«Қазаққа ескерткіштер емес, әдебиетін дамыту қажет», — деді атақты неміс жазушысы

«Қазаққа ескерткіштер емес, әдебиетін дамыту қажет», — деді атақты неміс жазушысы

Жаһандану дәуірінде әр ұлт әдебиеттерінің қоян-қолтық араласуы, тіпті өзара тәжірибе жинақтауы күн тәртібінен түспейтін қажеттілікке айналып отыр. Осы орайда қазақ әдебиеті үшін шетел қаламгерлерімен ой бөлісу де бір ғанибет болмақ. Әсіресе, кенжелеп тұрған қазақ аударма саласының қарыштап дамып кеткен Еуропа елдерінен үйренері көп-ақ.
31 қазан күні Алматы қаласындағы Қазақстан Гете институтында ақпарат және кітапхана бөлімінің жетекшісі Шолпан Қызайбекованың ұйымдастыруымен неміс жазушысы, баспагер, көркем аудармашы Илия Трояновпен кездесу өтті. Бірқатар әдебиет әлемінде жүрген тұлғалардың басын қосқан жиында әлемге танымал жазушы, жиырма сегіз үлкенді-кішілі әдеби сыйлықтардың иегері Илия Троянов көптеген үлгі боларлық жайттарды ашып айтты.

Бұған дейін Өзбекстанның Жазушылар одағында кездесу өткізген Троянов мырза өзінің «Собиратель миров» романының түпнұсқадан өзбек тіліне аударылғанын атап өтті. Сонымен қатар аударманы тек қана түпнұсқадан жасауға келісім беретінін, өзге сипаттағы аудармаларға түбегейлі қарсы екенін атады. Түпнұсқадан аудару кезінде авторлық көзқарас әлдеқайда көбірек сақталатынын, ал автор еңбегін өзге тілге аударып, одан келесі тілге тәржімалау түпнұсқадағы ойдың әрін қашыратынын баса атады.
Ал қазіргі қазақ әдебиеті үшін аударма саласының алға басуы тым керек-ақ. Осыған байланысты баспагер, аудармашы ретінде де өз қолтаңбасын кеңінен танытып жүрген Илия жазушы бірқатар идеяларымен бөлісті. Солардың басым көпшілігін нақтылап атап өтейік. Біріншіден, аударма арқылы іргесі кеңейетін әдебиет үшін мемлекеттік қолдау қажет. Осы мақсаттта бүге-шігесіне дейін жоспарланған мемлекеттік бағдарлама өмір сүрсе, аударма саласына қан жүгірер еді. Бұны атышулы зор жобалармен бастамай-ақ, кішкентайдан тасын өрге домалатуға болады. Екіншіден, мемлекетке ауыз ашып отыра бермей, қаламгер өз туындыларын қысқа синопсис түрінде оқырманын еліктірердей түрде жазып, белгілі баспаларға ұсынуына болады. Мәселен, неміс баспасына назар аударарлық синопсис келіп түссе, ол әдеби шығарманы аударуға сол баспаның өзі атсалысып кетер еді. Бұл ретте әдеби агенттерімен қызмет жасап отырған Илия елімізде енді ғана өмірге келген әдеби агенттіктер туралы оң көзқарасын білдірді. Ал жиынға келген әдеби агент Бахтыгүл Маханбетова «қазіргі замандағы жазушы бірнеше тіл білетін, әрі өз туындысын жарнамалай алатындай сауатты деңгейде болу керек», — деген пікірін қосты. Бұған қоса қаламгер неміс баспаларының әлемдік әдеби байқаулардан жүлде алған авторларға өздері қызығушылық білдіретінін айта келіп, қазақ ақын-жазушыларының сондай халықаралық дәрежедегі аса танымал әдеби фестиваль, конкурстарға көбірек қатысуы да маңызды болып табылатынын мәлімдеді. Үшіншіден, қазақтай берекелі елде байлар мен дәулетті адамдардың бары белгілі. Енді осы қалталылар ұлт әдебиетін көтеруге өз тараптарынан оң ықпал жасаса, қазақ аударма өнері күш алары сөзсіз. Бұған Илия аудармашы Германиядағы бір қаламгердің белгілі бір кітабын ұнатқан сөмке шығаратын фирманың үш жыл бойы сол жазушыны қаржылай қолдап келгенін мысалға келтірді. Мұндай жекелеген бай адамдардың руханият үшін қызмет жасайтын уақыты жеткенін және оны әлі де насихаттау қажеттігі барын атап өтті.
Сүбелі әңгімесін салмақпен жалғастырған Илия қаламгер Орта Азия елдері әдебие-тінде Кеңес кезінен келе жатқан үлкен буын қаламгерлер мен Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа ғасыр қаламгерлері болып екіге жарылып отырғанын да байқағанын жасырмады. Ескі мен жаңаның тоғысында құрылған ұлт әдебиеттері үшін жаңашылдыққа қол жеткізу, сол жасампаздықпен әлемге танымал болу міндеті тұр. Ал дүниежүзіне аты шықпақ түгіл, өз елінде белгілі болмай жүрген жастарды шығармашылық тұрғыда қолдау қажет деп білетінін айтты. Мұндай қолдаудың тіптен қиынға соқпайтынын, тек жастар әдебиеті айдарымен газет-журналдарда, интернет басылымдарда үзбей беріліп тұрса, сол жүйеде бірқатар жақсы ақын-жазушылар қалыптасар еді деп ой түйді. Бұл сөзін Илия жазушы қазақ әдебиетінен Абай мен Кеңес кезінде белгілі болған классиктерді ғана танитынын, ал жаңа ғасыр әдебиетіндегі бірде-бір жас қазақ ақын-жазушысын білмейтінін көлденең тартты. Саңлақ таланттардың барына, әлде де шығатынына, тек олардың насихаты мен жүйелі жариялануы кем соғып жүрген болар деп тұспалдайтынын да айтып қалды.
Сондай-ақ, дәстүрге айналған кітап жәрмеңкелерін өз елінде жеміс берер үлкен баққа айналып отырғанын паш етті. Илия жазушының баяндауынша, кітап жәрмеңкелері ақын-жазушы мен аудармашының басын қосатын, қаламгер мен баспагердің үнін біріктіретін қызу алаңға айналып отыр.
Әңгіме соңында жазушы саяхатшының көзімен қарағандағы Қазастанның келбетін бірауыз сөзбен бейнеледі. «Алматыдан алып мүсіндер мен батырлардың атқа қонған ескерткіштерін көптеп көрдім. «Патриотпын» деп құр кеуде қағудан ештеңе өнбейді. Патриоттық ана тілің мен туған әдебиетіңнен, төл мәдениетіңнен көрінеді. Сонша ескерткіш салғанша, лайықты авторлардың еңбектерін жоғары сапада шет тілдерге аударып, әдебиетін оңдаса жарар еді», — деген өткір ойын ашық мәлім етті. Иә, сырт көздің тура сыншы келетіні жасырын емес. Аз уақыт Алматыда жүрсе де, көпті аңдаған қонақ қаламгер осындай өзекті ойларын ортаға салды.
Иә, расында да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында болсын, басқа бағытта болсын, ескерткіш орнатуға әуеспіз. Әрі тым-тым қымбат ескерткіш орнатуды әдетке айналдырып та алдық. Қолына садақ ұстап, жауына қарсы оқ атуға шіренген батырдың мүсіні рухымызды көбірек жаңғырта ма, әлде әлемге әйгілі болған әдеби туындылар патриоттарды тәрбиелеуге даңғыл жол аша ма? Аражігін ажыратып көрейікші.
Қазақстан тас мүсіндер елі емес, жас қаламгерлерімен атақты, қарт қаламгерлерімен бай елге айналуы тиіс-ау, сірә!

 

Айзат Рақыш

(89)