Өлім аяусыз жау (көңіл айта білесіз бе?)

Осы мақаланы жазуға түрткі болған жуырда Астанада Әзірет Сұлтан мешітінде Қазақстан Республикасының Бас мүфтиі Хазіретлері Серікбай қажы Сатыбалдыұлының аяулы анасы Тұрдыгүл Икрамқызының жетісі болып өтті. Еліміздің бетке ұстар зиялы қауым өкілдері жиналды. Оны әйгілі айтыскер Аманжол Әлтаев жүргізді. Он адамға сөз беріп, он рет «рұқсат етіңіздер» деген сол баяғы орыстан қалған «позвольте пожалуйстаны» қайталай берді. Қоғам қайраткерлері Өмірбек Байділдадан бастап, Әкім Тарази, Төлен Әбдік, Оралбай Әбдікәрімов, Ғарифулла Есім т.б. Бәрінің айтқаны сол баяғы «Тас түскен жерінде ауыр» «Иманды болсыннан» әрі аспады. Тіпті, астың соңында Әкім Таразиден бата сұрап еді «Жер жаһанда соғыс таусылмай тұр, сондықтан жерімізде бейбітшілік болсын, планетамыз аман болсын Әумин!» — деді құдай-ау.
Көкірек көзі ашық оқыған аға буын өкілдерінің батасы мен сөзі мынадай болса, қалғандарынан «не үміт не қайыр». Бұл ағаларды жамандаған емес, сыни көзқарас ғана. Олармен талай тойда да болғанмын. Тойларда жауыр болған «Шаңырағы биік, керегесі кең» дегеннен әрі аспайды. Сонда «ел қарап отырған ағалар, көсіліп аттың басын алысқа жібермей ма?» — деген ой ғана менде. Кешегі өткен аузы дуалы ақсақалдар қандай еді, қара қылды қақ жаратын бабалардың ұрпағы емеспіз ба? Шіркін-ай. Адамның жан-дүниесін астан-кестен ететін, құйқа шашыңды шымырлатып, селт еткізетін Ақселеу мен Әбіштерді іздеймін. Әйтпесе қарапа-йым сөздерді кім көрінген айта алады. Сондықтан ағаларым ойланса екен деген ой ғана біздікі. Төменде ата-бабаларымыздың айтып кеткен сөздерін жылдар бойы жинап өздеріңізге ұсынып отырмын. Жаттап алып айтып жүріңіздер.

Өлім аяусыз жау, бауыры бүтін бар ма?
Алла пұлсыз берді, құнсыз алды.
Бізге аяулы, Аллаға қалаулы,
Көңіліміз болды қаяулы,
Жүрегіңіз болмасын жаралы.
Жылауға тыйым, жылама деу қиын.
(Сыпыра жырау)

Аспанды бұлт шалса жел көтереді,
Көңілді бұлт шалса көп көтереді.
Ет жақын, туған-туыс байлығың,
Сейілтетін қара бұлтын қайғының.

Көріспеген ағайын жапырылған жамағат,
Өлімнің сәні, көңілдің дәрсі емес пе?
Келген адам қайғыны қозғағалы келмейді,
Күш жігерді, қайратты қолдағалы келеді
(Т.Ізтелеуов)

Сен жоқтау айтсаң, жамағат тоқтау айтады.
Өткенге өкінбе, қасіретке жегілме,
Қайғыға қажыр, сағынышқа сабыр керек.
Кім біледі? Алла біледі, кешірерін, өсірерін,

Қайда бар құламайтын құрыш қамал,
Сұм ажал кім-кімге де құрық салар.
Заңдылық қой шара бар ма?
Бәрімізде шығамыз қара жолға.
(Сырым Датұлы)

Өміріміздің легінен бір жарық
жанып өшкендей,
Көңіліміздің көгінен бір жұлдыз ағып өткендей.
Бұл өмірге кімдер келіп, кім кетпеген,
Бәрінде ақыр алар ажал еппен,
Хан, қара, батыр, палуан, ақын, шешен.
Дүниеден осылардың бәрі де өткен.
(Әбубәкір Кердері)

Батпайтын күн жоқ,
Атпайтын таң жоқ,
Ойласаң өмірде өлмейтін жан жоқ.
Өзекті жанға өлім ортақ,
Өмір орай өлім сынақ,
Жабырқамас көңіл жоқ,
Жанып бітпес көмір жоқ.
Өтпейтін өмір, сынбайтын темір жоқ,
Өлмес тән жоқ, шықпас жан жоқ,
Су алмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ,
Тамыры суда тұрса да қурамайтын құрақ жоқ.
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін сұңқар жоқ,
Өлгеннің артынан өлмек жоқ,
Бақилықтан келмек жоқ.
Жазмыштан озмыш жоқ.
Тозбайтынды ұста соқпайды,
Бір күні жүрек тоқтайды.
Бір сәт артыңа қаратпайды,
Өлмейтінді құдай жаратпайды.
(Әнет баба)

Тасқа басса майыспау асылдықтың белгісі,
Ауырлыққа қайыспау батырлықтың белгісі.
Қайғы деген сұр жылан өзегіңді өртеген,
Қайрат деген қыран бар,
қайғыға ырық бермеген.

Қайғы деген топан су, алдын ашсаң арқырар,
Ақыл деген дария алдын тоссаң тоқырар.
Алланың ісі күшті, сұңқар ұядан ұшты,
Ол ешқайда кеткен жоқ,
Бәріміз баратын жерге түсті.
(Майлықожа Сұлтанқожаұлы)

Сұңқар ұшса тұғыры қалады,
Қарағай күйсе түбірі қалады.
Туылмақ сүннет, өлмек шын,
Тіріге өлім үлкен сын.

Өте алмаса сол сыннан, әр пендеге болар мін.
Ылайым қайғың алқалы көптің тобында,
Көкорай шөптің шалғында,
мылтықтың оғында,
Сарқыраған судың сылдырында,
қыранның қияғында,
Тұлпардың тұяғында қалсын,
Сенің мойныңда қалмасын.
Қайғың жетер, көңіліңді көтер,
Көппен көріс, қайғыңды бөліс.
(Ақан сері)

Дүние көшкен серуен, адам көшкен керуен,
Пәни жалған, атқан таңдай, батқан күндей.
Ескен желдей, аққан селдей, көшкен елдей,
Сабырлы бол, сабыр бастар мұратқа,
өзіңді отқа құлатпа?

Адам тағдыры шыны шөлмектей сынады,
Бар тіршілік сонымен бірге тынады.
Ағаш бесікке түскен адам жер бесікке түседі.
Қайғыға қайрат, сабырға салмақ керек.
(Кете Жүсіп Ешниязов)

Дүниеден ел билеген көсемде өткен,
Сайраған бұлбұл құстай шешен де өткен.
Мәпелеп шаранадан адам қылған,
Аяулы әкең менен шешеңде өткен.

Тағдырдың жазуынан кім құтылар?
Өлмесе бұрынғылар қайда кеткен?
Өмірдің міне осындай заңдылығы,
Ұрпақтар бірінен соң бірі кеткен.

Дос көтереді көңілді, ер көтереді өлімді,
Жылама енді сабыр ет, мұңайтпа мына еліңді.
Қайғының көңілін кім?
ашар, қал сұраған көп ашар.
Алланың ісі болған соң,
сабырлық қылған жөн шығар.
(Б.Шолақ)

Адам адамға қонақ,
Жан денеге қонақ,
Күллі жан иесі жерге қонақ.
Дүние ойлағанға дәл осылай шолақ,

Ажал алар, жер жасырар.
Жас қартаймақ, тумақ туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
(Хакім Абай)

Заңдылығы табиғат өзгермеген,
Ырыздығын әркімге өлшеп берген.
Тіршілікте тырбанған бұл адамдар,
Біреу ұзақ, біреу аз ғұмыр көрген.

Өмір деген су екен сарқыраған,
Арман деген нұр екен жарқыраған.
Өмірдің алды ыстық соңы суық,
Қайырылып қарағанда артына адам.
Таза болсаң, судай бол барлық кірді кетірген,
Мықты болсаң, жердей бол,
жер жаһанды көтерген.

Арғымақтың белгісі арығанын білдірмес,
Асыл заттың белгісі қайғыны
жұртқа сездірмес.
Ақ сауыттың белгісі найза түйреп өтпейді,
Мықтылықтың белгісі қайғыланып кетпейді.

Үлкен кіші ағайын жылайсың да шыдайсың,
Көресің де көнесің, жоқтайсың да тоқтайсың.
Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің.
Сабыр түбі сары алтын жақсылыққа жетесің.
(Майқы би)

(26)