Комсомол әлі де тірі екен ғой, кім білген?!

Жуықта Тәуелсіз Қазақстанда құрдымға кеткен сонау Кеңес дәуірі кезіндегі социализмнің бел баласы, кеңестік идеологияның құралы әрі насихатшысы болған   — комсомолдың 100 жылдығы аталып өтті. Және анау-мынау жерде емес, Алматының қақ ортасында орналасқан Абай атындағы опера және балет театрында. Осы атаулы жиынға сонау бір жылдары комсомолда қызмет істеген, аталған ұйымды басқарған, комсомолдың облыстық, аудандық ұйымдарына жетекшілік еткен өкілдері келіп қатысты.

Олардың ішінде елге белгілі тұлғалар, тіпті қазіргі Мәжіліс пен Сенатта  депутат болып отырған «НұрОтан» партиясының мүшелері мен танымал қоғам қайраткерлері де бар. Кезінде комсомолға еңбек сіңіргендердің  барлығы да айтулы мерекеде «ВЛКСМ-нің 100 жылдығы» медалімен марапатталып, бір марқайып қалды. 100 жылдық мерейтойда Қазақстан Коммунистік халықтық  партиясы орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков пен аталған партияның Алматы комитетінің бірінші хатшысы, Қоғамдық кеңестік мүшесі Әлібек  Шапенов комсомолдың бұрынғы белсенділеріне, қазіргі ардагерлеріне медаль тапсырды. Олардың ішінде Мәжіліс, Сенат депутаттары да бар. Атап айтқанда, Бақытжан Жұмағұлов, Сенат депутаты; Бірғаным Әйтімова, Сенат депутаты; Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты; Қуаныш Сұлтанов, Мәжіліс депутаты, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы (1978-81 жылдар), Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, атышулы Ғани Қасымов, Есет Қосубаев, Нұрлан Омаров, Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы (1991 ж), Қазақстан Жастар Одағы рталық комитетінің бірінші хатшасы (1991-94 жылдар). Сабиля Мұстафина, Қазақстан комсомолының хатшысы, Қазақстан Жастар Одағының хатшысы (1991-1995 жылдар). Тұран университетінің ректоры, Қоғамдық кеңестік мүшесі Рахман Алшанов бар. Бұлардың бәрі дерлік есімдері ел аузында жүрген, қалың бұқара қауым ұлттың сөзін сөйлейді деп сенген тұлғалар. Кезінде қазақ халқын қынадай қырған, тілін жойып, жерінің ту-талақайын шығарып, елін сүйген патриоттарды қуғын-сүрнгінге ұшыратып, Желтоқсан көтерілісін таптауға белсене атсалысқан комсомолдардың мерейтойын ұлықтауға  қатысқан бұларды енді қайраткер деп тану қиынға соғатын сынды. Қызды-қыздымен келіп, бұлар ертеңдері саны аз ұлттарды қан қақсатып, бодандықта ұстаған Қызыл империяның 100 жылдығын да осылай ұрандатып тойлатып жатса, оған таңдануға болмас-ау, сірә?  Ендеше, мұндайлар «серкелерге»: «Сенген қойым сен болсаң, маңырауыңа болайын!»— дегеннен басқа не айтпақпыз?..
Шындығына келсек, қалың көпшілік көңілінде әлі де: «Кейінгі ұрпаққа түк керегі жоқ болып қалған аталмыш ұйымның 100 жылдығын дүркіретіп өткізу кімге және не үшін керек болды екен?»— деген үргедек сауал көлбеңдеп тұр. Баз біреу мұны тарихты бұрмаламай, болғанды болған күйінде есте сақтау қағидаты ретінде қабылдаса, енді біреулерге бұл өткенді аңсаудан туындаған сағыныш ретінде әсер еткен сияқты ма, қалай өзі? Кешелер Еуропаны коммунизм елесі, Қазақстанды комсомолдың елесі кезген кезде құрылған,  қазаққа қан құстырған қызыл империялық жүйенің 100 жылдығын тойлаудың қанша қажеті бар еді дегенді бүгіндері екінің бірі айтуда. Өйткені бұл элита арасында бұрынғы Кеңес Одағын аңсайтындардың, халықты қан бөктірген идеологияны қолдайтындардың әлі де бар екенін көрсеткен, тіпті, биліктің қоғамға қоқан-лоқы көрсетуі ретінде танылуы тиіс шетін оқиға ретінде бағалануы тиіс деп едік. Ол орынды да, өйткені, алмағайып заманда қазақтың бірлігі мен елдігі үшін қан төгіп, отаншыл арыс азаматтар құрған  Алаш орданың 100 жылдығын атап өтпеген үкімет белсенділерінің енді бүгін келіп сонау дәуірде  коммунистердің жандайшаптары болған  комсомол ұйымының 100 жылдық мерейтойын ең басты мерекедей дүрілдетіп атап өтуі санаға салмақ түсіріп, миға қан құярдай сөкет көрінері даусыз. Оған еліміздегі жетекші партияның Мәжіліс пен Сенаттағы фракциясының өкілдері, сонымен қатар есімі елге белгілі қазақ қайраткерлерінің қатысуы өкінішті ұлғайта түскені және рас. Содан да: «Біздегі бір кем дүние осы екен-ау!»— деп қалдық.

(53)