Жасыма, Гена!

Баяғыда біреу әріптесінің: «Ауа райы бұзылайын деп тұр-ау осы», — деген сөзіне: «Жаңа айдың туғанынан-ақ секемденіп едім, антұрған шалқалап жатып алып еді»,— деген екен. Сол айтқандай, біздің жерлесіміз Геннадий Головкиннің жеңіске жететініне сенім артқандар аз-тын.

Өйткені кәсіби бокс алпауыттары үшін бұл спорттың әділ жолмен өтуі емес, әкелетін пайдасы бірінші орынға қойылған. Осы тұрғыдан алсақ, олар жасы келіп қалған Генаның болашағына көп үміт арта алмайтын. Ал одан едәуір жас Сауль аталған спорт алпауыттарының қазынасына әлі де талай миллиондаған қаржыны құюға септігін тигізетін спортшы саналады. Әрі жекпе-жектің басқа емес, дәл Мексиканың тәуелсіздік күніне орай өткізілуінің астарында көп сыр жатқан сияқтыдай көрінеді де тұрады. Мәселен, АҚШ президенті Д.Трамп Мексиканы «иттің етінен жек көретінін» сан рет айтып, екі ел арасын бөлетін қорған салғызуды бастап кеткенімен, әлімсақтан бері коррупцияға ден қойып, кәсіби боксты ақша табудың бірден-бір құралына айналдырып алған американдық спорт алпауыттарының АҚШ-пен бір құрлықта жатқан Мексиканың тумасына «жылы қабақ» танытуы «әбестік» болмаса керек. Уақытынан бұрын сауын айтып хабарланған кездесуді қалың жанкүйерлердің бірі ретінде жексенбі күні таңертең алакеуімде тұрып, біз де бақылап көрдік. Шынын айтсақ, осы екі былғары қолғап шеберлері арасында былтырғы жылы өткен алдыңғы жекпе-жектегідей, бұл жолы да Генаның басымдығы айқын көрініп тұрды, әсіресе, 6 және 10-11 раундтарда. Осы раундтарда мексикалық боксшы  «жүрісінен» жаңылып, артқа шегінгектеп, шаршы алаңның бесінші бұрышын іздеп кеткен сәттері болды. Қысқасы, соққыға соққымен жауап бере алмады. Рас, бұл жолы Сауль өз айтқанында тұрып, қашпай, тура шаршы алаң ортасында айқасты. Дегенмен Генаны тығырыққа тіреп, жойқын соққыларының арқасында зор басымдыққа ие болды деп айту қиындау, тіпті әділдікке жасалған қиянат болар еді. Бұл жекпе-жекті ғаламшардың миллиондаған көрермендері өз көздерімен көріп, төрешілердің әділетсіздігіне іштерін тартты. Осылайша, болар іс болып, бояуы сіңді. Сайыс өтіп, шешім шығарылғаннан кейін, айттың не, айтпадың не? Себебі, әділетсіз бе, жоқ па, бәрібір, кәсіби спортта шығарылған шешім өзгермейді, талқылауға жатпайды, ең басты ақиқат — осы. Басқа әріптестерім сияқты менің жанкүйер ретінде Генаға артар бір-ақ кінәм бар, ол — оның өзі жақсы меңгерген, көп нокауттарына себепкер болған қапталдан ұру мен бауыр тұсынан қақырата соққы беру тәсілін, неге екені белгісіз, қолданбағаны. «Әлде бұған қарсыласы мүмкіндік бермеді ме?»— дейін десем, оны көре алмадым. Қалай десек те, спортсүйер қауым тағатсыздана күткен бокс шоуы өтіп, ол тарих шежіресінің бетіне жазылды. Гена қалың жанкүйерлер мен білікті мамандар алдын ала болжағандай, Саульді нокдаунға болмаса нокаутқа түсіре алмады. Бұл — оған төрешілер алқасы тарапына алдын ала шешіліп қойған жеңілісті жария етуге желеу болды. Осылайша, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен бокс кешінде орта салмақтағы WBA (Super), WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альварестен (49-1-2, 34 КО) жеңіліп, чемпиондық белбеулерінен айырылып қалды. T-Mobile аренасында өткен кездесуде Геннадий Головкин WBC, WBA (Super), IBF чемпиондық атақтарын, ал мексикалық боксшы The Ring журналының белбеуін бәске тіккен болатын. Алғашқы раундтан-ақ отандасымыз қарсыласын жойқын соққылардың астына алғанына бәріміз куәміз. Рас, Альварес те орайы келген сәтте есесін жібермеуге тырысты. Соңғы раундтарда Головкин басымдықты өз қолына алып, сериялы соққылар жасағанымен, алдын ала жазылып қойған сценарийді «бұзуға» бұл себепкер бола алмады. Сөйтіп, әділетсіз төрешілердің шешімімен Сауль «Канело» Альварес жеңіске жетті. Ал қазақстандық боксшы кәсіби бокста тұңғыш рет жеңіліске ұшырады. Өкінішті-ақ! Десе де, күллі әлемге Қазақстан атын шығарып жүрген Генаны барша жұртымыздың  батырымыз деп санары анық. Ол біз үшін сайыпқыран боксшы болып қала береді. Қалың жұртшылықтың өкінішін білдірген астаналық ақын Манасбай Нұрланов «Генаға хат» атты өлеңінде:
Жасыма Гена, жасыма,
Не келіп, не кетпейді,
Ер жігіттің басына?
Əлі де сен керексің,
Ата-анаңа, досыңа!
Алланың берген бұйрығы,
Саған деген осы да.
Өзіңмен бірге мұңайды,
Бар жанкүйер қосыла.
Ащы дəмін жеңілістің,
Таттың-ау кемел жасыңда.
Қолдаушы сені Елің бар,
Əрқашан бірге қасыңда.
Өзіңдей ерлер қайратты,
Туады бір рет ғасырда.
Жеңіп жатсаң тасыма,
Сүрініп кетсең жасыма.
Сенен көп күйген жандар аз,
Намыстың алау-отына!— депті. Біздің баршамыз да осы пікірге толықтай қосыламыз.

Бетті дайындаған — Ермек Назым

(22)