің тұсауы кесіліп, шыңдалып, шыңға қанат қағар кезі де — осы ара. Бой сергітіп, күнделікті күйкі тіршіліктің барған сайын табасына салып қуырып бара жатқан ауыртпашылығынан бір арылатын сəті де — той. Той — қазақтың пешенесіне жазылған берекелі нəсіп. Оны тоқтатамын деу — бекер əурешілік əрі халықтың ақ-жарқын дархан пейіліне жасалған қиянат. Осы күні той жасау — ысырап деген ойды халықтың санасына сіңіру саясаты байқалады. Дұрыс емес. Нарықтан тарыққан көпшіліктің бір күндік қызығын көп көргеніміз қай сасқанымыз? Біле білсеңіз, сол тойды жылдар бойы зарығып күтетін отбасылар бар… Əрі-беріден кейін той шығынын тойға келушілердің өздері-ақ көтеріп кетеді. Қазақ өз тойын ысырапқа айналдырмаудың жолын əлдеқашан ойлап тауып қойған. Осы күні той дастарқанында бір түйір де ас ысырап болмайды. Желінбей қалған салаттарға дейін пакетке салып, буып-түйіп үйге алып кетеді. «Сұғанақтық деп көмекейіңіз бүлкілдеп тұр ма? Ол — сіздің ойыңыз! Жəне сол тойға аспаннан түскендей болып келіп, өзінше мəдениетті боп, ыздиып отыратындардың ойы. Дұрыс қой енді! Дастарқанда жайнап тұрған мол астың қайсы бірін сол арада жеп тауысасың? Артылғанын тойдан сарқыт деп, үйдегілерге апарып ауыз тигізеді. Мұның несі айып? — дейді ол. Еуропа тойларына тойып бару керек. Мұны қазақтың еуропалануы дейді. Қанша айтқанмен, адам болмысына өмір сүріп жатқан ортасы əсер етпей қоймайды». Той берекесі деген — осы. Құдай қазақты сол кең пейілінен айырмасын.
СӨЗ МӘДЕНИЕТІ
Сөз ұқпау, сөз тереңіне үңіле алмау деген кемістік салт пен дәстүрді де білмеу, әдет пен ғұрыптарды да байыптамау деген кемшіліктермен барабар. Бұған келтіретін мысалдар айналамызда өте көп. Тойда жас жұбайларға: «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» — деп тілек айтушылар көбейіп кетті. Басқа-басқа, осы сөзді өзім танитын тіл-әдебиет пәнінің маманының аузынан да естідім. «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деген құттықтауларын аңқылдай жолдаған ақкөңіл бұл адамдардың «үй ішінен үй тігу» деген тіркестің жаңа отау құрудың мағынасын бермейтінін, керісінше, алауыздықтың, ала қойды бөле қырыққандықтың белгісін білдіретіндігін дәл сол сәттегі ырду-дырду той үстінде қайсысына түсіндіріп жатарсыз.
Дегенмен, «Тойдың бетпердесін ашу үшін пәленшені шақырамыз!», «Сонымен тойымыздың бетпердесі ашылды. Енді тойымыз басталды!» — деп аузы-аузына жұқпай тақылдайтын біраз жас асабаға «бетперде» деген сөздің орысша мәні «маска» деген ұғымды беретінін, той шымылдығын ашуға ол сөзді қолданудың өрескел айып екенін айтатын жерде айтып-ақ келеміз.
Асабалар ғана емес, кез келген ортада сөйлеп тұрған кейбір қаракөздеріміздің өзі кейде байқамай жиі қолданатын сөздің бірі — «отбасы — ошақ қасы». «Отбасы — ошақ қастарыңыздағы мына керемет той құтты болсын!» — дейді. Бұл таныс тіркестің көбінесе, орысша айтқанда, «ішкі кухня» дегенді меңзейтінін, ал «Сор из избы не выносят» деген немесе «Үй сыртында кісі бар» деген мәтелге сүйенсек, ішкі кухнядағы отбасы — ошақ қасындағыны бөгдеге білдірмеуге тырысуды тұспалдайтын, үйішілік тірлікті, сылдырай қалған кесе-шәйнектің дыбысын сыртқа шығармайтын қазақы мінез табиғатымызды кескіндейтін, мағынасы терең болғанымен, аясы шағын сөз екенін білмеу — ұят. Ендеше ол тіркеспен қалың қауым алдында қуанышын паш ете, ұлан-асыр той жасап жатқан жұртты қалай құттықтамақсыз.
Осының бәрі кітапқұмарлардың азаюынан, қара сөз оқып, қара өлең жаттаушылардың жоғалуынан, балаларына ертегі айтар ана, әжелердің тілінің шорқақтығынан, өнегелі ісімен өрелі сөз қалдырар абыз ақсақал, қазына қариялардың сиреуінен, отбасында тағылымды тарихи, ұлттық құндылықтарды ұрпағының бойына ана сүтімен, ата күшімен дарытуға лайық әке-шешенің жоқтығынан орын алып отырған қателіктер.
Үміт БИТЕНОВА, ақын, әнші-сазгер,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі,
Талас ауданының Құрметті азаматы




























