АҚШ-та Конфуций институттарын неге жаппақ?

Институттардың қызметіне зерттеу жүргізген

АҚШ-тың Солтүстік Флорида университеті 14 тамыз күні, аталмыш оқу орнында 2014 жылы ашылған Конфуций институтын жабатындығы туралы хабарлады. Бұл туралы сараптамалар «Америка дауысы» радиосының сайтында жарияланды. Солтүстік Флорида университеті — Конфуций институтында оқытылатын лекциялар мен қоғамдық қимылдарды зерделеп көріп, университеттің негізгі миссиясымен сәйкеспейтіндігін анықтағаннан кейін барып осындай шешім қабылдағандықтарын айтқан. Бұдан өзге себептерін тереңдеп түсіндірмеген университет басшылығы, келер жылдың ақпанында, Конфуций институтының қызметі біржолата тоқтатылатындығы туралы ресми мәлімдеме шығарды. Осымен қарайлас, Пенсильвания университеті мен Чикаго университеті де өздеріндегі Конфуций институттарын жабатындығын айтты. Осыған дейін Батыс Флорида университеті өздерінде жұмыс істеп жатқан Конфуций институтының жұмысына қарата зерттеулер жүргізе келіп, «олардың оқыту жүйесі, университеттің бағдарламасы мен сәйкеспейтіндігін әрі бұл оқу орнына студенттердің қызығушылық танытпағандығы себепті» жабатындығын мәлімдеген еді. Мұндай шешімдер білім саласына жүргізілген зерттеулермен қоса, АҚШ саясаткерлерінің жанайқайымен де қатысты болса керек.

2018 жылдың қаңтарында, Флорида сенатының депутаты Марко Рубио ашықхат жариялаған. «АҚШ-та жүзден астам Конфуций институттары жұмыс істеп жатыр. Бұларды Қытайдың Білім министрлігі бақылайды. Қытай үкіметі бекітіп берген оқулықтардың (тарих, мәдениеттану және өзге де пәндер) мазмұны барынша бұрмаланған. Бұдан сырт, аталмыш институттардың барлығында, Қытайдың Білім және ғылым министрлігі таңдаған, тәрбиелеген адамдар қызмет етіп жатыр. Қытай билігі бұл оқу орындарын сылтауратып, АҚШ-тың ғылым, білім саласына ішкерлей еніп барады. Менің бұл зерттеулерім, Конфуций институттарының аудиториясына таңсық емес. Шындығына келер болсақ, олар қытай тілі мен Қытай мәдениетін оқытуды алға тарта отырып, Қытай компартиясының саяси ықпалын кеңейту үшін жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Флорида штатындағы 4 университет пен Сеплестегі 1 мектепте Қытай қаржысымен жұмыс істеп жатқан Конфуций институттарын жабу керек», — деген екен сенатор мырза. Ресми ақпараттарға қарағанда, АҚШ елінде жүзден астам Конфуций институттары жұмыс істейді екен. Соңғы уақытта бұлардың саны жылдам артып келе жатқан көрінеді.

Қытай үкіметінің белсенді қолдауымен дүниенің жер-жерінде ашылып жатқан бұл институттар, «бір белдеу, бір жол» стратегиясына енгізіліпті. Қазірге дейін шетелдерде 500-ден астам Конфуций институты мен 1000-нан астам Конфуций кабинеттері ашылған. Си Цзиньпиннің өзі бұл оқыту мекемесінің қызметі туралы «Қытайлық ерекшелікке ие социалистік мәдениетті кеңейтіп, ұлы Қытай елінің дипломатиясына қызмет етеді» деп түсінік берген екен… АҚШ-тықтардың мұндай шешімі, 2018 жылдың басынан бері екі ел арасында орын алып жатқан экономикалық текетірестің қызған шағына тура келгендей. Өз кезегінде әлем назарын аударып жатқан ақпараттарға қарата Қытай Сыртқы Істер министрлігі мәлімдеме жасап, «Конфуций институттарынан саяси астар іздеу шындыққа жанаспайды. Бұл «қырғи қабақ» соғысына тән идеология. Біз АҚШ-тан Конфуций институттарының «өзара сенімділік» миссиясына баса назар аударып, дұрыс көзқараспен көмек қолын созуын үміт етеміз»,— деді.

Алдағы уақытта АҚШ-тың оқу орындарында жұмыс істеп жатқан қытайлық білім мекемелерінің тағдыры туралы бір жақтылы шешім қабылдауға әлі ерте. Дегенмен АҚШ-тан өзге елдерде бұл институттардың қызметіне деген сенімсіздіктің сақталып отырғандығы жасырын емес. Қазірге дейін Канада да, Австралия да жұмыс істейтін Конфуций институттарына бақылаудың күшейген кейбіреулері жабылған болатын.

Конфуций институты деген не?

Ресми деректер бойынша, Конфуций институты — коммерциялық емес оқыту мекемесі болып табылады. Негізгі мақсаты шетелдіктерге қытай тілін үйрету, қытай мәдениетін таныстыру, шетелдер мен Қытай арасында достық қарым-қатынасты тереңдету, көпвекторлы әлемдік мәдениеттің дамуына үлес қосу. Әлемнің жер-жерінде ашылып жатқан бұл институттардың барлығы, ҚХР Білім министрлігіне қарасты Қытай тілі мемлекеттік кеңсесі мен синология орталығының құзырына бағынады. Оқыту жүйесі, тіл және мәдениет дейтін екі үлкен салаға жіктеледі. Тіл бағытындағы лекцияларында негізінен қытай тілін үйретуді көздесе, мәдениет саласындағы оқытылатын сабақтарының ауқымы біршама кең екенін байқаймыз. Яғни, қытай тілі мәдениеті, қытайдың шәй мәдениеті, қытай мәдениетінің тарихы, иероглифтер тарихы, қытай дәстүрлі мәдениеті, қытай әдебиетінің тарихы, қытай тарихы, қытай философиясы, қытайдың классикалық әдебиеті, қытайдың діни сенімі қатарлы дәрістер оқытылады екен. АҚШ саясаткерлерін «үрейлендіріп» отырғаны осындағы мәдениет саласындағы оқулықтардың дені Қытай компартиясының идеологиясына негізделе отырып жасалғандығы болса керек. Мұнымен қоса, Қытайдың қаржылай қолдауымен және Қытай білім министрлігінің бағдарламасына негізделген оқыту жүйесі де олардың көңілінен шықпаған сияқты…

Бізде ондай институттар бар ма? Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қытайдың Білім министрлігінің тікелей қолдауы және бақылауы астында жұмыс істейтін аталмыш білім мекемесі қазіргі таңда Қытай елімен дипломатиялық қатынас орнатқан елдерде жыл сайын көбейіп келе жатыр. 2017 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, әлемнің 146 елі мен аймақтарында 525 институт, 1113 Конфуций кабинеттері жұмыс істейді екен. Яғни, Азияның 33 елінде 118 институт, Африканың 39 елінде 54 институт, Еуропа елдерінде 173 институт, Американың 21 елінде 161 институт болып жалғасып кете береді. Бұл қатардан ТМД елдері де бой көрсетіп отыр. Қытаймен қарым-қатынастың күн санап арта түсуіне орай, қытай тіліне деген сұраныстың белгілі деңгейде өскендігі белгілі. Қазіргі таңда Ресейде 10 неше Конфуций институты болса, Қазақстанда 4 орында аталмыш білім мекемесі жұмыс істеп жатыр. Яғни, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-інің, Ақтөбе мемлекеттік университетінде және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жанында өз жұмысын жалғастырып жатыр. Осыдан бір-екі жылдың алдында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанынан Қазақстандағы 5 Конфуций институты ашылады деген хабар таралған еді. Алайда екі жақтылы келісімдердің жүзеге асқан-аспағандығы туралы толық мәлімет ала алмадық.

Әлемдік саясатта «Қытай қаупі» деген термин бар. Бұл мәселеге өте-мөте Қытайдың көршілері аса сақтықпен қарайды. Қалыптасқан көзқарас бойынша, Қытайдың экономикалық тұзағы қатерлі деп саналатын еді. Ал АҚШ-тағы ЖОО-лардың мұндай тәуекелі, өзгелерді қаншалықты ойландыратыны алдағы уақытта белгілі болмақ.

Ерқазы Сейтқали

(58)