Дүниеден Желтоқсанның бас жыршысы озды

 Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 81 жасқа қараған шағында сөз өнерінің майталманы, көптеген әндердің мәтінін жазған көрнекті ақын Абдрахман Асылбек қайтыс болды. Ол 1938 жылы 1 мамырда  Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. ҚазПИ-дің тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болған. Ақын аспирантурада оқыған, облыстық газетте, республикалық Қазақ радиосында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет жасаған. 1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» атты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 31 жыр кітабын шығарды. Лирика, ән мәтіндерін жазып, сатира және аударма жанрларымен де айналысып келді. Көптеген байқаулардың жеңімпазы, жүлдегер.  Өмірінің соңғы жылдары Алматы технология университетінде студенттерге жұмыс істеді. Қалың оқырман қауымға Асылбек аға есімі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арнап жазған өлеңдерімен кеңінен танымал. Соның ішіндегі ең әйгілісі — «Желтоқсан желі» атты шығармасы. Аталған әннің музыкасын сазгер Әбүірбек Тынәлиев жазған. Бұған қоса ақын аға қасиетті Құран кітабының әрбір сүресін қазақшаға аударып, оны өлеңмен өріп, «Қасиетті Құран — мәңгілік мұраң» атты көлемді кітап етіп шығарған-ды. Өзі оны түсімде көрген аян бойынша жаздым деп отыратын. Ол көзі тірісінде біздің халықаралық «Qazaqstan zamany» газетінің редакциясына жиі соғатын. Әбекең біздің газеттің шынайы жанашыры ғана емес, тұрақты авторы да еді. Сыни өлеңдерін газетте жиі жариялайтын. Мінезге бай, әзілқой, тым еңбекқор жан еді. Ағаның артында оның өлмес шығармалары, әндерге жазған мәтіндері қалды. Қашан көрсең, асығып жүретін ағамыздың жарқын бейнесі көпшілік қауымның есінде ұзақ сақталары хақ. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас болып, Алла оның жанын жәннатта етуді нәсіп етсін!  Марқұмның отбасына, бала-шағалары мен туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, қайғырып көңіл айтамыз.

«Qazaqstan zamany» газеті мен
«Мөлдір бұлақ» журналының ұжымдары

(35)