Бекболат ТІЛЕУХАН: «КӨКПАР – ҚАЗАҚТЫҢ ҒАНА ҰЛТТЫҚ СПОРТЫ ЕМЕС»

Қыркүйек айының алғашқы аптасында Қырғызстан жерінде, Шолпан-ата төрінде ІІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойынының өткені баршаға мәлім. Дегенмен көпшілік Қазақстан құрамасының алтын-күміс, қоласы араласқан 72 медаль, командалық есепте 2-ші орын алғанынан гөрі «көкпар дауын» көбірек талқылағаны тағы белгілі. Бас-аяғы екі күннің ішінде әлеуметтік желілерде жазуға қабілеттімін дегеннің бәрі Қазақстан көкпаршыларын, Ұлттық спорт қауымдастығын жерден алып, жерге салған-ды. Әйтсе де, ағылшынның футболы мен боксын беске білгенімен, қазақтың көкпарынан бейхабар адамдардың көшпенділер ойынында өзбектерден жеңіліп қалған Қазақстан құрамасын орынсыз сынауы кейбір азаматтардың шамына тигені тағы бар. Басқасын былай қойғанда, бұл мәселеде елдің назары бірден халық қалаулысы әрі Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеуханға ауатыны айдан анық.

«Қырғыздардың ұлттық спортқа қамқорлығы
көш ілгері»

Осы дүйсенбіде дүрмекке еріп кетпейік деген мақсатпен ҰСТҚ ұйымдастырған баспа-сөз жиынына біз де бардық. Бекболат Тілеухан және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы Серік Жараспаев қатысқан баспасөз брифингі ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қорытындысына арналған болатын. Алайда қос спикер журналистердің көкейінде қандай сауалдардың тұрғанын жақсы білетіндіктен жалпылама ақпараттар-ға, яғни, жарыс қорытындысына қысқаша тоқтала кетті. Алдымен, ұлттық спортқа қызығушылық танытып, брифингке келген журналистерге алғысын айтқан Б.Тілеухан:
— Шын мәнісінде бірталай ел көз тіккен, дүмпуі біраз жерге жеткен, өте жақсы ұйымдастырылған жарыс болғанына ешкімнің күмәні жоқ. Тіпті, түркі тілдес мемлекеттердің елбасыларының ашылу салтанатына қатысуы — көшпенділер ойынының қаншалықты маңызға ие екендігіне куә, — деп әңгімесін бастаған еді.
Сөз арасында қауымдастық президенті: «Мойындауымыз керек, іргедегі қырғыз ағайындардың ұлттық спортқа деген қамқорлығы мен қызығушылығы біздің елден көш ілгері. Өйткені қоғам осы ұлттық спортпен өмір сүретін сияқты көрінеді. Әр үйде ат ұстайтын қырғыз ағайындар көп. Сондықтан болар, кезекті көшпенділер ойынының ашылуы мен жабылуы салтанатты түрде өтті. Жасыратыны жоқ, бізде жарыс өтсе «Қазанаттың» бір бұрышы да толмай тұратын кезі көп. Атқа шауып жүргендердің саны көрермендерден көп болады. Ал 80 елден келген спортшылар 30-дан аса спорт түрінен қатысқан көшпенділер ойынында біздің командамыз жоғары деңгейде өнер көрсетті. Қоржынымызды алтын-күміс, қолаға толтырып қайтқан спортшыларымыз-ға алғыстан басқа айтарым жоқ, — деді.
С.Жараспаев та Б.Тілеуханның сөзін жалғап, Қазақстанның намысын қырғыз жерінде қорғаған сайыпқырандардың 72 медаль, оның ішінде 18 алтынды олжалауы үлкен табыс десе, әсіресе, қазақ күресі, армрестлинг, ат спорты түрлері, тоғызқұмалақ, көкпардан жүлде салғанын ерекше атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, аталмыш жарысқа Қазақстан тарапынан 200-ден аса адамнан құралған делегация қатысса, спортшылардың дайындығы және өзге де шығындарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 59 млн. теңге қаржы бөлген.

«Жарыста жеңілдік екен деп трагедия жасаудың қажеті жоқ»

Мәлімдемеден кейін кезек журналистердің сұрағына берілді. Бәрінің көкейінде әлеуметтік желілерде тарап кеткен видео мен көкпаршыларымыз неліктен финалға шыға алмай қалды деген сұрақтың тұрғаны ақиқат. Бұған қатысты пікірін Б.Тілеухан былайша жеткізді:
— Бұл — Азия не әлем чемпионаты деңгейіндегі жарыс емес. Бар болғаны — дүниежүзілік фестиваль ғана. Бұған дейін ересектер құрамасының екінші орын алған кезі жоқ. Сол себепті, мамандардың ақылдасуымен жастарды қатыстыруды ұйғардық. Өйткені, олар да өссін, піссін, оларға да мүмкіндік берейік, алдыңғы толқын ағаларының ізін жалғастыратын солар ғой деп жастарды жібердік. Мақсат орындалды, жігіттеріміз жаман өнер көрсеткен жоқ. Фейсбук деп жатырмыз ғой, сол әлеуметтік желі әркімнің аузынан келгенін айтып, ешбір жазасы, сұрауы жоқ алаң болып кеткені анық. Мәселен, көкпаршыларымыздың жартылай финалда сүрініп, өзбектерден жеңілуін үлкен трагедияға айналдырып алғанымыз — ақиқатында миға сыймайтын дүние. Неге дейсіз ғой? Мысалы, «Ойбай, 18 млн. халқы бар Қазақстаннан шыққан Елдос Сметов ұлттық спортымыз дзюдодан 130 млн. халық тұратын Жапония балуанын жеңіп кетті» деп бетін басқан қайсыбір жапонды көрдіңіз? Болмаса, «Ойпырмай, бокс біздің спорт еді, Головкин мен Елеусіновтер бізге алтынды бермей кетті» деп ағылшындар айтып па екен? Бразилия футболдан Парагвайға есе жіберіп, «өлім-ай» деп жатыр ма? Спорт болғасын біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Жеңіс үнемі сенің қалтаңда болуы керек деген ереже жоқ қой. Ересектеріміз барса олардың жеңетінін біліп тұрмыз, бірақ, жастарға да мүмкіндік беруді дұрыс деп таптық. Келесі бір мақсатымыз — әділдік, яғни, ұлттық спорт ойындарын әділ өткізу басты ұстанымымызға айналып кетті. 2013 жылдан бері елімізде өтіп келе жатқан этноспорт ойындарында әділдіктен 1 сантиметр, тіпті, миллиметр асып кеткен кезіміз жоқ. Өйткені, этноспорт түрлерінен жарыс өткізу қалыптасу кезеңінде тұрғандықтан, басталмай жатып әділдік орнамаса одан береке кетеді.

«Орнымды босатуға
қазір-ақ дайынмын»

Ұлттық спорт төңірегінде жасалып жатқан жұмыстарға, әсіресе, қаржы мәселесіне қатысты кей адамдардың сынап-мінеуі Бекболат Тілеуханның қитығына тигені анық көрінді. Мәселен, ол елімізде басқа спорт түрлеріне миллиардтап ақша бөлінгенімен, этноспортқа 200 млн. теңге ғана бөлінетінін, сондай-ақ, спортшылардың азын-аулақ ақшаға тер төгіп жүрсе де, шын жанашырлық танытатынын тілге тиек етті.
— Осы саладағы басшылық ауысуы керек, анау кетсін, мынау кетсін деп, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмай жатқан аз ғана топтың пікіріне бола 1,5 млрд. қытай мойындаған жанкешті мамандардың еңбегін қалайша жоққа шығарып, оларды орнынан кетірем? Үзеңгі мен құйысқанды, тай мен жабағыны айыра алмайтын әлдекімдердің әлеуметтік желілердегі әңгімесін оқығанда көңіліңе қаяу түсетіні шындық. Тек бір ғана адамның сынын қабылдай алдым. Ол — Серік Абас-шах. Рас, ащы жазды. Оныкі қате болған күннің өзінде қабылдай аламын. Өйткені, ол үнемі этноспорт ойындарын үзбей тамашалап жүреді, бұл саланы жақсы меңгерген. Ал енді ипподромның маңайына да жақындамаған, көкпардың иісі мұрнына бармайтын адамдардың пікірі, меніңше, орынсыз сияқты. Оның үстіне көкпарды қазақтың ғана спорты деп кесіп айтуға болмайды. Сайып келгенде, бокс — Англияның, дзюдо — жапондардың ұлттық спорты. Бірақ бокстан ағылшындарға қарағанда басқа елдердің спортшыларының мықты екенін, дзюдодан да жапондармен бәсекелесе алатын өзге мемлекеттердің бары белгілі. Екеуі де әлемдік спортқа айналып кеткен. Сондықтан көкпар — қазақтікі, одан тек қазақтар ғана жеңуі тиіс деген пікірден аулақ болайық, — деген қауымдастық президентіне журналистер тарапынан «Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Фейсбукте Бекболат Тілеухан орнынан кетсін деп үндеу тастады. Егер тұтас халық осылай ұйғарса орныңызды босатасыз ба?» деген сұрақ қойылды. «Халық қаласа хан түйесін сояды» демекші, Б.Тілеухан да жұртшылықтың пікірі осылай болса өзінің орнын қазір-ақ босатып беруге дайын екенін ашық айтты.
— Егер осы саланы тізгінін ұстауға лайық азамат табылса мен қуана-қуана орнымды  беруге дайынмын. Мұны 18 миллион халықтың алдында ашық мәлімдеймін. Өйткені, бұл орынға жабысып қалған ештеңем жоқ. Мен өзіме жүктелген мақсат-міндеттерді орындай алдым деп ойлаймын, — деді ол.

Ермұрат Назарұлы

(24)