Отбасынан басталған отандық өндіріс

Біздің сұхбатымыздың кейіпкері — ұлттық брендті қалыптастырудың жанашыры. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелері мен шенеуніктермен кезекті кездесуі барысында ендігі басты мәселе — шағын және орташа отандық киім-кешек тігетін өндіріс орындарын көптеп ашып, олардың жан-жақты дамуына баса назар аудару қажеттігін айтты. Ендігі кезекте жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге басымдылық берілетіні Елбасы аузынан шыққан кезде барша жұртшылық бір серпіліп қалғаны да рас… Нарық, нарық деп елдегі жабайы сауданың үстемдік құрғанына да 27 жылдан асыпты. Алыпсатарлық жүйемен ел экономикасының тұрақты дамуы күмәнді нәрсе екенін елдің бәрі білетін, бірақ ашып айта алмайтын. Сол көпшіліктің көкейін күпті еткен ащы шындықты, сол басқосуда Елбасы шенеуніктерге ашына айтып, қатаң сынға алды! Отандық жеңіл өнеркәсіпті нақты іс-шаралармен шұғыл түрде қолға алу керектігін қатаң ескертті. Сәтін салса енді бір бес-он жылда еліміздің түкпір-түкпірінде халқымызды киім-кешектің түр-түрімен қамтамасыз ететін жүздеген зауыт-фабрикалар бой көтерері сөзсіз… Әрине, еліміздің тәуелсіздігі енді жарияланып, өндіріс орындары жаппай жабылып жатқан сонау қарбалас шақта өз бағыт-бағдарынан адаспай, ата кәсіпті, дәстүрлі кәсіпті бар күш-жігерін сала жалғастыра білген, орасан зор тәуекелге бара білген нағыз отансүйгіш жанашырлар (патриоттар) да болды! Солардың бірі де бірегейі — «Дархан-МНМ» отандық аяқкиім тігетін шағын кәсіпорынның негізін қалаушы, Николай Федорович Дурас болатын…Біздің сұхбатымыздың кейіпкері — ұлттық брендті қалыптастырудың жанашыры. Жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелері мен шенеуніктермен кезекті кездесуі барысында ендігі басты мәселе — шағын және орташа отандық киім-кешек тігетін өндіріс орындарын көптеп ашып, олардың жан-жақты дамуына баса назар аудару қажеттігін айтты. Ендігі кезекте жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге басымдылық берілетіні Елбасы аузынан шыққан кезде барша жұртшылық бір серпіліп қалғаны да рас… Нарық, нарық деп елдегі жабайы сауданың үстемдік құрғанына да 27 жылдан асыпты. Алыпсатарлық жүйемен ел экономикасының тұрақты дамуы күмәнді нәрсе екенін елдің бәрі білетін, бірақ ашып айта алмайтын. Сол көпшіліктің көкейін күпті еткен ащы шындықты, сол басқосуда Елбасы шенеуніктерге ашына айтып, қатаң сынға алды! Отандық жеңіл өнеркәсіпті нақты іс-шаралармен шұғыл түрде қолға алу керектігін қатаң ескертті. Сәтін салса енді бір бес-он жылда еліміздің түкпір-түкпірінде халқымызды киім-кешектің түр-түрімен қамтамасыз ететін жүздеген зауыт-фабрикалар бой көтерері сөзсіз… Әрине, еліміздің тәуелсіздігі енді жарияланып, өндіріс орындары жаппай жабылып жатқан сонау қарбалас шақта өз бағыт-бағдарынан адаспай, ата кәсіпті, дәстүрлі кәсіпті бар күш-жігерін сала жалғастыра білген, орасан зор тәуекелге бара білген нағыз отансүйгіш жанашырлар (патриоттар) да болды! Солардың бірі де бірегейі — «Дархан-МНМ» отандық аяқкиім тігетін шағын кәсіпорынның негізін қалаушы, Николай Федорович Дурас болатын…Еліміз тәуелсіздігін алып, нарық экономикасына бет бұрған кезде жұрттың бәрі алыпсатарлықпен айналысып, пайдаға шаш етектен батып жатқанда отандық өнім туралы ойланғандар, өз еліміздің өнімдерін өндіру туралы айтудың өзі орынсыз еді. Елге қажетті тауарлардың барлығы шетелден тасымалданып, базарлардың ғана дәуірі жүріп тұрған жылдары отандық өнім шығаратын кәсіпорын ашу мәселесі өте ауыр еді. Алайда Қазақстан атты мемлекеттің болашағы отандық өнімдерді көптеп өндіргенде ғана жарқын боларын тереңнен түсінген Николай Федорович Дурас тәуекелге бел буып, «Дархан-МНМ» ЖШС шағын аяқкиім тігетін кәсіпорнын ашып, өзіне таныс іске кірісіп те кеткен еді. Өзіне таныс дейтініміз — Николай Федорович Кеңес өкіметі кезінде Алматыдағы атақты «Жетісу» аяқкиім тігу фабрикасында 40 жыл бойы түрлі салада қызмет істеп, аяқкиім тігудің қыр-сырын жан-жақты меңгерген еді. Бүгінде ол басқаратын шағын кәсіпорын еліміздің әскери бөлімшелері, құқық қорғау және өндіріс саласы қызметкерлерін арнайы аяқ киімдермен қамтамасыз етуде. Айналасы он жылдан сәл асатын мерзімде отандық нарықтан ойып тұрып орын алған аяқкиім тігу фабрикасы болашағынан зор үміт күттіретіні сөзсіз. «Отан от басынан басталады» демекші, Николай Федорович сияқты отаншыл азаматтың түрлі қиыншылықтарға қарамастан өзінің сүйікті мамандығы бойынша тәуекелге барып, 55 адамды қамтамасыз етіп отырған аяқкиім фабрикасын ашуы нағыз ерлік десек артық емес. Сөзіміз құрғақ болмас үшін аталмыш кәсіпорынның негізін қалаушы, іскер азаматқа жолығып, шағын бизнесті сауда-саттықтан емес, тауар өндіретін цех ашудан бастауының сырымен бөлісуді өтінген едік. Төменде сол сұхбатты көпшілік оқырмандардың  назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Біз болашаққа деген сенімімізді жоғалтпадық

— Николай Федорович, әңгіме желісін сонау кәсіпорынның іргетасы қаланған қиын-қыстау жылдардан бастасаңыз?
— «Дархан-МНМ» кәсіпорны 2002 жылы құрылып, бүгінге дейін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Өндіретін өнімнің 95 пайызы әскери бөлімшелері саласының қызметкерлеріне арналып тігіледі. Атап айтқанда Қазақстан Қарулы Күштері, Шекара қызметі, ҰҚК, Астана қалалық, Алматы қаласы мен Алматы Облыстық Ішкі Істер Департаменті, Төтенше Жағдайлар Департаменті т.б. жыл сайын әжептәуір тапсырыстар береді. Сондай-ақ өндіріс саласының жұмысшыларына таратылады. Мен аталмыш кәсіпорын директоры Николай Федорович Дурас Кеңес Өкіметінің соңғы жылдарында, елімізде зауыт-фабрикалар жаппай жабылып жатқан кезде, яғни, социализм дәуірінен капитализмге өтетін сонау қиын-қыстау кезеңді басымыздан кешірдік. Мен зайыбым және үлкен ұлым үшеуіміз «Жетісу» аяқкиім тігу фабрикасында 40 жылдай үзіліссіз еңбек еттік. Қазіргі Елбасымыз ол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатын. Елімізде Италия технологиясы бойынша аяқкиім фабрикасын салу жобасы жасалып, мен сол салынуға тиісті фабриканың бас инженері болып тағайындалдым. Жалпы мұндай фабрикалардың саны Кеңес Одағы бойынша 10 шақты болуы тиісті еді. Зауыттың орны белгіленіп, жобасы жасалынды. Өкінішке орай Кеңес Одағының ыдырауына байланысты аталмыш жоба тоқтап қалды. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, нарық экономикасына біржолата бет бұрғанда біз де қол қусырып отыруды қаламадық. Бастапқы жоба негізінде Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кентінде «Дархан-МНМ» ЖШС деп аталатын шағын аяқкиім тігу фабрикасын аштық. Фабрикамызға «Жетісу» фабрикасының №4 филиалында еңбек еткен кәіби деңгейі жоғары мамандарды қабылдадық. Қалған мамандарды өз күшімізбен қайтадан дайындықтан өткізіп, қатарымызды толықтырдық. Әрине жаңа өндірісті аяғынан тік тұрғызу бізге оңай болған жоқ. Біз мемлекеттік жобаларға қатысқан жоқпыз, мемлекет тарапынан ешқандай көмек сұраған жоқпыз. Несие алу жолдарын да пайдаланған емеспіз. Барлық қиыншылықтарды өз күшімізбен жеңуге бел байладық. Бастапқыда жылдарда кілең шығынмен жұмыс істеуге тура келді. Бәрібір де көкейімізде болашаққа деген сенім бар еді. Талмай еңбектенудің арқасында отандық өнім өндіруші алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың қатарына қосыламыз деген үміт болды.
— Жалпы пайдалы нәтижеге бірден қол жеткіздіңіздер ме?
— Алғашқы табысқа арада жеті жыл өткенде қол жеткіздік. Бүгінгі таңда фабрикамызда арнаулы мамандар мен техникалық қызметкерлерді қосқанда барлығы 55 адам жұмыс істейді. Шағын бизнес саласына жататын кәсіпорынымыз қазір тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Біз қалыптасқан дәстүр бойынша әрбір жылымызды табыспен аяқтап, келер жаңа жылды жаңа келісімшарттар негізіндегі тапсырыстардан бастауды әдетке айналдырғанбыз. Яғни, мемлекеттік сатып алу жобаларына белсенді түрде қатысамыз. Біздің негізгі тапсырыс берушілеріміз жоғарыда атап өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, атап айтқанда шекара қызметкерлері мен ҰҚК, Астана қаласы, Алматы қаласы және Алматы Ішкі Істер Департаменті және өндіріс салалары болып табылады. Құдайға шүкір, нәтиже жаман емес. Соңғы бес жылда аяқкиім өндірісінің көлемі де, түсетін ақша айналымы да еселеніп, арта түсуде. Биылғы жылды да табыспен аяқтаймыз десек қателеспейміз. Өткен жылдар бедерінде қол жеткен қомақты жетістіктеріміздің негізгілерін айтып өтсем деймін. «Дархан-МНМ» ЖШС 2011 жылы «Қазақстанның таңдаулы тауарлары» номинациясы бойынша «Тұрғындарға таңдаулы жақсы тауарлар» атты байқаудың жеңімпазы атанды.

Ересектерге арналған аяқкиім бағасы қол жетімді

— Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді қолға алыпсыздар. Қандай жобаларыңыз жүзеге асырылуда?
— Бүгінгі басты мақсат — өндірілетін өнімдердің белгілі бір мөлшерін тұрғындарға арнап дайындау. Ерлерге, әйелдерге, жасөспірім қыздар ман жігіттерге, балаларға арналған, барлық маусым түрлеріне арналған ассортименттер бойынша, заманауи технология бойынша аяқкиімдер тігу болып табылады. Итальяндық технологиямен тігілетін аяқкиімдердің сапасы Қытайдан жоғары, Түркия мен Еуропа елдерінен кем емес деңгейде болады. Ал бағасы егер инфляция қазіргі деңгейден өзгермесе, орташа есеппен ересектерге арналған аяқкиімдердің бағасы 20-25 мың көлемінде, қолжетімді болады деп отырмыз.
Бүгінгі таңдағы негізгі мақсатымыз — кәсіпкерлігіміздің көкжиегін кеңейтіп, қанатымызды кеңінен сермеп, мемлекетіміздің көрсетіп отырған қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, өндіріс орнын ірілету болып тұр. Жақында Алматы Облыстық әкімшілігінің қолдауымен «Береке» индустриялық аймағынан бізге аяқкиім фабрикасын салу үшін 1 гектар жер бөлінді. «Гейсити» спутник қалашығында біз сияқты әртүрлі кәсіпорындарға мемлекет тегін жер бөліп, оның көпсалалы коммуникациясын заманауи стандарттарға сай тегін жүргізіп беруді 2020 жылға дейін толық жүзеге асыруды қолға алып, бастап та кетті. Біздер — кәсіпкерлер зауыттың негізгі құрылысын ғана өз күшімізбен жүргізетін боламыз. «Даму» бағдарламасы бойынша арзан несиелерге де үміт артып отырмыз… Фабриканың жаңа жобасын жүзеге асыру, құрылыс жұмысы, модернизация, т.б. тапсырмалар кезең-кезеңімен бес жыл көлемінде жүзеге асырылады. Қазіргі кездегі өндірістік күш-қуатымызды тиімді пайдалана отырып, аз шығын жұмсап, жаңа кезеңге өтуді жоспарлаудамыз. Бұл қалашықта барлық инженерлік құрылымдары: атап айтқанда жылу жүйесі, кәріз жүйесі, су торабы, электр қуатын, жарық беру жүйесі орталықтандырылған болады. Сол үшін дербес, автономдық подстанциялары салынуда. Аталмыш коммуникациялар жүйесін тарту 2019-2020 жылдарға дейін толық жүзеге асырылады деп жоспарланған. Атап өтер болсақ, осы коммуникациялық құрылымдардың барлығы мемлекет тарапынан тегін орнатылады. Яғни, аталмыш коммуникациялық құрылымдардың барлық шығынын мемлекет көтеріп отыр. Бұл дегеніңіз — біз сияқты кәсіпкерлер үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек, қомақты қамқорлық екенін атап өткім келеді… Ал біз сәл ертерек, яғни, 2019 жылы жайлап сол жүйеге қосылып, зауытымыздың іргетасын қалай бастасақ деп жоспарлап қойдық. Әрине, біздің өтінішіміз жерде қалмасына сенемін. Осы бастаманың жүзеге асуына Алматы Облыстық және Іле аудандық әкімшілігінің көрсетіп келе жатқан ұшан-теңіз қамқорлығын ерекше атап өткім келеді. Ол кісілердің кәсіпкерлерге жасап жатқан қамқорлығы — Елбасының тікелей тапсырмасынан туындаған қамқорлық екені сөзсіз. Бізге бөлінген жерді жалға алушы ретінде арзан бағамен пайдаланамыз. Әзірге жалдау ақысын төлеп тұрамыз. Онша қымбат емес. Зауыт толыққанды іске қосылған кезде жер телімі түгелдей фабрика меншігіне өтетін болады. Құдай қаласа ол күн де алыс емес.

Мамандарды даярлайтын оқу орындары аз

— Шешуін таппай тұрған мәселелер де бар шығар?
— Жетістіктермен қатар проблемалар да жоқ емес. Ол — мамандарды даярлау мәселесі. Бүгінгі таңда Қазақстанда арнаулы мамандарды даярлайтын жоғарғы, орташа оқыту орындары жоқ десе де болады. Тіпті бұрынғы ПТУ-лар да жоқ. Сондықтан да бірден өндіріс басында мамандыққа оқытып, баулуға тура келуде. Болашақта бұл мәселені, мемлекеттің қолдауымен бірлесе шешуге болатын сияқты. Яғни, мамандарды жаңа кәсіпке оқыту шығындарын мемлекет төлейтін болады. Инженер-механик, дизайнер-конструктор сияқты мамандарды шетелдерде дайындаймыз деген ойдамыз. Қазіргі заманауи технологияларды, құрал-жабдықтарды сатып ала бастадық. Мәселен, көрші Қытай мемлекетінен сатып алынған құрал-жабдықтар, Еуропа елдерінің сапасына сай лицензиямен жасалған, ал, құны әжептәуір арзандау болып келеді. Мұндай технологиялық жабдықтармен тігілген аяқкиімдердің сапасы өте жоғары, өзіндік құны да сошама қымбат емес.
— Болашақта шағын кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсеріне сенесіз бе?
— Елбасының соңғы бір үкімет мүшелерімен, арнаулы министрліктердің өкілдерімен кездесуінде отандық өнеркәсіпті, жеңіл өнеркәсіпті жедел өркендетудің аса маңызды екенін айта келіп, шенеуніктерді қатты сынға алуы, әрине, біз сияқты шағын кәсіпкерлер үшін үміт отын қайта жаққандай әсер береді. Енді «темірді қызған кезде соқ» дегендей, ешқандай шегінерге жол жоқ десе де болады. Өз жерімізде өз тауарларымызды өндіруді батыл түрде қолға алып, қарыштап дамуға жол ашылатын сияқты. Өйткені осындай нақты қадамға тез бару керектігін, Елбасымыздың өзі бастама ретінде көтеріп отыр. Демек, үкімет тарапынан шағын кәсіпорындарға көрсетілетін қамқорлық қатаң бақылауда болары сөзсіз. Мәселен, Өзбекстандағы әріптестерімізбен кездесу барысында, сол елдегі 600-ден астам шағын аяқкиім тігетін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп отырғанына, соның арқасында отандық аяқкиім өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіші біздегіден әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткіздік. Біздегі барлық аяқкиім өндірісі 3 пайыздан сәл ғана асады екен. Демек, алдағы уақытта бұл көрсеткішті көтеруге үкімет мүдделі болады деп ойлаймыз… Күні бүгінге дейін біздер аяқкиім тігуге арналған шикізатты, материалдарды, Ресей, Қытай, Түркия мемлекеттерінен сатып алып жүрміз. Ал өзіміздің осындай материалдар өндіретін зауыт-фабрикаларымыз жоқтың қасы. Бұл да ойланатын жайт. Атап айтар болсақ, дәл қазіргі сәтте Семей, Тараз тері өңдеу зауыттарын толыққанды жұмыс істеуге мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық қажет сияқты. Аяқкиім тігуге қажетті қайыс, тері, текстильдік материалдардың түр-түрін өндіретін арнаулы зауыт-фабрикалар өзімізде бірнеше аймақтарда тұрақты түрде жұмыс істеуі керек. Бұл үшін өзіміздегі тері, жүн, т.б. шикізат өнімдерін қабылдап, жинайтын арнаулы дайындау пункттерін көптеп ашу қажет. Ол шикізаттар шетелдерге арзан бағаға сатылғанша, өзімізде өңделіп, сапалы материалдар дайындалса, сол материалдар отандық аяқкиім тігуге бейімделген шағын фабрикаларға сатылса, әрі арзан, әрі сапалы аяқкиімдерді көптеп дайындауға болар еді. Сөйтіп, аталмыш салада қазақстандық бренд қалыптастыруға әбден мүмкіндік туары сөзсіз. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары да көптеп ашылып, ел экономикасының жеңіл өнеркәсіп саласына қан жүгірер еді… Біздің де алға қойған мақсатымыз — болашақта зауыттағы жұмысшылар санын үш есеге арттырып, яғни, 150 адамға жеткізу болып отыр. Демек, сол сәтте біз өндіретін өнімдердің көлемі де айтарлықтай өсері сөзсіз.
Енді ғана тың жобаны жүзеге асыруды қолға алған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін несиелерді алу үшін банк тарапынан міндетті түрде кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік талап етіледі. Шаруасын жаңадан бастайын деп жатқан кәсіпкерде ондай кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік қайдан болсын?! Бұл да алдағы уақытта үкімет тарапынан қайта қарауды қажет ететін күрделі мәселенің бірі сияқты. Сондай-ақ салық түрлері мен мөлшерін де әлі де болса жеңілдету жолдарын қарастыру қажет сияқты…
— Сіздің қоғамдық жұмыспен де белсенді түрде айналысатыныңды жиі естиміз. Сол туралы айтып өтсеңіз?
— Кәсіпкерлікпен қатар мен қоғамдық жұмыспен де айналысамын. Украин мәдени орталығының төрағасы міндетін абыройлы атқарып жүрмін. Мақсатымыз — украин халқынынң салт-дәстүрлерін дамыта отырып, жергілікті қазақ ұлты мен басқа ұлттар арасындағы туыстық достық қарым-қатнастарды қалыптастыруға жан-жақты қызмет көресету болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Халықтары Ассамблеясының алдына қойған міндеттерін жүзеге асыру, яғни ұлтаралық өзара келісім, татулық, достық сияқты құндылықтарды қалыптастыруға қызмет етуді өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Ортақ Отанымыз — Қазақстан Республикасының жарқын болашағы үшін аянбай қызмет ету — барлық қазақстандықтардың қасиетті борышы десем, артық емес. Биыл Алматы облысында, аудандарда әртүрлі ұлттық, салт-дәстүр, мәдени шаралары өткізілді. Жуықта Іле ауданының 90 жылдығы ерекше атап өтілді. Менің еңбегім де елеусіз қалмай Іле ауданының құрметті азаматы атағы беріліп, арнаулы медальмен марапаттады. Әрине, бұл — мен үшін халықтың атынан берілген әділ баға, үлкен құрмет екені сөзсіз. Сол үшін жерлестеріме мың да бір алғыс айтамын. Халықтың берген атағынан, көрсеткен құрметінен асқан зор байлық жоқ шығар?! Туған Еліме, Отаныма — Қазақстанға қызмет етуден артық мәртебе жоқ шығар. Болашақ жас ұрпаққа аға буын атынан бұдан да жақсы заманда өмір сүруді жазсын деп тілеймін.
— Николай Федорович, Сізге, Сіз бас-қаратын «Дархан-МНМ» шағын кәсіпорын қызметкерлеріне қажымас қайрат, толағай табыс, мықты денсаулық тілеймін! Тартымды сұхбат үшін көп рақмет!

 

Жаңабек Тойбазаров,
журналист, Алматы облысы

(65)