Теңіздей айдынды ер қазақ

Мен Бақтықожа Салахатдинұлы бауырымды өзі туып, өскен атамекеніндегі айдынды толқындары жал-жал көк теңіз Каспийге ұқсатамын. Қазақтың маңдайындағы жалғыз да жалқы теңіз сан қилы құбылыстарымен адамдарды өзіне магнитше тартады емес пе?! Бәкең  де сол төл теңізінен айнымайды. Сырбаз да терең, ойлы да сарабдал, сұлу да мінезді, айбатты да айбарлы, сырлы да құпиялы теңіздің дауылдатқан, тау-тау  толқынды сәттерінің өзі де сүйкімді.
Бәкеңді мен сырттай ғана білетінмін. Журналистік іссапармен Батыс өңірді аралағанымызда Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қабылдауында болғанымыз бар. Көп жылдар ұстаз болғандықтан ба, адамдармен алғаш кездескенде-ақ оның қандай адам екендігін, әп дегенде өзіңе деген шынайы көңілін де тез байқап қоямын. Бәкең бізді бірден баурап ал-ды. «Әкім қалай қабылдар екен?» деген толқып келген мазаң көңіл жай тауып, көптен бері кездеспеген бауырлардай арқа-жарқа сөйлесіп, діттеген шаруаларымыз бен толғақты мәселелеріміздің түйіндері бірінен соң бірі жөнімен оңай шешіліп жатты. Әдемі әзілдер де орнымен айтылып, тіптен жасы үлкен апасы ретінде көрші облыстың әкіміне кіре алмай жүргенімізді сөз арасында жеткіздік. Бәкең жалма-жан орнынан тұрды да телефонды қолға алды. Бізге аспандағы айдай көрінген мәселені ол тез арада басшыға тән биязы әдеппен жөнін келтіре байланыстырып, көңілімізді орнықтырды.
Міне, сол кездесуден кейін Бақтықожа бауырымызбен арадағы  байланыс жалғасын тауып, үзілген емес. Адамдарды ақжарқын, ақ көңіл пейілімен баурап алатын Бәкеңмен кездескен сайын небір тамаша адами қасиеттерін байқап, үлгі-өнеге етумен келемін. «Шіркін, Елбасының жанында осындай озық ойлы азаматтар көп болса өзекті мәселелер де орнына келіп, жаңғыру жұмыстары да жедел жүріп, өркениетіміз өркен жайып, дамыған елдер қатарына қосылуымыз жақындай түсері сөзсіз еді-ау» деп әр кездесуден кейін, сондай-ақ бұқараның Бақтықожа Салахатдинұлына деген шынайы пейілдерін естігенде осылай ой-түйіндейтінмін. «Мәдениет — ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен әлемнің қазыналы алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деп Елбасымыз айтқандай белгілі тұлғалардың қатарына Бәкеңді де қосқым келеді. Ол кісінің өмірбаянына үңіліп, өмірде тындырған істеріне бағамдап қарап отырсам үнемі ізденіс үстінде екенін байқайсың. Мәселен Батыс Қазақстанда бес жылдай облыс әкімі болғанда оның басшылығымен жүзеге асқан толағай істерді санап тауыса алмадым. Батыс Қазақстан облысы халқының ауыздарында аңыз болып жүрген солардың біреуін ғана айтып кетейін. Осыдан он шақты жыл ғана бұрын Батыс Қазақстан облысы бойынша ауылдық елді мекендерді көгілдір газбен қамтамасыз ету 27 пайыз ғана екен. Үш жылдың ішінде Бәкеңнің қадағалауымен 968 шақырым газ құбыры тартылыпты. Мұны іскерлік демей көріңіз!
Журналистік сапарлармен жүргенде түйе, қой жүндерінің, терілерінің  пайдаға аспай далада шашылып жатқанын, тау қылып үйіп, өртегенін көріп, жүрегіміз ауырып қалатын. Бірде Атырауға келіп Бақтықожа Салахатдинұлымен кездескенде ол түйе, қой жүнін өңдеп одан тауар шығаратын «Каспий Лана Атырау» тоқыма фабрикасын іске қосып жатқанын қуана айтты. Бұған біз қатты қуандық. Кездесуден кейін бірден фабрикаға тартып кеттік. Алып фабрика ертегідей жарқырап тұр. Небір заманауи тоқыма станоктары сартылдап істеп, тау-тау жүннен көз жауын алған сан бояулы жіптер өрмек боп өріліп, тауарға айналып, жарқырап шығып жатқанын көріп, қатты сүйсіндік. Тоқылған тоқымадан әсем жамылғыдан бастап балалардың шұлық, қолғап, бас киіміне дейін тұтынатын жиырмаға жуық өнім түрлерін шығарады екен. Жұмыс істеп жатқан 200-ге жуық қызметкер, жұмысшылардың дені қазақтар. Бұл фабрика тікелей Бәкеңнің басшылығымен жүзеге асқан. Бұған қалай риза болмайсың! Батыс Қазақстаннан кейін іле-шала Атырауға әкім болып келген оның басшылығымен, ұйымдастыруымен тамаша заманауи кәсіпорындардың пайда болып жатқанын жыл сайын бір соғып кететін біз арнайы түрде аралап, газетімізде үнемі көрсетіп жүрдік.
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын нәрсе Бақтықожа Салахатдинұлының еңбек жолының өзгелерге әсіресе жастарға өнеге болатындығы. Ресейдегі Уфа мұнай институтын 1971 жылы бітіріп келіп, жап-жас Бақтықожа бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа орналасыпты. Қазіргі кездері ондай оқу орнын бітіргендер мұндай қарапайым жұмысты менсінбейтіні хақ. Жасыратыны жоқ министрліктің басшы, жауапты орындарында отырған жастардың мұрындарына мұнайдың немесе ауылшаруашылық жұ-мыстарының иісі бармайды. Ал Бәкең осы мұнай саласында сатылап өсіп үлкен басшылық қызметтерде болды. Одан соң ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары, кейін министрдің тағына отырды. Бұрғышының көмекшісінен министрге дейінгі тамаша еңбек жолы, кәсіби тәжірибеге бай өмірбаян іздері оңайлықпен келген жоқ. Қазір Бәкең парламент депутаты, оған қоса Республикалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы. Күн сайын парламенттің құж-құж айтыс-тартыс болып жататын талқылауларында салиқалы бітімгерлік жасайтын ел ағасының бос уақыты жоқ десе де болады. Қаншама заң жобаларына ағалық, білікті пікірлерін айтып жүргенін естіп жүремін.
Бұрын Ардагерлер кеңесінің ішкі жұмысын білмейтін мен олардың атқарған істеріне күмәнмен қарайтынмын. Бәкең арқылы ол кеңестің қыруар жұмыстар тындырып жатқанын білген соң қатты ұялдым. Ол кеңеспен біз қазір тонның ішкі бауындай бірге жұмыс істейміз. Ардагерлердің атқарып жатқан істері жөнінде газетімізде жиі-жиі беріп отырамыз.
Қуаныш Сұлтанов ағамыз Бәкеңді «Сықиған шенеунік емес» деп әдемілеп әдіптепті. Мен де ол кісіге толық қосыламын. Шынында да Бәкең қанша уақыты жоқ болғанмен халықпен тығыз байланыста. Менің байқағаным қарапайым адамдар Бақтықожа Салахатдинұлының қабылдауына жиі келеді. Оларды тек қабылдап қана қоймайды, қолынан келгенше көмектеседі.
Бақтықожа Салахатдинұлы қай жерде жүрсін мейлі рухани дүниенің нағыз жанашыры. Бірде газетіміздің бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный» деген романды жазып бітіргенін, бірақ оған қаржының жоқтығын айтты. Бір кездесуімізде Бәкеңе осыны жеткізіп едім, ол кісі орнынан ұшып тұрды. «Ойбай-ау, бұл халық күтіп отырған шығарма ғой. Бұған қалайша көмектеспейміз?» — деп Ертайдың қолынан алды. Кітап жарыққа шықты. Бұл кітап атыраулықтардың ең сүйікті кітабына айналды. Иә, оның жазушыларға, өнер адамдарына жасаған қамқорлықтарын айтып тауыса алмаймын.
Иә, Бәкең елдің, халықтың адамы, қамқоршысы. Мен мақаламның басында Бәкеңді Каспий теңізіне жайдан-жай теңеген жоқпын. Білімі мен білігі теңіздей шалқып жатыр. Көп оқиды деп естимін. Бәкеңді қазір мен Парасат биігінен қарап тұрғандай көрем. Күйді ол күмбірлетіп тартқанда жаныңызды тербетіп, алпыс екі тамырыңды иіткенін өз көзіммен көрдім. Анасы Әсима керемет күйші деп еститінмін. Сол асыл анасынан дарыған қасиет екен. «Әу» дейтін өнері барын естігенде тәнті болдым. Тәп-тәуір даусы бар. Арагідік сөз патшасы жыр әлеміне де сапар шегетінін Атыраудағы Әбішті еске алу жиынында өлеңдерін оқығанда тыңдап, «сегіз қырлы, бір сырлы екен-ау» деп сүйсіндім.
Ол Атыраудың экономикасы мен әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосқан, білікті басшылық жасап, ауыл шаруашылығы саласының агрокешендік бағытта қарыштап дамуына негіз қалаған, халықтың көңілінен шығып, алғысын алған басшылардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаулары мен бағдарламаларын, міндеттері мен жобаларын абыроймен атқарып, іске асырылуына, нәтижелі болуына ізденісі мен маңдай терін төкті. Оның айғағы алған марапаттары мен алғыстары және тұрғындар ерекше ілтипатпен еске алатын, атына айтылатын жылы сөздер.
Бақтықожа Салахатдинұлының өзінің артынан ізін басар тамаша кадрлар даярлай білгенін де айта кету ләзім. Солардың бірі қазіргі Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевпен бірнеше жылдардан бері үзеңгілес жұмыс атқарып келді. Кезінде Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын басқару Б.Ізмұхамбетовтен кейін осы Н.Ноғаевқа тапсырылып отырды. Мемлекеттік қызметтегі әріптестер, басшы мен орынбасар, аға мен іні, ұстаз бен шәкірт, жан достар арасындағы болатын адами қасиеттердің шынайы да адал, берік үлгісін осы екі азамат арасындағы қарым-қатынастан анық көріп, сүйсінгенімді қалай жасырайын. Мұндай өнеге қазақтың қазақтығы мен ұлттың қасиетін әлем алдында асқақтатады. Біз мұндай ер жігіттерімізді жеріне жеткізіп көрсете, айта, жаза алып жүрміз-ау. Осындай жандармен мемлекетіміз ілгері дамып, өркениетіміз, руханиятымыз сақталып, салт-дәстүрімізді, әдет- ғұрпымызды жаңаша жария етері сөзсіз. Қазір де Атырау облысында Б.Ізмұхамбетов бастаған жобалардың соңғы кезеңдері Н.Ноғаевтың жалғастыруымен нәтижелі аяқталып, абыройлы істер жалғасын табуда. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың өз бастамашылығы да көптеген жаңа жобаларды өмірге әкелді. Сенімді істің тұрғындарға берері мол болмақ.
Бақтықожа бауырымның әкесі Салахатдин ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, сан шәкіртті қияға ұшырған ардақты мұғалім болса, анасы Әсима он бір ұл-қыз тәрбиелеп, бәрін де ұялы отбасы болуларына еңбек сіңірген Батыр ана. Осы мерейлі отбасында ата мен әже де ғұмырлы өмір кешіп, баласы мен келініне, немерелеріне ақ баталарын берген еді.
Өмір зырлап алға жылжыған сайын, оның көрер қызығы да мазмұнды бола түседі. Бақтықожа бауырым мен Ырыс келініме көрер қызықтарың мен шуақты кездерің мол болсын, әдемі қартайып, ағайын-туыс, жора-жолдас, бала-шаға ортасында тау тұлғалы ұлт келбеті бола беріңіздер деген апалық ақ тілегімді арнаймын.
Бәкеңді бүгінгі мерейтойымен құттықтай отырып, отбасына береке мен ынтымақ, өзіне ұзақ өмір, сәттілік және ұлтына жігерлі қызмет ете беруіне тілектестігімді білдіремін.

Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

(24)